Мақалалар, Публицистика

Қарапайым қауышқан сәттерден

Қонаев адам құқы мен ардың ісіне қалай қарады?

Бұл сұрақтағы екі бірдей үлкен әңгіменің қайсы біріне де қатысы бар эпизодтар бұл күндері талай адамның зердесін түрткілеп, ойдағысын оятып жатқан шығар. Ел қатарлы менің де аз-кем көрген-білгендеріме қоса жеке субъект ретінде денеммен сезінген де жағдаятым бар. Соларды қарапайым қалпында хатқа түсірсем, азамат ердің аруағы алдында парызымнан арылатын секілдімін.

Кеңестік конституцияның көптеген баптары қағаз жүзінде ғана алтын әріппен жазылғаны рас. Біздің ұрпақ өмір кешкен қоғамдық жүйенің әрбір адамға жеке-жеке көзқарасында өзіндік өлшем болды. Ол баяғы сол таптық тұрғыдан енген өлшем ғой. Сол өлшем, басқаны қойып кейде тіпті компартияның өз ішінде де ішінара әсерін аңғартты. Өз тағдырым соның бірден бір айғағы боп тұрғанда дәлелді алыстан арбалап қайтем?! Ұлы Отан соғысының ұрыс даласында өз отанына шексіз берілгендігін жас қыршын жанымен, төккен қанымен беркітіп, жарылып жатқан жау снарядының астында партия қатарына қабылданған эскадрон командирі Ерғалиевтің шыққан «сенімсіз тегі» майданда есепке алынбаса да, жаумен бетпе-бет келгенде өзінен басқа 182 адамның тағдыры сеніп тапсырылса да, ауыр жарақат алып елге оралған соғыс мүгедегінің өміріне сол «тегіміз» өзгеше көзқарас қалыптастырды: Менің есеп кітапшамдағы «сын кулака» деген жазудың өзіне состия қарағандар жоғарылы-төменді қай сатыдан да табылды. Көркем әдебиеттегі, журналистік саладағы еңбектерімді жұртшылық қанша құптаса да мен өз ортамызда жауапты қызметке тағайындалған емеспін. Маған ондай сенім көрсетілген жоқ. Ақыры сыныққан сыңаймен қырық үш жасымда жалақы алып істейтін болмашы жұмыстардан үзілді-кесілді бас тартып үйге кеттім, бес балам мен әйелімді қалам қайратымен асырадым. Соның өзінде «бай баласы партия қатарында неге жүреді?» деген арыздар орталық партия комитетіне жазылын жатты. Бұндай жағдайда үлкен лауазымды адамдармен менің тығыз байланыста болуым мүмкін емес еді. Маған жаңағыша состия, тіпті сұстана қараған басшылардың, бұл күнде марқұм болғандарының аттарын атап, рухтарын ғайбаттағандай болмай-ақ қояйын. Оның есесіне менің ақындығым мен азаматтығымды айрықша сыйлаған Ілияс Омаров, Төлеген Тәжібаев, Қаныш Сәтбаев, Пантелеймон Пономаренко секілді биік дәрежедегі тұлғалардың аруағына әрқашан да аят бағыштау – парызым. Міне, дәл осы санатта менен үрікпеген, жақсылық істеуден жалықпаған адамның біреуі – осы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев болды.

– Қонаев сені оқиды екен, жақсы көреді екен, – деді маған Мұхтар Әуезов бір орайда.

Мен соны іс-әрекетінен іштей сезетінімді айттым сырлас-мұңдас ағатайыма. Мұндағы Мұхаңа айтқан әңгімемді кейінгі эпизодтармен толықтыра сөйлесем, сол оқырман назарын төмендегідей ақуалдарға аударар деймін.

Бұл арадағы әңгіме менің омырауымдағы алты орденнің төртеуіне, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы деген атақтарға өзі қол қойып, кейбіреулеріне өзі қозғау салуымен де шектелмейді. Бәрінен бұрын менің тұрмысымның түп қазығына аударған назары, соны туған әдебиетіне көрсетілген қызмет деп тануы, тым сирек көрісіп-біліскен жағдайдың өзінде кісіні оп-оңай ризалайтын ыстық ықыласы, ашық, ақ жарқын лебізі, кейде тіпті иығыңа арта салатын ағалық алақаны – бәрі-бәрі көз алдымда тірі қалпында. Қонаев есімді ірі тұлға туралы өзімше бірді-екілі тұжырым жасар алдында сол жайларды сәл таратып айту қажет-ақ. Өйткені ресми тұлға жеке-жеке адам мүддесіне араласқан жағдайда өзін-өзі оңай танытады.

Мен бұл кісімен ұзын-ырғасы төрт-бес мәрте ғана жолығысып қалдым. Соның алғашқысы – қарапайым адамдар қалалық жерде аттап өте алмайтын, әлгі айтылған тұрмыстың түп қазығына яғни баспана проблемасына байланысты болды. Соғыстан кейінгі онбір жыл бойында сегіз адамның басын құрап үлгерген отбасым бір жарым бөлмеде тоғыз жыл тұрды да жаңа республикалық бірінші партхатшы Пономаренко тұсында ғана ілтифатқа түсті. Өтінішімді күні бұрын оқып танысқан ол кісі мені шақыртып алып, «Басқаны қой да Қонаевқа бар, сізге жағымды жауап сол жерде болуға тиіс» дегенді айтты. Айтқандай-ақ:

– Қарағым, көп ұзамай қоныстанатын мекенің құтты болсын! – деген ағаның ақ батасынан басталған әңгіменің аржағын тәптіштеп қайтем, қабырғасы қаланып, төбесі жабылғалы жатқан үйдің бір қуысында менің де пәтерім барына шәк келтірмедім. Артынша «Сенің Пономаренкоң кетіп қалды, ағаңыз уәдесіне онша берік кісі емес деседі ғой…» дегенді де құлағым шалып қалып жүрді. Үй біткен бойда кеткен кісінің орнындағы Леонид Брежневпен хабарласып едім (ол кезде солардың кабинетінде қалаға тіке шығатын телефондары да болған): «Голубчик» деп басталған жуан дауыстың маған сондағы айтқанын сөзбе-сөз қазақшалайын: «Қала басшысы Милованов осы қазір ғана менен шықты, сізге үш бөлмелі пәтер бөлінді, жүгіріп отырып соған бара қойыңыз». Оған барғанымда:

– Ол үйге ордерді тек қана үкімет басшысы Қонаевтың өз қолынан аласыз, ертең ертемен сол жерден табылыңыз, – деді маған мэр. Айтылған жерден ордер алу үшін Мұқан Төлебаев, Ермек Серкебаев, Ғали Орманов секілді ауылымыз аралас, қойымыз қоралас адамдар бас қосып қалдық. Кезегім келгенде Димекеңнің көмекшісі Жұмаш Қонақбаев ордерімді кабинеттен алып шыққан бойы қолыма табыс етсе де қарсы алдымнан кетпей тұрып алды. Мен болсам өз көзіме өзім сенбей әбігермін. Пәтерімнің бөлмесі Брежнев айтқандай үшеу емес төртеу. Ақыры Жұмаштың құлағыма сыбырдап айтқаны: «Біздер, шенеуніктер жұмыс істейтін бөлмеге зәру емеспіз, төрт бөлмені жазушыға беру керек деді де бір мықтының кіргелі отырган пәтерін саған алып берді». :

Сырт көзге біреуге біреудің бір жолғы жақсылығындай көрінетін осы бір кішкентай штрих қаншама сырды өз ішіне бугіп жатқанын ойлап көрсеңіз: Уәдесіне осал адам осылай істей ала ма?.. Адам құқы қағаз жүзінде ғана сыйланатын заманда үкімет басқара отырып, «түбі шикі» әлгідей адамды тізімнен сызып тастаса да оның қолын кім қағар еді?..

