Ғұмырнама

Ақын өлімі

Сол заманның маңдайына жазылған патша салығы, хан салығы, жаннан пітір, малдан зекет секілді дін салықтары бар емес пе?.. Осынша қат-қабат шығындар шыдатпаған соң, басқалар секілді Қойыс қарамағындағы малшы, балықшы жұрттың да жұтаң бөлегі Еділбеттегі орыс, Астрахань жақтағы қазақ, қалмақ ішіне, сонау арғы түркмен адай түбегіне ыдырай бастайды. Отырықшылық жасаймыз, қыстауға қыстап, жазға салым қатқалдық жерде тары, тал егеміз, бақша саламыз, шоғырланған ел ортасында бала оқытамыз, сонда баяғыша табиғат таршылығына бола боспайтын боламыз деп жүрген Қойысқа мынау жұттан бетер қаталдық, әрине, қатты батады. Ол елдің бұлайша ыдырауын тоқтату үшін хан ордасына барып жеңілдік талап етпек болады. Ал, онда отырған кім еді десеңіз, ол ақырғы тақ пен тәжідің иесі Жәңгір хан болатын.

Қасында баяғы Ақкүшік, Таңатары бар Қойыстың күймеге үш ат жеккезіп, оны қоңыраулатып, күйменің алды-артына, қатарына да қарулы салт аттылар жүргізіп жолға шығуын бізге жеткізушілер салтанат сипатында айтады. Ал, шынында бұл ханға қыр көрсету болатын. Олай деуімізге екі дәлел бар. Айтылуда ол бұл сапарға ешқандай жетексіз, яғни, сый-сияпатсыз шыққан. Бұл – бір. Екіншіден, ол Ордаға тура бармай, Жасқұс маңында шатыр тігіп жатып алады. Әуелі жансыз салып, содан соң елші /кәдімгі парламентер/ жібереді. Хан да Орда мен екі аралыққа үй тіккізіп, Қойысты сонда қабылдаған деседі. Бұған қарағанда осынау сапарға дейін де талай хат жазылып, содан еш нәтиже шықпаған болу керек. Басқаша айтқанда бұл өзі ашыну сапарына ұқсайды.

Беріште Бегәлі мен Мүсірәлі,

Бөтеннің малын тартып, кісі ұрады.

Тақсырға өзіңіздей сенемін деп

Ілгері бастырмай жүр ісін әлі –

дейтін өлеңі де ханға жік-жапар бола қалдым деп тұрған жоқ.

Жә, сонымен бұл сапардан не шыққан дейсіз ғой? Өрт шыққан!.. Титтей де жеңілдік ала алмаған Қойыс басқа ауыртпалықтарға мойын ұсынса да, елді хан салығынан босататынын айтып аттанған, кейін сол айтқанын істеген.

Хан әдепкіде ұсақ, аяқтан шалу, жүйке жұқарту тәсіліне көшеді. Соны дәлелдейтін бір оқиға бар. Оны Оралдың Жалпақалында туып-өскен, кейін Алматының Ұзынағашында тұрған Мұрат есімді қарт маған Тайыр Жароковтың үйінде отырып айтқан еді. Ол оқиғаны білгізер алдында мына бір жәйттің аша кетейін.

Менің әжем /Ерғалидың шешесі/ Сәрби Мыңтөбе деген жердегі таз руынан, әкесі Дүзбай деген кісі. Қойыс сол Дүзбаймен құда болысып, өзінің Жармұхамбет есімді жас баласына осы қызды атастырып қойған кезі екен.

Әжем 93 жасында өлді /1930/. Ол маған көп әңгіме айтушы еді. Бір орайда Қойыстың отыз адаммен Дүзбай үйіне түскенін, сол жолы:

Айбалқан, Нұрбалқан мен Сәрби бала

Қойыпты оның атын неткен дан, – деп, Дүзбай қыздарын Қойыстың мақтағанын айтып, екі иығын көтеріп-көтеріп қойғаны да бар еді. Бұл Сәрбидің шөп желке балаң шағы екен.

Әлгі отыз адамның бес қаруы белінде болғанын әжем айтқан жоқ. Оны айтуға намысы жібермегенін енді түсініп отырмын.

Мұрат ағайдан естіген әңгіме мынадай:

Жәңгір ханның қайын атасы Қарауыл Қожа Қойысты бетінен қайтару үшін өз ауылына неше дүркін шақырып келтіре алмапты. Ақыры болмашы бірдеңелерді ілік қылып, төлеңгіттерге момын Дүзбайдың бір табын түйесін алғызады, өзін керегеге байлатады. Сөйтіп оны құдасына кісі шаптыруға мәжбүр етеді. Қарауыл қожаның өзі Қойыспен жолығысудың сәтін күтіп, сол төңіректің бір жерінде жатады. Бірақ, ол бұл жолы да Қойыспен бетпе-бет отырып тілдесудің орайын келтіре алмаған секілді. Өйткені, тартып алынған мал қақтығыс арқылы қайтарылған. Бұны да Қойыстың:

Тамада бес-алты ауыл көккөз Нұрым,

Ит қазақ соға алмайды одан бұрын.

