Естеліктер

Уақыттың тежеуіне бой бермеген

Ақын — өз заманының түлегі, сол заманның жыршысы. Поэзияға қашанда пафос керек. Пафоссыз өлең – шығарма емес. Адамды алға жетелеген арман да желпінуді қажет етеді. Ақын атаулының бәрі жылай беруге тиіс емес. Жақсыға лепіріп қуанбаса, жаманға мұңайып күйінбесе, ол қандай ақын? Кеңес өкіметі шындығын орнықтыруға қызмет еткен де – біздің сол «лепірме» поэзиямыз. Бүгінгі тәуелсіздік алған еліміздің елдік, жауынгерлік дәстүрін жырлаумен ояна бастаған халықтың рухын көтеру үшін де ондай поэзия керек. Сондықтан қазақ кеңес ақындары-ның жақсы өлеңдері — әрқашан бағалы мұра, біздің өткен тарихымыздың жанды куәсі. Олардан заман мен уақыттың сырын, сол дәуір адамының тіршілік-тынысын тануға әбден болады. Қандай ақын болса да, уақыттың көрмесіне бөгеліп, байлана бермейді. Кеңес өкіметін өзі орнатысқан, коммунистік партияның адал ұлы саналған Сәкеннің өзі де саясаттың қиғаш жерлеріне мойын ұсынбай, мезгіл-мезгіл тулап тұрғаны белгілі. Оның «Азия», «Отарбаның жұмбақ вагонында», «Совет баласы», және «Қызыл атты» жазуы саясатқа наразы көңіл күйінен туған. Кешегі Жұбан да «Хатшыға хат» жазып, партияның кадр мәселесіндегі бұрмалаушылықтарын сынаған. Мұндай мінез шын ақындардың әрқайсысынан да табылады.

Осындай уақыттың тежеуіне бой бермей, шын ақындық болмысын тұтастай сақтап, поэзиясын заман шындығын қопара көтеруге жұмсап келе жатқан ақынның бірі – Хамаң, бүгін сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған кәрі абыз Хамит Ерғалиев. Хамит жырында да өз заманының қайшылықты шындығы көрінбей қалмайды. Ол да көсемді, партияны жырлаған, бірақ ол сырттай ғана оның көсемі мен партия — халық даналығы, олардың бойынан ақын соны көріп, елге үлгі, өнеге болар, елді әділдік, адалдық жолына бастар басшыны аңсап жырлады. Хамит шығармашылығын бүгін тұтастай алып қарасақ, оның негізгі жырлағаны – адам, оның еңбегі мен өмірі, қуанышы мен қайғысы, тазалық, адалдық, елдің елдігі, ердің ерлігі екенін көрсету. Осылардың бәрін ақын біздің ұзақ тарихымызға үңіле отырып, сұрыптай біліпті, тани алыпты. Сол ұлы мақсатын орындау үшін бар таланты мен қайратын жырына төгіпті, өзі айтқандай, «түнде шамы сөнбей» еңбектеніпті. Бүгін сексенге келген ақынның осы халықтық еңбегін баса айтқан орынды.

Кейін білдік, Хамаң соғыстан көп бұрын өлеңдер жазып, аудан, облыс көлемінде белгілі болған екен. 1936 жылы Сәкеннің тойына да қатысыпты. Содан соғысқа кеткен. Қайтіп келіп, баспасөзде қызмет істеген. Осылардың бәрі маған бүгін іштей бір дүмпүге дайындық жылдары болған сияқты көрінеді. Соның жарылған тұсы – «Әке сыры» (1947) еді. Хамаңды біз осыдан бастап білдік, шын таныдық, Ұлы Отан соғысы жауынгерінің жүріп өткен азапты жолын әкенің сырына айналдырып, азаматтық борыш пен адам сезімінің арпалысын жырлаған өзгеше бір туынды еді бұл. Соғысты тек ерлік, ұран деп жүрген тұсымызда, ерліктің өзі жалаң келмей, адамның қасіреті мен мұңды сезімі, көңіл күйі арқылы келетінін біз осы поэмадан алғаш көргенбіз. Адам рухының күштілігін танығанбыз. Осыны жалғастырып, Хамит шын ақын екендігін дәлелдейін дегендей, бірнеше поэманы төгіп-төгіп жіберді; «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Жас ана», тағы басқа. Осылардың бәрі де ақын жолын тану үшін ғана емес, сол дәуірдегі қазақ поэмасының табыстарын көрсету үшін де керек. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Бірінен соғыстан соңғы халық шаруашылығын қалпына келтіріп, республиканы өркендетудің үлкен жолына аттаныстың рухын сезсек, екіншісінен туған елінің табиғатын жаңартуға еңбек етіп жүрген жастарды көрдік. Ал, үшіншісі – кешегі солдаттың жары туралы жыр. Соғыс бөгет болып, сүйгеніне ақ жүрегінің сырын айта алмай кеткен ақынның жан жары, жас Ана туралы толғанысы. Мұның бәрі – ақын боп, Азамат болып жан-жағына қараған тұста Хамаңның көргені, жанын жеп, көкірегіне түйген сырлары. Хамиттың атағын шығарған да осылар.