Белсендінің қырағы қоңырауына неге «сергектік танытпады?.. Көркем әдебиеттің ардың ісі екенін ауызша айта отырып, әріптес чиновнигінің көңілін жықпауға да болатын еді ғой… Әрине, әлгі әрекеттің тұсында ол бұның бірін де тап осылай таратып ойламаған да шығар. Ал, нағыз қайраткер қадам басқан сайын оның ізінде осындай өзіне де елеусіз, өзіне де беймағлұм берекелер, имандылық ишараттары қалатынын ол бір кісідей білді. Көрдіңіз бе, сөз басындағы сұрақтың жауаптары осы жерден де шет-шепірлеп шығып жатыр. Мен Димекеңді өзінің басқан ізіне ізетпен қарайтын кісі деп түсінемін. Бәлкім, содан да болар, бір ұшырасқанымда араға аттай ширек ғасыр уақыт салып, баяғы өзі бергізген үйдің жағдайын сұрады. Сол. үйдің жасамыс адамға онша қолайлы болмай қалған жақтарын айтып едім, 1979 жылы оны да өзгертуіме өз септігін тигізді.

Екінші қабылдаған кезі оның да, менің де бірсыпыра жәбір-жапа шегіп алып, жағдайымыз қайта оңғарылған, тіпті. бұрынғыдан да жақсарған тұс еді. Атап айтқанда,;ол кісінің ел басқару ісінен біржола босатыла жаздап, артынша СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат болған сәті еді де менің партиядан шығарылып, одан қайта оралған тұсым болатын.

1966 жылдың көктемі еді-ау ол. Димекеңді жаңағы лауазымымен құттықтағалы кіріп-шығып жатқандардың бірі болып қабылдансам да осы жолы.маған уақыт молырақ бөлінді. Оған да сол екі жақты бірдей тарықтырған тарих себеп болды. «Қазіргі жағдайың қалай?» деген соң мен де сөз салмағын пендешілікке арта сөйлеп, былай дедім:

– Үш жыл бұрын партиядан шығаруға қол көтерген әріптестерім енді елу жылдығыңды тойлаймыз дейді. Осының жөні бар ма деп сізден сұрауға ұялып отыр едім.

– Несі бар, олардың бұл жолғы ойлары дұрыс, елу жыл дегеніңіз, – деді де ар жағын, – этап человеческой жизни, – деп орысшалады. Сөйтті де обком хатшысы Асанбай Асқаровқа телефон шалып, менің күзде өтетін мерейтойыма ол кісінің де назарын аударды. Ол кісіге айтқан сөздерінен есімде қалғаны: «Анау тәжік еліне барғандағы екі ақынның өзара қатты айтысып қалған сөзіп де малданып,. ішкі есебін түгендемек болғандардікі – мыртымбай!..»

Сол жолғы әңгіменің біршама ұзаруына, әсіресе, менің сұрағым себеп болды. Мен былай дедім.

– Кешегі бір ауыр кезең жел өтінде жеке дара тұрған Сіз түгіл елім деген азаматтың қайсыбіріне де жеңіл тимеді ғой. Денсаулығыңыз қалай?

Әуелі кісі қабылдайтын үлкен столдың басындағы орнынан тұрып, жұмыс столының бір жерінен «Аққу» дейтін сигареті мен көлемі тап бір шай кеседей бүйірлі, дөңгелек зажигалкасын алып келді. Маған сыйлаған шылымына отты өзі ұсынды. Содан соң сәл жабырқау ойда аз-кем отырды да: – Мен бас ауруына душар болдым ғой, шырағым, – деді.– Себебін былайша түсіндірді: Хрущевтың тың өлкесіне келген сапарларының бірінде үлкен жиыннан кейінгі дастарқан басында отырып, қызара бортіп алыпты да:

Димаш, – депті, – мына Юсупов айтып жүрген әңгіме менің миыма қонып тұр. Тегінде соны алдағы алпыс бесінші жылы заңдастыратын шығармыз.

Димекең ол әңгімеден хабарсыз екенін айтса керек. «Ендеше хабардар болыңыз» депті де «бас-аяғы жиғысыз, далиып жатқан» Қазақстанды республика орталығынан басқару «қияметтен де қиын» екеніне сендірмек болыпты. Сонда не істеу керектігін тақсырыңыз былайша таратып айтыпты: «Солтүстіктегі астықты бес облыс Ресей Федерациясына беріледі. Осының алдында ғана Талдықорған облысын түгелдей, Жамбыл облысының шығыс жақ бөлегін өзіне қосып алған Алматы облысы Қазақ республикасының құрамындағы ұйғыр автономиясына айналады. Алматы қаласы соның орталығы болатыны себепті Қазақстан астанасы Қарағандыға көшіріледі, «Зілзаладан көз ашқысыз» өзбек жерінде астана болуға қолайлы жер жоқтығы себепті Шымкент соған берілсе, облыс түгелімен көршіге көшеді. Мұнай кәсіпшілігін бір жерге шоғырландырмақ үшін Маңғыстау түбегі түрікменге беріледі».

Димөкең осының бәрін саусақпен санап бүгіп, Хрущевтың түсінігін өз қалпында яғни орысша айтып түгесті де өзінің соған берген соңғы сұрағын маған қазақша айтып жеткізді. Сол төрт сөздің біреуін де өзгертпей айтқанда ол былай боп шықты:
– Сонда Қазақстанға шонтайы қала ма?

Осы сөздердің ауыздан шығуы-ақ мұң екен, Хрущев орнынан атып тұрып: «Бұл қарғыс атқан ұлтшылдық қашан ғана құриды?! – деп, столды жұдырықпен қойып-қойып жібергенде хрустальдар бір-біріне соқтығысып, бірді-екілі фужер сынып та кеткен: Әрине, осыдан кейінгі түні бойы шаншып, кірпік ілгізбеген мида бас ауру пайда болмағанда қайтеді?.. Кім біледі, елім деп. еңіреген есіл ердің, бәлкім, жүректен де алғаш алдырған жері сол түнгі ұйқысыз азап түнегі болған шығар. Өйтпегенде ше!.. «Республиканы өлкелерге бөлшектемей-ақ, бір жылша өзіміз орталықтан басқарып көрелік, әліміз келмей бара жатса, өмір өзі көрсетер» дегені үшін Тәшеновты орнынан ұшырып түсірген әміршіден одан да зорын кутуге болады.

Хрущевтың тағы бір әділетсіздігі деп түсінетін жерім – қазақ халқының тығыз орналасқан үш ауданын өзбекке сыйға тартқаны еді. Жаңағы әңгімеге сабақтас соның жайын сұрағанымда Димекең:

– Әлгі бір әзірде ғана Леонид Ильичпен телефон арқылы тиянақты сөйлестім, ол мәселенің де аяғы жерге тиетін болды, аз күн ішінде бәрі де қайтарылады, – деді.

Ұтыры келіп тұрған осы арада естелік желісінен аз-кем ауытқып, осы Брежнев жөніндегі ез пікірімді білгізсем деймін.

