Творчестволық жұмысқа біржола қол босатып алған соң, әрине, өнер бұрынғыдан бетер өріс алды. «Құрманғазының» екінші кітабы жарық көріп, одан соң екеуі бірігіп қайта шыққаннан кейін бұған көзқарас күрт өзгергенін айттым ғой. Бұрынғы поэмаларға бұл косылған соң-ақ жұрттың айтуынша «қазақ дастанын жаңа сатыға көтеруші» де болып қалдым. Күрделі ұйқасты шартты түрде үнемі сақтауда осының екінші кітабынан басталғаны рас. «Дәуір дабылы», «Өз көзімен өмірдің», «Кұн күмбез» кітаптарындағы ұлылы-кішілі шығармалар – бірінен соң бірі дүниеге келіп, менің активіме кіріп жатты. Бүкіл табиғатымен бөлек жаратылған «Жылдар, Жылдардың» алғашқы легіне де осы кезең есігін айқара ашты. Тегі, жұртшылық құптауында қайшы пікірлер ұшыраспаған, бәрі де жағымды бағаларын алған, ел өмірінің шынайы шындығы сипатында танылған осылар хақында әңгіме ұзартып жатпай-ақ қояйын. Бұл тарауда мен өзімнің әдеби ортамды, ондағы адамдардың арақатынасын әлі де айқындай түсетін кейбір естеліктеріме жол ашайын. Өйткені, бұл арақатынастан бөлініп жатқан өмір менде де болған емес. Ал, ата болған адамның кескін-кейпін содан кейін көре жатармыз. Әйтеуір бұндағы біздің мақсат, кейінгіге өтірік айтпай, окиғаны әсірелемей, өзінің сол болған күйінде қағазға түсіру ғой. Бұнда ешкім де мақталып-жамандалмайды. Кімнің болса да әр кездегі әр қилы көңіл күйі ғана беріледі (басынан-ақ солай болып келе жатыр деп ойлаймын).
Төңкеріс көшесіндегі тоғыз жыл бойы семья басын көбейткен бір жарым бөлмеден біз Қасым марқұм қайтыс болатын 1955 жылдың күзінде көштік, Сталин (Компроспект), Артиллерия (Құрманғазы) көшелерінің қиысқан жерінен, жаңа салынған үйден төрт бөлмелі үлкен пәтер алдық. Қалалық советке бірі келіп, бірі кетіп жатқан бастықтар жүйкемді мүжіп жеп неше жыл тентіреткенде көшуіме себін тигізген сол кездегі ҚКП Орталық Комитетінің бірінші секретары Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко болды да, көшірткен – кейін оның орнын басқан Леонид Ильич Брежнев еді. Ал, Брежнев тағайындаған үш бөлмені «үлкен семьялы жазушыға төрт бөлме лайық» деп сол кездегі Совмин председателі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өзгертті. Соғыстан соңғы бұл кезде пәтер проблемасының қиындығы соншалық, тіпті ордерге Совмин председателі қол қоятын. Біз бұны совет семьясына үкіметтің, әсіресе талантқа коммунист партиясының әкелік қамқорлығы деп, басшы жолдастарға шексіз рахметімізді жаудырдық. Мен бұған дейін кітаптарды текшелеп үйіп стол орнына пайдаланғам. Жаңа пәтерде өз алдыма кабинет алғанда соның растығына ілкіде сенбей жүрдім. Бала емізген әйелмен арқа түйістіріп отырып өлең жазғанымды көпке дейін ұмыта алмадым. Өйткені ол жағдай ұзақ жылдар бойына созылды. Қалалық совет өкілдері неше келсе де соны көріп «шынында да қиын екен» дейтін де, жөндеріне кете беретін. Мен олардың «есепке алындыңыз» деп, бір үлгімен қайта-қайта жазған хаттарын жинай беретінмін. Солардың бәрін бір папкаға салып, оған «Тумайтын буаз папка» деп аталатын өз хатымды қосып, папканың сыртына «әкімдер мен біздің үйдің арақатынасы» дегенді және жазып, Пономаренкоға өз қолымнан апарып бергеннің ғана жемісі болатын бұл үй.
Мен творчество жұмысына біржола ауысқан 1959-жылы «Құманғазы» зиратына жаңа кұмбез көтерілді. Бес мың адам жиналған ол салтанатқа Ахмет Қуанұлы Жұбанов екеуміз қатыстық. Ол зиратты мен 1952 жылы Бозан, Қиғаш бойларын жаяу аралап жүріп әрең тапқам. Сол сапарда әйелінің, шешесінің аттарын анықтап, бұрын белгісіз бірсыпыра күйлерін біліп кайтқам. 1954 жылы Құрекең басына Ахметті ертіп апарғам. Күмбез мәселесін сол жолы қозғап, Гурьев Облаткомына қаржы бөлгізгенбіз. Күмбез көтерілетін жылы Алматыдағы Артиллерия көшесі мен Консерватория күйші атына көшірілді. Бұл да өзінше оңғарылған арақатынастың куәсіндей еді.
Осы арақатынас дегенді аралас-құраласымыз аса күшті болған Ахмет Қуанұлынан-ақ бастайыншы. Әу баста Ахаң екеумізді табыстырған –Құрманғазы тақырыбы. Ахаң Құрманғазы творчествосын жинаушы әрі зерттеуші болса, мен бұл кісінің өміріне кұйлерін сәби шағымнан құлағына сіңірген ақын тұрғысынан келдім. Дәл осы жердегі сөз арасында айтылуға тиісті бір шындық бар. Мен басында Құрманғазыны емес, әуелі Махамбетті жазбақшы едім. Қажым Жұмәлиев «ол туралы роман жазып жүрмін, поэмасын да өзім жазамын» деген соң, ұстазымның алдын орай алмадым. Ал, Ахмет екеуміз әлгідей айырмашылықта болған соң, бұл кісі менің Құрманғазы хақындағы ойымды қуана құптады. Ахаңша айтқанда, «тертенің екі жағына пар жегілейік» дедік.