Басқадан бас оздырып ол шыққанда

Құлағы болды қожа жырым-жырым, —

деген өлеңінен аңғарамыз. Бұл арада Қарауыл қожаның дәл өзі болмаса да, жігіттерінің әжептәуір таяқ жегені сезіледі.

Осы секілді егес, ерегістің аяғы насырға шауып, хан енді Қойыстың өміріне қастандық істеудің жолын қарастырады. Қазақ арасында ондай беделдің көзін жоя қою, елге мағлұм болған, екі арада асқынған өшпенділіктің ізін жасыру мүмін еместігін, яғни, өз қылмысының оңай әшкерленетінін жақсы түсінген хан қақпанды аулақтан құрады. Аулақтан болғанда да, Қойысқа қастық қылушыны оның өз достарынан – Қойыспен көңілдес орыстар ішінен іздестіреді. Солардың іштерінен ақшаға сатылатындарды ол таба да білген.

Қойысты өлтірмек болған алғашқы әрекет сәтсіздікке ұшырайды. Ол былай:

Кулагинодағы жәрмеңкеге Қойыс тобы салт атпен келген екен. Қойыстың өзі жоғарыда аты аталған асыл тұқымды айғыры «Шандозды» мініп келулі.

Жәрмеңкенің тарқар шағында ол өзінің досым деп жүрген бір атаманының үйінде қонақта отырады. «Құрметті қонағының» бұл үйден «есен-сау» кетіп, «кенеттен жабысқан белгісіз бір аурудан» өлуі үшін үй иесі ат үстінен алынбаған ердің үзеңгісіне ұлтаннан өте салатын аса бір күшті у жағып қояды. Ол у шыбындаған аттың қолдауына тиеді де, Қойысты жоғарыдағыша зарлатқан асыл жануарының өлімі бір ажалдан құтқарады.

Келесі жылы осындай бір жәрмеңке Жаманқалада /қазіргі Махамбет/ болады, Қойыс оған пар ат жеккен тарантаспен келулі. Онда да бір дәрежелі мырза /казак-орыс/ былтырғы «оңбаған разжалованный сатқынды» жамандап, Қойысқа серіктеріңізбен түгел үйге жүріп қонағым болыңыз дейді.

Міне, осы үйден аттанарда Мадьяр коньягына қосылған у Қамысқалаға /қазіргі Новобогат/ жақындағанда білінеді. Қойыс бұдан кейінгі екі сағаттық өмірін өз үйіндегі төсекте өткізеді. Сол уақыт ішінде ол айтты деген сөзден бізге жеткендері мыналар:

– Менің басым мазаланбасын: Бұл басты бағасын алушы берушіге апарып көрсетемін деп лахаттан ұрлап жүрер. Сол себепті атағым – Тосаба болсын!.. Молам – тасада болсын!..

Тасоба дейтін жерде осы күнге дейін елді мекен жоқ. Ол жерде көбінше киік жайылады. Қойыс зираты сонда.

Мен тарихшы емеспін. Тіпті ол заманның қорындағы жазбаларды жазушы ретінде де ақтарып көрген жоқпын. Айтулы ұлы көтеріліске байланысты жазылып жүреген деректерге Қойыс Қалдыбаев есімі ұшыраспайды. Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» атты поэмасында Қалдыбаев емес, Қалдыбай мен Таңатар бар. Ал, Қойыстың өлімі жоғарыдағыдай. Бұған қарағанда, Жайықтың шығыс жағында дүниеге көтерілістен көп жылдар кейін келген Шөреков Бөкейлікте сондай Жәңгір ханға қарсы атақты адамдар болғанын шала-шарпы есіту арқылы поэмасына солардың аттарын /біреуін фамилиясымен шатастырып/ сарбаз сипатында кіргізе салған секілді. Айтпақшы, Таңатардың Қойыс кегін алу үшін-ақ көтеріліске қатысуы әбден ықтимал.

Қойыс ақындығының бағы ашылмауына, тұтас дүниелерінің бізге жетпеуіне меніңше, екі себеп бар:

1. Бұл кісі көтерілістің алдында ғана өлтірілген. Сол себепті ол отты жалдарды жырлай алмады. /Түптен келгенде, Махамбет – соғыс продукциясы/. Бірақ, ақын өлімінің характерінен нені көреміз? Одан біз дауыл алдында Жәңгір үрейін ұшырғандардың бірі Қойыс болғандығын көреміз.

2. Қойыс өлісімен-ақ оның мөрін Қойыс баласы Аймағамбеттен себек шонжары Бегәлі тартып алады. Бұдан кейін, Қойыстың өзі айтқандай, бес-алты ауыл таманы байұлының мықтылары қатарға алмай, оның жақсысын да жасырып, кейінгі ұрпаққа ұмыттыру ниетіне көшкен. Ал, таманың өзінен жарып шығардай «бой бермесің» бола қоймаған. Ру таласының осындай озбырлығы қайда да болған ғой. Ал, кейінгі зертеуші, тарихшылардың да кегежесі кейін тартуына сол алдыңғы ата қылығы – «шылығы» салқынын тигізбеді дей алмаймын.

Қайткенде де ғылым мойындаған ГЕНЫ дегеніңізге «шылықтан» шығар залал аз: мен өзімді білемін, өзім арқылы бабамды білемін! Ол қарадан шығып хан болмаса да, ардан туып ақын болған кісі.