– Ұмытыңқырап қалыппын, құдай-ау, сол Тарас Шевченконың күніне байланысты Украинаға барғанымда ма, әлде Якуб Колас күніне байланысты Белоруссияда жүргенімде ме, әйтеуір, сол екеуінің бірінде армян ақыны Сильва Капутикянмен сапарлас болдым. Бір орайдағы әзіл арасында сол әйел маған «Ваш Брежнев» деп қалды. Мен оған «Сіздің бұл комплиментіңіз менің мерейімді тасытады» деп жауап бердім. Айтты айтпады, біз Брежневтен не жамандық көрдік? Әрине, Брежнев бізге елден ерек жақсы тұрмыс жасап берем деген жоқ. Оның еңбегі басқа жағынан бағалануға тиіс. Атап айтқанда, Хрущевтың орнын Брежнев баспай, Никита ағай мен Смаил әка енді бір жыл тұғырларында тұрғанда Қазақстанның жаңағы жағдайға ұшырауы сөзсіз еді. Желтоқсан оқиғасы да өзінен әлдеқайда бұрын, сонау Ақмола көтерілісі тұсында тұтанып, оның өрті қырғынның үлкеніне душар етуі де әбден ықтимал еді. Басқаны қойып осы екі-үш фактының өзі үшін-ақ Брежнев рухын сыйлауға қазақ жұрты міндетті. Жалпы сарынға соқыр еліктеп, қайырымын көрген адамның аруағын ғайбаттау ата салтымызға да қилап келер еді. Ол Қазақстанды екінші отаным деп дүние жүзіне жар салса, оның да мәнісі соғыс жылдарында бала-шағасы осында болғандықтан ғана емес, әңгіме оның халықпен де Димекеңмен де жан жарастығы ерекше болғандығында. Димекеңнің бұл арадағы қайраткерлігі ең алдымен Сырым батырдың дипломатиясын еске түсіреді. Еділге дейінгі қақпаны Сырым да әскерінің күші асып-тасығандықтан ашқызған жоқ. Осы отырғанда да Президентіміздің беделінен береке жинасақ деп отырған жоқпыз ба?! Көзімізбен көрген тағы бір мысалға жүгінсек, Сталин соғыс жылдарындағы бір ғана Молотовтың қайраткерлігі екі-үш армияның күшіне тепе-тең болды дегенді ойланбай айтты дей алмаймыз. Біле білсек, Генсек Брежневке дейінгі Қазақстан күйреу қарсаңында күн кешті. Бұл өзі – күні бүгінге дейін ауызға алынбай келе жатқан ащы щындық. Біздің республика бұтарланудың тап Хрущев тұсындағыдай қауіп-қатерін патша заманында да, Сталин тұсында да бастан кешірген емес. Абырой болғанда, соңғы тиран қазақ жеріне миллиондап келімсек кіргізуден басталған жойқын жоспарын ақырына дейін іске асырып үлгере алмай қалды.
Естелік желісін қайта жалғастырғанда айыра бөле айтатын тағы бір әңгіме – жаңағы сөз басындағы «әдебиет – ардың ісі» дегенімізбен де ашықтан-ашық сабақтас жатыр. Бұл жерде тілге тиек еткелі отырған белгілі жәйт қанша қайталанса да әлсіремейтін, қайта айтқан сайын айшықты сыры ашыла түсетін шындықты қуаттайды. Осы шындықты мен Қонаев қорының ашылуына арналған салтанатты жиында, Димекеңнің көз алдында аз сөзбен жеріне жеткізе айтқан едім. Ол жерде мен: «Бір кезде ұлтшыл ғана емес, барып тұрған «пантюркист», «панисламизм рупоры» атанған Олжас Сүлейменов тағдырына араласқан, оның өміріне қатер төнгенде әзірейілдің құрығын қолының сыртымен қағып жіберген адам басқа ешкім де емес, республикадағы бірінші нөмірлі коммунист Қонаев болатын!» дегенді бар дауыспен айғайлан айттым. Адалына жүгінсек те бұл күнде өзін-өзі толық ақтап алған «Аз и Я» кітабы «Игорь полкы туралы сөздің» орыс оқымыстылары ғасырлар бойы аша алмаған немесе ашқысы келмеген ғажайып шындықтарын күллі жаһанға жайып салған елеулі туынды болды да шықты ғой. Сөйте тұра орыс зиялыларының орынсыз қисындарын тым қатты тілмен шенеген жерлер де бұл кітапта жеткілікті. Сталиншілейтін – өзін-өзі орыс марксисі санайтын ұлт қайраткерлерінің қайсыбіріде бұл арада зәре-құты қалмай күйіп-пісер еді: «Ұлы халықтың көрнекті өкілдеріне сонша қатты тиісіп нең бар еді?!» – деп, Олжасты жазғырар еді, ардың ісі – әдебиетті де, таланттың да азаматтық құқын да Қонаевша қорғамас еді.

Димекеңнің өнер адамдарымен ауызекі әңгімесі де әсерлі болатын. Мен соны осында өткізілген онкүндік, апталықтарға байланысты қонақтар қабылдаған кездерінде, соларға еріп барған сәттерімізде аңғардым. Мәселен, «Республика өнеркәсібі патшалық Ресей тұсындағыдан пәлен процент артты» деудің орнына «сондағыдай жүз екі Қазақстанымыз бар» деп отырушы еді. Сондай бейнелі сөздеріне қызығып айтқандарының бәрін қойын дәптеріме түсіріп алушы едім. Бір жолы соны аңғарып қалған шет елдерге көп тілде шығатын «Мәскеу жаңалығының» тілшісі қабылдаудан-шыға сала: «Әлгіде көп жаздыңыз ғой, сол жазғандарыңыздан Қазақстан туралы толымды бір толғаныс құрастырып маған берсеңізші», – деген соң тілегін орындаған едім. Ағылшын, неміс тілдерінде шыққан сол еңбегімді біздің шет тілдер институты көп жылдар бойы студенттерге оқытып келді. Ағаның осындай сәттеріндегі орнын өз басым Юсупов тұсында қатты аңсадым. Смаил әка түрікмен жазушыларын қабылдай отырып: «Біз жеңсік тағам ретінде ет комбинаттарына есектің етін тапсыртамыз» дегенде қазақ атаулының бастары салбырап жерге қарағаны өмірі есімнен кетпейді.
Жоғарыда айтылғандар арқылы бұл кісі кез келген жағдайды бағалауға келгенде шашасына шаң жұқтырмады дегелі отырған жоқпын. Кейбір жазушыны тым асыра бағалағаны немесе басқа пікірдің әділдігін жете танып үлгермегені секілді кемшіліктер басқа саладағы адамдармен арақатынасынан да байқалғаны рас. Сондай-ақ, теріскейде тың игеруге байланысты жаппай жабылып қалған қазақ мектептерінің жағдайын өз мемуарында басқаша түсіндіруімен де өз басым келісе алмаймын. Бірақ, соның бәрі де – оның өз түсінігі. Ол түсініктермен пікір таластырудың енді тіпті де қажеті жоқ. Қай автор да өзінің ғұмырнамалық шығармасында берік бекінген позициясын ғана жазып қалдырады. Мынадай бір жағдайда мен осыны көзінің тірісінде өзіне де айттым. Бір күні таңертең шығармашылық шаруасымен біздің үйге Нұрғиса Тілендиев келе қалды да іс арасында маған белгісіз бір себеппен Димекеңе телефон шалды. Өзара әңгімелері біте бергенде ойламаған жерден:

– Аға, Сізбен Хамит Ерғалиев сөйлеседі, – деп, трубканы маған ұсынсын. Қапелімде сасқалақтап қалсам да жөппелдемеде не айтудың бір амалын мен де тапқан секілдімін. Сәлемдескеннен кейінгі біздің диалог:

– Ғұмырнамаңызды оқып шықтым, жақсы оқылады

– Оқырман тарапынан сұраныс көп болатын түрі бар. Қайта басылғандай жағдайда қандай тілек-талап айтар едің?

