Ғұмырнама

О, қайран жарық дүние-ай!

О, қайран жарық дүние-ай! Ала білген кісіге сенің жомарттығыңда шек жоқтығын жасым жетпістің бесеуінен асқанда бірақ білгендеймін. Және де соған басқа біреудің тәжірибесі емес, өз өмірімнің қам-харекеті көз жеткізсе не дер едіңіз?.. Мына кісі қартайғанда өзін өзі қызықтауға көшкен бе дерсіз бәлкім?.. Тіпті солай-ақ болсыншы… Мен соңғы екі жыл ішінде жазып тастаған эссе, мақала түріндегі толғаныстарым мен басқа өлеңдерімді бұл жолы осы дәптерге енгізгім де келмей отыр. Өмір жетсе кейінгі бір беттерде айтылар. Оған үлгермесем жанашыр адамдардың бірі болмаса бірі 92, 93- жылдардағы өз архивімнен көре жатар. Олардан басқа, кімді көрсем де ризашылығын білгізіп жүрген, өзімді де сәбиден бетер пәк қуантқан бір үлкен табысымды осы арада айыра-бөле айтсам деймін. Соның алдында жалғыз-ақ аңғартып өтейін дегенім – типографияда жатып-жатып «Демарштың» да жарық көргендігі мен «Шер толғаудың» қолға тиіуін әлі күтіп отырғандығым. Мынау апшысы қуырылған қымбатшылық заманда қағаз, бояу, тағы басқаларының тапшылығы көресіні көрсетіп-ақ жатыр. Бұл екі кітаптың қалам ақысы қайыршының сыбағасындай болса бола берсін-ау, оқырман қолына уақытында тимегені өкінішті-ақ. Жә, оны қойып, енді әлгі осы жолы айтпағыма оралайын.

Сонау бір жылдары Мәскеуде өткен жазушлар съезінде эстондық бір шешен Вильям Шекспир сонеттері өз тіліне аударылғанын хабарлағанда залдағылар орындарынан өре түрегеліп ұзақ қол шапалақтаған еді. Сол сәтте ішім удай ашығаны есімнен кетпейді: бұған дейін сол сонеттерді қазақша сөйлетуге сіңірген алты жылдық еңбегім Алматының өзінде де ауызға алынып жарымаған еді ғой… Менің сол еңбегім жеке кітап боп шыққаннан кейін-ақ «Қазақ сонетінің атасы» аталғандар төбе көрсете бастады. Оған ренішім жоқ. Қайта намысыма қамшы боп тиген соларға рахмет. Ал менің, өз намысым араға аттай он төрт жыл салып барып оянады. 1991 жылы жазыла бастаған өз сонеттерімнің қазіргі саны жүз елуге жуықтап қалды. Бәрі де «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде алма-кезек жарияланып отырды. Алла қосса осы алдағы қыс пен көктемде бұларды жеке кітап етіп баспаға даярлаймын. Зады, бұл менің эпикалық жанрдан кейінгі айқара ашылған тағы бір қырым мен сырым болып шықты-ау деп шамалаймын. Тіпті бәлкім бұл «менің» ғана болмас. Неге дейсіз ғой?.. Айтайын.

Ойлап отырсам, біздің қазақ жұрты сонет жанрының сығынды сөлін өз бойына жинаудай-ақ жинаған ел екен: Замандар бойы өзінің бұқтырғаны да өзгеден жұқтырғаны да жетерлік, көзін тап та, шүйліге біл… Біздің Абайдан басталған талай тамаша ақындарымыз (Шәкәрім, Мағжан, Ілияс, Қасым, Ғали, Әбу, Сырбай, Әбділда, Қуандық, Мұқағали, Жұмекен т.т.) соны қалай аңғармағанына қайранмын. Рас талаптанып көргендер бізде де там-тұм болыпты. Қаршыға түгілі қыранның бәрі бірдей қасқырға түсе бермеген ғой. Бір шеңгелімен көзді ағыза бүріп, екінші шеңгеліне мықты бұталарды қаптырғанда шаты айырылып кеткен балаң бүркіттер болған деседі. Біздің қай шамадан шыққанымызды қайдам, әйтеуір, жас жағынан мен бұған екі есе есейіп ұрындым. Толып жатқан өз қиындығы бар, шарттары шатақ жанр ерекшелігін қазақ өлеңінің табиғатымен табыстыру оңайға түскен жоқ. Оны таратып айтар болсам сөз ұзарып та кетер, қисыншы қызметін арқаланудың осы арада орны да жоқ (біреудің жейтін нанында менің жұмысым канша?!). Әйтеуір, мен үндестік заңымыздың ырқынан тысқары кетсем ұтылатынымды ұқтым. Сөйтіп, мен қартайған шағымда қазына-мүлкімді осылайша молайтқан секілдімін. Бұл сала өмірім аяқталғанша жалғасын тауып отырар деп ойлаймын. Өзі жасы ұлғайған ақынға аса ыңғайлы да жұмыс па деп қалдым. Кезінде біреулер көрсе де көргісі келмеген тәржімемді Ұлы Шекспирдің аруағы көріп-біліп елеген, желеп-жебеген секілді. Түсімде аян бергені де бастапқы сонетімде айтылған. Жаксыдан шарапат деген осы да!

