Поэзия, Өлеңдер

Туған топыраққа келгенде

Туған топырақ!
Білсең ғой, кіндік қаным,
Тал бесігім ием деп кімді ұққанын, —
Тәңірім өзі кешірер, ол — сен едің,
Мұқалмаған мұңы ащы құлдықта мың.

Тапталғаның табанда — шыныққаның,
Азық етпеген дұшпанның шыбық қанын,
Құм құптаған залымның моласы жоқ,
Әулиең — көп!.. Сол сенің шын ұтқаның.

Өмірі баста өксіп бір жыласын да,
Шынықсын деп туыпсың — расында.
Шынықтым мен, сол үшін өмір бойы
Жүрегімнің жартысы жүр осында.

Құмда Тұз-Көл, сораңмен әдіптелген,
Тоналса да жоқ шығар әлі үптелген,
Соған піскен біздің көз жасымай-ақ
Әліппеден осында әріп терген.

Әріптер жыр оқытса парақтардан,
Оқ болып та атылса жарақтардан,
Өзің берген өнегең емес пе сол
Ісінен — күш, ішінен зар ақтарған.

Сыртта жүрсем, — кеудемнің тар ұясын
Кер жазықтай кеңейткен ар-ұятың.
Мен туғанда Ар тілеп таң атқанша
Қалжа жескен қаһарман қария түн*.

Елге келсем сыбағам — ән-би дедім,
Әр түтінді менікі әлгі үй дедім.
Өйтпей қайтем, — не шафхат шаранаңды
Әл-қуатым жеткенше әлдиледім.

Сая көрме бұл сөзді мақтандыға,
Бұл — өзіңе бармақтай бақтан дұға.
Туған топырақ, бағыңа бағышталсын
Маған өзің дарытқан бақтан дұға!
Иә, мен бақыттымын!… Әмин!

* Он алтыншы жыл оқиғасы.