– Талабым жоқ, тілегім біреу емес, екеу: Біріншіден кім не айтса да мемуардың осы редакциясына ешқандай өзгеріс енгізбеңіз. Жұрт аузында айтылып жүрген бірді-екілі өкпе-қақпаны өзіңіздің де құлағыңыз шалғанға ұқсайды. Өйткені, соларға жауап беріліпті. Екінші тілегім: Сіз өз тұсыңыздағы тарихты таратып айтумен шектелмеңіз. Соңғы жылдардағы ұйытқып соққан ала құйын, кешегісіне бүтінгісі, бүгінгісіне келесі күнгісі шәлкем-шатыс келіп жатқан оқиғаларды Сіздің көзіңізбен көру халыққа керек-ақ. Әсіресе, штурвалында Горбачев тұрғандағы кеменің тентек қойдай шыр айналған қалпын тәжірибе талқысынан бір өткізе тәптіштеп берсеңіз тамаша болар еді».

Димекең менің соңғы тілегіме қайтарған жауабында: «Ол өзімнің де ойымда бар» деген еді. Кішіпейілдікке сөз жоқ қой, кейініректе, бізбен есіктес тұратын әпкесінің үйінде кездескенімде: «Анадағы сенің айтқаның да қағазға түскенде бір кітап болып шықты» деді. Мен ұялғаннан не дерге білмей, «оныңыз өтірік» деппін.

– Қалайша?! – деп, тіксініп қалғанда менің оған айтқаным:

– Ол мен айтқанға дейін өзіңіздің ойыңызда, пісіп жетілген кітап болатын, мен сияқты миллионның соны айтарын құдай Сізге бұрынырақ сездірген.

Әңгіме болып отырған соңғы кітапты мен оқыған жоқпын. Бұрынырақтағы оқиғалармен сабақтас жатқан менің азғантай естелігіме ол кітаптың қатысы болмағандықтан оны оқыған-оқымағандығымның бұл арада қажеті де жоқ. Туған халқының мүддесі үшін қанша жерде азап қамытына мойын.ұсынғанын өзге тұрғай азамат ердің өзі де санап шыға алмақ емес. Біз тек Хрущев тұсындағы, бәлкім бірлі жарымын ғана еске түсірдік. Оған дейін ше?.. Семей даласы мен Нарын құмындағы ядролық жарылыстар жан баласына жақ аштырды ма? Республиканың солтүстігіне Горбачев келгенде үлкен басын кіші етіп қасында жүрген Димекеңе сыртын беріп, көне-көрнеу тұрпайылық көрсеткенін телэкраннан аңғарғандар ызаға булықты. Ел оны еш уақытта ұмытпақ емес. Өйткені солардың бәрі қайран ердің халық үшін тартқан қасіреті болатын. Ондай кездегі лауазымды адамның іште тұншыққан намысты наласына тең келердей қасірет ойлап табу қиын. Бірақ соның да белгілі бір дәрежеде өтеуі болады. Көкірегіңді қарыс айырған қасіреттен жүрегің жылап жатса да қайратыңа мініп, халық пайдасына төккен теріңді апарып телисің, беделіңді береке-бірлікке жұмсайсың, елің сенің мойымас қайратыңа мінәжат етердей мінез танытасың. Өзің атқарған істің көңілдегідей көрінетіні және бар. Осының бәрі аз олжа ма?.. Бұл жағынан алғанда Қонаев онша арманда емес. Дүниедегі қорлықтың ең үлкені – елге береріңді сарқып берін болып дамылдар шағыңа келгенде үйіңде де бейкүнә жаныңа тыныштық бермей, өзің туралы оқығаның көзіңді қаритын, тыңдағаның құлағыңды сарсытатын бейпіл ауыз сөлекет сөздер болса керек. Аңға шыққанда Қонаев атып алған доңыздың кеудесіне табанын қойды деп, шошқаның арын арлап та тарынғандар есімізде… Димекең сексен жылдығын құттықтай барған қарияларды:

– Адам бойы үйрене келе тағы не айтар екен деп, тасыр сөздердің өзін таңғы мәзірдей күтеді екен, – деп те күлдірген деседі. Талайды көрген тарлан боздар оған да шүкіршілік айтыпты. Адам атаулының жүрегін шайлықтырған репрессия сұмдығын көргендер өйтпегенде қайтсін-ау!..

Қонаев төңірегінде ой түйгенде біздер – бүгінгі жасамыс жандар өзіміз бастан кешірген оқиғаларға іштей шолу жасап, қилы-қилы ойларға бой алдырамыз. Өмір ағымы өзен тасуындай шұңғыл-шұңғыл шүңейттерге үйіре тартып, тереңіне батырмақ болғанда да біз өзімізге бір-ақ рет берілген өмірде халық игілігіне жұмсалған адал еңбегіміз бен төккен қанымызды құдды бір сүңгуір қайықтай қуат тұтамыз. Біздің тұсымызда қазақ халқы жәбір-жапаның нешетүрін бастан кешіре жүріп те алдыңғылардың көптеген арманын іске асырды (сауаттылық, ғылым, өнер-білім…).

Әттең, көшірмесін таппай қалып отырмын: Қонаев үшінші жұлдызды алғанда мен өлең жазып, өзіне тапсырған едім (ол, сөзсіз, сол кісінің архивінде жатыр). Ол өлеңде ақын ойы әдейі шамадан тыс әсіреленген. Үш жұлдыз он-оннан отыз ғасырдың алынбаған есесін қайтарды дегенді өлең жолдарына түсіргенде менің Қонаев тұрғай халықтың этностық ғұмырымен де жұмысым болған жоң. Шынында да, бұл ерні кезергеннің ғана емес, аңызақтан аңқасы кепкеннің шөлі емес пе?! Шөлден енді бір аттап құларманға келгенде бір тостаған суға бүкіл қара орманыңды қимас па едің?! Жалпы, ел ағасының еңбегіне алған зейнетін мен осылай түсінемін. Тап осылай түсінуге татитын бір тостаған кәусар Қонаевтың да қолында болды!..

Әңгіменің ақырында айтпаса болмайтын тағы бір үзік лебіз бар. Өмірінің соңғы айларының бірінде білгізген пендеге тән бір осалдығын (бәлкім, күштілігі де сол шығар) осы арада айтсақ артық емес. Менің Гүлжан есімді қызым Қонаев қорының ашылуына өз әлінше үлес коса жүріп, сол қордың ашылу салтанатынан тұтас бір кино-фильм жасап шығарған. Оған дейін де осы қыз ол кісімен сұхбаттасқан сәттерін экран арқылы жұртшылыққа көрсеткен болатын. Димекең қайтыс болғанда да ақырғы сапарға шығарып салу жұмысын бастан-аяқ осы бала киноға түсірткен болатын. Көзінің тірісінде көрсеткен қызметіне риза болған сәтінде Димекең Гүлжанға былай депті:

– Сенің әкеңді жақсы білсем де сенің шешеңнің әкесі кім екенін білмей жүріппін ғой. Оны мен Хамиттың жуырдағы мақаласынан ғана оқып-біліп, ішіме түйген едім. Қанай Боранбаев – Жетісу өлкесінің маңдайы жарқыраған марғасқаларының бірі еді ғой! Бәрінен бұрын Қанекең менің маңдайымнан неше мәрте сипаған, бір себептермен туған ағамдай болған кісі еді. Ол кісі есіме түссе, күні бүгінге дейін көзіме жас іркіледі. Өйткені ол кісімен біздің үйдің арақатынасы алшақтам кеткенде де ол. мені көрген жерде ұстап алып, адамның ет жүрегін елжірететін артықша бір адамгершілік танытушы еді, баласынбай, бар ақылын, жақсы адам болудың небір ұлағатты жолдарын жалықпай айтатын. Ол кісі – менің алғашқы меншігіме тиген мектебім еді ғой!

