Ғұмырнама

Арғы негізім хақында мағлұмат

Баласына руын, руының таңбасы мен ұранын білгізу, жеті атасының аттарын жаттату қазақта әке міндеті болған. Сол дәстүр бойынша әкем Ерғали бес жасымда маған мыналарды білгізді.

Біз қазақтағы үш жүздің ішінде кіші жүз боламыз. Кіші жүз он екі ата –байұлы, жеті ата – Жеті ру, алты ата – Әлім болып 25 атадан құралады. Біз соның Жеті руынанбыз. Жеті ру тама, табын, жағалбайлы, кердері, керейт, рамадан, телеу руларынан құралады. Біз соның тамасы боламыз. Тама – Кенжебай, Ата шал, Жылти, Жаубасар болып бөлінеді. Орта жүз ішінде жөгі дейтіні де бар. Жалпы таманың ұраны – Қара бура.

Менің ата-бабам буын-буынға төмендегіше сатыланады:

1. Мен – Ғабдолхамит – Ерғали баласы, 2. Ерғали – Жармұхамебет баласы, 3. Жармұхамбет – Қойыс баласы, 4. Қойыс – Қалдыбай баласы, 5. Қалдыбай – Байназар баласы, 6. Байназар – Құдайназар баласы, 7. Құдайназар – Қошқар баласы, 8. Қошқар – Тағыбас баласы.

Әкемнің маған жаттатқандары, міне, осылар. Әрине, есімдерін білгеніміз болмаса, Қалдыбайдан арғыларының кімі қандай өнер, кәсіптермен айналысқаны, қандай дәрежеде өмір кешкені белгісіз, әйтеуір Қалдыбай Байназар ұлының шаруа күйі нашар болғаны анық, оны «Босқын» тарауында аңғартамыз.

Енді шешем тарапынан аз-кем мағлұмат бере кетейін. Менің шешем Бағдагүл татар жұртынан, Жанай /Жанұзақ/ деген кісінің қызы. Жанай Жамбол баласы, Жамбол Мендібай баласы. Одан арғыларын білмеймін. Мендібайдың әйелі, яғни, менің шешемнің қарт әжесі қалмақ қызы екен.

Бұлар тегіміз Теке /Орал/ жағынан дейтұғын. Меңдібайдан кейін қоныс өзгертіп, Теңіз тарапына ауған тәрізді. Ал әлгі қалмақ қызы Шаған бойындағы ұрыста қолға түскен, тұлымды тұтқын болған деседі.

Менің бұл нағашыларым қазақ арасына сіңіскен орта дәулетті, мәдениетті ауыл болатын. Қазан қаласынан татар тілінде басылып шыққан хисса кітаптарды біздің ауыл солардан алып оқитын.

Осындай қысқаша мағлұматтардан кейін шағын-шағын тараулар арқылы

біртіндеп әріден бері қарай жылжимыз, мен бұны өмірім жетсе болашақта жазатын мемуарыма тезис сипатында қағазға түсіргелі отырмын. Тіпті, сол дегеніме жете алмаған күнде де осындай бір анықтауыштар артымда қалғаны жөн ғой.