Ғұмырнама

Біз көрдік-ау бұны да!

Рас, бұны да біз көрдік. О дүниеге Ғабиден, Ғабит, тіпті Жұбан да бұдан хабарсыз аттанды. Бір жолы Әбділдамен телефон арқылы аман-саулық біліскенімде ол мені былай деп күлдірген еді:

– Жүре тұрайық. О дүниедегілер «Не жаңалық бар?» дегенде біз де бірдеңелерді біліп барайық та…

Бәсе, бәсе… Беті осылай қарай ойысқаннан-ақ сезіктенген едім-ау… Дем арада біздегі біткен істің бәрі жаман бола қалған. Соц. лагердің быт-шыты шыққанымен тұрмай, Балтық аймағының советтен ат-тонын ала қашпақ әрекетіне кірісуі, Қап тауындағылар мен өзіміздің Орта Азиялық ағайындардың өзара қастасып, қан төгісуі ойда жоқ бір ойран-асырға ұрындырардай сыңай танытқан. Осының бәрінен бұрынғы Алматы Желтоқсанына қарсы Мәскеу өктемдігі өзгенің өзегіне шоқ тастағандай болған-ды. Дәл сол кезде болжағанымдай, енді ол оқиға да басқаша бағасын ала бастады. Ақыры міне енді, кіндіктегі «тамыз төнкерісі» дегеннің үш күн ішінде омақаса орға жығылуы 74 жас жасаған совет құрылысының тас-талқанын шығарды да тынды.

Не бір әупірім күштер құртамын деп жүріп күшейтіп алған Ұлы Державаның бұлайша оп-оңай жоқ болуы оғаш көрінсе де, Қаскөй Империяның күйреуі басқа жұртқа бағыныштылардың қан тамырындағы қатып-семген қасиеттерді намыспен, армен азықтандыра бастады. Әр елге кірмеленіп құты қашқан орыстың өзі де беталбатты етегі ашылып, күлі шашыла бастағанын енді сезгендей. Қазақ та басқалар қатарлы тәуелсіз елдігін жариялады.

КПСС-тің жағасы жыртылған сағатта-ақ Горбачев: «Ол өзін өзі таратып жіберді» деп, самороспуск жариялады. Он сегіз миллион коммунистің біреуімен де ақылдаспай сөйте салды. Біреулер оны «қоянжүрек қорқак» десе, енді біреулер «ол партияны осыған әдейі әкеліп соқтырды, бұл сатқынның ісі» деп бағалады. Ал советтің ежелгі жаулары оны «ғасырымыздың ұлы реформаторы» деп, бүкіл әлемге жар шашты. Шынында қалай, – ол жағы маған қараңғы. Әйтеуір, партия басшыларының қылмаған қылмысы жоғы рас.

Таратылған аупартком қырық жеті жылдан бергі есеп кітапшамды өзіме қайтарып берген тұста «партиялығыңыз туралы қандай пікірдесіз?» деушілер болды. Оларға: «өз өмірбаянымды бытыратып, ауаға шашып жіберуден аулақпын» деп жауап бердім. Және де сол айтқанымды былайша түсіндірдім: «Мен бүкіл әлемді фашизм апатынан аман сақтап қалу ісіне басшылық еткен компартияға қардай бораған оқ астында қабылдандым. Дәл сол тұстағы компартияның жауыз да, жалмауыз да болмағаны өзіме аян. Ал басынан шіріген балықтың өлі денесінен мені іздеп таба алмайсыз. Мен өмір бойы бір өзіме ғана иелік ете жүріп, қасиеттінің қажетін өтедім, қасиетсізбен жақсы адам үшін жауықтым. Ал, бұлайша таза еңбекпен танылған адам өз өмір тарихынан еш уақытта бас тартпақ емес. Меніңше, осы пікірді қой бағып, сиыр сауған, балық аулап, көмір қазған коммунистер де қайталап айта алады. Өйткені, олар да адам намысын аяққа таптау арқылы бедел жинағандар санатына кірмейді. Айт та айт, кешегі өз зұлымдығын бүгіндері өлген сыбайластарына аудара салу арқылы әлі де тағынан таймай отырғандардан біз де қорқамыз».

Бүгінгі түсінігі осындайлар, яғни біздер өз тағдырын тағылыққа тапсырған совет компартиясының өміріне де, өліміне де жауапты емеспіз. Ал, жалпы саяси партия дегенге бұл күндері кім қалай қарайды, – ол әркімнің өз шаруасы. Өз басым енді ешқандай партияға сенбеймін. Компартия қатарынан бір мәрте қуылған Мұхтар Әуезов қайтадан қабылдай гөр деп өтінбегенде, тегі, осындай бағытты берік ұстанған болу керек. Зады, қандай да болса белгілі бір саяси партияның мақсатымен жазушы жарғысын қабыстырудың өзі ақылға симайтын да секілді: «жырымыз да партияның мүшесі, партиялық поэзия сөйлейді» деген менің идеалыммен сөз жүзінде үйлесім тапқан компартияның іс жүзіндегі әрекеті қай тұстан барып шыққанын енді көріп отырған жоқпын ба?! Тегі біздер енді ғана көріп отырған кереғарлықты М.Горький әу баста-ақ аңғарғандай ма қалай?.. Бұл арада айтылатын бір ғана түйін: Коммунизмнің утопия екенін түсінбегені үшін жалпыға бірдей жақсылықты көксеген адамды айыптауға тіпті де болмайды. Қол жетпес арман аз ба дүниеде?! Аңсарыңа азық болған «Жерұйық» аңызда бар да, өмірде жоқ… Қой үстіне жұмыртқалаған бозторғайды кім көріпті?..