Бұл сөздердің төркінін Димекең айтпаса да біз білетінбіз. Қанайдың Димекең бауырымен дәм-тұзы жарасқан кездері де болған. Мен бұл эпизодты астарсыз жалаңқабат күйде жазып отырған жоқпын. Бұған екі түрлі себеп бар. Біріншісі, отбасы тәнті болған тәтті мезгіл күрт өзгеріп кеткенде де сарқылмаған сағыныш ынтазарлық ол ұлылықтан бұл ұлылыққа ұласа келіп, кейінгілер үшін аманатқа айналуы өз алдына бір ғанибет. Екіншіден, баяғыда менің үстімнен ЦК-ға түскен арызға өз әкем жөнінде айта келіп, әйелімнің әкесі «халық жауы» дегенді жазған едім ғой. Сонда Қанай Боранбаевтың атын атасам ғой мына кісінің іш құсасы іріленіп, жетіліп болмаған жетімдер мүддесін мүсіркеу өзінше бір қызық боп есте қалар еді деп ойлайды екенсің… Қысқасы, қайырымы мол қаһарман туралы ойға құлаған сайын оның өзін аяйсың. Ұлық басымен пейілінің үдеуінен жүдеуі басым болған тұлғаны, оның рухын қалай ғана аямассың, қалай ғана аяламассың?!

Истории, Мақалалар, Публицистика

Мұратқа қазақ елі жете ме деп

Соңғы қырық жыл бойында мен Қанай Боранбаевты «білуші едім», «әбден білуші едім» деген адамдардың талайымен кездестім. Сталиндік репрессияның құрбаны болғандарды ақтау кезеңінен көп бұрын, біреумен біреу айналасына қаранып алып сыбырласатын уақытта алғашқы мағлұматты маған жеткізген адамдар атақты халық ақындары Кенен Әзірбаев пен Саяділ Керімбеков болды. Әңгіме Саяділдің Кененге қарата:

– Кенеке, Сіз мына Хамиттың қайын атасы кім екенін білесіз бе? – деген сауысқаннан сақ бір сұрағынан шықты. Сөйтсе, менің қайын атам деп жүрген Пыштанов Иманбайым Гүләнуарымның өгей әкесі екен. Әнуаштың (Гүләнуарды мен солай атаймын) анасы Нұрғиса Саяділге әріден қосылатын ағайын болғандықтан бұл тарихты жақсы білетіндігін айта келіп:

Біздің алғашқы күйеу баламыз Қанай Боранбаев еді ғой, – дегені. Қанай есімі құлағына тиюі-ақ мұң екен. «Алда, айналайын-ай!» деп, Кенен ақсақал мені бас салып құшақтасын, бетімнен сүйсін. Үй қожасы Тайыр Жароков дастарқан жайылып жатқан зал жағынан біз отырған кабинетке оралғанға дейін екеуі бірінің сөзін бірі үстей отырып, Қанайдың – Жетісу саңлақтарының бірі болғанын маған үғындырып та үлгерді. Қанайдың соңғы әйелі – Нұрғисаның жиен сіңлісі – Ажар туралы да айтты.

Өз үйіме келген соң мен де қарап отыра алмай, әлгілерден естігенімді айттым. Әкесінің түр-тұлғасын, бет әлпетін жезде сипатында еміс-еміс білетін, сол «жездесінің» өз әкесі екенін енді ғана менен естіген Әнуаш бұл әңгімені ұйып отырып тыңдады да, апай марқұм өңі-түсі бұзылып, бір орында тағат тауып отыра алмай, абыржып қалды. Бәлкім, ол кісіні «халық жауының» қызына күйеуінің бұдан былайғы көзқарасы қандай болар?» деген ой мазалаған шығар. Ертеректе, Әнуаштың бір жасқа толар-толмас кезінде ажырасқан ерінің есімін мына қызға несіне айтты деп те қысылуы мүмкін.

Қазақ драма театрының актрисасы Зағи Құрманбаевадан Қанайдың інілері Рысқұлбек пен Сәкебайдың балашағалары қырғыз жеріндегі бір елді мекенде тұратынын біліп алдық. Сөйтіп, жүргенде СОКП-ның XX, XXI съездері де өтті. Жазықсыз «халық жауы» атанғандардың көзі тірілері абақтыдан босатылып, өлгендерінің азаматтық құқы да ақтала бастады. Қанайдың жоғарыда аттары аталған екі інісі де ақталғандар қатарында үйлеріне аман-есен оралыпты дегенді естідік. Оны да біз сол Зағи апайдан білдік те өзіне жол бастаттық.

Ақтұз делінетін рудник Рыбачьеге жуық жердегі тау арасына орналасқан екен. Сондағы шағын елді мекенде-тұратын әлгі бауырларымызбен жыласып-сықтасып көріскеннен кейін, соларға қарасты үш үйде кезек-кезек қонақ боп, әңгімені бірнеше күн бойы таңнан таңға ұластырдық. Қанай мен Ораз Жандосовқа байланысты екеуі де саяси айыпталып, абақтыда көресінің, адам айтқысыз ауыр түрлерін бастан кешірген жасамыс адамдар екен. Зор денелі Сәкебай барынша ақ көңіл кісі, бірақ, сөзге шорқақ. Елдің әлеуметтік өміріне тікелей араласпаған, таза қол еңбегінің адамы болғандықтан да айтары аз. Ал, басында Қанай көмегімен біршама білім алып, кейін Ораз Жандосовтың тағайындауымен ауатком төрағасы да болған Рысқұлбек шешіле сөйлегенде, тірі шежіре осы дерсіз: «Әрбір оқиғаның жылын, ай, жұлдызына дейін зердесінен өндіріп отыратын осы адамның қағылездігін өз басым архивтегі жазба деректерден көп жағдайда кем көрмеймін. Сол себепті де Рысқұлбек мағлұматтарына мен осы жазбада жиі-жиі табан тіреп отырамын (Әттең, Қанай хақында қалам тартарымды білсем ғой… Бұл күндері бір қалың дәптер алдымда жатқан да болар еді).

Әнуаш екеуміздің ұзақ үгітімізден кейін елден беті қайтып қалғандар ата мекені Қарақыстаққа көшуге келісімін берді. Қанай Боранбаевтың азаматтығын ақтап алу үшін арыз берілуі керек. «Арғы бергінің күллісіне куә болған адам – Сіз, жол – сіздікі» дегенді айтып, біз екі жақтап жармасып алғаннан кейін Рсекең қорқа-қорқа отырып оған да көнді. Тірі Боранбаевтардың елге оралуы да, Қанай Боранбаевтың Өзбек ССР Жоғарғы сотының 1963 жылғы үшінші қыркүйектегі қаулысы бойынша ақталуы да осылайша іске асырылды. Ал, Магадан облсотының сол жылғы отызыншы қыркүйекте ақтаған қаулысын, ол тараптағы басқа да құжаттарды, Өзбек ССР Хауіпсіздік комитетіндегі деректерді кейініректе өз талабымыз бойынша қолға түсірдік. Оларды менің үлкен ұлым Мұрат жинастырды. Алматы архивімен де соның арқасында таныса алдым.

Мен сол алпысыншы жылдардың орта шенінде «Социалистік Қазақстан» газеті жариялаған көркем очерктер бәйгесіне қатысып жүлде алған «Он жыл оттары» атты деректі еңбегімде Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Қанай Боранбаев үшеуінің Шамалған жағына барған бір сапарын суреттеген едім. Ол очерк «Өмір өрнегі» атты кейінгі бір кітабыма да енгізілді. Қанай Боранбаев есімі де ел құлағына ілеге берсін, бәлкім осының өзі де зерттеушілердің біріне болмаса, біріне қозғау салар деген ниеттен туған ой еді ғой ол. Зейін Шашкиннің Тоқаш Бокин туралы романында Қанайдың Тоқашты кепілдікке алған мерзімін ұзартқалы барғаны, абақты бастығынан ол жолы рұқсат ала алмағаны, жендеттердің тұтқынды келесі күні Басарық жақта кескілеп өлтіргені жазылған. Маған дейінгі Қанай Боранбаев аты аталған құжат сол ғана болатұғын.