Қырқыншы жылдардың аяқ, елуінші жылдардың бас шендерінде Ахан ауыр күндер кешті. Ол барлық атағынан жұрдай болды, орындарынан алынып, партиядан шығарылды. Оған өтірік ғалым деген жала жабылды. Оның төңірегінен жұрт алшақтады. Ал, осынша ауыр жазаның бірде-бірімен іштей келіспеген мен ғана оны бұрынғыдан бетер өзіме жақын тарттым. Оның «Победасы» Төңкеріс көшесіндегі біздің кішкентай үйдің алдында түннің бір уағына дейін тұратын. Екеуміз өткен-кеткен қайдағы-жайдағыны айтып, ән-күйлрмен онын көңілін делбейтінбіз. Сөйтіп жүргенде Ахаң екі аптадай жоқ болып кетті. Бекмаханов, Сүлейменов, Есмайлов, Жұмәлиев секілді, бұны да қамауға алды ма, әлде қайтті деп отырғанымда одан жасыл лентамен кішкентай машинкаға басылған хат келді. Ол хат былайша басталады:
«Біздің елдегі бір еті тірі кедей-бай ағайынына қоңсы қонады екен. Бір күні үйіне келген көп қонақтан қымызы сарқыла бастаған бай: «Ей, пәленшеге айран құйсаң да жарайды» депті. Сонда намыстан жарыла жаздаған кедей сері үйіне келіп:
«Кел кемпір, үйіңді жық, біз көшелік,
Екеуміз ақсақ көкке мінгеселік.
Басына Қызылжардың қонып алып,
Биылша қымыз ішпей кун көшелік – деген екен. Сол айтпақшы, бұл күндерде біз дегендер Мәскеу шаһарының тұрғыны боламыз».
Сөйтсем, бұл кісі де Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов секілді Москва жағына ығысыпты.
Партия әділетсіздікті әшкерелегеннен бастап сол ауыр күндер де өтті. Бейкүнә қамалған, қудаланған адамдар бұрынғы қалпына қайта оралды. Әркімнің бет-бейнесі, бітім-болмысы біршама көзге түскен кезең осы болды.
Бұл екі мезгілдің алма-кезек екшеуі тұсында менің байқағандарым мыналар: жұт жылы өлексе жеп семіретін кәдімгі құзғын бар емес пе?.. Соны еске түсіретіндер нәубетті кезеңде едәуір бой көрсетті. Бой көрсетті емес-ау, бой көтерді, жаратылысындағы талант тапшылығын жалған патриоттықпен жауып-қымтады. Өздері түк үлес қоса алмаған ғылым мен мәдениетті олар кімнен «қорғады» дейсіз ғой?.. Сол ғылым мен мәдениетті жасаушылардан… Бұлар талантқа қарсы қатігездікті қару етті. Онымен де қоймай, ебін тауып талантты талантқа да талатты. Ал, қара бұлт ыдырап, аспан асты жадырап дегендей, жаймашуақ күн туғанда соққы астынан шыққандар алдында өз күнәларын ұмыттыруға да осылар шебер болады екен. Оның керісінше, әлгі осылар ебін тауып итше таластырған таланттар оп-оңай жымыңдасуды өздеріне ар санап, бірінен-бірі қысылып, ұзақ уақытты іштей опық жеумен оздырады екен.
Әрине, аттарын жамандап та қағазға түсіруге татымайтындар бар. Оларда менің жұмысым жоқ. Ал, әлгі оңайлықпен райласа алмай опық жескен таланттар жөнінде айтпақ керек.
Нағыз талантта іштарлық болмайды, ол Сальери емес, оған Моцарт жанының кендігі тән деседі. Рас шығар. Толстой мен Тургенев бір-біріне оқ атпаса да бір жолы жекпе-жекке (дуэльге) шығуын шыққан ғой. Оған алдыңғысының қарындасына соңғысының қызбалығы себеп болған көрінеді. Шолохов пен Эренбург қатты қажасқанда да көре алмаушылықтан емес, сондай бір сыртқы себептің дүмпуінен екенін білетінбіз. Сол секілді Ахмет Жұбанов адресіне Мұқан Төлебаев тарапынан айтылған шамадан тыс ащы айыптау да соңғысының өз тандайынан төгілген у емес-ті (ол сорлы да баяғы алғашқыдағы мен секілді амалсыз арандаған болатын). Кейін Ахмет соны сезінді. Бұны бір аңғардым. Жана пәтерге көшкеннен кейін бір шатыр астындағы көршім болған Мұқанның жан күйзелісін және аңғардым. Мұқан ол кезде Композиторлар Одағын басқаратын.
Көршім Мұқан екеуміз серуенге, кірпіш заводы жақтағы көгалға көп шығып жүрдік. Көгалда аз-кем азықтана отырып өнер хақында сыр шертеміз. Сондайда әлгі айтылған шамадан тыс ащы айыптау сөз арасына қыстырыла қалса «иа, ол бір ойда жоқ ұят іс болды ғой!..» деп қалып жүрді. Осыдан өзімше түйін жасаған мен көгалдағы көп әңгіменің бірін осы әңгімеге тура бағыттадым.
– Байқаймын, ол күннен кейін басталатын съездеріндегі баяндамада бұл жөнді не деудің қисынын таппай қиналып жүрсің – дедім.
– Рас, шыны сол! – деп сақ ете қалды.
– Ендеше, мен соның қисынын тауып отырмын.
– Иа, ол қандай?!
– Мен бозқасқа соямын… Ахаң әйелімен есіктен кіріп келгенде сен әйеліңмен біздің үйде отырасың. Дала жұртының дастарқан күшін саған несін түсіндіремін?..
– Ойпырмай, айналайын-ай!.. – деп, Мұқан құдды балаша қуанды.
Бұл жоспар тамаша нәтиже берді. Біздің үйде екеуі де иықтарынан бір-бір тонна жүк тұскендей сезінді. Мұқан «Ендігісін өзім білемін» деп кетті. Аз күннен кейін съездері ашылды.
Мұқан баяндамасында өзінің мақаласына соқпады. Баяндаманың аяғында «Енді мен председатель емес, композитор ретінде сөйлеймін» деп алды да, бір кезде өзін арандатқан адамға тиісті:
– Менің қолыммен Жұбановты сабадың. Байқадамовтың қолын маған жұмсатып көрдің. Енді бағзы бір балалардың қолымен оны сабағалы жүрсің. Сабалмайтын өзім ғана болсам дедін. Ал, айтшы, кәне, осы өзіңнен өнген не дүние бар?.. Иемденіп жүргеніңнің күллісі халықтыкі емес пе?.. Ал, өзің тым құрыса ортақол композитор Шапориннің жартысындай барсың ба?..
Анау бейшара екі құлағына дейін өрттей қызарып, жерге кіріп кете жаздады. Астанадан келген Астахов, Хренников және басқалар анаған состия қарады. Міне, сізге сол уақыттың арақатынасы керек болса…
Өмір шіркін қызық қой, соншалық әдемі арақатынастағы адамдардың да кереғар келетін кездері болады. Мен соны Қабдолов екеуміздің арамыздан неше дүркін байқағам. Сондай бір жағдай Ахмет екеуміздің арамызда да болды. Зейнолла екеуміздікіндей тым тыр жалаңаш базна байлану емес, ептеген принципті жайы байқалған соң бұны айта кетейін.
