Қазақстанның халық жазушысы, Академик
ДӘУІРДІҢ ҰЛЫ, ҒАСЫРДЫҢ ҮНІ
Өмір жасы сексенге, өнер жасы алпысқа толғанша «Хама, Хама» деп бәріміз қадірлеп жүрген тама Ерғали баласының әкесі қойған аты – Хамит, құдай жаратқан заты – ақын. Мағынасы мығым метафора: Хамит – ақын. Болды. Мұның бұдан басқа баламасы яки ауыстырмасы да, салыстырмасы да жоқ.
Ал ақын деген аспанның асты мен жердің үстіндегі ең қастерлі, ең киелі, ең ұлы атау! Өйткені ақындық – кәсіп емес; мансап та, тіпті мамандық та емес. Ақындық – табиғат сыйы, құдайдың құдіреті. Ақындық оқуы деген оқу жоқ. Ақын іштен туады. Талант тумыстан дейтініміз де сондықтан.
Жаратылысында ақындық дарымаған дарынсыз пенденің өзін өзі ақын сезініп, өмір бойы өлеңнің сорын қайнатуын Марк Твен соқыр өгіздің құдыққа құлауымен салыстырған. Демек, егер ақын дегеніміз шын мәнісіндегі ақын болса, оны анаумен не мынаумен салыстырып, қит етсе есімнің алдына эпитет қосу ылғи орынды бола бермейді. Ал біз болсақ, ақын туралы ауызымызды ашсақ-ақ атына бояу жағып, әсемпаз әйелдің алабажалақ, әлеміш көйлегінше көлеңдете жөнелеміз: жас ақын, жасамыс ақын деген ештеңе емес-ау, тісін санамағанмен жасына қарағанымыз шығар; одан әрі – танымал ақын, белгілі ақын, көрнекті ақын, аса көрнекті ақын, ұлы ақын… Ау, жұрт танымаса, көпке белгілі болмаса, оның өзі ақын ба, алдымен?! Ал «көрнекті», «аса көрнекті», «ұлы» дегендердің түп-төркінінде салыстыру жатады. Салыстыру атаулының бәрі шартты. Тіпті даулы! Орыста немістен ауысқан «Всякая аналогия порочна!» деген де байлау бар.
Мәселен, Хамит Ерғалиевті кіммен салыстырасыз?
Меніңше, ешкіммен!..
Ендеше, әр ақынның өзін тек өзімен ғана салыстырған жөн. Сонда ғана оның өзіндік түр-тұрпаты, басқадан бөлек болмыс-бітімі, өзге емес тек өзіне ғана ұқсайтын тұрлаулы тұлғасы сараланады, дараланады. Сонда, мысалы, Хамит-ақын қазіргі көзі тірілерден алдындағы Әбділда ағасына да, артындағы Тұманбай інісіне де ұқсамайтын өзгеше бір творчестволық тұлға, бірегей бүтін бітім болып шығады.
Бұл ретте мен мынадай түйін түйер едім: өзге емес, тек өзіне ғана ұқсайтын өткен ғасырдағы Абай Құнанбайұлынан кейінгі қадау-қадау поэзия діңгектері, айталық, үстіміздегі жүзжылдықта Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов… деп екшей бастасақ, мен осынау санаулылар санатына дереу Хамит Ерғалиевті қосар едім.
Бұл ақынның күрделі өмірі мен іргелі өнері осыған лайық.
***
Ақын, әрине, белгілі бір уақыт пен кеңістікте өмір сүреді. Осыған байланысты біз ақындық өнерді қоғамдық дамудың кезең-кезеңдеріне бөліп, тақырыбына қарай топтастыратынымыз бар. Кеңес ақындарын орта мектепте де, университетте де азамат соғысы тұсына, колхоздастыру кезіне, индустрияландыру кезеңіне бөліп әрі теліп талдаймыз. Одан кейінгілерін соғыс кезіне, соғыстан кейінгі кезеңге топтап жатамыз.
Мен Хамит Ерғалиев ақындығын бұлай бөлшектегім келмейді, тұтас танып-танытқым келеді. Сонда ол кім?
Сонда ол — өз дәуірінің ұлы, өз ғасырының үні; Ерғалиев шығармалары өз кезегінде осынау өзі өмір сүріп отырған ХХ ғасырдың көркем шежіресі. Сонда ұлылық деген мұндай ақындықтың эпитеті емес, синонимі болып шықпай ма?
Әмбеге аян, ақын дүниеге өзіне дейін ешкім айтпаған ақиқат шындықты айтуға және оны өзге емес, тек өзінше ғана айтуға келеді. Ақынның күллі көркемдік принципі, эстетикалық кредосы осыдан туады. Талант қайсарлығы да осыған саяды.