Уақыт оза берді. Қанай деп арнайы қалам ұстаған адам ұшыраспады. Қанайды білетіндер қатары сирей-сирей таусылды деуге болады. Бокин, Бәрібаев, Жандосов, Розыбақиев, Масанчи, Емелев, Виноградов секілді тұлғалар санатында тұруға тиісті осы адамның елеусіз қалған есіл ер болуы, әсіресе тарихшылардың Қанай орны үңірейіп көрініп тұрған жерде де оны ауызға алмауы мені қайран қалдырады. Жиырмасыншы жылдардан бергі заңсыздық қазбаланып жатқан шақта сол заңсыздықпен алғашқылар қатарында ашық күрескені үшін өзі құралпының көбінен бұрынырақ күйіп кеткен бұл кісіге бұлайша қараудың түбірін түсінбей-ақ қойдым. Алматы, Бішкек, Мәскеу, Ташкент, Қазан, Орынбор, Дондағы Ростов, Тбилиси, Варшава қалаларындағы архивтерді қарастырып-сұрастыруға өз мүмкіндігім, мамандығым да болмай, зығырданым қайнаған күйке қартайдым. Ал, жұрт Қанайдың аз ғана өмірін аталмыш қалалардың қайсібірімен де сабақтастырып айта береді.

Осыдан бірнеше ай бұрын Есберген Естаев деген жігіт біздің Қанекеңнің бір топ жолдастарымен (Бәрібаев, Розыбақиев, Масанчи, Әбдірахманов, т. б.) түскен суретін сұрап алып, «Жетісу» газетінің қосымша парағына «Жетісудың бірінші прокуроры» деген атпен мақала жариялады.

Қанай Боранбаев Шығыс Қастек болысына қарасты № 2 ауылда 1896 жылдың күзінде өмірге келсе керек. Рысқұлбектің: «Қанай сегіз жасқа толған шағында Верный қаласындағы орыс-қазақ мектебіне берілген екен», деуі жылдың сол маусымына мезгейді. Әкесі Боранбайдың негізгі кәсібі орман күзету болған. Аң аулап, сейіл құрған есаул, атамандарды Суықтөбе тауындағы үйір-үйірімен жүретін арқар үстінен түсіру, орыстардың олжасын бұтарлап, бұзып шаналарына тиеп беру, пеші қыз-қыз қайнаған бөрене тамда аңшылар бабын табу – бұның бәрі Боранбайдың қосалқы жұмысы екен деседі.

Мұхтар Әуезов әлде қалай бір сұрай қалғанымда «Қанайды көргем, сұлу келген, ақсұр жігіт еді» деген-ді. Ондай адам, әрине, сәби кезінде әбден сүйкімді болмақ. Бәлкім, содан да шығар, ұлықтар бой үйрете келе бала Қанайды орталарына алып өз азықтарынан дәм беріп, тілін қызықтайды екен. Орыс қонақтар үй қожасымен сөйлескенде Қанай біресе солардың, біресе тілмаштың аузын бағып, орыс сөзін, оның қазақша мағынасын жинақтайтын секілді. Сөз теру мақсатымен тілмаштарға да маза бермейтін болса керек. Болашақ полиглот (көп тілді білгіш) солай басталса керек. Ажар інісі Қали Төленбаевтың айтуынша, Қанай ана тілі мен орысшаның үстіне француз, поляк тілдерінде мейлінше еркін һәм шешен сөйлейтін болған. Қали марқұм әңгіме бұл бағытқа бұрылғанда басын шайқап, тамсана күрсінуші еді.

– Қанайды оқуға бер. Біз орналастырайық. Бұл балаңнан озық оқитын шәкірт шығады.

Рсекең осыны айтқан орыс адамының атына дейін жазғызып еді, түртіп алған қағазымды таппай қалдым. Губернатордың қызына келген жалғыз орыннан қыздың өзі де, өзге де бас тартады, барып түсуге Варшавадағы жоғары оқу орнын қашықсынады. Оқу бөліміндегі шенеулік Қанайдың құжаттарын туралап, өзін оқуға көндіріп, алыс сапарға аттандырады.

Қанайдың екі інісі мен қарындасы, Мәміш апайдың айтуынша, ол сол бетімен бірнеше жыл бойы ізім-қайым жоғалып кеткен. Шыны солай ма, сирек келген хат-хабарды ұсақ балалар білмеді ме, – ол арасын ашып айту қиын.

Осы жерде із кескен адамды адастырғандай аздаған бір шиыр бар. Алматыдан аттанған Қанайдың алғашқы ат басын тіреген жерін әркім әрқилы айтады. Есбергеннің әуелі Тифлистегі әскери училищеге апарып, онда құжатын өткізе алмауы қисынсыз. Ал, Қазан университетінің заң факультетінде екі курсты жақсы бітіргеннен кейін Варшавадағы патша университетіне апарып, сол факультеттің үшінші курсына түсіруі дұрыс. Рысқұлбек Варшава университетіне Дондағы Ростов арқылы апарады. Меніңше, бұл арада Рсекең де қателеседі. Өйткені, Өзбек Хауіпсіздік комитетінің бізге жіберген мағлұматында (оны кейін қайталаймыз) «Варшава университетінің заң факультетінде оқыды, одан соң оқуын Дондағы Ростов қаласында жалғастырды», деп жазды. Ал, Қанайдың ертеректегі анкеталарында Верный гимназиясы мен Варшава университетінің үшінші курсы ғана көрсетіледі.

Варшава университетін ақырына дейін оқып бітіре алмағанын көрдік. Марксшіл көзқарасы үшін қуылған деседі. Дұрысы былай:

– Қызылдар абақтыны бұзғанда мен саяси айыптылар арасында отырған тұтқын едім, – дегенді Қанай аузынан Рысқұлбек өз құлағымен естіген. Тегінде, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы Қанай қанын қанша қыздырса, қарсыласын да сонша ызаландырған…

Варшава абақтысынан босанып, ол Мәскеуге келеді ғой: Феликс Эдмундович түске дейін қабылдады, Ташкентке жолдаманы күннің екінші жартысында көмекшісінің қолынан алдым» дегенін де Рсекең тайға таңба басқандай етіп айтады. Ол Ташкентке келісімен айрықша комитет жұмысына белсене араласады. Іскер, білімді әрі байсалды танылған Қанай көп ұзамай арнаулы тапсырмамен Жетісуға жіберіледі.

Енді қолдағы құжаттарға сүйеніп, әуелі Қанайдың негізгі қызмет жолын шолып шығалық. Өзбек Хауіпсіздік комитетінің 7 қыркүйекте (1990 ж.) бізге жіберген мағлұматын қазақ тіліне аударсақ, онда былай делінген: «Тергеу ісінің архивіндегі материалдарда үздік-үздік берілген өмірбаянынан көретініміз: Боранбаев Қанай шаруа баласы, абақтыға алынған кезде бойдақ, үй-іші дерлік ешкімі де жоқ (екінші үкімнен кейінгі кез ғой – Е. X.). Төңкеріске дейін (қашан түскені белгісіз). Варшава университетінің заң факультетінде оқыған, сол оқуын Дондағы Ростовта жалғастырған. 1918 жылдан 1919 жылға дейін Ташкентте Түркістан Халкомсовы жанындағы Жетісу облкомиссарының көмекшісі, 1919-1921 ж. Жетісуда 3-дивизия жанындағы ревтрибунал мүшесі, 1921-1923 ж. Жетісу облыстық төтенше комиссияның тергеу бөлімінің меңгерушісі. 1923-1924 жылдары Жетісу облыстық прокуроры. 1924-1925 жылдары Орынбор қаласында прокурор. 1926 жылы Орал қаласында прокурор. 1926 жылдан 1928 жылға дейін ауыл шаруашылық банкының бастығы. Содан кейін Қырғыз Жоғарғы сотында тергеуші, Өзбекстандағы «Қызыл Чарводор» қой совхозының тех. директоры болған».

