Ғұмырнама

Коммунист проспект менің көшем…

Коммунист проспект менің көшем,
Алаңында – биікте – Ленин көсем.
Үй, мекемем, үкіметім – бәрі осында, –
Тіпті жөн-ақ осыны елім десем! – деп,

басталатын өленді жазғанда жиырма төрт жыл тұрған бұл адресті төте мағнасында-ақ пайдаланған едім. Сол үйден шынында да қозғалмауға бекінген едім. Бірақ, сенің қалауыңнан қашан да өмірдің өз жарлығы күштірек емес пе, – құтты ғана мекенімді қимасам да түрлі себептермен 1979 жылдың көктеміне салым қоныс аудардым. Содан бергі ұямыз Чайковский, Жамбыл көшелерінің қиысқан жерінде. Бұндағы жұмыс орным бұрынғыдан әлде қайда жайлырақ. Әсіресе, жаз айларында дарқаншылығы мол: Маяковский айтқандай, ой толғағы қысқанда әрі-бері адымдап жүріп кететін лоджия, балкондары бар.

Баяғы бір жылдардың қай айында қандай жай-күйлер кешкенімізге дейін ұмытпаушы едік. Енді сірә, бір ірілері болмаса, қай оқиғаның қай жылы болғанын да ажырата алмай қаламыз. Осыны жұрт жастың ұлғайғандығынан көреді. Оның үстіне соғыстан алған контузияның зардабы ма, әлде әлі күнге дейін қалам ұстасам ауыздан түспейтін темекісі түскірдің кесірі ме, – әйтеуір мен соңғы кездерде ұмытшақпын. Мәселен, сіз маған осы отырғанда Шекспирдің «Ричард – III», Сонеттер, «Гамлет», «Дуалы түнгі думан» (Сон в летнюю ночь) деп аталатын шығармаларының кайсысын қазақшаға қай жылы аудардыңыз десеңіз, мен соны жатқа айтып бере алмаймын. Ол-ол ғой, өзімнің соңғы кезде жазған «Қыз хисса», «Жанарымда жұмыр жер», «Алтын зерең» атты кітаптарым бар емес пе?.. Солардың шыққан жылдарын да айту үшін өздерін кітап сөресінен алып көруге тура келер еді. Ал, өйтпей, осы отырған жерде еске түсіріп көріңіз десеңіз, онда бұлардың жарық көрген жылдарын былайша білгізер едім:

«Қыз хисса» Жадыра жарақатынан бір жыл кейін жазылды. Өйткені «Қызыл Ту» парткомының «Бейшара бала былтырғы сап-сау аяғының орнына биыл протез киіп жүр» дегенін естіген жылы-ақ жазып бітіргенім есімде.

«Жанарымда жұмыр жер» Қадыр Мырзалиев Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алардан бір жыл бұрын жазылды. Өйткені, сол сыйлыққа осы кітабым ұсынылғанда үкімет комиссиясына самоотвод жазып, бұл сыйлықты арғы жылдан күтіп жатқан Қадыр шығармасына беруді өтінген едім.

Ал, өзіме осы сыйлықтың Лауреаты атағын әперген «Алтын Зереңім» Қазақ республикасының алпыс жылдығынан бір жыл бұрын жазылды. Өйткені, бұл кітап сол тойға тартуым болатын. Сондай-ақ, Халық жазушысы атанып, «Халықтар достығы» орденін омырауға таққаным өзімнің жетпіс жылдығыммен тұстас жатыр.

Ұмытшақтығымды осынша дәлелдеуім бекерден бекер емес. Бұл күндерде мен осы кемшілікті қанша жамандасам да, көп жағдайда соның көмегін сезінетін секілдімін. Бұл өзі болмашы бірдеңелерді жіпке тізіп, соған мән беріп отырудан адамды босататын көрінеді. Информация тасқыны қоюланған сайын соның ірілерін іріктеу үшін біздің жасымыздағы адамға осы пайдасыз емес. Бүгінгі әдемі өсіп келе жатқан жастар арасында «нағыз поэзия өзімнен басталады» дейтіндер де жоқ емес деседі. Соны естігенде мен күлемін. Бірақ, әлгі сабаздың аты жадымда ұзақ сақталмай, әрі-беріден соң кімге күліп отырғанымды ұмытып қаламын. Ондайлар тек баяғы бір кездерде сөйтіп жүріп, кейін аты ұмытылып қалғандарды ғана еске түсіреді.

Әзіл өзінше ғой, шынында не жазғаныңды емес, не жазатыныңды ұмытпаған абзал. Көкірегіңе көр-жер кіріп кетпей, идеалың ғана ұяласа, сол абзал.

Бұл күндерде біздің үйдегі телефон шырылдауы бұрынғысынан кеміген жоқ. Баспа орындары әлі сол баяғыша мазалайды. Табиғат мені Досжан атам секілді ендігі жерде соқыр еткісі келіп еді. Бірақ, медицина менің тағдырымды катаракт тәлкегіне бермеді. Операциядан кейінгі көзім азырақ оқып, көбірек жазуға ебден жарайды. Буындарым қаттырақ ауырып қалғанда болмаса, жаңағы маусымдық баспалар тілегін де уағдалы уақытында орайына келтіріп отырамын.

