Ғұмырнама

Алғашқы адым

Сәуір айының орта шені жұтта қырылған малдың өлімтігін еріген қардың астынан сол күйінде шығарып жатты. Станица тұрғындары оларды селеннен сыртқары жерге сүйретіп апарып тастай берген екен. Селеннің бұзау табынын жаятын бақташы балалардың қатарына қосылған Қожбан бір күні көзімен көрген сол ақуалды үйге айтып келеді. Жұтта өлген қой-ешкі түліктерінің жүндері жиди бастағанда жүндеуге оңай екенін Сыла үлкендер аузынан талай естіген. Ол енді сол іске талаптанды. Күн сайын үй жұмысын аяқтасымен, бесін әлетінде қолына қапшық ұстап солай қарай шығатын болды. Олжасыз қайтпайды. Әр күні жинап алғандарын ыстық суға қайнатып, содан кейін кептіретін болды. Жинағандары ақыры қанар-қанар қазына құрап, бөлменің бүтін бір қабырғасын тіреп тұрады. Обалы нешік, Гүлсім ханым оның кәсібін шет көрген жоқ. Тіпті оның түрлі түсті бояулар алғызуына көмектесті /әрине, жалақысы есебінен/.

Жаз ортасына дейін тынымсыз иірілген жіптер шілдеде қызыл, жасыл, көк, сары деген секілді түрлі түсті тіндер құрап өрмек түзеді. Әуелі тақта, терме алашалар, басқұр шеттері көрінеді. Олар сырт, іш киімдік кездемелерге, балалардың аяқ киімдеріне айырбасталады. Біреуден біреу құлақтанып, қора төріндегі құжыраға әйелдердің келуі жиілейді. Бірақ, Сыланың жиған қоры ұзаққа бармай сарқылады. Енді ол қолында бардың қалдығынан кілемше тоқып, содан көздің жауын алардай қоржын жасайды. Қоржынның ішкі жақтары алашадан болғанымен сыртқы екі бетіндегі түкті кілем үздік ісмердің өнерін айтпай аңғартады. Келген кісілердің көруі үшін ғана жаратылаған бұл тамаша қоржын ел аузына ілігеді.

Енді жұрт «шебердің қолы ортақ» деп, жүн-жұрқаларды Сылаға өздері әкеле бастайды. Келесі жылдары бірді-екілі «Сыла кілемі» атанған жаңа мүлік саудагер татарлардың үйлерінен көрініп те үлгереді. Сөйтіп, бастапқы өлексінің жүні Сыланы пәлендей байытпаса да оның ел ішінде сирек кездесетін үздік өнерін танытуға әбден жарайды. Сол-ақ екен, Сыланың бұл жұмысы кенет бұрылыс жасап, басқа бағыт алады; Гүлсім ханым ісмерді үй қызметінен бір жола босатып, қасына ұршық иіретін, басқа да көмек көрсететін екі-үш әйел қосып беріп, кілем тоқуға отырғызады. Жүнмен қамтамасыз етуші Гүлсімнің өзі болады.

Саудагер психологиясы белгілі ғой, пайдасы мол қызметшіге ерекше ілтифат та тиесілі. Қойыстың бағын ашуға бір себеп – міне, осы ілтифат. Оның үстіне Қойыс пен Жәмилдің бірден-ақ үйлесе қалған жан жарастығымен кім болса да санасуға тиісті еді.