Осы құжатта Қанайдың өзбек жерінде 1932 және 1935 жылдары екі мәрте сотталғанын – бірінде ұлтшыл, контрреволюцияшылдығы үшін деген айып тағылғанын айта келіп, Өзбек Жоғарғы сотының 1963 жылғы 3 қыркүйекте Боранбаев Қанайды жаладан толық ақтағаны хабарланды. Бұдан біз қамаудағы Қанайды абақтыдан шығармау үшіп алғашқы үш жылдық үкім мерзімі біте бергенде соған бес жылды қоса салып, «Сиблагқа» жөнелтіп жібергенін көреміз.

Ал, Магадан облыстық хауіпсіздік комитетінің 28 тамызда бізге жолдаған жауап хатында «Қанай Боранбаевты «Дальстрой» жанындағы УНКВД үштігі 1938 жылдың 5 қаңтарында, лагерьдегілерді жұмысқа шықпауға үгіттегені үшін ату жазасына бұйырып, үкім 15 қаңтарда орындалғанын» жазады. Магадан облыстық сотының 1963 жылғы 30 қыркүйекте Қанай Боранбаевты жазықсыз деп тауып, толық ақтаған қаулысы да осы құжатта көрсетілген.

Магадан құжатында жоғарыда келтірілген деректердің бірсыпырасы және 1918 жылдан 1928 жылға дейін БК (б)п мүшесі болғаны айтылады да, содан соң: «және троцкистік қызметі үшін-міс (бір құжат бойынша) партиядан шығарылған» делінген, басқа бір жүйесінде «кедейді заңсыз қамағаны үшін шығарылған» деп жазылған.

Сонымен, патшалық Ресей кезінде бір мәрте, өз қолымен аяғынан тұрғызысқан Кеңес құрылысы тұсында нақақтан нақақ үш қайтара сотталып, оның ақыры Ежов-Берия жендеттерінің атып өлтіруімен аяқталған асыл азаматтың азалы тағдырын көріп-білдік. Бұл сонымен тұрсын. Енді анкетада жазылған 1918-28 жылдар арасындағы партия қатарында болған өміріне тоқталып өтелік. Осынау он жыл ішінде ол партиядан бір емес, екі мәрте шығарылған. Жаңағы біресе троцкийшіл, біресе кедейді заңсыз соттаған деп, қызыл билетті қайта-қайта тартып алуының екеуі де рас: алдыңғысын 1922 жылғы 19 қарашада Жетісу облыстық-қалалық ревком төрағасы Сарымолдаев, хатшысы Лундич қол қойған (Алматы архиві) Қанай куәлігінен көреміз. Бұл куәлік Қанайға командировкамен ТурЦИК-ке бару үшін берілген құжат. Осы құжатта Боранбаевтың Жетісу, Нарын және полковник Бойко бандыларын талқандауға әскери трибунал, облчека мүшесі, тергеуші дәрежесінде қатысқанын, партияның мұсылман бюросына мүше болғанын, Жетісуда жер реформасын жүргізу ісіне басшылық еткенін тізіп жаза келіп, былай дейді: «Өзінің бес жылдық қызметі кезінде, 20-жылы ұлтшыл және Рысқұловтың жолын ұстанушы ретінде оның партиядан шығарылған жағдайынан басқа, партиялық және соттық жазаға тартылмаған. Өзінің осындағы бүкіл жұмысында және съездерге қатысуы барысында саналы да ұстамды қызметкер және коммунист ретінде танылды.

Қазіргі уақытта жолдас Боранбаев партиядан шығарылған болып есептеледі».

Бұдан Тұрар Рысқұлов жағдайы жақсарғанда оның да партбилетін қайтарып алғалы бара жатқанын айтпай-ақ түсінуге болады. Ал, партиядан соңғы 1928 жылғы шығарылуы Голощекин тарапынан өшпенділіктің өрті лапылдап шегіне жеткендігінен еді. «Заңсыз сотталған кедей» – қайткенде де бір жола күйдірудің амалы. Қанайдың қуғынға ұшырауы «Сіз мына саясатыңызбен жергілікті халықты малынан айырып басын– бас, бақалшағын қара тас жасағалы отырсыз!..» деген сөзінен басталған. Рысқұлбек айтады:

– Алматыға дәрежесі кішірейіп қайта оралғаннан кейін бір қүні жолдастарына «Сақалға осыны айтқаннан кейін-ақ итім қырын жүгіре бастады», деді. Ал, 1928 жылғы партия қатарынан шығарылғаннан бір апта кейін ымырт үйірілген шақта Қанай үйіне Ораз жаяу келді де, отырмай кетіп қалды. Сондағы бар айтқаны: – Қырғызға жіберген адам да қайтып оралды. Әбдірахманов (қырғыз обкомының бірінші хатшысы) жоғарғы сот аппаратында орны даяр, келсін депті. Сен солай тезірек көшпесең, сары сақал енді сені біздің қолымызбен қаматады.

Міне, Қанекең осылайша қырғыз асқан. Ағайындар елдерінде жүріп Ташкент университетінің ауыл шаруашылық факультетін сырттан оқып бітіру арқылы бұрынғы мамандығынан қол үзген. 1931 жылы Өзбек ССР Жер комиссариатының шақыруы бойынша орталық аппаратта зоотехник болады. Соңынан ерген іс мұнда да тыншытпайды. Сондықтан Самарқанд облысына қарасты «Қызыл Чарводор» қой совхозында тех. директор болады. Осында «халық жауы» делініп қамауға алынады. «Қайда барса, Қорқыттың көрі» демекші, «Боранбаев ұлтшыл, контрреволюцияшыл» деген баяғы бір қарғыс таңбалы қара тігінді қыр соңынан қалмай ерген де отырған ғой. Қазақстан мен Қырғызстанда қамаудың ретін келтіре алмаған сол қара тігінді өзбек жерінде дегеніне жетіп тынған. Өзі сонда абақтыда жатқанда жалғыз ұлы өледі, екі бірдей күйікке төтеп бере алмаған Ажар да адыра қалған үйде жалғыз жатып Ташкент қаласында дүниеден өтеді. Магадан мағлұматында Қанайды денсаулығының нашарлауына байланысты асхана жұмысына көшіргені айтылады. Ол сол тыныштау жерде жүріп жұмысқа шықпауға бекер үгіттемесе керек. Баяғы сол заңсыздыққа, айуандыққа қарсы арыстан ердің ең ақырғы саналы түрде ажалмен айқасқан жері бұл! Туған халқы үшін, ғаділдік үшін бүкіл үй-ішімен түгелдей опат болды деген осы. Түптеп келгенде, осы­нау ұлы трагедияның себепкері жалғыз-ақ өрт қоюшы. Ол – Филипп Исаевич Голощекин.