Ахаң менен аттай он жас үлкен кісі. Соның өзінде ол мені алшақ ұстамай, «сіз» деп, өзіне ұрымтал жерден сезінуді қалап отыратын. Менің ол кісімен кейде әзілге барып қала беруіме де бір себеп бәлкім сол шығар. Бір жолы ол шофер, мен пассажир болып Іледен келе жатқанымызда тамылжыған май айының жаңбырдан соңғы жұпар исін қимай, далада аз-кем аялдайықшы десем, Ахаң көнбейді.
– Күн кешкерді, көз байланбай тұрғанда үйлерімізге жетіп алайық, – деп, «Волга» жүрісін жүзден төмен түсірмейді. Ойыма қайдан киліге қалғанын білмеймін, бәлкім күлсе тоқтар деген оймен әдепкіде адам түсінбейтін бір парадоксты қойып қалдым:
– Аха!.. – дедім.
– Әу?..
– Дүниенің жүзінде менен құдай ақын бар ма?
– Қойыңыз, дүниенің жүзі болғасын сізден де мықты біреулер табылатын шығар.
– Жоқ қой ол.
– Хама, бұндай сөзді қайтесіз?.. Біреулер осы сөзіңізді де өсекке айналдыра алады.
– Дәлелдесем ше?
– Немен?.. – деп, енді Ахаң түсін бұзды, «осы шынымен айтып отырудан сау ма?» дегендей.
– Білсеңіз айтыңыз, дүниенін жүзінде, қай құрлықта, қай елде, қай ақынның шофері академик? – дедім. Ол, иығы бүлк етті де, машинаның тежеу темірін қатты-қатты басып, жол шетіне дереу тоқтатты, мотордың үнін өшірді.
– Бұндайда шофер кісі тоқтап тұрып күлмесе болмайды, – дегенді әрең айтты да, сыртқа шыққан соң ішін басып, еңкейе жүріп біраз күлді. Көңіл күйінің көтерілгені соншалық:
– Тәртіп бұзған шоферлерді ұстайтындар да шаршап, үйлеріне қайтқан шығар, – деді ақыры. Онысы – әлгі сөз әсерінен арыла алмай, менімен бірге коньяк ұрттағысы келгені еді.
Сөйтіп жүрген Ахаң екеуміз бір күні бір жолдас туралы пікіріміз келіспей, керісіп қалдық. Ақыры Ахаң өз табиғатына тіпті де жараспайтын бір асығыстық істеді. Болашақта өзі жазатын «Құрманғазы» операсының либреттосын енді менен емес, Әуезовтен алмақшы боп сол кісінің үйіне барсын… Телефон шыр етті:
– Хамит! – деген Мұхаң үні сызылып өте бір ұяң естілді, – менде Ахмет отыр, либреттоны екеулеп жазайық дейді. Мәдениеті жоғары жұрттарда біреудің ісіне біреу килікпейді. Көзімнің тірісінде Абайға бөтен-бөгде қолдарды өзім де кірістірмеймін. Сондай-ақ, көркем «әдебиеттегі Хамит монополиясына менін сұғынуым да жөнсіз болады, өзін араластырсаң, сөз басқа деп мен көнбей отырмын. Үшеулеп соавтор болсақ нетер еді?..
Мен үшеудің бірі бола алмайтынымды, Мұхтарға жандайшаптың керек еместігін және опера жақсы шықса ең бірінші – қуанушы, нашар шықса – ең катал сыншы болатынымды айттым. Басқаны білмесем де Құрманғазы образы калай жасалуға тиісті екенін білемін дедім. Сөз нәмін аңғара қойған Мұхаң: «Е, ендеше, бұл бүгін шешілмейтін әңгіме болды» – деп, Ахаңды бос қайтарған.
Ал, осы конфликт Ахаң екеуміздің арамызды жөнді суыта алмай, оп-оңай ұмытылып қалды. Өйткені, бұнда сыртқы күштің дүмпуі жоқ еді. Бұл әншейін бір қыздырудан қалмайтын ет пен тері арасындағы жел-тұғын. Ал, ондай қыздырғыш қуат біздің арамызда болды. Тегінде,
ондай қызусыз кейін мен Жұбанов туралы дастан жаза алмас едім. Ол менің шығармамның құдды Құрманғазыдай сүйікті қаһарманы бола алмас еді. Тірісінде өздері маңайына жолатпаған Мұқағали Мақатаевты өлгеннен кейін «Аспан астында ондай ешкім болған жоқ» деушілер секілді, осы күнде өлгендердің сыртынан (тірілерді мұқату үшін) өтірік айтушылар көбейіп кетті. Өздерін үлкейтіп көрсету үшін өтірік естеліктер жазушылар да көбейіп кетті. Біреу мен біреудің арақатынасындағы шындықты бұрмалап, бекерге білгішсінетіндер де солар. Мәселен, бұл күндерде біреулер Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповті араларынан қыл өтпеген татудай таныстырады, принципті мәселеге келгенде ауыз бірліктері жараса қалатын еді деп те соғады. Олардың әрқайсысы жеке тұрған тау еді десек, ол рас. Қазақ совет әдебиетінің негізін салушылар Ахаң, Жахаң, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден кейінгі осы үшеуі болған соң, бұларды Ғабиттың (өзін қоспай) «Алыптар тобы» деп атауы да жөн. Ғабиттың да сол топқа кіретіні даусыз. Ал, жаңағы соңғы үшеуінің өзара қатынасын әлгіше түсіндіру шындық емес. «Дурной пример заразительный» болмаса, осы күнгі таланттылар арасындағы қырқылжың аспаннан түскен бе?..
Ғабдол Сланов Крылов мысалын осыларға бекер қолданбаған. Ол нағыз шындыққа негізделген ащы әзіл болатын.
Жүк алды Мұхтар, Сәбит, Ғабит бір күн
Жиылып тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады Мұхтар оңға, Сәбит солға,
Жұлқиды кері қарай Ғабит шіркін…
Ол-ол ғой, ал, әзілдің нышаны да жоқ мына бір сөзді қайда қоямыз.
– Жан-жағынан шәуілдеп едіңдер!.. Ал, енді жерлерің кеңейді!.. Мұхтардың орнына егін егіңдер!..