«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек»
(Абай)
Хамит Ерғалиевтің сексен жыл ғұмырының жетпіс жылы Кеңес Одағы дәуірлеген заманда өтті. Демек, кеңес жазушылары атанған барлық қаламгерлер секілді оны да заманы биледі. Кешегі кеңес заманын бүгінгілер қанша сынаса да, ол орасан озбыр ғана емес, керемет күшті заман екенін жоққа шығара алмайды; сондықтан ол заман «күйлегенді» иледі, билегенді сүйреді. Хамиттың атақты «Әке сыры» поэмасында:
«Шіркін менің мейірімді мекемем!» — деп,
«Маған парыз өлгенше оны сүймек;
Өзі тұрып тапжылмай бір көшеде,
Күнде мені барады алға сүйреп» —
дейтіні сол. Демек, Хамит Ерғалиевті заманынан бөліп алу мүлде мүмкін емес.
Неге?
Хамит дүниеге келіп, қаз тұра бастағанда Қазан революциясы жеңді, Кеңес өкіметі орнады деп жер-жаһанға «Аврора» жар салып жатты. Бұл оқиға өз заманының әдебиетінде жаппай жамырай жырламауға болмайтын түбегейлі тақырып еді. Хамиттің «Тұңғыш» деп аталатын тұңғыш өлеңі осы тақырыпқа арналды:
«Октябрь елі – Ұлы Одақ,
Алаулап атқан таңдаймыз.
Күллі әлемге күн болып
Жарқыраудан танбаймыз.
Пролетариат табына
Ленин жазған томдаймыз».
Алғашқы өлең ғой, әлсіз өлең: көркемдік киімінен лыпа жоқ, идея жап-жалаңаш! Бірақ әңгіме мұнда емес…
Отыз алтыншы жылы заманын осылай жырлаған Хамиттің әкесі Ерғалиды жиырма жетінші жылы дәл осы заман қазақтан шыққан кулаксың деп мал-мүлкін тәркілеп, итжеккенге айдатып жіберген. Бұл – Хамиттың өмірі, сыры; ал анау — өнері, жыры. Бұл неткен контраст?
Өзін де тегін қоймайды: рабфакта оқып жүргенде халық жауының баласысың деп комсомолдан шығарып, тышқан аулатады. Бірақ Хамит бәрі бір жоғарыда айтылған азаматтық принципінен, ақындық кредосынан қайтпайды, қайыспас қайсарлығымен кетеді:
«Жалынды жас комсомол санатында
Айтқан сайын аңқылдар менмін бір ән!»
Бұ не бұл! Мұндай да кереғар қарама-қарсылық болатыны ма?
Хамит кейін үсті-үстіне әділетсіздік құрбаны боп комсомол ғана емес, партиядан да шығарылды. Қайсар талант бұған да қыңбады, өз тұғырында, өз ұғымында қала берді:
«Біз де бүгін вахтадамыз үш есе –
Ақындардың шамы түнде сөнбейді».
Жырымызда партияның мүшесі,
Партиялық поэзия сөйлейді»
Ал керек болса!..
***
Жоқ, бұған таңданатын түк те жоқ. Ақын, егер ол шын мәніндегі ақын болса, өмірге тек қана елім, жұртым, ұлтым, халқым деп келеді. Оның ғұмыр бойы төбесіне тудай желбіретіп көтеретіні бір-ақ идея – ұлтының азаттығы, халқының бостандығы. Идеалы да осыдан туады. Ақын бар өнерін осы ұлы идеяға арнайды, идеалына бағыттайды.
Хамит те солай. Қазан революциясын ол қазаққа азаттық әкелген, қазақты отаршылар бұғауынан босатқан тарихи төңкеріс деп ұқты. Басында солай екені де рас-ты. Сондықтан «қылышты қарауылға қадап қойып, құлағын күйге бұрап домбыраның» деп өзі айтқандай, Хамит те күллі өнерін революциялық күреске арнады. Князь Бисмарктың «революцияны даналар дайындайды, жүрек жұтқандар жүзеге асырады, қызығын қулар көреді» (Революцию готовят гении, совершают фанатики, плодами пользуются проходимцы) дейтін даналығы Хамиттің миына кіріп те шыққан жоқ. «Жүрек жұтқандар» сапына біржола көшкен Ерғалиевтің өзі де аңғырт әрі албырт фанатик еді. «Ленин туы астында» деген өлеңінде мұны ол былай мойындады:
«Қаланы кезіп, жер үй кеп,
Далада қолмен жер илеп,
Шаруаның шетен шарбағын
Келеді кейде шарлағым.
Ондағы мақсат –
Лениннің
Туының көру туғанын,
Жалауды алғаш елімнің
Аяулы қанмен жуғанын,
Көтеріп туды бекіне
Жұмысшы, шаруа біріккенін,
Буржуйдың қара бетіне
Огнемет жалын бүріккенін!»