Әр ақынның өзіндік тақырыбы болады. Ол өнер адамының ой-ұғымына ұзақ сіңісіп, біте қайнайды. Біртіндеп бүкіл өмірінің рухани азығына айналады. Уақыт өткен сайын ол бейне ақын санасында толысып, жетіледі. Енді ақын оны жырламай, ол жөнінде айтпай тұра алмайтын күйге жетеді. М.Әуезов үшін Абай сондай тақырып еді. Хамит үшін Құрманғазы да осындай тақырып болды. «Құрманғазы» поэмасы — ұзақ дайындықпен жазылған кесек туынды. Өмір шындығын кең қамтып, қоғам, ел тіршілігін, халықтың арман-мұңын шынайы суреттеген бұл туындыны өлеңмен жазылған роман десе де болады. Романға тән тартыс, характерлер қақтығысы, оның поэтикалық суреті бас қаһарманды ғана ашып қоймай, сол дәуірдегі бүкіл халық өмірінің, күйші ортасының жан-жақты шындығын бейнелейді. Ұзақ азапты жол кешкен қазақтың өксігі «Көбік шашып» жатқан Құрманғазы өнерінің биік нысанасына айналады. Содан барып Құрманғазы өнері «көшкен елдің мұңдасы, қиялдасы» боп көрінеді, Хамаң да өз жүрегін ұлы күйшінің «жүрегімен жалғастырып», біріге жырлайды.

Хамиттың ақындығы осы тұста айрықша шабытқа көтеріліп, Құрмағазы күйлерімен бірге желпінгені даусыз. Ол күй сазын, күй арқылы көрінген өмірдің тасқынды легін өлең жолдарына түсіре алды. Күй тілімен туысып кеткендігі соншалық, тіпті ақын ұзақ уақыт күй, өнер тақырыбынан айналшықтап шыға алмай қалды. Оның «Күй — дастан» мен «Аңыз — атаны» жазуының сыры осында ғой деп ойлаймын. Ол бұл туындыларымен Құрманғазыдан кейін де толастамаған, күреске толы өнер жолын, өнер адамдарының тағдырын жырлады. Шындықтың кешегі, бүгінгі бейнелерін сараптап, өнердің жаңаруын паш етті.

Хамит ақынның өткен жолының жарғындығына, оның уақыттың кермесіне байланып, қаңтарылып қалмағанын осы туындыларының өзі-ақ дәлелдейді. Ал, соңғы жылдардағы өзгерістер ақынның қайта тууын, томағасын алдырған бүркіттей еркін самғағанын байқатты. Ол шын мағынасындағы тәуелсіздік алған елін, оның адамдарын жырлаумен бірге, өткен тарихқа қайта бір үңіліп, оның қызығына қоса өрілген қасіретін танып шамырқануда. Бұған ақынның соңғы соңғы кітаптары – «Жедел толғау», мен «Шер толғау» анық куә.

«Жедел толғау» туғанда кеңес өкіметі өз орында болатын. Соған қарамастан ақын біз өткен тарих жолдарының даңғыл болмағанын, оның ойы мен қыры, қуаныш мен қайғысы қатар жүргенін батыл-ақ айта алды.Сол қиыншылықтарды жеңе білген Адам рухының биіктігін мадақтады. Кітаптың лирикалық кейіпкерлері «ар қысқанда ашына сөйлеп» көп нәрсеге сонышылдық танытты. «Тіршіліктің тәртібін тәрк етушілерді», «Сапасыз қып бергенін – ісім» дейтіндерді , «Жұртқа жылылық жасау» қолынан келмей-ақ, «сыйлық, атақ дәреже жинап» жүргендерді, «жерлес болмасаң» сырт айналатындарды» ол жұрт алддына шығарып тергейді.