Бұл Әуезов жерленердегі қаралы жиында айғайлап тұрып Шәкен Айманов айтқан сөз болатын. Бұның бәрінің де негізі бар, көп. Мына мысалға-ақ қараңызшы. Әуезов Ленин сыйлығын алғанда, құттықтау дегеніңіз тіпті шет елдерден де құйылып жатканда екі көше жерде отырған Сәбиттің есік ашпауы, керек десе телефон көтермеуі, немесе Сәбиттің алпыс жылдығына арналған салтанатты жиынға екі көше жерде отырған Мұхтардың келмеуі не деп ойлайсыз?.. Бұл принципті жердегі бірлікті айта ма?..
Өз басым бұған жәй пендешілік деп қарамаймын. Ондай пақыраналыққа ағаларымды қимаймын. Бұл – үлкендер бойына сіңген арғы «қазақшылық» қана емес-ау, содан бергі көне фракцияшыл платформалар сарқыншағы деп білемін. Бұл жағынан алғанда бүгінгілердің оларға соқыр еліктеуі жөн емес-ақ.
Ашығын айту керек, ағалардын әлгідей бітіспейтін егес-ерегестері жастарға үлкен залалын тигізді. Соның зардабын тартқандардың біреуі мен едім (Бұларды да татуластырғалы сойған бозқасқам босқа кеткеніне токталмай-ақ кояйын).
Мен Сәбит туралы естелігімнін басында ол кісімен ылғи да әмпей-жәмпей бола алмағанымды сыпайы ғана аңғартып едім. Бұл жолы сол ылғи да әмпей-жәмпей бола алмағаныма, оның себептеріне тоқталамын.
Мен өнерін сыйлаған ағаларымның бәрін жақсы көрдім. Солардың біреуі хақында ақ пейілімді ақтара сөйлесем екіншісіне ұнамай қалам екем деген ой менде болған жоқ. Сәбиттің елу жылдығына жазған өлеңімді, сондай-ақ, тыңға шабуыл басталған 1954 жылғы тағы да Сәбеңе арналған «Жырдың ақбас ағасы, бер қолыңнан жолдама» деп басталатын өлеңімді ұнатпай, салқын қабақ аңғартқан ешкімді көре алмадым. Ал содан кейінгі тұстарда бұл дарқаншылық өрісі қысқарайын депті. Соны да көпке дейін байқамаппын. Мәселен?.. Мәселен былай болды:
Елу жетінші жылдың күзінде Мұхтар Әуезовтың алпыс жылдығына арнаулы салтанатты жиналыс опера театрында өтті. Сәбең баяндама жасады. «Мынау факт бұларды райласуға апаратын жылылық болды-ау!» – деп, жұрт соған сүйсініп қалды. Сол жиында мен юбилярға арнаған өлеңімді оқыдым. Ол Мұхаңа да, залға да қатты ұнады. Мұхаң үлкен көздері балбүл жанып, «неткен сымбатты сөздер еді!.. деп, жұрт алдында бетімнен қайта-қайта сүйді. Сол өлеңнің бір жерінде:
Атақ-даңққа, әлде бір ысқырыққа
Қарамай-ақ келдің сен пысқырып та
Адам өзін өмірде азырқанбақ, –
Біздегі салт, біздегі іс, ғұрыпта! – дейтін шумақ бар-ды. Мен бұнда «мақтау-даттауға мән бермей, өз табысыңа тоқмейілсімей еңбек ете бердің» дегенді ғана аңғартпақ болғам. Сөйтсем бұны да бұрмалауға болады екен. Араға бір күн салып, таңертеңгі сағат сегізде телефонды тындаған бес жасар Қанағатым:
– Папа, папа, дяда Мұхтар шақырады, – деді (Мұхаң балаға өзін солай атаса керек)
– Хамит, кешегі өлеңінің резонансы қайдан шыққанын білдің бе?.. Ие, қайдан шыққан. Біріншіге /Қонаевқа/ кешегі баяндамашы ағаңның өзі айтыпты, «Ысқырық» деп отырғаны – мен депті хулиганство депті…
Мен бұны білмеген болып жүре бердім /жоғарыда «онсыз да тісін басып жүрген» дегенім осы еді/. Бір күні Сәбең өтінішімен екеуміз тауға бардық. Ол кісі «жарты жолдан күт, Хамитқа сыра даярлап қой» деп, шоферін машинамен өрлеген жерімізден кері қайтарды. Біз еңіске үш шақырымдай жаяу түстік. Сондағы әңгіменің ұзын ырғасы онша көңілді болмады. Ол кісі сөзін:
– Мына күн куә, тас куә – деп бастады. Онысы «шыным осы» дегені шығар деп түсіндім. Бұдан соң ол кісі «мен сені жақсы көруші едім» деді, мен ол кісіден көрген жақсылықтарым ды айттым. Өйткені, әдебиетте де, семьялық жағдайымда да Сәбең мен Мәриям жеңгейдің қол ұшын берген жерлері болған. Бірақ, соларды еске алу арқылы әңгіме ағысын өзіме жайлырақ арнаға түсіре алмадым. Одан ештеңе шықпағасын:
– Сәбе, сөз нәміңізде наразылық бардай. Ренжіткен жерім болса, айтсаңызшы – дедім.
– Жоқ, мен саған ренжімеймін. Бірақ, ескертемін, байқа.
– Нені байқайын?.. Нені ескертесіз?..
– Сенің Гурьвіңе депутат болып барып жүрмін ғой. Сонда мен құралпы бір адам маған сенің тегіңді жамандады. Мен оған «Жолдас хамит Совет офицері болған – кісі» дедім.
– Оныңызға рахмет. Ал, енді ана кісі де менің тегім жаман болғасын жамандаған шығар – дедім мен де, қоқан лоқысына көз жеткеріп алған соң).
– Сен саясатты білесің бе, бұл арадағы оның ойында саған сенім артпау бар ғой.
Өмірімде бұл кісінің бетіне жел боп тиген жерім жоқ еді. Осы жолы бірінші мәрте қыңыр кеттім (Москвадағы осыдан екі жыл кейін болатын).
– Сәбе, – дедім, – жамандағысы келген адам сізге де кінә таға алар еді, Сізге де сенімсіз көзбен қарауға болар еді…
– Ә?.. Маған ба?.. Қалайша?..
– Шыныңызды айтыңызшы, Сіз өз тегіңізді кім деп ойлайсыз?
– Мен бе? Мен батырақпын… Байдың жылқысын баққан кісімін.
– Ал, мен оны да баққан жоқпын.
