Поэзия, Өлеңдер

Бауырсақ

Есіме қайтып ене алмас,
Желді күн яки тымық күн.
Қай сәтте анам ең алғаш
Бауырсақ берді?.. Ұмыттым.

Әлде ол шешем, әкем мен.
Базардан алған ұн шығар?..
Әлде оны сатып әкелген
Саудагер жылпос ұншы бар?..

Әлде оны жақын туыстан
Әкелген аштық – ауыр шақ?..
Әйтеуір титтей уыстап
Шығармай жедім бауырсақ.

Қызық қой тірлік дегенің,
Қуансақ, қатты ауырсақ;
Әйтеуір, үзіп жегенің
Анадан қалған бауырсақ…

Жемесек оны түске енген,
Ояндық талай тамсанып…
Дастарқанда ол тістелген
Өлгендерге де там салып…

Қонаққа тамақ істелген
Құйрыққа қоса бауыр сап.
Сол қонақ бізге түстенген
Қоржыннан алып бауырсақ.

Не жетсін наның піскенге,
Бесікке бала бауын сап?!.
Не жетсін келін түскенге,
Төбеңнен жауып бауырсақ?!.

Ей, жұртым!.. Егер осы біз
Бір дәмге тура бағынсақ…
Шаңырақ, ошақ, мосымыз
Мойындап келген бауырсақ!…

Ақшалы яки малды – мен…
Алақан жайса немерем.
Басқадан бұрын, алдымен.
Бауырсақ бермей не берем!?

Басыңнан өтер календарь –
Жүдеу шақ әлде тәуір шақ!
Бәрі бір!Сен бар – әлем бар,
Бауырсақ керек!.. Бауырсақ!..

durchsichtige handyhülle reinigenclick here to investigate