Қыркүйек, 1993.

Р.S. «Шекспирің біткенше шекемізді жарарсың» деп, менің бәйбішем күлдіруші еді. Еш кімнің шекесін жармай-ақ бұл жұмыс та осылайша жалғасын тауып жарылқады.

***

Баспа мен баспаханада жатып-жатып «Шер толғау» да 1993-тің мүлкі есебінде 1994-тің басында жарық көрді-ау әйтеуір. Алғашқы бетінде аз сөзбен берілген баспа мазмұндамасында былай делінген екен: «Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ардақты ақынымыз Хамит Ерғалиев талай оқиғаларды бастан кешірген тарландығына бағып,соңғы екі-үш жыл бағдарында жазылған «Шер толғау» атты бұл кітабында мол мүлікті сыр сандығын айқара ашып салған. Толымды топтама жырларға негізделген кітаптың өне бойы – республика ғұмырнамасы, соның халқының шыныққан, сыныққан, соның әрбір байырғы адамының куанған, шақтары ойлы поэзия тілімен өрнектелген». Кітапты кім оқыса да бұл айтылған шындықты өтірікке шығара қоймас. Бұрындары іште бұғып жатқан осынау сырлар сандығының жұқа сары мұқабамен жұтаң шыққан түрі-түсі тоқсан үштің азып-тозған мезгіліндей ажарсыз-ақ. Ал өзіме өмір бойы шығарған барша кітабымнан бағалы саналатынын осы кітапқа арнайы жазылған бір сонетімнен де аңғаруға болар еді.

Ондағы «қауға үшқын түсті», «өзіңмен бірге өртендім», «өшпек түгіл өршимін», «азаптан алынбаған есем бар», «күйіксіз күнім жоқ» деген секілді ащы ашыныстар бірін бірі бекерден бекер үстеп жатпаған шығар. Бір сөзбен айтқанда, өмірімнің түгелдей өнерге айналған көрінісі осы кітапта деп түсінемін.

Әрине, бұл кітапқа да әрқилы пікірлер айтылар. Олардың қандайына да құлағым-түрік, ықыласым – риясыз. Әсіресе жастар жағынан жаңа лебіздер айтылса қандай ғажап болар еді: олар ойдағысын ірікпейді ғой. Болашақта қалыптасатын тұрлаулы тұжырымдар нышаны соларда. Дүниеден соны сезініп аттанған адам барынан ризашылығымен қатар өзінен басқаға өкпе де арта алмайды (в случае чего дегенім ғой). Қалай дегенде де бір ақиқат айдан анық: «Үміт ең соңынан өледі» дейтін қағиданың Хамит Ерғалиевқа қатысы жоқ… Сенім барда үмітті қайтем?!

1994 жылдың ең бір үлкен жаңалығы – сонеттер кітабы № 152 сөзбен аяқталып, басып шығара алса «Шабытқа» табыс етілді (шығара алмаса… Әзір асқа ие көп…) Бұрын жазылу мерзіміне қарай топ-тобымен маусымдық басылымдарда жарияланып келген болса, енді олар тақырыбына, жалпы мән-мағынасына карай қайта құрастыруды керек етті. Осының өзі де әжептәуір бас қатыратын жұмыс екен. Сол жұмыс атқарылғаннан кейін мүлдем басқаша тізбек бойынша әр сонет өзінің тұрақты орнын тауып, өз нөміріне иелік етті. Ендігі сонет еріктен тыс оқта-текте жазыла қалса, түбі өз қолыммен не құдайға қараған басқа біреулер арқылы үйіріне қосылып, ауанына қарай өз орнын табар. Алла тағала сексен жылдығымды көзіммен көруге жазса, байғазы делінетін қоржынның бір басында осы кітап та жататын шығар деп ойлаймын.

Ақпан, 1994.

* * *

Осы тұстағы оқиғалар (ырықтан тыс деуге де болар) талай арнау өлеңдерде жазғызды. Солардың ішінен іріктелген төрт бірдей төбе сөзді осы сонеттер кітабынын соңына «Ата-баба аруағына бағышталған жырлар» деп тіркедім. Артта калғандарды түгендеу кезеңін еске түсірердей бір тоға толғаныс сипатында тұрсын деп әдейі сөйттім. Бұнда Ордабасыдағы салтанатты жиынға, Құрманғазы мен Ықылас күндеріне байланысты жазылған өлеңдер мен Абайға арнаулы мүшәйраның беташары берілді. Әрине, «Беташар» – өз олжам, онда тарих талғамы айтылған. Ал, мүшәйра сарапшылары мен еңбегі сарапқа салынғандардың қай жағы да әділ, әдепті бола алған жоқ. Жүрек талмасы арқылы реанимацияға қайта-қайта түсіп қала жүріп те осы мүшәйраның қазылар алқасын басқаруға кеп еңбек сіңірді деп менің еңбегімді бағалаған ешкімді көре алмадым. Жалпы мүшәйра хақында, осы мүшәйраның ерекшелігі жөнінде айлар бойы неше дүркін мақала жариялап, газет, телерадиоға иитервью бергенімді ешкім елең қылмады. Оның есесіне озық жүлде ала алмаған жақсы ақындардың өздері «көжеге өкпелегендей» мінез танытып, осы мүшәйра төңірегінде көңілсіз пікірлер ұйымдастырды. Осы мүшәйраға түскен қолжазбаларды талқылау барысында қайсы бір ғалымдардың өлең танымайтындығы, таныса большевикше танитындығы да көрініп қалды.