Қанай атқарған қызметтер аталмыш құжаттарда түгел емес. Әуелі соны қамти кетелік. 1922 жылғы 22 мамырда Жетісудың облыстық-қалалық партия комитеттері мен облаткомының қаулысында (Алматы архиві, № 25 протокол) «Тов. Боранбаева откомандировать во внешснош» делінген. Бұл Рысқұлбектің: «Қанай біраз уақыт Құлжада консул болып, сол жақтағы ашыққан қазақ, қырғыз ауылдарын осы екі елдің қанаттас жатқан жерлеріне көшіріп әкеліп орналастырды» деген сөзімен дәл келеді. Есбергеннің «Қанай Қытайдағы қазақтарды қайтаруға барып, оларды Тоқпаққа, Қарақыстаққа, Ұзынағашқа, Қарғалы, Шамалғанға орналастырды» деп отырғаны да осы лауазымға иелік етіп тұрғанда атқарған істері. Есберген мақаласында Әбдірахман Асылбековтың «Студент күнімізде Қанай бізге заң ғылымынан дәріс оқыды» деуі Рсекеңнің «осы өңірдегі юристердің көбі Қанайдың шәкірттері» дегенімен де қабысып жатыр. Ұзын өмірлерінің ақырына дейін колхоз шаруашылығын басқарған Талдықорғандық екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері атанған Нұрмолда Алдабергенов пен Әбдіқадыр Дайыровтың екеуі де маған Қанайды жыр қылып айтқан еді.

– Ондай оқымысты, аса жоғары мәдениетті кісіні біздің еліміз өте сирек көргені себепті де «Қанай төре» атанған ол, – дегенді Әбекең марқұм біздің үйде де, өз аулына барғанымда да қайталап айтып отырушы еді.

Аман ба, Боранбаев Қанай төре!
…Жұрт үшін жер әлемді жүрсің кезіп,
Амалын әрбір ұлттың білдің сезіп.
Мұратқа қазақ аты жете ме деп,
Іздедің бір шыбындай жаннан безіп.
Бұл ісің Жетісуда болды зайыр,
Алдыңнан бір шығады қылған қайыр.
Туғызған құдай жұрттың несібіне,
Жігітсің өзің дана, сөзің шайыр.
Жеттіңіз мәртебе іздеп ілімменен,
Жинадың елдің басын білімменен,
«Мен сондай болдым ғой» деп үлкендік жоқ,
Жігітсің кішіпейіл күлімдеген.

Осы арада бір шындықты ашып айта кетелік: «Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, солар қатарлы басқа да білімдар адамдардың талайының өмірінде кездесетін бір құбылыс Қанай Боранбаев басында да болған. Бұлардың тұсында оқыған қазақ жоққа тән еді. Бұлар – жұртымыздың қала жағдайында үй ұстау тәртібіне мәдениет үлгісін енгізердей, өздерінің дүниетанымымен де үйлесім табардай сауатты жар таңдаған кісілер. Қанайдың гимназиялық білімі бар-балдызына үйленуі сондай мақсаттан туған. Ажар жоғары білімді Қанайға қосылғаннан кейін алған.

Қанайдың айрықша кішіпейіл, Нұрила өлеңіндегідей адам болғанын Кенен Әзірбаев былайша сипаттайды:

– Жұбаныш кабинетінде ұшырасқан Қанай мені келесі күнге үйіне шақырды. Мешітке тақау жердегі көк үйге айтқан сағатында барсам, Ораз бен Жұбаныш сонда екен. Үшеуінің ортасында ақын атаулыдан жалғыз өзім емін-еркін ән шырқатып отыр ем, шаңқ ете қалған Жамбыл дауысын естідік. Отырғандардың біреуінің үйінен біздің осында екенімізді сұрап білсе керек.

А, Ораз, Қанай, Жұбаныш,
Өздеріңді сағындым,
Неше көрсем тоймаған
Жүздеріңді сағындым.
Кенен отыр дегенді
Естідім де қағындым, –
Тегі, әкеңнің аузын ұрайын,
Менсіз мәжіліс құрғандай
Мен сендерге нағылдым?! –

деп, көк бестінің үстінен көтерілген бойы терезеге асыла қалған. «Қап, мына шалдың құрыған жері осы болды-ау, боқтағаны несі?!» деп, ішімнен қып ете қалдым. Сөйткенше болған жоқ, Қанай рахаттана күліп, шалға қарай тұра жүгірсін. Анау екеуі де дереу оған көмекке барған соң, Жамбылды үшеулеп төргі терезеден ішке кіргізіп алды. Сондай азаматтар қайда?..

Тарихшылардан өзгенің кімі айтса да осы адамды еш бөлмей, ауыздарына тұтас дағдыланған. Бұл олардың достығы тарихи мағынаға ие болды деген сөз. Алматы архивінде 1922 жылғы 24 наурызда жазылған (№ 14 протокол) құжат бар. «Заседание облгоркома» делінетін мәжіліске Ефстафьев, Жандосов, Бәрібаев, Сатыбалдинов, Мұратов, Боранбаев, Атабаев, Добрый, т.б. қатысқан. Қаралған мәселелердің біреуі Боранбаев өтініші. Сол өтінішінде Қанай Лепсі уезінде жер реформасын жүргізудің соншалық ауыр болғанын айта келіп, денсаулығының нашарлағанын мәлімдейді, төрт, бес ай таза ауада дем алу қажеттігін талап ететін дәрігер қорытындысын тапсырады. Осы тілек қаулымен қабылданады. Бұл Рысқұлбектің тағы бір әңгімесімен тура табысып жатыр. Ол айтады:

– Өмір бойы тыным алмай титықтаған Қанайға өзінің гимназияда бірге оқыған ежелгі досы Жүсіпбек Жақыпбеков дереу демалысқа шықпасаң кешігесің дегенді айтты. Медициналық тексеру соны растады. Сол жылы Қанай бүкіл бір көктем, жаз айларын Үшқоңыр жайлауында өткізді. Оған Ораз бен Жұбаныш ылғи қатынап тұрды. Олар келсе болды, мен де жирен қасқамен Ұзынағашқа шабамын, ас-шай жабдығы мен арақ-шарапты қоржынның екі басына сықап толтырып аламын да жетіп келемін. Олар бас қосқанда ел жиналады. Осы күнгі қалада өтетін шаруашылық активі дейтін бар ма, жайлауда дәп сондай жиналыстар өтеді. Қысқа дайындық, әйелдер мәселесі, баланы мектепке қамту секілді толып жатқан мәселелерді сөз етеді. Жиын тараған сайын әр ауылдың басшы азаматтары үшеуімен табақтас болады. Несін айтасың, бұлардың ажырамас достығын бүкіл ел мақтан тұтқан еді ғой! Бір жылы үшеуінің әйелі де ұл таба қойып, Қанай баласы – Бөкей, Ораз баласы – Санжар атанып, солардың шілдеханасында біздер шапқылаумен жүргенбіз!

Міне, біздің Қанай Боранбаев тақырыбында оқып-танысқан, естіп-білген тарихи деректеріміз бен соның біркелкі жинақталуына сіңірген азын-аулақ еңбегіміз осындай. Бұл деректерді ел өмірінің шындығына арқау ете отырып повесть, роман жазуға менің денсаулығым көтермейді. Ондай жұмыспен айналысып та көрген жан емеспін. Қайткенде де қазақ халқының Қанай Боранбаевтай асыл азаматы тарихтан өз орнын алуға тиіс. Оның сол орнын жақсартпай да, жұтатпай да өз дәрежесінде көрсету ең алдымен тарихшылардың мойнынан түспей тұрған борыш. Әзірше сол борыш кешірілмес күнә күйінде тұнжырап, тұман астында тұр.

Қанай Боранбаевтың туғанына 95 жыл толуын осылайша жарияласақ, жүз жылдығында еңіреген ер өмірі бәлкім ел назарына да ілігер.

Менің бұл еңбегім жариялана қалса, осыны бейкүнә күйгендерді ақтау жөніндегі облыстық парткомиссияға арыз ретінде табыс етемін. Ендігі тартқыншақтаудың ешбір қисыны жоқ

1991