Үш ғасырға жуық бодан болған қазақ халқы шынымен-ақ осынша мол жеріне өзі емін-еркін иелік етердей қуат құрап, іргелі жұрттармен терезе теңестірер болса, соны анық көзімізбен көрсек, дүниеден аттанарда «армансыз әулеттің басы да, бабасы да – біздерміз деп кетер едік. Тіпті өз армиясы, өз ақшасы, өзінің озық техникасы өсіп жетілген, өз тілі өмірдің барлық саласында толық үстемдік құрган мерейлі мемлекетті балаларымыз көрсе де көңіл тоқ. Азап-сорды бақ-дәулет деп, қараңғыны жарық деп, қылмыс қылуды қырағылық деп, ана тілін ұмытуды сауаттылық деп, – бәрін керісінше құптап, әбден есенгіреп қалған халықтың тым болмаса аздап ақыл-есін жинағанын көрсе, біздің ұрпаққа сол да жетіп жатыр.

Біз әлі ұлт болып әрекет қылуды ұмытқан күйдеміз. Басқаша айтсақ, біз әлі ауру халдеміз. «Ел аіасына» деп аталған биылғы бір үлкен өлеңімде мен таразымның бүтіндей осы жағына аударып айттым.

Президентке жапатармағай ода (мақтау өлең) арнаған ақындарға ескертпе де жасаған секілдімін. Назарбаев бұған ризашылығын айтып, маған хат жолдады.

Қазір интеллигенция тұрмыс тапшылығынан, қымбатшылықтан киналған жұрттың психологиялық әл-қуатын демеу, көңілін жұтатпау, ертеңгі күнге сенімін орнықтыру қамында. Соны сокпақпен ілгері жылжу қысталаң кезде қиын да болса қажет. Осы бағытта әр кім өз әлінше әр қилы әрекеттер істейді. Мен соңғы кезде тарихи тұлғалар туралы еңбектер жазып, солардың өнегелі өмірінен хабар беріп жүрмін. Исатай, Махамбет, Сүйінбай Аронов, Қасым Аманжолов хақында жазылған өлеңдерім секілді, Мұқит Мералиев, Қанай Боранбаев, Ораз Исаев, Ғабит Мүсірепов туралы эсселерімді бүгінгі адамдарға тағылым, таным берердей дәрежеде жаздым деп ойлаймын. Меніңше, бүгіндері модаға айналған «Ұлтын сүйгіш» жалаңаш сөзуарлықтан жастар жалыға бастады. Олардың қажетін өтерлік қасиеттерді жақсынын жанығып өткерген өмір жолынан оқыту керек.

***

Былтырғы қыркүйек (мизам) айының орта шенінде Исатай Тайманов тойына шақырылғандар легімен Атырауға бардым. Сапар алдында «Туған топырақ жұртына» деп аталатын жан тебіренісімді қағазға түсіргенім мұндай абырой болар ма: батыр тойынан соңғы төрт күн менің жетпіс бес жасқа толуым салтанатына ұласып кетті. Мұнайшы, малшы, балықшы, шәкірт оқырмандармен, қала интеллигенциясымен кездесулердің ақырында арнайы шақырылған облыстық совет сессиясының қаулысымен маған Атырау қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Міне дәл осы тұста әлгі жыр соған орай жазылғандай болды да шықты.

Сондағы облыс, аудан газеттері секілді, кейін, қазан айын орталай бере Алматы маусымдық басылымдары да, телерадио да мақалалар жариялап, менімен сұхбаттасып, жаңа топтама өлеңдерімді жарыққа шығарып жатты. Бәрінің «Бізге сен керексің» дегені жасамыс жан жүйемді, әрине, тағы да бір сыдырғы қозғады. Бірақ осы жолғы жылы лебіздерді, шыны керек, бұрынғы қошаметтерден іштей сәл басқашалау құптадым: «осылар мені аяй ма, қайтеді?.. Өле кетсем өкінбестей ісім аз ба?. Бәлкім солай да шығар… Онда несіне аяушылық қылады?.. Бұлар менін «Шер толғау» атты кітабымды әлі оқыған жоқ. Оқыса, менің Мұрат, Шортанбайларды, кердері Әубәкірді де өмірімде тап осы тұстағыдай түсінбегеніме ден қояр еді… Иа, иа.. Жайма базардың жылтырағына жығыла берсең өкінішпен өштесуге уакыт та қалмайды. Тек шер шеңберлі болсын де… Сонда оның құты да құнарлы келеді…» Шамамен алғанда мен бұл жолы осындай бір үздік үзік оқыс ойларға маталып қала бердім.

Сәуір (көкек) 92.