Ғажап емес пе?
Ғажаптың ғажабы сол – «Бір жас бірден құрдас, Қазан – менің құрдасым» деп білген Хамит өзінің туған халқымен бірге Кеңес өкіметін өзімдікі, Кеңеске біріккен көпұлтты кеңес халқын да өзімдікі — өз халқым, Кеңес одағын – Отаным деп білді. Ерғалиевтің бүкіл шығармашылығының өн бойында желі тартып жатқан халықаралық ынтымақ идеясы да осы ақиқатқа негізделген.
Қараңыз:
«Бауырым қырғыз!
Күніміз
Бір кезде шықты ұядан;
Мал қайтарған үніміз
Жарысты жартас қиядан.
Анамыз қазан асқанда
Оттары қатар маздаған.
Ел көшіп яки босқанда
Ботамыз бірге боздаған».
Бұл да ғажап! Себебі, алдымен, өлеңнің өлеңдігі ғажап! Содан соң, осы өлеңде айта қалғандай шебер көркемдік шешім тапқан идея, сол арқылы ақынның адамдарға деген ақ та пәк тілегі, сол арқылы мөлдіреп көрінген ақ, адал жүрегі ғажайып! Саф таза сұлу поэзия осындай жылуы мол тап-таза жүректен туар болар.
Мұндай жүрек, Абай айтқандай, әкенің ғана емес, адамның баласына, күллі адамзаттың перзентіне ғана бітеді. Жүрегі халқым деп соққан Хамит ұлтымыздың азаттығы жолында кездескен жолсыздықтың бәрін нарша көтеріп, тағдырдың тәлкегіне саналы түрде шыдап бақты: әкеден айырылуы, комсомолдан қуылу, партиядан шығу… – бәріне төзді. Осылардың бәрі оған біртүрлі заңдылық тәрізді көрінді. «Қайтейін, халқым аман болса, болғаны!» — деді де, енді сол халықты жаудан қорғауға, қажет жағдайда сол халықтың құрбаны болуға 1941 жылы майданға аттанды. Және бұл қаламгер болғанмен не мақала жазып газет редакциясында, не қағаз көшіріп армия штабында отырған жоқ, жаумен қолма-қол шайқасып, төрт жыл бораған оқ пен от ішінде, өмір мен өлімнің шекарасында етігімен қан кешіп жүрді. Жеңіп те жүрді, жеңіліп те жүрді. Итжығыс түскен кездері де болды. Ақыр-аяғында Ұлы Жеңіске санаулы айлар қалғанда – қалшылдаған қаңтарда ақ қар үстін қып-қызыл қанға бояп, төрт қабырғасын қақырата сөккізіп, ауыр жараланып жатты:
«Атты мені тістеніп тажал күшті,
Қабырғамды қат-қабат алып түсті.
Болашағым алыстап сала берді,
Тоң-топырақ жып-жылы қанымды ішті.
Қанымды ішті қара жер сонда менің,
Кегім қайнап, бауырымды жаза бердім.
Әттең, бұл кез әлсіреп жатқаным бар,
Сол қаныммен бір дастан жазар едім».
Айтты-айтпады, «Әке сыры» — қанмен жазылған дастан.
«Маған жат тынбақ, сарқылмақ,
Қалжырап көрген жоқ жаным.
Өтемін өзім жарқылдап,
Өзегім толы ақ жалын» —
дейтін Хамаң алпыс жылға созылған шығармашылығының өн бойында он жеті мың жол өлең, он жеті поэма жазды десек, солардың басы – «Әке сыры». Осыдан былай қарай ол қалам құрғатпастан Қобыландының тайбурылынша көсіле, «бес жүз құлаш жазыла» шауып, қазақ поэзиясының эпикалық жанрын шынға шығара шырқатып әкетті. Рекомендуем купить понравившуюся по супернизким ценам с бесплатной доставкой, а также вы можете забрать свой заказ в магазине в тот же день.
«Әке сырын» автордың өзі шығармашылығының әрі прологы, әрі эпилогы деп біледі. Бұл тамаша дастан Хамит Ерғалиевті бірден өз буынының маңдай алдына шығарып қазіргі қазақ поэзиясының классикалық туындысына айналды.
Осы «пролог» пен «эпилогтың» арасында бірінен соң бірі қатар ұшқан қаздай тізіліп туған он бес поэма, бір өлеңді роман, жоғарыда айтқанымыздай, қасиеті де қасіреті де мол ХХ ғасырдың көркем шежіресі іспетті Хамит ақынның әсемдік әлемі еді: «Жас ана» — «Әке сырының» заңды жалғасы болса, «Біздің ауылдың қызы» мен «Сенің өзенің» — қазіргі қазақ ауылының талайы мен тағдырына арналған дилогия. Осылармен жарыса дүниеге келген «Үлкен жол» поэмасы ақынның шеберлігі шыңдала келе адам таңқалғандай еркін, ерке, сұлу, сылқым мәнер мен машыққа көшуі еді.
