Поэзия, Өлеңдер

Бар тіршілік өлкемде бауыр маған

Беу, мақтаншақ кешегі пысықтар-ай,
Жүрдіңдер-ау бекер жеп-ішіп тарай…
Жылап айтқан жыршының зар-мұңына
Өттіңдер-ау бір көзді қысып қарай.

Барған сайын әл-күйі ауырлаған
Туған өлке жер-суы бауыр маған, –
Қалжыраған бауырға қарау қиын, –
Зады, көзім бекерге ауырмаған…

***
Ұлпа қар ұйып жатқан күн ашықта,
Ойланып қартың отыр лашықта:
Ауылдан аулағырақ аң жүретін
Салалы сайға түсіп, қыр асып та.

Мен аңшы болмасам да ілгеріде
Ғашық ем ақбөкеннің іздеріне.
Ол алыс көрінетін бүгін маған,
Ізіне түспеген соң біз беріле.

Болған соң мекенінде зор күйікті,
Ауған деп ойлаушы едім ор киікті.
Ол байғұс қимаған соң туған жерді,
Өлімге оны туған жер қиыпты.

Ұдайы құлақ түре жүргесін де
Есіттім осы қыстың бір кешінде.
Ізі емес, өзі тірі жатады екен
Серейіп әр ауылдың іргесінде.

Өлерде соның жылап-сықтағанын
Көрмей-ақ көзден жасы шықты ағаның.
Қасында қалмау үшін жақсы болды-ау
Шеткі үйден аттап әрі шықпағаным.