Жоғарыдағы жазбалардың әр тұсында аттары аталған туыстарым хақында бір-бір сөзбен ақпар да бере кетейін. Жарықтық жылдар берешегін өзі беретіні секілді, алашағын да ешкімнен сұрамай алып қалып жатады. Сәрби әжем отызыншы жылы 93 жасында дүние салды. Бәшік одан да бұрын дифтерия науқасынан кетті. Жаратылыс заңынан тыс сұм соғыс Әмір ағайды бір баласымен қоса жалмады. Енді қалған жалғыз ағайым Қабиболла Доссорда темір ұстасы еді, автомобиль авариясы 1953 жылы оны да әкетті. Сол жылы үлкен жездем Жұмағали бейдауадан көз жұмды. Қайран маман Бағдагүл 1958 жылдың 17 марты күні 88 жасында туған топырақта жерленді. Сол тұстарда, содан сәл кейін Әбдірахман, Сәлім, Есенжан ағайларға да уақыт болды.
1945 жылы Әнуаштың өгей әкесін, 1954 жылы өзін мәпелеп өсірген әжесі аяулы Кемсіз апайды жерге бердік.
Ал, бұлардың есесіне келсек, Айманнан кейін, 1946-53 жылдары Мұрат, Қанат, Гүлжан, Қанағат есімді балаларымыз біріне-бірі тетелес туылып, базардың үлкені біздің үйге орнықты. Біздің үйге келгенде, менің ұсақ балаларыма «Ей мелочи, шуламандар!» дегенімді естігенде Ахмет Жұбанов айтқандай, бұл әлі шылдырлаған «ұсақ тиындарымыздың шытырлаған қағаз ақшаға» айнала қоймаған кезі болатын. Басқаша айтқанда, үлкендер жағы сиреп, кішкентайлар кимелеген бұл кезде Әнекең екеуміз де өзімізше орта жасқа ойысып қалған едік. Ал, жұрт болса, қос-қос домбыра, ән-күй әпенде Хамитты баяғы баз қалпынан өзгертпеген десетұғын.
Мен емен мисал ұлы ертегінің,
Егеспен өтіп жатыр ерке күнім.
Бұл қазақ бұл ғаламда ұмытпас-ау
Ұрыншақ еркелігін, тентегінің.
Адам ба жанын қинап арымаған,
Қызулы қиын өнер дарымаған?!. –
Тасимын!.. Соным үшін жармасады-ау,
Бейшара бишікештің бәрі маған?!.
Тегінде, осы тұста айтылған бұл сөздерге қарағанда сірә ел бағасының жаны бар секілді. Бәлкім оның сабасына түсе қоймауына әлі де бітпеген шырғаланды сезіну себеп шығар.
1986 ж.