– Сонда бұл не деген сөзің?
– Бұл – феодализмнен бүгінгілерге бірдеңе жұға қалса Сізден жұғады деген сөз. Өйткені, Сіз соның жылқысын бақтыңыз… Және де бөтендікі емес, өз ағаңыздың жылқысын бағып, сонымен табақтас болдыңыз. Ал, мен оның бірін де істеп көрген жоқпын. Әкесіз қалған Сәбит жетімді феодализм өсірді. Әкесіз қалған Хамит жетімді Совет үкіметі өсірді.
– Сен енді өйтіп… Жә, жарайды…
Шофер тұрған жерге жетіп қалдық та, әңгіме осылай үзілді Сәбең аздап, мен көбірек сыра іштік. Сөйтіп отырғанда, әлі де арынымды баса алмай:
– Сәбе, – дедім, шофердің көзінше, – Гурьевке енді барғанда жаңағы шалыңызға айтыңыз. Социализмнің қас жауын ол өлтірген жоқ, мен өлтірдім. Феодализмнің қойын баққаны рас болса, ол да ойлансын…
Тағы да осы ойымды таратып бір шама жерге апармақ едім, Сәбең бұл әңгіменің шофер көзінше жалғасуын ыңғайсыз көрді-ау деймін:
– Хамит, керегі жоқ, әлгі айтылғанның бәрі сол айтылған жерде қалсын… – деді.
…Шынында да әлгі айтылғанның бәрі сол айтылған жерде қалған екен деп жүре бердім.
Сөйтсем… Қайдан-ау…
Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда елдің бәрі жылады. Мен де жыладым. Жылап қана қоймай, егілген жүрек шерін өлеңге айналдырдым.
Айтпан сірә мұңсыз күн кешемін деп
Мұхтары жоқ қу жетім өлеңіммен!..
Бұл арада «үлкені өлгенде кішкенесі жетімсірейтіні» айттым ғой десем, осы сөзбен тағыда ағайымды ренжітіп алыппын. Бұның алдындағы, бір жыл бұрынғы Москва қақтығысы және бар ғой. Сәбеңнің бұл жолғы ренішін де естідім. Бұны да білмеген болып жүре бердім. Бірақ, бұның салдары маған қатты соққы болып тиді. Енді Сәбең мені былайша жазалады.
Қазақ әдебиетінің 1963 жылы Тәжікстанда өткен онкүндігі кезінде мен көбірек мақталдым. Маусымдық баспаның тәжік, орыс тілдеріндегі бәрінде дерлік мен туралы мақала, менің суреттерім, менімен интервью қаптап кетті. Менің тәжік достарым Миршакар, Ниязи, Шухуки, Аминилер де бастығымыз Сәбеңнен гөрі мені төңіректей берді. Лахути юбилейіне барғаннан бастап бұлар мені басқа қазақтардан әлде қайда жақсырақ танитын. Осы жігіттер мені Сәбең қасынан алып кетіп, өзіме дербес машина берген. «Осы бір артық қошаметі түскір маған жақса жарар еді?!» деп іштей қысылып жүрдім. Өйткені, Сәбең қабағында ептеп бір шытқыл шырай байқалып жүрді.
Соңғы күннен бір күн бұрын өлең арнаған героиням Мавджуда мені қонаққа шақырды. «Мен де барайыншы» деген соң Бекхожин Халижанды ертіп бардым. Ал, соңғы күні күндіз Халижан өлеңін тәржімалаған тәжік ақыны Фаррухтың үйінде тағыда екеуміз қонақта болдық. Ол үйде бізден басқа да орыс, тәжік ақындары әйелдерімен отырды. Бірінен соң бірі келіп жатқан дастарқан дәмі аяқталмай-ақ Халижан мас болды, әркімді бір шарпыды. Ақыры өзінен-өзі бүлініп сыртқа шықты, жолдастармен қоштасуды да керек қылмай, машинаға кіріп отырып алыпты. Мен оны қайтып келеді екен деп, әдемі әңгіме үстінде отыр едім:
– Ана кісі машинадан түспейді, Сізге шықсын деп жатыр, ең басты тағам әлі дастарханға келген жоқ. Одан ауыз тимей қалай кетесіздер?.. – деп Фаррух менің құлағыма сыбырлады. Мен Халижанның әрекетін «шаршап қалдыға» сайып, кешкі қабылдауды естеріне салып, екеуміздің атымыздан рахмет жаудырып, қысқасы жолдасымның томырық, рабайсыз қылығын жуып-шайып, соңғы асына қарамай мен де сыртқа шықтым. Отырғандар орындарынан тұгел көтеріліп, бізді шығарып салғалы маған ере шықты. Бәрі де екеумізді «ағатайлап» құрақ ұшып жүр. Машинаға міне бергенімде Халижан менің жер-жебіріме жетті, үндеген жоқпын. Қоштасқалы қолын созғандардың қолдарын қағып жіберді.
– Тезірек жүр! – дедім шоферге. Фаррух бізден қалмады. Ол байғұс «бұның арты не болар?!» деп қысылып жүр.
Былай шыққасын:
– Ай, ит-ай, жерге қараттың ғой, қазақ атына кір келтірдің ғой! – дедім Халижанға қазақшалап.
Ол бұрынғыдан бетер құтырсын. Фаррух аз-кем ашу басайық деп, жолшыбай өзінің ремонт жүріп жатқан бір оңаша үйіне әкелген соң, мен соған көніп машинадан түсе қалсам, анау шоферді желкесінен нұкып, балағаттап «жүрде, жүрдің» астына алды. Ыза қысқан шофер бізді тастап кете барды. Біз «мас барып ұйықтасын» деген оймен жарым сағаттай иесіз үйде аялдап, қазақтар жатқан резиденцияға таксимен келсек, бүкіл қазақ Сәбең бөлмесіне жиналған. «Жәбір көрген» Бекхожиннің «рапорты» бойынша Ерғалиевтің мәселесін қарап жатыр екен. Көзі ілмиіп Бекхожин отыр. Бұл жерде біздің төзім түгесілді. Бекхожинді боқтап жібердім… Орысшалап…
Сәбеңнің күтіп жүрген сағаты соққан екен, менің берген түсініктерім оған ешқандай әсер етпеді.
– Сен банкетке бармайсың, – деді. Бармай, бөлмеме келген Фатих Ниязиға болған жайдың бәрін түсіндіріп, рахмет айтып, шешініп жатыр едім.
