Поэзия, Өлеңдер

Ел ағасына

Мәртебелім!
Булығып өсер ұландай
Бұған да жеттік, көзіміз жасқа бұланбай, –
Басқа күн кеше күйдіріп көзден сүйген-ді,
Мына күн қайтпек?.. Емес-ті бәлкім бұл ондай.

Біз деген, шырақ, бұрынғы күннен қалдықпыз.
Күннің аптабын көзбен жұтуды қам қыппыз,
Содан соқырмыз, көрмедік біреу деп тұрса:
«Бұларға енді май жұттың де де, қан жұтқыз!»

Сүйсе болды деп, соқыр қылса да арланбай,
Қылжақтай бердік, қаншығы қапқан арландай.
Сыбағамызды бөтенге берсек бүтіндей,
Мәз болдық соған, қолымыз жеткеи армандай.

Көзіңе қоса көңілді соқыр етсе күн,
Келмейді екен де бөтен біреусіз ет жегің.
Қазақша мылқау, бөтенше бөспе бола алсақ,
Арқадан қақты елдегі «серке» епсегім.

Қиын екен де тәуелді болмақ қиянға,
Пайда деп білмек, басыңды байлап зиянға.
Бұрылуға да қайратың қалмайды екен ғой
Науқастай құдды мойыны душар құяңға.

Соқырлар өңкей өзара бақас екенін
Жұртқа да жария қылған-ды суайт екі ерін.
Біреуін бірі сүзуге қазақ келгенде
Мүттәйім болған мүйізіндей текенің.

Мүйіздер түбі шірісе шіркей қызыққан,
Шырағым, осы бұрынғы жағдай біз ұққан.
Осы ұрпақ содан өзгере қалды демегін,
Көрмесеңдағы аталы төлден бұзық қан.

Ата демекші, ата нәсілі әр қалай
Жұрттардың мұнда базары бір сәт тарқамай,
Қазаннан қазақ көжесін тегін қаузанып,
Келімсек үшін кеңейді құжыра тар талай.

Көріп те жүрсің жақын мен алыс қиырды,
Пенделер кеп қой… Пенделер әлі қиын-ды, –
Қиқымы кезге түйіршік түтеп ұйтқыса,
Сол дерсің көңнен ұрланып ұшқан қүйынды.

Солар ғой анық азыққа бола ар сатар,
Алғысыңа да қарғыстың оғын қарсы атар.
Дүние-пұлың ұшынған мына заманда
Өзіңдей ерді солардың тәркі шаршатар.

Оңайдан тұрмыс қиынға қарай ауысса-ақ,
Қалар ма дейсің біреуге біреу ауыз сап,
Аш көздің ылғи араны кеткен ашылып,
Теңіз сатылса, теңіздің суын тауыспақ.

Самыржақ өңкей кешегі күннің бектері
Өзгертіп түсін, бір-бірден закон бөктеріп,
Жалаң бұт ерке базарды баурап байыса,
Панасыз әже қалар ма қайтер боқ теріп.

Екінің бірі соңыма, дейді, ере біл, –
Қаптаған топ-топ партия, жиын, ереуіл.
Нашақорлық насаттанады есіріп,
Тартылып жатса тамұққа қыз бен дереу ұл.

Көңілі, көзі соқырдан өңкей досы бар
Шаршатар рас, ардағым, сені осылар.
Түбінде бірақ тәртіп пен адал еңбектің
Алдына келіп осылар да бір тосылар.

Сол күнге дейін көре біл қоғам сырқатын,
Оп-оңай бізге шығу жоқ шыңға шырқатып.
Қошамет құнын түсіну бізге ертерек, –
Біздерге әлі алдағы жота, қырқа – түн.

Қайдағы жоқты аңсаған бекер ентелеп,
Бұл жұртты енді сендіру сертке ертерек.
Сендегі пәктік әзірше, шырақ, бізде жоқ, –
Біздерге әлі зерікпей қылар ем керек.

Көңіл де, көз де ашылмақ қажет аршылып,
Шерлінің шелін алатын кез бұл ар сылып.
Операция ауыртар кезде денені
Біздерден соған байқалмай қалмас қарсылық.

Қасында жүріп қаралық қылсақ, міз бақпай,
Айла табамыз етіңе тиер мұздақтай.
Қарақан басын жеңбеген жанға илансаң,
Күнә жүктейсің бір қаптай емес, жүз қаптай.

Әділетсіздік тезінде қисық иілген
Шаңырақ, уық, керегем – бүкіл үй іргем
Түзелсін десең, қатал да болмақ қажет-ті,
Қаталдық – мектеп, түбінде жатса пейіл кең.

Пейілге қоса нар талап қылса үстемдік
Жастарға тағылым – саналы сақи үш кеңдік, –
Ақылды еңбек, әдеп пен білім біріксе,
Ортадан ондай дұшпан да таппас еш кемдік.

Мың айт та, бір айт, жарылқар болғай жас үрпақ, –
Опа жоқ бізге оларсыз бір таң атырсақ, –
Ұзарып өспей бәйшешек еті әлжуаз,
Жаңа бір ғасыр жасағын күтіп жатыр сақ.

Қартың да сирек, қаны төгілген елі үшін,
Оңай дегізбе олардың қиын жеңісін.
Қаһармандарға тірлікте құрмет тиесі,
Тентіретпесін соларды аз күн жеп-ішім.

Ер болмас ешкім тас мүсіндерді қиратып,
Қорлата көрме марқұмның ешбір зиратын.
Тарихқа жұдырық көтертпе, мәрмәр мәртебе
Ескендір, Шыңғыс, Темірлерге де бұйыратын…

Қай тұлға қалай жалғанда өзін білгізсе,
Сол ғана қожа бойынан тапқан бір күшке.
Өзгермес тұлға мақтадың деп те, немесе
Кейінгі кердең күнәһәр күшік үргізсе.

Ісіңе қарап жетілмек қыз бен ұл сенің.
Сенің арқаңда әділдік парқын білсе мың,
Азанда сағак фатиха-дұға тиесі,
Сенен де бізге бекініс жасар бір сенім.

Сенгенде бізге, сенімің ана сүтіндей
Таңдайда қалып, таралсын қанға бүтіндей.
Жарғы-жарлығың жөппелдем жолда қалмасын
Жолаушы түнеп, қалдырып кетер бір түндей.

«Жедел көмектің» рахымындай табыл да,
Кеудеден кері итертпей бізді қабылда.
Тәуелсіз елдің тәубесі хаққа жеткенше,
Қайсымызда да қайысар болсын қабырға.

…Тақыт пен тәжді бізге де қайта бұйыртқан
Садаға кетсең болмас па, ақын, бұйрықтан!
Тәуелсіз елді көрсін деп тәңір сыйлаған
Рауаныңа құлдық, шапағат-нұры жүйрік Таң!