Ұмытпан фашизмнің мені атқанын,
Жендетке бала өлігін санатқанын;
Мектепке біз оқыған мал қамады,
Өлді ана, құлағымда оны атқан үн.
Ұмытпан тау мен таста жауды тостым,
Венгердің өзеніне қаным қостым;
Тесіліп кеп қарады өлі көзбен
Салбырап дар ағашта қалған достым.
Ұмытпан зәулім үйдің өртенгенін,
Орманға бейуақытта жұрт енгенін;
Алаңда Пушкин.
Гейне жатты құлап,
Бар менің сол бір түннен жиіркенгенім.
Ұмытпан Жәмиланың өлген ұлын;
Еске алды поляк кемпір оның жылын;
Үстіне үнсіз-тілсіз қабірінің
Кеп-кеше тағы апарып қойды гүлін.
Ұмытпан белорустың жас солдатын
Ол жауын жеңіп, берік байлады атын:
— Келдім! – деп өз есігін қақпақ еді,
Өлген жар қарсы алмады махаббатын.
Ұмытпан сол сұрапыл ауыр жылда,
Советтің батыр халқы майдан, тылда.
Адамның болашағын жүрді қорғап,
Идея м қол бастады көк дауылда.
Ұрлаған баламызды жөргегінен,
Тазарттық жауды Отанның жер, көгінен;
Қалдырып өлімтігін даламызда,
Шоқыттық құзғындарға жүрегінен.
Атақты көктем келді күзден бөлек,
Көрінді көк жамылып түзден желек;
Сынығын қан майданның моторының
Жасадық соқамызға біз дөңгелек.
Мен жеңіп, жерді гүлмен нақыштадым,
Жоқ еді әр тасымды жай құшқаным;
Ұяда біз көтердік бейбіт күнді,
Дәл соны ұмытты екен қай дұшпаным!