– ТКП Орталық Комитетінің Бірінші секретары Расулов жолдастың өзі шақырып жатыр. Сәбиттің бұл байламы дұрыс емес, ертең Алматыға өзім айтамын, Хамитта кінә жоқ деймін деп отыр. Үлкен кісі күтіп отыр… жүріңіз! – деп, Фатих қоярда-қоймай қабылдауға мені алып барды. Мен ұзын столдың ең ақырындағы бос орынға «осы да жарайды» деп отыра кеттім. Расулов мені көрген бойда кешті жүргізіп отырған Тұрсын-Задеге еңкейіп бірдеңе деп еді, анау орнынан тұрды да сөзді маған берді. Бұл кезде (маған дейін) Жұбан, Сырбай, Әнуарларды былай қойғанда, Тайыр, Ғалилардың өздеріне де сөз беріле қоймаған екен.
– Атом молекуладай емес бөлшектелмейді деуші еді. Оның қалай-қалай жарылатынын көріп отырмыз. Дегенмен табиғатта бөлшектелмейтін бір тұтас дене бар. Ол – Совет Одағындағы халықтардың жан жарастығы мызғымас достығы. Мен сол үшін тост көтеремін! – дедім. Рюмканы ерніме жақындата бергенімде Ниязи: «Подожди, Хамит!» – деді. Қарасам, сонау зал төрінде бізге қарсы қарап отырған, Расулов бастаған үкімет мүшелері, Тұрсын-Заде, Миршакарлар түгелдей шұбырып маған қарай келе жатыр. Қазақтардың бәрін жолда қалдырып, маған келді де, күллісі кезекпен мені сүйіп шықты, міне осы сәттегі Сәбеңді көрсеңіз!.. Қалың беті ісініп, түтігіп кеткен.
Сәбең Алматыға келген бойда аэропорттан тура ЦК-ға кіріп, әлгі оқиғаға саяси астар бергізді. «Ұлттар достығына нұқсан келтірген» Ерғалиев пен Бекхожинді партиядан шығартты. Халижанның сол күздегі елу жылдық тойы күйіп кетті. Расуловтың звоногына дейін біздің тағдырымыз шешіліп қалды да, біз партия сыртында бір жыл жүріп, ақыры билетімізді қайтып алдық. «Аққа құдай жақ» дегендей, артынша менің елу жылдығым өз дәрежесінде өтіп, мен орден алдым. Банкетімде Сәбең тамада болды. Әңгіменің қызығы бұнда да емес. Әлгі ауыр бір жыл ішіндегі адамдардың арақатынасын білсеңіз!.. Ол жылдан есте қалған мынадай әңгімелер бар:
Осы бір жыл ішінде Алматыдан, Москвадан шығатын менің шығармаларым тоқталды. Ертеңін ойлап жарытпаған есер Хамит қысылайын деді. Абырой болғанда, әйелінің сырға, жүзіктер сатқанын білмедім. Дәл, осы тұстағы гу-гу әңгімелер:
– Сені де көргені көп атақты азаматтың қатыны деп жүрдік-ау!.. «Ұяты күшті сыйлы елге өзің бастап барып, өз қолыңмен екі бірдей ініңнің белін сындырып қайтпа!.. Елден ұят болады!» – деп, кеудесі кеуіп-піскен байыңа басалқы айтуға жарамағанда неменеге бардың со жаққа?.. Осында келіп қайран жігіттерді тағыда жамандау үшін бе?.. Тьфу!..
Бұл таудағы санаторийде, толы жұрттың алдында Мариям Сәбит әйелі Мұкановаға Рәбиға Ғарифолла әйелі Құрманғалиеваның айтқаны.
– Жазғандары ауыздан түспей асқақтап кетіп еді, Ерғалиевқа сауап болған… Ал, анау біздің арғын жігітке обал!.. Соның өзін анау әңгүдік атып тастай жаздапты ғой…
Бұл филармония директорының кабинетінде бір топ өнер адамына Жүсіпбек Елебековтың айтқаны.
– Сен неге Хамитқа аударма алып бересің? Неге аванспен астыртын ақша төлетесің?.. Жалпы, сен соның үйіне неге барасың? Партия әділ жазалап отырғанда сен неменеге жалпақ шешей бола қалдың? Қой, сен оның есігін ашпа! Пусть почувствует!..
Дегенін істете алмаса да, бұл үйінде отырып, Зейнолла Қабдоловқа Әбдіжәміл Нұрпейсовтың айтқаны.
– Қап?.. Алда, сорым-ай!.. Ей, мен құтырған уақытта елу жылдығымды есіме неге салмадың? Мен сонда артымды қыса қоятын едім ғой.
Бұл, әрине, су жағасында, қойтастар арасында отырып Ерғалиевқа Бекхожиннің айтқаны. Бұдан әрі ұзартпасақ та, осының өзінен-ақ адамдар арақатынасының неше түрі көзге ұрып-ақ тұрған жоқ па?..
Енді бір сәт мақтансам, тегі, соның айып-шамы бола қоймас. Мен Сәбеңе бұдан кейін де жамандық ойламақ түгілі, тілемедім. Өйткені, мен қазақ совет әдебиетін Сәбиттен бөліп қарай алмадым. «Ә…»-нің үйінде Сәбит Ғабитке ауыр сөз айтып оның арты үлкен шатаққа айналыпты, – деген сөзге де мен селт етпедім.
Сәбең марқұм өмірінің кейінгі жылдарында «іні көңілінде дақ қалмасын» дегендей, мені көрген сайын ерекше ізет, ілтифат аңғартып жүрді. Талай дүркін қонағында болдым. Тауға да қаладан сорпасымен ет пісіртіп алдыма қойғызды.
– Хамит-ау, осы біздің екеуден екеу түскен суретіміз жоқ екен. Фотошыны шақыршы – деген ол, қайтыс боларынан жарты ай бұрын, «Ала-Тау» санаторийінде жатқанымызда. Сондағы түскен суретімізді «Казақ әдебиеті» менің алпыс жылдығымда жариялады.
Ал енді тағы да бір тарих «осы араға сұғынсам» деп сұранып тұр. Бұл жаңағыдан он бір жыл бұрынғы оқиға. Бұл «баяғы 1954 жылдың күзі болатын. Таудағы санаторийде «Жас ана» поэмасын қайтадан редакциялап жатқанымда ҚКП Орталық Комитетінің насихат бөліміне шұғыл шақырылдым. Ондағы жолдастың айтқаны:
– Ертеңгі секретариатта сіздің мәселеңіз қаралады. Қаулының мына жобасымен таныстым деп қол койыңыз. Секретариатта айтатын сөзіңізді екі-үш минуттан асырмайтын етіп даярланыңыз.
