Ғұмырнама

Түйін

Сонымен, аздап болса да білемін деген өзіме дейінгі төркінім төрт буыннан құралды. Бұлар бастан кешірген екі жүз жыл меғдарында біздің нәсілдің бойында жүрген ақындық өнерді мен мынадай бір бейне сипатында көремін.

Бұл да кәдімгі ақын. Бірақ, жазмыштағы өлшеулі күні біткенде өле қалатын пенде емес. Қойысты Тасобадағы тар лахатқа жайғастырғаннан кейін ол да өзге ақындарша жалғыз тұғырдың үстінен түспей ел аралаған Досжан есімді айтулы «зар жақ» болып күн кешкен. Тағдыр оны екі көзінен айырып, су қараңғы соқыр халіне душар етсе де думансыз жерде жүрмеген.

Атырау жағалауындағы Шүрегей дейтін қарақат, бүлдіргені мол қопалы қоныстың бір биіктеу жеріне Досжан денесін жерлегеннен кейін бейуақ, бәлкім тағдыр, бұны пенде қалпынан айырады. Бұл енді көзге көрінбейтін көңіл қонағына, елеске айналады. Өзіне қатысты мақтау, даттау дегендерге ғайып күйінде құлақ түреді. «Мынауың жөн, мынауың қиянат» деп, тірілермен түгендесу правосын тағдыр бұған бұйыртпайды. Ал, өз тірлігіне бірде риза, бірде наразы болған ұрпақтары бұны түсінде ғана көріп, ісінде іргесін бұдан аулақ ұстаған. Олар мықтағанда бұның рухына дұға бағыштаса, боз қасқа шалған, ауырғандары Қойыстың басына барып түнеген, топырағымен беттерін жуған, сыпасына сырық орнатып, соған ақша байлаған. Ал, шынына келгенде, бұл сол тірі ұрпақтың өзімен бірге ауқаттанып, өмірге басқаша сипатта келудің сәтін күтіп тірі жүрген. Оны сақтаған – материя. Ал, мен – материалиспін. Ғайыптан пайда болдың десеңіз, мен соған тіпті де сенбеймін!

Тегінде сонау бір жол үстіндегі түнгі сарын соның кәдімгі адам – пенде қалпына қайтадан ауысар алдындағы хабары болса қайтерсіз?!. Ғажап емес!.. Өйткені, мен сол бір түнгі ұзын жол үстінде ояу отырдым ғой…