Соңғы кезеңде телефон соғушылардың жаңа легі пайда болды. Олар менің балаларымның үйлерінен:

– Айманның үйінен!..

– Мұраттың үйінен!..

– Қанағаттың үйінен!..

– Гүлжанның үйінен!..

Баяғы Әмір ағайдың Нұржамал есімді қызынан туған Мағзом Сүндетовті, баяғы Қабиболла ағайдан қалған Ермұрат Жармұқамбетовті де өз балаларым қатарында өсіріп, үлкен-үлкен азамат, жазушы, көркем аудармашы болып шығуына көмектескен едім. Олардың үйлері де менің отауларым іспетті. Аталған үйлердің бәрінде де менің кішкентай достарым – немерелерім бар. Телефонға тыныштық бермейтін көбінше солар. Әрине, бұлар менің баға жетпес байлығым. Алайда, осылар мені көптеп көлемдегеннің өзінде мұңсыз ұстап отыра алады деп ойлайсыз ба?.. Олай ойласаңыз қателесер едіңіз.

Мен кейде мүлде баска бір телефонның түбінде отырғандай сезінемін. Жаңа бір ортаға ауып келгендей, бұрынғы мекенім басқа бір жерде қалып қойғандай құлазимын. Әр дыбысы, индукция ішіндегі тынысы алтыннан қымбат қаншама қасиетті аға-құрбыларым, ізет тұтқан інілерім ендігі телефоннан естілмейді. Есік қоңырауын басып, үйге кіріп жатқандар ішінде де олардың көбі жоқ. Оларға айтып дағдыланған сөздерімді ендігілердің көбі түсінбейтіндей. Бірдеңені ойланбай айтудың өзі оғаш. Күні кешегі алаң-ашық сені біреулер «сіз» деген сайын ақ жарқын сыршыл өмірің сырт айнала беретіндей. Тіпті кейбір жастардың сөзі саған түйеден түскендей, тым өр сөйлейді. Бұл өз алдына бір жүйе.

Ал, бағзы бір уақытта мен күнәсіз отырып, бір кезде күшті делінген күндердің күйігін тартамын. Қошемет-қолпаш үстінде қолтаңба қалдырғаным, соған кәдімгідей ден койғаным, басталған шаруаны біткен іс деп ұққаным секілді, бастан кешкен жәбір-жапаның өзіне менің қатынасым болмаған ба?.. Неге болмасын… Тежелетін жерде іркіле білмегеніме өзімнен басқа кім жазықты?.. Мәселен, аға кісі не себепті менің жаныма жақсылығымен ғана жағуға тиісті?.. Ау, жарқыным-ау, оның кемшілігі де менің меншігіме берілген мектеп болмады да? Алдымда жүргендіктен мен басатын шоқты ол басса, сөйтіп, ол шоқтан мен айналып өтіп, опығын ол жесе, сонын өзі маған одан түскен олжа емес пе?.. Мезгілінде соны білсем, аға деуге тұратындардың бірде бірінің бетіне жел боп тимес едім… деймін. Енді осының бәрі біртіндеп ішіңе тұйықтала бергеннен кейін, «мен алаңғасар ақымақтау болдым!» деп, ешкімге айғайлап айта алмаған соң, сен де бір жартылай жария пенде боп шығасың. Бұрын ондай қасиетің болмағанын ойлап отырасың да, өзіңді өзің жатырқайсын. Бұл сонда іш күйік емей немене?..

Міне, бұл секілді кер-маза күйге кептелген шақта: «Ойпырмай, бұл күй басына түскенде өлеңі жок, яки, өнері жоқ адамдар өздерін немен асырайды екен?..» деп те қаламын. Ал, өзім болсам, құдайға шүкір, бүгінгі өмірдің шындығына шығаратын соны соқпаққа қиялап барып түсіп аламын да, желе-жортып жөнелемін. Осы отырғанда мен «Жедел толғау» деп аталатын он баспа табақ мүлде жаңа кітаптың авторымын. Осынша жасқа келгенше тап мұндай көлемде, жаңа жырларды ұш жыл ішінде жазып көрген емеспін. Ал, сөзге, ойға қоятын талғам-талабым бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бір кезде Мұхтар Әуезов байқаған, өлең жолдарының ара-арасында ұшырасатын ребустерге мен бұл күндерде барынша қатал көзбен қараймын. Сонда қалай? Жас күндегімнен қуатты боп кеткенім бе?.. Әрине, олай емес… былай:

