Публицистика, Өлеңдер

Майдандас достарым хаққында

Басымды имей өте аламын дермісіз?..
Бұл зиратта жатыр солдат белгісіз.
Өмір – бақи өшпейтұғын алауы
Әсте мың сан шырағданға бергісіз.

Әсте мұны бейтаныс жан дермісіз?..
Әттең, демі біткен жері белгісіз!..
Ол бір жылы өз үйіңнен аттанған
Бауырың ғой бұл, мың танысқа бергісіз…

Ыстық қайнар бұлағына бергісіз
Көздің жасын бекер төктім дермісіз?..
Неше дүркін түсіңізге енгені
Сізге аян, басқа жанға белгісіз.

Өз туысың, мың танысқа бергісіз
Бір зиратқа айналмаса белгісіз,
Өзгелерге: «Оны соғыс жұтты да,
Жетім өстім, жесір қалдым !..» — дермісіз?..

…Енді, міне, жатқан жері белгілі;
Күнде соған қойылады ел гүлі.
Тымық сәтте маздайды кек жалыны,
Одан бетер өршіп оты жел күні.

Көрге сыймай жатқан ыстық тынысын
Күнде барып көрмек үшін тірісің!..

Ет, сүйекті жау оғына жұлғызып,
Кем етсе де сонау қанды жыл бұзық,
Ұлы Жеңіс бізді көкке көтерген:
«Осылар, — деп, — жұртымыздың жұлдызы».

Әрқайсымыз біреу емес, қос едік –
Қаза тапқан қайран ердің досы едік,
Атасы едік ұл-қыздардың кейінгі,
Әжесі едік, қайғы-шерден бос едік.

Отырғанда біздер иін тіресіп,
Омырауда орден, медаль сіресіп,
Хиқаяны тыңдағандар біздерден
Қалушы еді сағат сайын бір өсіп!..

Қан майданды кешкен қайран сабазға
Тағдыр сыйға тартқан сор мен бақ аз ба?!
Бітпес еді-ау біздер білген әңгіме
Әлі жүз жыл көшірілсе қағазға.

Аздың нарқы көтерілмей қалмаған:
Бара жатыр артып күнде шал бағам!..
Тайпалмалы жорға мына біз едік,
Әупірімде аяғын бір шалмаған!..

Қалған сырдың енді несін қазайық?! –
Беу, табиғат!.. Біз де қалдық азайып!..