Естеліктер

Әбу Сәрсенбаев. Дауылпазым

Дауылпазым!

Хамит Ерғалиға

Дауылпаз ақын,
Теңіздей толқи төгілген, –
Өлеңің бар өр мінездес өзіңмен.
Қылышыңды домбыра етіп жүргенде-ақ,
Әр солдатқа өз ақыным дегізген.

Жауынгер ақын,
Армандаған жеңіс атты Асқарды,
«Өлең құсым кеш самғады аспанды…»
Депсің,
Қате!
Талып жатып жүрегіңнің қанымен,
Қағаз емес,
Қарға жаздың Қаһармандық дастанды!
Қаныңменен қарға жазған дастаның –
Әр солдаттың жүрегінде
Ұран болып сақталды!

…Жыр қыраны,
Толды топшы – қанатың,
Қырқаға емес қияға көз салатын –
Кезің туды:
өзені емес өлеңнің
Теңіздерін шалқытарлық сағатың!

Кемел ақын,
Ойға сұңғыла тереңім.
Ұрпақтан да тойдым, толдым, – демегің.
Ал іске сәт,
Құрман баба күмбірлетіп кеудеңді –
Құдыретті күймен алғай еді кезегін!