«Шер толғау» — тіпті жаңа кітап. Ол – біздің тәуелсіздік алып, өткен жолымызға жаңаша қарай бастаған тұсымызда туған тарихқа деген тың көзқарас. Өмір бойы елін, жерін жырлап келген ақынның бұрын айта алмаған, бірақ көкейінде сақтаған шерінің толғанасы. Біз білмеген, көрмеген, көрсек те көрмегендей боп жүрген қаншама ащы шындық та бар онда. Адам мен табиғаттың басына түскен ауыр тауқымет суреттері кімнің де болса жанын қозғайды. Ақынның «экологиялық элегиялары» туған табиғаттың тозып, адамдар өмір сүретін ортаның пана емес, азапқа айналғаны жайлы тебіреніске толы.

Адам тағдыры, қазағының өмірі жайлы толғанғанда, Хамит еліміздің өткен жолына көз тастап, оны жаңа талдаудан өткізеді. Ақын көкіреінде сақталған шерлі сыр, ащы шындықтың суретіне айналып шығады. Халқымыздың сорды бақ деп ұққан, жылайтын шақта күлген, ақиқатын айта алмай іштен тынған шақтарын ол нақты бейнелер арқылы да (әкесінің, өзінің тағдыры) жалпы ел басына түскен нәубет жайын суреттеп те жеткізеді. Өлке шежіресін қайта шолып шығады. Мұның бәрі – жалаң әңгіме емес, куәгер ақынның өз сезімінен қайнап шыққан жан күйзелісі. Мұны ол қалыпты өнер жолдарымен де, жыр-терме үлгісімен де жырлаған.

Ертеңіне сор күтті,
Емексіткен бақ қалып.
Аузы түкті абақты
Азамат ерді қаматып,
Жесірін түгел жылатып,
Намысты қолдан құлатып,
Өтірік ұран жаттадық.
Атылған ерлер артында
Жексұрын деген ат қалып,
Әмірші ғана отырдыъ
Әзірейіл ісін атқарып.

Осы өлеңнің толғау үлісінің өзін ақын замана туралы шерлі сыр айту үшін әдейі таңдаған сияқты. Хамиттың «Махамбетпен мұңдасуы», «Ер Исатай туған күн» өлеңдері де жаңа сөз, аруақ алдындағы қарызды түсінуден туған тың ойға құрылған. Жалпы заман заңсыздықтарының құрбаны болған азаматтар аруағын ақын қадірлей білген, олардан ұрпақ атыннан кешірім өтінеді. Кітап шер туралы болғанмен, Хамит шерлі ойға шектеліп қалмай, соның бәрін жеңіп шыққан адам рухына, оның биіктігіне жүгінеді. Екі дүркін аштық пен айдау, сүргіннен қалған елдің ұлы соғыста жеңіп шыққанын жоғарыда келтірген жолдарда ол қандай әдемі айтқан.

Шерлі тарих артын ол жарқын үмітке тіреген. «Жасын түскен, жаралы емен» — Хамит та тамырын тереңге жіберіп, тағдыр тәлкегіне мойын ұсынбайды. Өз халқының үмітті болашағымен «Шын ақынның шырағданы маздайды», «Шер толғау» оқырманын осы ойға тірейді.

Ақынның соңғы жылдары оның әлі де демікпей, уақытқа бой алдырмай, заманы мен адамды, оның көкейкесті мәселелерін талмай жырлап келе жатқанын көсетеді. Ол барды баршаға түсініп, ақын түйсігімен танып, суреттеген. Оның жыры шыншыл да сыншыл, ойы өткір, рухы азат, азаматтығы батыл.

Зауалды жақсылықпен жанаспаған
Осылай осып айтпау оғаш маған.
— «Сен бұрын қайда жүрдің?» —
дей алмайсың,
Күнім жоқ жаныққанда жақ
ашпаған,-

дейді ақын өз принципін ұсынып. Батыл ойды тапқыр айта білу де өнер. Хамит жырларының бұл жағы да көңілге ризалық ұялатады. «Өз тілім мен өлеңім» деп атапты, онда өлеңі мен тілінің тағдырын тұтас қарапты.

Өз тілімсіз өңімді түсім деймін.
Ешбір затты мен онсыз түсінбеймін,
Өз тілімде тірліктің түсін түстеп.
Түр-тұлғасын болмыстың
мүсіндеймін.
…Өз тілімде кең сөйлеп, кең
үндеймін.
Тынысы тар демікпе делінбеймін.
Шаттығы мен мұңымды ағытарда,
Темір піскен көріктің деміндейін.

Бұл жырлардың тәуелсіздік алған елдің адамдарының рухани өзгеруіне, жаңаруына ой салатыны даусыз. Хамаңа осы жолда талмай самғай бер дейміз.

Серік Қирабаев,
Академик.
«Қазақ әдебиеті» № 42. 15 қазан, 1996 жыл