Жәмил – Абдулла мен Гүлсімнің сүйікті ұғылы. Оның жасы Қойыспен түйдей құрдас. Бұл екеуі бірінші кластың өзінде қол шананың, сыңар аяқпен сырғанайтын конектің қызығын біріге көріп, жер аяғы босанысымен-ақ асықты басқа балалардан одақтасып ұтқан-ды. Абдулла сауда сапарынан оралып, күйме доғарылса болғаны – екі ақбоз аттың маңайында атшының қасынан қалмай осы екеуі жүретін. Екі атты мініп барып Жайықтан суаратын, ат қорада ұзақ тұрып қалғанда қыдыртатын да осы екеуі болған. Бұлардың достығы бірінсіз бірі ас ішпейтін дәрежеге мектеп жасына дейін-ақ жеткен-ді. Есігімде жүрген жетімек қой деп, өзін жоғары сезіну Жәмил мінезінде байқалмаған. Осының менен бір артықшылығы бар-ау деген ой Қойыстың да өңі түгілі үш ұйықтаса түсіне енбеген. Қайтып ойнамай қояр деп қорқа ма, әлде жанымен жақсы көрген досының қай қылығы да оған жөн көріне ме, — әйтеуір, Жәмил кейде Қойыстан көретін жәбірін де үйіне айтып бармайтын.

Мектеп жасына іліккен соң Жәмил жиырма шақырым жердегі Сарайшық станицасынан орысша оқып, ара-арасында молдадан сабақ алатын болды. Сонда оның жатып оқитын үйі де бар: Нағашы апасы сол Сарайшықта тұратын. Екі баланы ажыратпай, бұл оқуларға бірге берейік, Қойыстың оқу, жатақ, азық ақыларын табысым есебінен шегерерсіздер деген Сыланың сөзін Гүлсім бірден мақұлдады. Мүмкін өз баласы жалғызсырамасын дегені шығар. Естіген татар ертегілерін қайталап айтып беруге келгенде, асыранды қаз-үйректің шелек-шелек жұмыртқасын базарға шығарар алдында санатқанда да Қойыс соған досынан гөрі жетігірек көрінетін. Гүлсім жайшылықта Сылаға «Бу малайыңыз бик ұғымтал бит, әгәр мәқтәпқа барса, озық шәкірт бола» деп, татар, қазақ сөздерін араластыра, Қойысты мақтап отыратын. Осы жағынан келгенде де бұдан өз баласына тиер пайданы ойлауы мүмкін.

Сөйтіп, бұл екеуі жұбын жазбай оқуға түссін де кетсін. Бұларға киім өзгертіп, кір-қоңын жуғызып қайту үшін ауық-ауық үйге соғып отыру оп-оңай. Үйшіктен Князьға жолаушы тартатын жәмшіктердің көбі – Абдулланың тамыр-таныстары. Олар екі баланы бір прогонға ақысыз-бұлсыз отырғызады да, Шой тұсынан түсіріп кете береді. Кейде тіпті Гүлсім бұларды өз көлігімен де алдыра салады. Екі ақбоз аттың қызыл кілеммен тысталған үйрек басты ырғақ шанасына отырып алғаннан кейін екі дос ән шырқайтын:

Бу дружный мектеп

Оқиық біргәлап,

Қалмық біз артта,

Оқиық шәкіртлер!

Ия, шәкірттер біршама уақыт жап-жақсы оқыды, орысша, мұсылманша сауат ашты. Жыл маусымдары жылжып өтіп жатты. Жаз айларында тоғайдан қарақат теру, қайыққа мініп қармақ салу, ат қыдырту, наурыз, құрбан айт күндерінде қазақ ауылдарына барып ат жарыстыру – бәрі де үш-төрт жыл ішінде өз қызықтарымен өте шықты, Қойыс қазақ ауылдарын көрген сайын «Мен осы ортадан шықтым-ау!» дегенді іштей ойлайтын да қоятын.

Бұлардың жасы он екіге толғанда Сарайшықтың оқуы түгесілді. Оқуын әрі қарай жалғастыру үшін алдағы күзге салым Жәмил Қазан қаласына жүру керек. Шақыру қағаз – қолда, қаражат – қалтада. Ол шаһарда Абдулланың туыстары да бар.

