Ғұмырнама

Құжырада

Абдулла абзидың көше жақтағы көк үйінің арты түрлі дүкен, қойма, қара монша, ат, сиыр қораларына жалғасып тереңдей береді екен. Сыланың үлесіне де бір құжыра тиді. Алдында кішкене дәлізі бар бір бөлме. Бірақ, осының өзі дала әйеліне хан сарайындай көрінді. Екі терезесі әйнекті, едені – сырлы тақтай. Пешінің үстіне балалардың жатуына да болады. Қазақ байларының қалада қарағай үйлері болады деуші еді. Сонысы осындай-ақ шығар, – деп ойлады Сыла.

Ендігі шарт – Гүлсім ханымды ренжітпей, сол кісінің талабына сай танылу, көңіліндегідей қызмет көрсету. Келісім бойынша, өзі де, балалар да тамақтан таршылық көрмейді. Көйлек-көншек сатып алуға жарайтын аздаған тиыны да бар.

Гүлсім ханым бұларды келген күні-ақ ішпәра, бәліш самсаларға тойғызып, қара моншаны қалай пайдалану тәртібін де үйретті. Кірді қайнатып алып жуу дегеніңіз Сыланың бұрыннан-ақ өз дағдысы болатын.

Келісім бойынша Сыланың міндеті – кір-қоң, едендерді жуып, от жағу, күл шығару ғана. Ал сиыр сауып, тамақ пісіруге дала қазағының әйелі білімсіз деді ме, әлде тіпті кіді көзқарас болды ма, — әйтеуір ол жұмысты бұрыннан осы үйдің есігінде жүрген татар кемпірдің үлесіне қалдырды. Сыла оған қуанбаса, намыстанған жоқ. Өйткені, өз өнерін жалғастырып, қосымша табыс табуға қолы босайды.

Құжыраның пеші жағылып, терезелерінің іші-сырты жуылды. Қоржындағы терме алаша еденге төселді. Азын-аулық ыдыс, киім-кешек, көрпе-көпшік те бөлме ішінен өз орындарын тапты. Оның бәрі де Сыланың әлгі әзірде тындырған жұмыстары. Қара моншадан тап-таза буланып шыққан екі бала да жайлы мекен тапқандарын сезетін секілді. Сөйтіп көңілі көншіген Сыла бір сәтке тізе бүгіп бата қылған: «Іші құтты болсын!.. Әумиін!» деп бетін сипаған. Бесін намазынан кейін тағы да жолығарсың деген Гүлсім ханым сөзі есіне түсіп, енді ол көк үй жағына барып қайтқалы отыр.

Қожбан қара моншадан шыққан бетте алаша үстіне жылы киімшең жата кеткен еді, сол күйінде ұйықтап қалыпты. Суық сорған балғын денесі қанша жылынса да, тап қазіргі күн жарықта бес жасар Қойыстың ұйықтай қояр түрі жоқ. Бұлтиған екі беті нарттай қызыл, өзі аппақ. Бұл баланың өңінің ақтығы әсіресе моншадан кейін анығырақ байқалғандай. Егер туған анасынан басқа біреу дәл қазір көрсе «қара қазақтан да осындай ақ бала туады екен-ау!..» дер еді. Көздері де оншалық мойылдай қара деуге келмейді. Қазақ мұндай адам баласын қой көзді десе керек.

Анасының бақылауынша, Қожбан біреудің «Атың кім, әкең аты кім?» деген секілді сұрақтарына қыңырата, сырт айналып жауап берсе, Қойыс ондай сұрақтар қойған кісінің көзіне қарайды екен. Бір аз отырғаннан кейін ғана жауап қатса қатады, өйткісі келмесе, әлгі кісінің көзі бұдан тайқығанға дейін содан қарашығын аудармай, үнсіз тесіле қарап отырады да қояды екен.

Қойыс дәл қазір терезеге ғана тесіле қарап отыр. Бәлкім, бұл бүкіл бес жылдық өмірінде ұшырастырмаған әйнекті таңырқайтын шығар: шешесінің кішкентай қол айнасына ұқсамайтын, өзі бар да, түсі жоқ, бұл сонда нендей зат дейтін шығар. Әлде бұрын түндіктен, түрулі есіктен көрінетін күн жарығы бітеу керегені жарып шыққаны қалай дей ме екен? Әлде сонау терезенің арғы жағында ер салып жатқан екі ақбоз атты қызықтай ма?.. Ол да мүмкін. Өйткені, мұндай мойындары ұзын, аяқтары одан бетер серейген, бойы түйедей биік жылқы баласын ол бұған дейін көрген емес. Қысқасы, даладағыдан мұндағының бәрі өзгеше. Соның бәрін ол сәби түйсігінің жеткенінше зерттейтін тәрізді. Міне, осы бір сәби – менің бабам болатын.

Мұның бәрі қарт әжеміз Сыланың кейінгі буынға өз аузымен айтқандарынан алынды. Ол кісінің бұдан кейінгі сырларынан төмендегіше тағы бір тарау түзіледі.