Естеліктер, Мақалалар

Хамаң боп өткен халқына

Көрнекті ақын Хамит Ерғалидың 95 жылдығына орай ас беріліп, «Өзегім толы ақ жалын» атты естеліктер кітабының тұсауы кесілді.

Халқы қадірлеп «Хамаң» деп ата­ған, ханға да, қараға да сыйлы бол­ған, әманда тау өзеніндей та­сып, өмірде ешкімнің алдында бү­ге­жектемей алшаң басып өткен Хамит Ерғали ақындық мінездің эта­ло­нындай еді десек, қателеспеспіз. Хамаң жастайынан от кешті, сұра­пыл соғысқа сұранып қатысты. Одан келе сала әдебиет майданына араласты. Әдебиет корифейлерінің бел ортасында жүрді, уақыт өте өзі де сондай корифейге айналды. Бірталай уақыт «Социалистік Қазақ­стан» газетінің жүйрік журна­лис­терінің бірі болды. Бұл жағынан кел­генде, өзімізді осынау заңғар ақынға әріптеспіз деп мақтаныш­пен айта алсақ керек.

Шығармашылығына келер бол­сақ, Қазақстанның халық жазу­шы­сы, Абай атындағы мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Хамит Ерға­ли­дың өлең-дастандары қазақ поэ­зия­сындағы тұтастай бір дәуір келбетін паш етеді. «Құрманғазы» сын­ды эпикалық кең құлашты ғұ­мырлы поэмасы әдебиетімізде алын­бас қар­лы шыңдар санатында мәңгі жасай бермек. Ал енді Хамаңның аза­мат­тық көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі әлі күнге дейін көргенді көзайым етер, естігеннің есін алар ғажайып аңыз. Осындайда аяулы Қадағаң – Қадыр Мырза-Әлінің: «Хамаң комбайн ғой, ол сөйлеп өт­кеннен кейін біз масақ теріп қа­ла­мыз» дейтін әйгілі әзілі еске түседі.

Алматыда ақын ұрпақтары берген аста айтылған естеліктерде ақын­ның өнегелі өмір жолы мен қыруар еңбегі көз алдымыздан тізіліп өткен­дей болды. Рәсімді жиынның ба­сын­да «Шабыт» домбырашылар ан­самблінің орындауында өзі де ба­қи­лық болған біртуар күйші Қаршыға Ахмедияровтың кезінде Хамаңа сый­лық етіп тартқан «Хамит тол­ғауы» атты тамаша күйі қалықтады. Ақын­ның ұлы Мұрат Ерғалиев Хамит Ер­ғали атындағы қор құрыл­ға­нын, ұр­пақ­тары әке есімін ардақтау, мұра­сын жинақтап шығару жолын­да бірталай жұмыстар жасап жат­қа­нын айтып өт­ті. Қазақстан Жазу­шы­лар одағы бас­қар­масының төр­аға­­сы Нұрлан Оразалин ақын ағасы жөнінде тебірене сыр шертті. Ха­маң­ның 80 жылдық тойы­на Елба­сы­ның өзі келіп қатысып, ақынның ғана емес, күллі жазушы қауым­ның мерейін өсіріп, төбесін көкке жеткізгенін еске алды. Шериаздан Елеу­кенов, Ғаббас Қабышев, Тө­леп­берген Тобағабыл, Рафаэль Нияз­­бек, Сәкен Иманасов, Марал Сқақбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Мұ­рат Әуезов, Оразақын Асқар жә­не бас­қалар Хамаң жайында ұла­ғат­ты естеліктер айтып, арнау өлеңдерін оқы­­ды. «Ән айтқызатын жақсы қа­йы­на­ғаларымыздың көздері жоқ қазір, Хамаң жарықтықтың аруағы бір аунап түссінші», деп Ғафу Қа­йыр­беков ағамыздың қосағы Бәдеш апай ән бастап жіберді.

Осы арада таяуда ғана Алматы­дағы «Ой-Сана» баспасынан шық­қан «Өзегім толы ақ жалын» атты кітап қолымызға тиді. Бұл кітапқа абыз қаламгердің естелік-эссе жанрын­да жазылған ғұмырнамалық ой-тол­ғам­дары, әдебиет сыншыларының, қаламдас бауырлары мен әріптес достарының және ізінен ерген ақын інілерінің Хамаң жайлы мақала­лары, естеліктері мен өлеңдері топ­тастырылыпты. Мұндағы онда­ған авторлардың қалың қатарын әде­биет ардагерлері Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілев, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қа­ра­таев, Зейнолла Қабдолов, Тәкен Әлімқұлов, Қасым Қайсенов, Қали­хан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұбан Мол­да­ғалиев, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ақтанов, Сағынғали Сейітов сияқты ардақты есімдер бастаған.

Ақын Жарасқан Әбдірашевтің Ха­маң қайтқанда толғаған: «Хамаң өтті дегенше – заман өтті десеңші», деп келетін өлең жолдары бірнеше рет қай­таланды. Еске алу жиынын­да­ғы ықы­лас-ниет Хамаңның халқы­мен бірге жасай беретінін көрсетіп тұрды.

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Егеменді Қазақстан, 7 желтоқсан 2011