Көрнекті ақын Хамит Ерғалидың 95 жылдығына орай ас беріліп, «Өзегім толы ақ жалын» атты естеліктер кітабының тұсауы кесілді.
Халқы қадірлеп «Хамаң» деп атаған, ханға да, қараға да сыйлы болған, әманда тау өзеніндей тасып, өмірде ешкімнің алдында бүгежектемей алшаң басып өткен Хамит Ерғали ақындық мінездің эталонындай еді десек, қателеспеспіз. Хамаң жастайынан от кешті, сұрапыл соғысқа сұранып қатысты. Одан келе сала әдебиет майданына араласты. Әдебиет корифейлерінің бел ортасында жүрді, уақыт өте өзі де сондай корифейге айналды. Бірталай уақыт «Социалистік Қазақстан» газетінің жүйрік журналистерінің бірі болды. Бұл жағынан келгенде, өзімізді осынау заңғар ақынға әріптеспіз деп мақтанышпен айта алсақ керек.
Шығармашылығына келер болсақ, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалидың өлең-дастандары қазақ поэзиясындағы тұтастай бір дәуір келбетін паш етеді. «Құрманғазы» сынды эпикалық кең құлашты ғұмырлы поэмасы әдебиетімізде алынбас қарлы шыңдар санатында мәңгі жасай бермек. Ал енді Хамаңның азаматтық көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі әлі күнге дейін көргенді көзайым етер, естігеннің есін алар ғажайып аңыз. Осындайда аяулы Қадағаң – Қадыр Мырза-Әлінің: «Хамаң комбайн ғой, ол сөйлеп өткеннен кейін біз масақ теріп қаламыз» дейтін әйгілі әзілі еске түседі.
Алматыда ақын ұрпақтары берген аста айтылған естеліктерде ақынның өнегелі өмір жолы мен қыруар еңбегі көз алдымыздан тізіліп өткендей болды. Рәсімді жиынның басында «Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындауында өзі де бақилық болған біртуар күйші Қаршыға Ахмедияровтың кезінде Хамаңа сыйлық етіп тартқан «Хамит толғауы» атты тамаша күйі қалықтады. Ақынның ұлы Мұрат Ерғалиев Хамит Ерғали атындағы қор құрылғанын, ұрпақтары әке есімін ардақтау, мұрасын жинақтап шығару жолында бірталай жұмыстар жасап жатқанын айтып өтті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ақын ағасы жөнінде тебірене сыр шертті. Хамаңның 80 жылдық тойына Елбасының өзі келіп қатысып, ақынның ғана емес, күллі жазушы қауымның мерейін өсіріп, төбесін көкке жеткізгенін еске алды. Шериаздан Елеукенов, Ғаббас Қабышев, Төлепберген Тобағабыл, Рафаэль Ниязбек, Сәкен Иманасов, Марал Сқақбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Мұрат Әуезов, Оразақын Асқар және басқалар Хамаң жайында ұлағатты естеліктер айтып, арнау өлеңдерін оқыды. «Ән айтқызатын жақсы қайынағаларымыздың көздері жоқ қазір, Хамаң жарықтықтың аруағы бір аунап түссінші», деп Ғафу Қайырбеков ағамыздың қосағы Бәдеш апай ән бастап жіберді.
Осы арада таяуда ғана Алматыдағы «Ой-Сана» баспасынан шыққан «Өзегім толы ақ жалын» атты кітап қолымызға тиді. Бұл кітапқа абыз қаламгердің естелік-эссе жанрында жазылған ғұмырнамалық ой-толғамдары, әдебиет сыншыларының, қаламдас бауырлары мен әріптес достарының және ізінен ерген ақын інілерінің Хамаң жайлы мақалалары, естеліктері мен өлеңдері топтастырылыпты. Мұндағы ондаған авторлардың қалың қатарын әдебиет ардагерлері Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілев, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Тәкен Әлімқұлов, Қасым Қайсенов, Қалихан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ақтанов, Сағынғали Сейітов сияқты ардақты есімдер бастаған.
Ақын Жарасқан Әбдірашевтің Хамаң қайтқанда толғаған: «Хамаң өтті дегенше – заман өтті десеңші», деп келетін өлең жолдары бірнеше рет қайталанды. Еске алу жиынындағы ықылас-ниет Хамаңның халқымен бірге жасай беретінін көрсетіп тұрды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Егеменді Қазақстан, 7 желтоқсан 2011