Ғұмырнама

Жетпіс бес

Тоқсан бірдің алты айы да өтті. Осының алдындағы екі тарауда атқарылған «Жедел толғау» кітабынан кейін жазылған өлең-жырлар көрініс беріп отырды. «Шіркін-ай», «Өлке шежіресінен өрнектер» делінетін үлкен топтаманы толық қанды жылнама етіп шығарсам-ау» деген бір арманым да айтылған еді-ау. Мен сол арманымды да іске асырған секілдімін. Отыздан астам тарихи кезең хроникалық жолмен бөлек-бөлек жырланып жүріп бергенде совет тұсындағы Қазақстан бейнесі діттеген шамада бүтінделді-ау деп ойлаймын. Жасымның жетпіс беске толу қарасаңында тұрғанын тағы бір қыр басында ат белін суытып, азықтану үшін аялдайтын жолаушының күйін еске түсіреді. «Шу, қара нар», «Ұрымтал ұйқас», «Кешірім сұрар күнәм жоқ», «Өз сауалыма жауап», «Махамбетпен мұндасу», «Ер Исатай туған күн», «Біз кімбіз», «Мына шіркін барады қайда қашып?..», «Өз дәрменім», «Ақын Қасым» атты жаңа жырлардан бойыма тағы бір тың тебіреніс дарығанын айтып отырмын. Ауру әрекетімен босқа кеткен бір жылды есептемегенде соңғы төрт жыл жемісі он баспа табаққа жуық жыр кітабын құрастырды. Бұл кітаптың аты «Шер толғау» делінді. Осы соңғы екі кітапты қосып айтсақ, бұл төл поэзиямның төртінші томы толық дүниеге келді деген сөз. Айтпақшы, қазақ еместер үшін осы екеуінен іріктелген үлкен кітап «Демарш» деген атпен орыс тілінде «Жазушы» баспасынан жарық көргелі жатыр.

«Шер толғауды» «Жазушы» баспсына табыс еттім. Бұл кітап хақында аз-кем айтарым: Өткеннің күллісін дәл осы сәттегі ой өлшеміне жығып көргенімде мұн, нала нарқы мұншалық қымбаттай қояр демеген едім. Осы кітапқа эпиграф етіп Асанқайғының «Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деген данышпан пікірін алмасқа амалым қалмады. Жан жүйеңді тұтас бір тұрлаулы нала, ырықтан тыс ыза билеп алғаннан кейін қопарыла қозғалмасқа шараң қайсы: өкініш, сағыныш, қасарысқан қайсарлық пен мақтаныш, егес, ерегес, намыс дегендеріңіздің әр қайсысы өзінше емін-еркін сөз алғанда өзіңді қайда қоярға білмейді екенсің. Сөздің қысқасы, «Шер толғау» кітабының басынан аяғына дейін жанып-күюдің жаңағыдай жан-жақты қысымынан бір сәт айыға алмадым. Өткен шағы бір шама өңделіп. өтірігі де араласып, бүгінгісі бүлініп жатқандай көрінген мынау түсініксіз аласапыран арасында сана мен сезімнің қайсы бірін де бетінен қақпадым. Өйткені қандай жағдайда да нағыз азат адам үшін күрестің осыдан өзге жолы жоқ деп білдім. Өзін ақтап, өзіне дейінгіні сыпыра боқтайтын саясаттан бұл күндерде біржола зеріктім. Ал, бұған жұрт қалай қараса олай қарасын – онда менің жұмысым жоқ. Турасын айтқанда, енді менің өз жүрегімнен басқа бағынышты болғандай орталық жүйем жоқ. Сол жағдайға қазақ жұрты қашан жетер? Оған көз жеткеріп отырған тағы да мен жоқ.

Әсет (шілде) 91.