Публицистика, Өлеңдер

Көңіл ашар

(Гүлжанның 45 жасқа толған күнін осылайша думандатып өткізген едік)

Ей, ағайын!
Қанат өлді – өлмедім.
Өлмеген соң не сұмдығын көрмедім?!
Өлмеген соң деп те қалдым: «— Апырау,
Көз жасынан жаратылған көл ме едім?!»

Біздің бас та көрген бас қой не сынды,
Мен де бір сәт жинайыншы есімді.
Мен де бір сәт қасақана қазаға
Жабырқамай көрсетейін сесімді.

Мен де бір сәт болайыншы мақтаншақ,
Құдай кешер шектен шықпай шақталсақ.
Көңіл ашарға куә болсын өнердің
Шаңырағына қырық бес шырақ жаққан шақ.

Сарқылмасам, саңқылдасам азырақ.
Жас достарым қошеметке әзір-ақ.
Кер домбыра екеумізден күйің мен
Ұзап әзір кете алған жоқ ән жырақ.

Күй де шертем, ән де салам сексенде,
Соны тыңдар құлақ болсын тек сенде.
Бақыттымын! Бақытымның айғағы
Күліп тұрып көздің жасын төксем де.

Бір жігіттен мені де кем демеңдер,
Бәйбішем бар қыздан гөрі кеменгер.
Біз екеуміз ән шырқасақ қосылып,
Қарқынымыз қай дуэттен кем ем дер?!

Ұл-қыздан бар немерем мен шөберем,
Мен солармен әзілге де шебер ем.
Сәби көрсем, сәбимін! Сол дағдымды
Құдай сыйға тартса қайтып шегерем?!

Гүлжандарым жанып тұрған алаудай,
Мерейтойы мен көтерген жалаудай.
Бұл кештегі қызықтаған қиялым
Жауға салар жалы биік жараудай.

Жатып алып осынша кең шеңберде
Билік айтсам мәртебелі шендерге
Ауызым – дуа! Ей, ағайын, байқаңдар,
Әулие шал мен боламын сендерге!

1996жыл