Тіршіліктің көктемнен кейін буын қатайтып, шүйде көтеретін маусымы– Жаз айларының да жаңбырсыз жанып өтетін жылдары бар-ау… Жақсы деген дала жолының да ауыр асулары, тіпті жүріс өндірмейтін кедір-бұдырлы кезендері болады-ау… Қоғам өмірінің қозғалысында да осыларға ұксас, елге оқтын-оқтын тынышсыз тиген уакыттар есімде. Олардың бірсыпырасы осы дәптердің әр тұсында кадау-қадау көрініп қалып жатты. Ал, талант тынысын ең алдымен елдің көңіл күйі белгілейді. Ел айта алатын сөзді ғана ол айтады. Ел көкірегінде торланған ойдың бәрін бірдей сыртқа тептіруге оның шамасы келе бермейді. Бұл орайда мен мына бір шындықтарды еске түсірер едім. Ұлы Октябрь жеңісіне жетер жолда, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының төрт жылғы барысында халық бойынан өнген ғаламат күштер талант бойынан да талай тамаша дүниелер тудырды. Ол дүниелер мезгіл озған сайын тарихтың шырайын шығара түседі. Мен осының соңғысына тікелей куәмін. Қазір қарап отырсаңыз, толып жатқан басқа факторлар секілді, соғыс жылдарындағы жырлар меи әндер ерекше биік сипатта көрінеді.

Қолыма от сиялы қалам алдым,

Жалтақтап айналама қарамадым.

(«Жас ана»)

Ал, одан бергі бағзы бір тұстарда ше? Несін жасырамыз, одан бергі бағзы бір тұстарда іс басындағы тоғышарлар партия нұсқауларын бұлжытпай орындауды, әсіресе, сын-өзара сынды өрістету жағын ауызбен айтып, қолмен тежеп отырды. Мәселен, мен ондай кездерде «Оңбаған орта бар», «тамырынан шіри бастаған коллектив бар» немесе «иттік пен ізгіліктің жігін табу қиындап кетті», немесе «ел басқарып отырғандар ең алдымен өздерінің қамын жейді» дегендерді айта алдым ба? Мен түгілі ен жоғарғы буындағылар «бұны айту мүмкін болмады» дегенді енді аңғартып отырған жоқ па?..

Менің бір бажам мен балдызым бар. Біз оларды – «Н»-лар деп атаймыз. Біреуі ВУЗ-да аға оқытушы, біреуі сауда бастығының кабинетінің алдында отыратын техсекретарь делінеді. Осы жұмыс дәрежелеріне қарап заңды табыстарын да, заңсыз «табыстарын» да сіз оп-оңай жіктеп бере алар едіңіз. Ол үшін сақтық кассаларына, яғни құпияларына қол сұқпай-ақ, төрт бөлмелі үйінің іші мен ұдайы есік алдында көлденең тұратын «Волга»-сын көрсеңіз, сол да жетіп жатар еді.

Бұдан он бес жыл бұрын өздері туып-өскен осы Алматы маңайындағы бір ауданнан көшіп келгендегі көне алаша, көне киіздерін көргенім бар-ды. Енді мынау өңкей асыл жиһаздарды – пианино, қос-қос телевизор, әр бөлмедегі асыл гарнитур, жағалай жарқыраған кілем, хрустальдарды аралап болып, жайғасып отырар жеріме келгенімде, әрине, олар маған масаттана қарады, менен мақтау сөз күткені де сөзсіз. Ал, мен оларға:

– Сендер осының бәрін кайдан алдыңдар, біреу вагонмен тиеп әкеліп сыйға тартты ма? – дедім. Сонда солардын беттері аз да болса шімірікті деп ойлайсыз ба?.. Олар өздерінің ұрлықтарын ерлікке, парақорлығын табыскерлікке, арсыздығын алғырлыққа сайып сөйледі. Сонда:

– Иттік пен кісіліктің арасын ажырату қиындап кетті, – дегенді және айттым, олар тіпті осы сөзді де, қынжылмай құптап:

– Қазір әр үйдегі жағдай осы ғой – десті. Бірақ, әр үйдегі жиһаз арамнан жиналмағанына мағына да берген жоқ. Оған таң қалуға болмайды. Өйткені, ол кезде ондайға жалпылай алғанда да мағына берілмеген. Онын есесіне, бұндайлар әркімнің ішкі сарайына ыза боп төгіле берген. Енді бүгін құдды бір шлюздың алқымын ағытқандай ел өзінің іштегісін емін-еркін ақтарғанда сенің де санаңдағылар сарқырамаға айналады. Егіліп кешегіні айтсаң, төгіліп ертеңгіні бағдарлағың келеді. Міне, біздің «Жедел толғаудың» етек-жеңі мол, еркін жатқан табиғатын осы тұрғыдан тану қажет. Әрине, бұл арада «керемет дүние тудырдым» деуден аулақпын: Ал, ақын мен мезгіл ара-қатнасы бұл бағытта өз орнын ешбір шедеврге айырбастамайды.

Әлбетте, осы отырғанда «бәрі де орнына келді» демеймін. Мінсіз адам үшін күрестің ең үлкені енді жүргізілмек. Қазіргі іске қосылып жатқан шаралардың қайсысы қандай нәтиже береріне де көз жеткеру қиын.

1987 жыл.