«Жолшы қазақ – сол қазақ
Кете берді тепеңдеп.
Сол қазақты жел мазақ
Ете берсем екен деп,
Жұлқылайды етектен
Құлағына сарнайды,
Кейде алдынан жетектеп,
Кейде артынан қалмайды».
Өлеңнің мұншалық ақпа-төкпе, ағыл-тегіл еркіндікпен есіле, көсіле құйылып отыруы қай әдебиетте болсын аса сирек ұшырасатын машық. Мұндай еркін самғау мен парлау ақындық шеберліктің шыңына шыққан Александр Твардовскийде ғана («Василий Теркин») болушы еді…
Еңбек пен ерлік жыршысы Ерғалиев Хамит аталмыш шығармаларға тағы да бес поэма («Қыз-хисса», «Құтты қоныс», «Шекара сырын шертелік», «Өлке шежіресінен өрнектер» «Қаһарман хикаясы») қосып, өз дәуірінің шежіресін біршама мол шертіп түгесе жаздады да, жазбағанын өзімен бірге соңғы күндерге дейін жүріп отыратын «Жылдар, жылдар…» топтамасының үлесіне қалдырды. Одан әрі бір ауық тарихи тақырыпқа ауысып, тағы да үш поэма («Күй-дастан», «Аңыз ата», «Оралдағы отты түн») және «Құрманғазы» атты өлеңді роман жазып, туған әдебиетін тың туындылармен байытты.
Ал, соңғы он жылда ол жаңа дәуірге сай жаңа ырғаққа көшіп, тағы да кітаптан соң кітап берумен келеді. Бұлардың ішінде «Сонеттер» жинағын ерекше атауға болады. Десек те бұл кітапты бұл арада тарата талдап жатудың орны да, орайы да жоқ. Жалғыз-ақ, теңіздің дәмін тамшысынан тануға болатыны секілді, жинаққа енген жүз жетпіс бес сонеттің үлгісі ретінде тек біреуін ғана мысалға алсақ, ақынның өзі айтқандай, оның тартылу-сарқылу дегеннен аулақ шоқ шашқан шабыты сексенде де сол баяғы сері һәм «пері» күйінде екенін аңғару қиын емес:
«Бұл сөзіме тіксінбе, қамықпа да,
Желпу үшін жел керек мамыққа да…
Көңілім-көл, аққудай жылжы, қалқам,
Тұнығына төсіңді малып қана.
Қатал тағдыр қараса тіріге тік,
Бірі қалмақ екеудің, бірі кетіп.
Сен тірі қал мен саған сену үшін,
Мен үшін де жол таны жүріп өтіп.
Жаңаша қас, жаңаша дос танылар,
Менсіз күннің өзінше дастаны бар.
Одан бетер сыр қанша зираттағы
Сөйлемейтін сұп-суық тастан ұғар?!
Екі мұңлық табысқан жетім жүріп,
Өткен талай өмірді жетілдіріп…»
Жасыратыны жоқ, бүгінде әдеби ортада бір оқыс көзқарас орын теуіп барады. Оның мәнісі кеңес кезінде жасалған әдебиетке үзілді-кесілді жатырқай қарау тіпті сол кездің шындығын суреттеген шығармаларды әдебиет тарихынан біржола сызып тастау тенденциясы. Бұл онша сауатты пікір емес. Сөз өнерінің табиғатын танитын, көркем творчествоның психологиясын білетін сарапшылар мұндай ұшқарылыққа бара бермегені жөн.
Кеңес өкіметі ыдырағанмен кеңес кезінде жасалған әдебиет құрымайды. Әлемге аян, адамзат тарихында талай империялар таңдай ағарып атты, күндей қызарып батты. Бірақ алдыңғы қатарлы адам баласының көркем тарихын тұтастырып жатқан әр ғасырдың һәм бар ғасырдың әдебиеті біріне бір көш-керуендей жалғасып, жасай береді.
Жетпіс жылдан астам жарты дүниені қамырдай илеп, қалшылдата билеген қызыл империя дәуіріндегі адамдардың да тұрмыс-тіршілігі, өмірі мен өлімі, мінезі мен мүсіні болғанын, солардың ой-арманы мен сыр-сезімін, іс-әрекеті мен қимыл-қаракетін, жеңісі мен жеңілісін, алған асулары мен адасуларын сырлы шежіреге айналдырған қасиетті қазақ әдебиетінің бел ортасында Ерғалиев шығармашылығы да ұзақ жасайтын ұлағатты мұра, хан-қазына.
Өйткені Хамит Ерғалиев — өз дәуірінің ұлы, өз ғасырының үні.
1996 жыл