Секретариатта күшіне енуге тиісті мына жоба бойынша ертең менің партия қатарынан шығарылуым керек екен. Не үшін?
СССР Жазушыларының II-съезінен келген бетте дығал-дығал екі подвалдық мақала жазып, оны «Съезден кейінгі кейбір ойлар» деген атпен «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялағам. Онда бірінші съезден кейінгі 20 жыл ішінде ұлы асулардан асқан көп ұлтты совет әдебиетін, соның санатында – алыстарға танылып бедел биіктеткен қазақ әдебиетін мақтан ете отырып, заман алға тартқан жаңа міндеттерге тоқталған едім. Делегат ретінде съезден алған әсерімді суреттей келіп, ондағы баяндамаларға басқа республика, өлке, тіпті Туба секілді облыстық әдебиеттерден көптеген шығармалар енгізілгенін қызыға атап өткем. Ал, біздің ол баяндамаларда аталу үшін күні бұрын ешқандай мәлімет бермегенімізді сынаған едім. Съезд ашылардан бір күн бұрын бастығымыз Ғ. Мұстафин бір жапырақ қағазға үш адамның фамилиясын жазып алып, әр баяндамашының соңынан бүлкілдеп жүріп еді, соны да өткізе алмады, «неткен дәрменсіздік?» деп жазғам. Одан кейінгі тағы бір жерде «сөйтіп бастығымыз Ғ.Мұстафиннің керенауылығы кесірінен қазақ шығармалары баяндамаларда көріне алмады» деген сөйлем бар еді. Міне, осы соңғы сөйлемді Ғабекең П.К. Пономаренкоға апарып, «шынында да мынау саяси қате пікір екен» дегізіп алған. Ол үшін орысша аудармасында сөйлемнің Сөйтіп, бастығымыз Ғ.Мұстафиннің керенаулығы кесірінен» дейтін бірінші жартысын алып тастап, екінші жартысын «На всесоюзном Съезде писателей казахская литература не показана подобающим образом» деп аударған, яғни өзгерткен. Міне, мен тек сол үшін ғана партиядан шығуға тиісті екем (жазаның ол түрі де Ғабиден ұсынысы көрінеді).
Сол күнгі номерге қол қойған редактордың орынбасары Бари Мәзитов екеуміздің мәселеміз он алтыншы кезекте қаралды. «Автормын ғой, әуелі мен сөйлейтін шығармын» дегенімде, «Жоқ, тәртіп бойынша әуелі редактор айтады» деп Бәкең өзінше түзетті. Сол келісім бойынша, есіктен кірген бойда оқылған жобадан кейін, Бәкең сөзін: «Большевикше мойындау керек, мен үлкен қате жібердім» деп бастап еді, байғұс шіркінді Бірінші сол жерден тоқтатып тастады:
– Өзі мойындады ғой, сол жетеді, қызметінен босатылсын, жазба түрде қатаң сөгіс берілсін дегенге келісеміз ғой, – деді ол; оның саудасы сонымен бітті де кетті.
Секретариатта күллі министр, іштерінде сап-сарыала генералдары бар – нобайы сексенге жуық адам отырады екен. Бәрінің саған қарағаны сұсты-ақ. Мен есікке жақын отырған Ғабиденнің тура желкесіне келіп тұрдым.
Пономаренко қабылдауында бұған дейін екі мәрте болған едім. Біріншісін пәтерге байланысты жоғарыда айттым. Екіншісінде – өзі шақырып алып, Съезде сөйлеген сөзімді ұнатқанын, көтерген мәселелерімнің дұрыстығын айтқан. «Менің партизандарым ішінде Ерғалиев деген болған, сол сенің аған емес пе?» деп сұраған. «Ондай ағам жоқ, менің ағам рабочий батальонда жүріп өлді» дегем, «Үйіңнің ішкі жұмыстары бітуге қалды, біткен күні көшесің, алдын ала құттықтаймын!» деген, мен рахметімді екі тілде жаудырған едім. Сондай бір жылы шырайлы қалпында қалған. Қазір де ол Мәзитов тұсында суытқан түсін сәл жылытып:
– Ал, кәне, ақынды тындалық, – деді.
– Егер, – дедім мен, өзімді мейлінше еркін ұстап, – Мұстафинді сынау саяси кате болатын болса, мен сол қатемді тереңдетсем деп тұрмын. Бұдан кейін қате деп танылған жалғыз сөйлемді Ғабекең мен бөлімдегі нұскаушының калай бұрмалағанын түсіндірдім. Содан соң әлгі съезден бір күн бұрын баяндамашылар соңынан бүлкілдеп желгенін суреттедім. Осы жерге келгенде сол кездегі үшінші секретарь Фазыл Кәріпжанов:
– Жолдас Ерғалиев, Мұстафинді кайтесіз, өзіңіздің ұлтшылдық сарындағы мақалаңыз жөнінде айтыңыз! – деп, жалғыз көзін шақырайта қарады. «Кет әрі, ұлтшылдық өзіңмен кетсін!» десем, ауа жайылып, жүйемнен жаңылып қаламын-ау деп, сәл абыржып тұрғанымда столының сыртында әрі-бері адымдап жүрген Пономаренко:
– Товарищи, не будем мешать, давай-давай, Хамит, продолжай! – дегені. Мына сөзді есітіп алғаннан кейін Фазылға пысқырғаным бар ма, – ҚЖО-ның басшылық стилін ақсақализмнен бір-ақ шығардым. «Екі кластық білімі бар шала сауатты милиционер» бастығымыздын бетіне жел болып тигеннің «желкесі киылатынын» айттым. Ғабекеңнің «Шөміштен қысу» дейтін белгілі қағидасын «өзіне жақпаған адамның шығармасын басқызбау, ашықтыру» деп те жатырмын. Қойшы, әйтеуір 22 минутта ойымдағының бәрін үлкейтіп үлгердім.
Бір минуттай пауза… Сол пауза тұсында Пономаренконың екі көзі Ғабекеңнен ауытқымады. Онысы – «Өтірікші екенсің ғой!» деп тұрғандай еді. Пантелеймон ағайдың бұдан соңғы айтқаны:
– Вот что значит сигнал снизу… Есть предложение создать комиссию, пусть проверит внутреннюю кухню Союза писателей. А что касается Ергалиева – ограничиться высказанными замечаниями.