Ал, Қойыс қайтпек?.. Әрине, қысқа жіп күрмеуге келмек емес. Сыла болса: «Қаражатым жеткен күнде де сені ондай алысқа жібермес едім», — дейді. Есі кіріп, аз да болса білім дәмін алып, әр ненің парқын түсініп қалған Қойысты қинаған Сыланың «жібермес едімі» емес, жібермейтұғын жоқшылық. Жәмилмен бой таластыра алмайтын жағдайын ол осы жолы түсінді.

Ол осы тұста кісімен көп сөйлеспейтін, әлде нендей бір орыс кітаптарын үнсіз оқып, кейде татарша басылып шыққан мұңлы хиссаларды күңіренте жырлап, үйде отырып алатын томаға-тұйық күйге көшті. Қожбанға хат танытам деп әрекеттенетіні бар еді. Ағасының оқуға ықылассыздығын анық аңғарған соң ол әрекетті де тоқтатты. Ағасы оған бір орайда: «Сен бүйтіп менің басымды қатырма, селен сиырын бағып та мал таба аламын» — деп салған-ды.

Бұл тұста Қойыс Жәмилмен сирек кездесіп жүрді. Сол сирек кездесудің бірінде Жәмил оған өзінің әкесіне айтқан үзілді-кесілді бір байламын білгізді: Егер Қойыс қалып қоятын болса, мен Қазан қаласына бармаймын депті. Дәулетің жетеді шығынын ауырсынба, Сыла апайдың ғажайып өнерінен қыруар кіріс кіргізіп отырсың. Оның еңбегі осы жақсылығыңа татиды депті. Гүлсім де Жәмилдің бұл талабын қолдайтын көрінеді.

— Әтиің не деді?

— Оның не дейтіні жоқ, шынымен мені Қазан қаласында оқытқысы келсе, көнеді. Көнбеген жағдайда оның атынан отказ телеграмманы өзім беремін. Бұл – ультиматум!.. Ол бұған өз жауабын бүгін кеште айтады.

Әдепкіде Жәмилдің бұл сөзін әншейін жұбату деп ойлаған Қойысты соңғы шарт ептеп елең еткізейін деді. Бірақ, кім біледі, жеме-жемге келгенде қу саудагер жас баланы айнытудың амалын табуы да мүмкін. Қашан бай татр «ия» дегенше, қосымша орынға рұқсат алғанша, Сылаға бұл әңгіменің шетін де сездірмеу керек. Егер абзи Сыланың «баламды алысқа жібермеймін» дегенін естісе, сол бір ауыз сөздің өзі тілге тиек бола алады. Сондықтан Қойыс досына мәселенің осы жағын қатты ескертті:

— Гүлсім апай мен жөніндегі әңгімені менің шешемде білгізуші болмасын, сәті түсіп өкшем көтерілсе, жүретінімді шешеме тек сапар алыднда ғана өзім білгіземін. Әйтпесе, шешем соңғы жылдары одан-бұдан бас көрсеткен туыстарды жинайды да, олар бізді қазақ арасына қайтадан көшіріп әкетеді – деді Қойыс.

Сол күні кеште Жәмил мен Гүлсім Абдулланы екі жақтап иледі. «И-и-и!.. құдайым-ай!..» дегізіп отырып, ақыры көндірді. Ертеңіне Қойысқа да басқа бір бай татардың баласы сипатында орын сұраған қағаз жөнелтілді, ақшы аударылды, сондағы Абдулла туысына хат та жазылды.

Ол кезде бәрін де ақша шешеді, ұзамай-ақ шақыру қағаз Қойыс Қалдыбаевқа да жетіп үлгерді. Бұдан былайғы ағайын арасының, Сыланың бұл сапарға наразылығын, жылау-сықтау дегендердің бәрі де әншейін мезгілінен кешіккен істің салдары болды да, қала берді. Қыруар ақшасын төлеп қойған бай татарға қай қазақ ауыз ашып бірдеңе дей алады?!. Қойыс енді алыс сапарға аттанады, «Алғашқы адым» деп осыны айтып отырмын. Менің бабамның бастапқы өмірінен бізге жеткен бір мағлұмат осы.