Мамыр, 94.

Бар күшін халық пайдасына жұмсап түгескен, зейнеткер атанып жүрген қайсы бір қайыршылар секілді, бұл күндерде мәдениет пен әдебиет халі де мүшкіл. Алыпсатар алақоржын саудагерлер (жалдаптар) пайдасына не қилы заңдар шықса да әлгі екеуі туралы заң әзірше атымен жоқ, олар заңсыз туған баладай. Соның салдары болу керек: «Қазақ ұлтының оркестрі» деген ұғымды алғаш рет дүниеге әкелген Құрманғазы атындағы жалық аспаптары ұжымы қаражатсыз азып-тозды, күшті деген күйшілерінің талайы үйсіз-күйсіз тарыдай шашырап, қалғандары студенттер көмегімен төбе көрсеткен болып жүр. Көре алмаушылар күн көрсетпеген соң оркестр атын әлемге танытқан Шамғон Қарағанды жағына ауып барып, күйшілердің басқа бір ұжымын ұйыстырды. «Қазақ әдебиеті» газеті айлар бойы жарық көре
алмай, оның бірнеше саны шоғырланып оқта-текте бір-ақ көрінетін болды. Солайша кешіге берген соң «Жұлдыз» журналы екі нөмірін бір кітапқа тықпалайтынды шығарды. Бұл оның екі айда бір шығатын альманахқа айналғанын көрсетеді.

Мен осыларды – ұлттың ұлттығын танытатын төл дәулетін – қалпына келтірудің бірден-бір жолы осы деп, оларды Президент қанатының астына алуды ұсындым. Германия мен Ресей өздерінің осылардай ұлттық мақтанышына солайша статус беріп, қанаттыға қақтырмай отырғанын еске салдым. Мен бұл пікірімді бір немесе екі жиында айтып қана қойған жоқпын, мақала жариялап, жаңа парламентке арыздандым. Бір тобымызды қабылдағанда осы пікірімді Президенттің өзіне де ауызба-ауыз айттым. Бірақ, жазғанымды оқыған көз, айтқанымды қармаған құлақ байқалмады.

Өмірден осылайша бір түңілген тұста телерепортер менен көптеген сұрағына жауап алып, елу минуттық видеозапись жасады. Ол солардың «алтын қор» дейтініне қосылды. Сондағы айтылған пікірлердің басқасына тоқталмай-ақ, мағнасына қарай мына бір сөзімді осы араға
кіргізейін: «XXI ғасырдың табалдырығын аттарда шын демократия мен шын сауда мәдениетінің өзін қоя тұрып, солардын нышанын көрсек те, сол бізге аз олжа болмас еді». Несі бар, «үмітсіз – шайтан» демей ме, бәлкім колденеңнен аман, тыныш күйде тырбансақ, өлмегендер оны да көрер.

***

«Шабытқа» тапсырылған «Сонеттер» кітабының тағдыры – сол баспаның өз өмірімен сабақтас күйде тұр. Баспа өмір сүруін тоқтатса қолжазба да үйге қайтып келеді. Келе қалса, одан кейін соның қайда барары өзіме де мәлім емес. Өзім болсам, жүректен үшінші рет құлап, ауруханадан «азар алдамен» шықтым. Кісіге бауыр өлсе де ауыр: өзіммен бірге туғандардан қалған екі апай, екі ағадан қалған екі іні, бір келін – бәрі сөз байласып алғандай-ақ, бас-аяғы екі жарым жыл ішінде дүрмегімен дүниеден өтті. Осы жолы қанша мықты болсам да қағаз бен қалам қаңтарыла тұратын шығар. Аржағын алла біледі.

Адамның күйзеліп отырып та күлетін сәттері бола береді екен. Ендігі көмекті зейнетақы мен балалар тарапынан күту де тап біз сияқтыларға қолайлы қоң жинау боп көрінбейтін секілді. Баяғыда даурығып келген большевизм әкемнің мал-мүлкін тартып алып, өзін өлтірген еді. Тәуелсіз мемлекет шық үндемей отырып, өмір бойы жинақтаған кассамды тонап алса да, өзіме тиіскен жоқ, оған да шүкір!..

Маусым, шілде, 94.