Осының артынша Пономаренко Польшаға елші болып кетпегенде Ғабекең жағдайы қиын еді. Ал, Бари бейшара менен бұрын килігемін деп босқа күйіп кетті. Маркұм мені көрген сайын соны айтып өкінетін: «Сенен бұрын сөйлеуге мені шайтан итермелеген, шайтан!..» деп басын шайқайтұғын.
Міне, ағалар «артықшылығы» біздерді осындай да күйлерге ұшыратып жүрді. Олар өз-ара дұрыс қарым-катынаста болғанда біз жоғарыдағыша бірін жақсы көргеніміз үшін біріне жексұрын көрінбес едік. Олар сыннан әлгіше қорытынды шығармаса, біз де жаңағыша тентіремес едік, жаңағыша ащы сөйлеуге бармас едік.
Бұлар пәлендей күншілдік көрсетпесе де кекшіл болды. Оны жасырудын керегі жоқ. Оны жасыру – бүгінгі буынға қиянат: олар кеткен соң ұрпақ азды деу ұят болады. Бүгінгі буынның бойындағы кесел солардан калған. Олардың бұл сырқаттан арыла алмауына жоғарыда айтқанымыздай объективті себептер болды. Ал, бүгінгі буынның ол инфекциядан арылуына мүмкіндік бар еді. Соңғы жиырма шақты жылда белгілі бір жүзі қаралар жүзге бөлуді ойлап шығарды, ескі жараның қанын шығара қасыды ғой.
Ал, бұдан соң не дер едім?.. Бұдан да үлкенірек сөзім бар дер едім. Атап айтканда ол былай:
Бұл тараудағы ауанына қарап, ата сақалды алпыс жасқа дейінгі, яғни, баспа қызметінен бергі он жеті жылын шырғалаңға шығындаған екен деп ойлап қалмаңыз. Тіпті де олай емес. Керісінше… Әлгілердің бәрі де ол кездегі маған әншейін жұмыс сағаттарының сыртындағы еріктен тыс ермектей көрінді. Нансаныз, тіпті соларға содан артық мән бергендей уақытым да болған жоқ. Оны айтасыз, тіпті елу, алпыс жылдық мүшелдерім тұсында әуелі үлкен бір томдық, кейінгісінде екі томдық поэзиямды бастырып шығарғанда, «Кұрмет белгісі», тағы да Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталғанда еңбек зейнетінің рахатын сезініп бір сәт дамылдайыншы деуге де менің мұршам болмады.
Адамның төңірегін, өз орнын, мезгілін жіті көріп, жыға танып алғаннан кейін өзінен өзгеше бір жаңа күш өндіретін кезеңі болады десек, мен дәл сол кезеңді осы түстан бастағандаймын. Бұған, әрине, жан-жақты есейгендігім, ащы- тұщы күндерден жинақтаған тәжірибем де себеп болған шығар. Алайда бұның нсгізгі қозғаушы қуаты қайшылығы мол заман ұлылығында жатты. Ядролық дәуірдегі тұтас дүние тағдыры, ел өміріндегі елеулі бұрылыстар сипаты, өміріміздегі өкініштер сабағы, – осылардың әрбірі өз тарапынан өнерлі сөз талап етті. Осылардың бірде-бірінің талабын мезгілінен кешіктіріп өтеуді өзіме күнә санадым. Мәселен?..
Мәселен, Александр Македонскийді мен жақсы білемін. Өйткені, өзімнің де Македонскийім болған. Әрине, мен оның атын атап ажалға қарсы айғай сала жүгіргенде өлсем де ұтып өлемін дедім. Жауды ұту үшін өз Македонскийімді ұран еттім. Одан ба, одан емес пе, – әйтеуір, сол шабуылда ұттық. Бірақ сол кездің өзінде «қанша дегенмен қолдан жасалған құдайсың ғой, сенің де мінің бар шығар-ау?» деген ой миыңның бір жерінде жатса-ше?.. Енді сол ойың расталып, сол ойыңды іске қосатын уақыт «сөйле!» деп тұрса-ше?.. Соны мінеу-шенеуден ауыспай жатқанда Хрущевтер Лениннің обкомын бөлшектеп, лениндік кағидалардың нормасын бұзып жатса ше?.. Осыны айыптауын айыптап алып, сонсоң өз-ара жұлдыз бөліскендерді көзіңмен көріп, сыртыңа шығара алмай сыздасаң ше?.. Тегінде, бұл бұлақ суын жуық маңда тұндырмайтын ұзын желілі ылай болды-ау деп шамаладым. Ендеше, өмірдің ілгерілеу ағысына араласқан ылайға қарсы жуық маңда түгесілмейтін кітап ашу керек екен дедім. Сапасы жақсы ма, жоқ па, – ол арасын білмеймін, – әйтеуір, сол кітапты мен аштым. Сол кітап «Жылдар, жылдар…» дегем атпен ширек ғасыр сөйлеп, әлі түгесілмей келеді. Зады, соның мен тіріде түгесілетін түрі жоқ. Бұны әзір дұрыстап танып жатқан жан да жоқ, біреудің соны дұрыстап тануын керексініп жүрген мен де жоқ.
«Жылдар, жылдар…» да кейбір тұстарда ащы шындықты тыржалаңаш күйінде әшкерелегені үшін бюрократтардың шамына тиді. Шамына тигендер жоғарыдан «Тоқтат!» деп жарлық шашып та көрді. Мен бұл кітаптың бір жерінде валюнтаризмді, оның дарақылығын сынай келіп, жалған белсенділікке шүйліккем:
Бізде де Қазақстанда
Болған-ды сондай білгіштер.
Өкпесін мансап қысқанда
Өлкеге жерді бөлгіштер.
Домбыраны жұмсап музейге,
Табақтағы еттен аттаған,
Қашанғы момын киіз үйге
Қарғыс жоқ олар атпаған, – деген едім. Ол «Домбыра мен киіз үйдің заманы өтті, енді олардың музейлік қана мәні бар. Ал, қонаққа қой сойып қонақасы беру дегеніңіз – феодализмнен қалған шірік әдет» деген идеолог-хатшымыз Нұрымбек мақаласынан туындаған жолдар еді. Оның ойынша қазақтың алдындағы асын, үстіндегі үйін, көңіліндегі күйін тонап алып, оны мүлде басқа халық жасайтын уақыт жеткен екен де, оған қарсы сөйлеу «масқара» болады-мыс. Әйтпесе Нұрекеңнің ЦК-дағы Қ. деген қосшы баласы:
– Мынау өлең масқара ғой, дереу тоқтат! – деп цензураға бұйрық бермес еді. Бірақ, тоғышардың ол бұйрығы менің сынымды тоқтата алған жоқ.