Ғұмырнама

Босқын

Жылын айту қиын. Әйтеуір қыс айларын киіз үйде өткізетін көшпелі қазақ сол ғасырда ондай қалың жауған қарды көріп-білген емес. Тебін түгілі ықтырмадағы мал атаулы қар астынан шыға алмай қалған. Әркім өзінің іргесін көңмен бітеп, ішін өре киізбен, кілем, текеметтермен көлегейлеп алған киіз үйінде қардың кісі көтерер дәрежеде қатаюын күтіп, күпі, тон арасында отыра берген. Көз бермес көк түтек неше күнге созылған.

Бораннан соңғы қызыл шұнақ қатты аяз қарды аз уақыт ішінде-ақ қатырып тастаса керек. Ер азаматы бар үйлер қалыңдығы кісі бойы қол созым қардан есіктерінің алдын аршып, ондай қайрат қылар адамы жоқ нашарлардың өлі-тірісін түгендейді. Олар бу, түтін шыққан тұстарға барып: «Тірімісіңдер?» дегенді үйлердің үстінен, яғни, шаңырақтан ғана дыбыстайды. Жауап қатқандарды ғана қар астынан қазып шығарады. Іргеде шөгерілген атан, нарлардың да өлмегендерін қалың қарды тесіп шыққан буы /демі/ арқылы тауып қазып алады.

Ауылдың үлкендері бас қосып кеңес құрады. Сондағы ұйғарым:

Баба қоныс Бәйтеректегі мынау биылғы ғаламат жұт тігерге тұяқты да, тірі пендені де көктемге іліктірмей жұтады. Жүз шақырымға жетер-жетпес жердегі Жайық бойына қайткенде де жетіп жығылу керек. Жайық бойындағы казак-орыс станицаларын жағалай жүріп отырып Үйшік асамыз. Балық батағасына жетеміз. Жете алмағандар жолшыбай орысқа жалданады. Селен шетінен жер төле соғып алады.

Қолда бар азық қоржында болар. Үсіп өлген мал етінің жал-қаяғын сылып тастап, жерлік жерін азыққа алу шарт. Үлкен-кіші баршаға алашадан байтаба, киізден байпақ тігілсін. Жүруге жарайтын түйе атаулыға отаулы жыңғыл мен киіз, кілем жүктелсін, сүйретпе тіркелсін. Қысқасы, босу керек.

Қанаттас отырған ауыл ақсақалдарының баршасы осы байламға бекінгеннен кейін бір апта жұмағында елдің алды күн батысты бетке ұстап шұбыра бастайды. Өткен заузаның орта шенінде өлгеніне жыл толған Байназар ұлы Қалдыбайға тары сабанына балшық араластырып соқпа мола тұрғызған аш-арықтар аулы да жұртта қалмаудың қамын қылады. Аз-кем түйеден ауысқан жүктерін арқаланып, енді қозғала береміз дегенде қар астынан қатын айғайы шығады.

– Ау, ағайын!.. Ағайын!.. Ау, мына пақырларды қар астынан аршып алғандай ағайын қалмағаны ма?..

Әр түтін өз әбігерімен әлектеніп жүргенде ұмыт қалған Қалдыбайдың қараша үйі осы тұста болатын.

– Ау, жамағаттар, қар астында балаларымен Сыла қалып бара жатыр, Сыла…

Тұс-тұстан көтерілген әйелдер дауысын есітіп, шұбаған жұрттың соңғы жағы қар астынан ұйытқыған түтін үстіне ошарылды. Жолға беттеп қалған аяқ үстіндегі елде оны қазып жатар уақыт жоқ.

– Шаңырақтан алыңдар! – деген шал жарлығын екі етпей бір-екі жігіт қардың үстіңгі қабатын аударып тастап, күлдіреуішті шаппа шотпен сындыра бастады.

Олар бұл жұмысты аяқтағанша Сыла екі ұлын мұнтаздай етіп киіндіріп те үлгереді. Жеті жасар Қожбан мен бес жасар Қойыстың сымы /тері шалбар/ мен сырмақ бешпеттері, қалың күпісі, түлкі тымақ, киіз байпақ дегендері бұрыннан-ақ бар болатын. Шаруасы нашар болса да Сыланың екі баласы киімнен жұтап көрмеген. Сыла тері илеп, жұрттың тонын тігетін, жібін иіріп, алаша, шилерін тоқитын. Бұл кісінің тіпті кілем тоқитын да өнері болған. Еңбегіне заттай алғандарын ең алдымен осы екі баласының үстіне жапсырады екен. Өзі де бойын таза ұстайтын, елден ерек сындарлы, түрге де әдемі, сұңғақ бойлы ақ-сары кісі болыпты /Сәрби әжем ол кісіні көре қалған/. Әмеңгерлік жолымен сөз салған жама ағайындар нәміне көнбепті.

Құдықтан көнекпен су тартқандай бұларды жел баумен шаңырақтан шығарып алғаннан кейін екі баланы өздеріндей бөбектер үшін жасалған сүйретпеге орналастырады. Сыла — әрине, иығына қоржын салған жаяулар санатында..

Түйенің көмегі көп ұзап бара алмаған. Қар көтермей ойылып, омақасқан жерінен қайта қарғып шыға алмағандары қала берген. Түйесіз қалған қайсы бір сүйретпелерге төрттен-бестен жігіттер жегілген. Суық өткен кәрі кемпір, жас бала жағынан да шетінеу болып отырған.

Өнімсіз мимырт жүріс елдің біразын апта жүзі ауғанда Ақ Жайыққа да жеткізеді. Жеткенде де жұрт Князь /Колмыково/, Ақ қала, Әңдірей /Кулагино/ аталатын станица, хуторлар тұстарынан бытырап құлайды.

Енді ауыл-ауыл күйінде қозғалу жайына қалып, әркім өз бетімен тырбанудың қамына көшеді. Әлі де әл-қуаты барлар Жайық бойын жағалай жүріп отырып Үйшік /Гурьев/ асады. Нарын тарапына ауғандар да болса керек. Ал, Сыла ондай жүріске жарамай, Шой деген селенге келгенде ағайын жұртпен жылап-сықтап қоштасады, екі баласын жетектеп жүріп әр үйдің қақпасын қағады, үй қызметіне жалдайтын қожа сұрастырады. Бұларды көп сандалтпай ондай қожа табылады. Татардың Абдулла есімді бай сәудагерінің үйіне қызметші қатын керек екен. Осы жерде Қалдыбаев семьясы көшу, босу дегендерді аяқтап, күн көрістің өзгеше түріне көшеді.