Публицистика, Өлеңдер

Душанбе

Жан Душанбе! Көп сырдың жатағысың,
Былтыр келсем, бір тәжік ата кісі:
— Қарт әжедей қасиетті қышлақ,- деді,-
Келген оның тап солай атағысы.

Ақын жырын қашырға бөктергенін
Рас сенің басыңнан өткергенін,
Әзіз беттің әжімін түгел сүртіп
Жасырғаның, жаныңа от бергенің.

Мен бұл кездің әр көше, әр алаңын,
Жүрек лүп-лүп, жүгіріп араладым.
Асыққаннан аяқты жаңсақ алып,
Бақта байзы гүліңді жараладым.

Білсінші деп Лахути Қасым ағам,
Бір ғажайып бұйыртты айды маған,
Қаса сұлу қарындас Мавджуданның
Жан Душанбе өзінен айнымаған.

Сұрар болсаң сұлудың тұрған үйін,
Мавджуда қыз — сатушы Цум-да бұйым,
Ақ пейілден, ақ қолдан тапсырары —
Ажар, шаттық адамға — асыл киім.

Жан Душанбе! Сыбаға — дүние нарқын
Ұққандықтан ол қыздың жүзі жарқын:
Жібек жіптің шетінен тұрады екен
Мың-мың жанға түйіншек үзіп әр күн.

Үні — тілді үйірген шекер, науат
Қарқ еткені жаныма, қалды дауап,
Қалды дауап адамға әрлі сөзі,
Қара көзі қайтарған жылы жауап.

Жылы жауап, бұйымдай мол сұраған,
Самсап неше созулы қол тұр оған!
Ол еңкейсе, тақия моншағында
Қанша кәздің сәулесі қалтыраған!

Қазақ айтса, Мавджуда жас құлындай,
Яки елік, жүгірер тасқа ұрынбай.
Душанбеге алғашқы сапарда
Лахути юбилейіне қатыстым.

Екеу емес, арқада алпыс бұрым
Тау Памирдің құлаған тасқынындай.
Жан Душанбе! Сол қызға қарағалы,
Өзін туған ұқсатам қалаға оны.

Тұңғыш туын бақыттың сүйген сендей
Бар да шығар бір жалғыз қалағаны.
Сөйте тұра мағналы әр аптада
Талай жанға тайқымай қарапты о да.

Өз көзімше тапсырды сыбағасын
Алақанын төсеген арабқа да.
Бүкпесі жоқ қасымыз, досымыздан,
Жататұғын ар-намыс, есіп ұждан,

Жүрегі бар жалынды, арманы бар,
Айырмаң не, Душанбе, осы қыздан?!
Сен де сұлу, қайтармас қалағанды;
Түнде нұрың балқытар қарағанды,

Нағыз асқақ өлең-жыр осы екен деп,
Ақын сені сыйлыққа қалап алды.
Жан Душанбе! Памирдің мәңгі досы,
Заман бойғы заңғардың мазмұндасы!

Биік жерде жетілген берік, таза
Махаббаттың сен де бір Мавджудасы!
1963