Поэзия, Өлеңдер

Жолдас

Өмір керуен.
Ортақ бізге ЖОЛДАС ат.
Аздық етпек ақтан тілеу жолға сәт.
Сапар заңы –
жолдасыңа қызмет қыл!
Жолдастыққа жарамасаң, жол босат!

Бұл өмірде бір-ақ жүріп өтетін
Екі жол жоқ. Парыз, міндет өте тың.
Пейіл бүксем, жария қылмақ жолдасқа
Қымтанарлық киімі жоқ бет етім.

Көз жанарым одан бетер жалаңаш,
Кірпігіне жуытпайды және лас, –
Ол бейшара жұмылмас-ты ұзақ түн,
Бір іс қылсам жолдас-жора жоламас.

Қинағанда кедір-бұдыр жол ептеп,
Жолдасымды жабырқатсам бөлектеп,
Ар-ұятым ине шаншып жүрекке,
Жүйкеме де өз айыбын төлетпек.

Жолдасымның жанға батса қайғысы,
Болуым шарт оның мұңлы байғұсы…
Теріс сөзін тез ұмытсам, ол да өзін
Келіп тұрар жаялық қып жайғысы.

Жолдасымның түгесілген азығын
білмесем, сол – жан кешірмес жазығым.
Білмегенсіп тоқ отырсам, мен емей,
Адамзатта ең азығы азы кім?..

Әлсіретсе жолдас жүгі көлігін,
Көтерісер менен басқа белі кім?..
Бөлек шығып, әсте бөлек батпаған
Бір белесте екеумізге телі күн.

Үдермеде ойға да заң, қырға заң –
Ортақ қайнау от үстінде бір қазан.
Жолдасымнан бір-ақ мәрте бөлетін
Ту сыртымда түсі суық тұр қазам.

Тиер жері жаны кеткен жанбастың
Қазылғанша бір от болып жанбас кім, –
Ол жанудан өртелгенім он артық
Деп кетпесем: «Тірілермен жолдаспын!»