Поэзия, Өлеңдер

Талайғы бойын мүк басқан…

Талайғы бойын мүк басқан
Табаны жұмыр жұп тастан,
Жаншылмай шығып жатырсың,
Үстіңе қылау жұқпастан.

Сауынның дерткен сүтіндей
Сырғисың тастан сүртілмей.
Кете алман бүгін өзіңнен
Өзгеше мұңлы сыр түймей.

Құздардан құлап еңіске,
Кезеңнен озып кеңіске,
Сұратпай сусын бергенсің
Тіріде тілі кеміске.

Сусаған құсқа, аңға да,
Жәндіктер жатқан маңға да,
Тарылмай түгел таратқан
Тамшыңа куә таң ғана.

Гүлдерге тиген сусын көп,
Гүлден де шырын тусын деп,
Ауылға бардың ақыры
Арулар жөргек жусын деп.

Шашымнан көптің кай талын
Қалайша санап айтамын, –
Өзің ғой бізге сыйлаған
Өмірдің нұрға бай таңын.

…Тағы да, міне, мүк басқан
Табаны жұмыр жұп тастан
Жаншылмай шығып жатырсың
Үстіңе қылау жұқпастан.

Солай ма шыны, кім білсін…
Жер асты көзге кімді ілсін…
Жер үсті ғана болмаса,
Жер асты неден қынжылсын?!.

Онда жоқ қара, төрең де,
Білгеніңді қыл тереңге, –
Кұз құлатсаң да жым-жырттай
Құлағы бітеу кереңге…

Түгендер әзі жігін Жер,
Маған тек күдік жүгін бер, –
Бұлақтың қайнар көзіне
Қарау да қиын бүгіндер.

Сүттен де таза кәусарым,
Пейілің аппақ-ау сенің!..
Білсең ғой менің жанымның
Әлжуаз тартқан әуселін.

Хабарсыз тәңір не пірден,
Әлемде у бар көпірген.
Бұзып та шығып жатыр сол
Мидағы мықты көпірден.

Өзіндей мөлдір мөлт еткен,
Көзімнің жасын мол төкпен.
Уды айтам, бірақ… Жүрек көп
Аямай қатты ол тепкен.

Күдікпен күткен тағамға
Бекерге мұңым шағам ба, –
Жазғыра көрме, кәусарым
Сенуден қалсам саған да.

Білсем де бойды нық ұстай,
Көңілім дерттен ығыспай,
Көзіме көлдер шеңбері
У салып қойған ыдыстай.