Ғұмырнама

Сенің өміріңе тікелей қатысы жоқ…

Сенің өміріңе тікелей қатысы жоқ оқиғалардың да бағзы біреулері жан дүниеңді қопара қозғайды емес пе? Баяғы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерді сол кезең өлердей жамандаған соң олармен жүздесіп-біліспеген біз секілді алыстағы ауыл жастары қайран алыптардың аттарын да атай алмай, ырықтан тыс суынған еді. Қасым, Мұқандардан басталып, Мұқтар Әуезовке дейін бір ұдай ұзарып, одан бері қарай және де созылған өлім Сәбит Мұқановқа келіп тірелгенде қазақ әдебиеті маған қолбасшылары оққа ұшып, санаты қансырап шегініске ұшыраған құрамадай көрінген. Егер мен одан бері күрт өзгеріп жасамыс жағдайға шұғыл көшпеген болсам біреуі бір ғана 85-жылдың басында, екіншісі аяғында дүние салған Ғабиден мен Ғабит өлімі әлгі құраманың туы жығылғандай әсер етер еді. Бірақ, кәрі сіңірге айналғанның өзінде осы бір соңғы екі қаза өмірден әкеткен адамдарының орнын толтыра қоятын ешбіреуді көрсетпей, мазамды кетіріп-ақ жүрген. Талантты деп жүргендердің бала-бажыр бақас қылықтары жиілеген сайын жүрегім жұтаң тартушы еді. Енді, міне, көрмейсің бе, ол аз дегендей, азамат арын жоғары ұстап, ел атынан сөйлей алатын дәрежеге жетіп үлгерген Жұбанды да жұлып әкетті. Алдында ағаларым барырақ болғандықтан бәлкім Ғали мен Тайыр өлімдері тұсында да мұншалық күйзелмеген шығармын. Екінші көзіме операция жасатып үйге шыққан күні есітілген Жұбан қазасы жарақатты қарашығымды қарып түсе жаздады. Асылы, «Су қараңғы соқыр боп қаласың!» деп, дәрігердің үйге келіп зекігені еңіреген қалпымнан сейілуге себін тигізді-ау деймін. Сонда бұлардың жеке өміріме қатысы болмағаны қайсы?!

Мен жастар өлімін көп көрген кісімін. Әсіресе соғыста.

Мына қызықты қараңыз. Қара теңізден Ақ теңізге дейін созылып жатқан майданның миллиондаған әскері ішінен бұрынғы танысыңды кездестіру мүмкін емес десе де болғандай еді. Гурьев рабфагында менімен бір курста оқыған Миша Зубов (бұл жолы батарея командирі) жеңіл жарақатпен санчастьға барғанда әбден қансырап ессіз-түссіз носилкада шалқамнан жатқан мені көріпті. Соны соғыстан соң Гурьевке барғанымда Обкомпартта істеп жүрген Миша маған бір-ақ білгізді. Не деді дейсіз ғой.

– Өңін құдды көк сия түстес болғанымен шырамыттым. Көзін жұмулы күйде тынысың бар да, дыбысың жоқ. Атынды атап бетіңе үңілген кісімен де ісің болмады. Дереу оң жақтағы төс қалтаңа жүгірткен қолыма қан-қан, ортасы, ішіндегі әйелдер суреті (шешем мен бала көтерген Әнуаш қой) жыртылған партбилетің ілікті. Оқып, сен екеніңе көз жеткізуім-ақ мұң екен, екі бетім өртеніп кеткендей болды. Екі бетімді көзіме қоса алақандарыммен баса-баса қойдым.

Сол айтпақшы, талантты жас адамның өлімін көргенде менің бетім күйеді. Бұл күйге Қалжан Нұрмахановтың денесін түнгі сағат үште ауруханадан моргке өзім көтеріп (Садықбек, Дүйсен Мәуленов үшеуміз) апарған күннен бастап ұшырадым. Айқын, Ізтай, Төлеген, Мұқағали, Мендікеш, Баламир, Әбілахат, Әбдікәрім, Қабдікәрім, Ғаббас, Құдаш, Еркеш пен Жұмекен, Қыдыр, Оспанхан, Жайсаңбек, Шәміл (обал-ай!..) бұлардың қайсы бірі де менің бетімді күйіксіз қалдырған жоқ.

Мишаның беті неге күйгенін білмеймін, ал, менің бетімнің күйетін себебі өзімді айыптыдай сезінуден: «Мынау халық таныған боздақ кетіп жатқанда менің калуым қалай?..» деген секілді бір ұят сезімі бетке-бетке ұрғылайды. Үйлеріне барғанда өрімдей жап-жас қаралы жесірлеріне не дерімді білмей, құдды қара бет мендей-ақ, қалжырап, қартайып шығамын. Алдын өлердей сыйлайтын, өзара күндесуді білмейтін бұлардың ғажайып қағидасын ұстанбаған, әдебиетке келмей жатып атақ-данқ көксегіш, жасамыс адамдарды «Қашанға дейін сыйлаймыз» дегісі келетін көргенсіз біреулерді көрген сайын, солардың сондай бір көкімелерін оқыған сайын әлгі жас марқұмдарды іштей жоқтап кұлазимын. Аты аталған қарақтарымның бәрі бірдей туған ағасынан бетер еркелеп, әкесіндей сыйлаушы еді. Бәрінен бұрын, екі мыңыншы жылға дейін өмір сүруге толық праволы солар тірі болғанда әдебиет ендігі қанша жерге қарыштар еді деп те дерт жұтамын. Сонда бұның жеке өміріме, ден саулығыма қатысы болмағаны кайсы?!

Міне, жетпістен асқан ақын сорлының осындай да сергелдеңге түсіретін сезімдері болады екен. Қартайған адамның бәрі бірдей бастан кешірмеген соң осының өзіне сене кою да қиын шығар. Это – дело совести…

Ақырап, 88.

***

А-а-пр-ай, ә!.. Досжан атамның атакты «Есіттіруі» түгел болмаса да дені менің ескі қолжазбаларымның бумасынан табылды. Тегінде, бұны (жасыл қарандашпен арапша жазылған) баяғы бала күнімде Сәлім ағайдан жасырып алып қалған болуым керек.

Бұндағы, кадет корпусын бітіріп, географиялық қоғам мүшесі болған Мақаш Бекмұхамбетов – аса прогресшіл әрі қара халыққа мейілінше рахымды правитель. Осы кісінің Құрманғазыға ақ паспорт беріп, оны куғын-сүргеннен бір жола азат еткенін ылғи да жазып жүрміз ғой. Міне, дәл сондай істерін растайтын, Мақаш кісілігіне жоғары баға осы жырда да бар.

Жарлыны баймен теңгердің,

Жетімдерге жем бердің,

Жесірлерге жер бөлдің,

Соның бәрін мен көрдім – деп келетін жерлерінің өзінен-ақ толық сипаттама шығып жатыр емес пе?.. Патшаға «ғарыз қып барып» елге жеңілдік әпергені де осы жырда айтылады.

Жырдың жоғалған бас жағындағы екі-үш бетін өзім де жатқа білетін секілді едім. Аяқ жағынан жыртылғаны да онша көп емес. Өзін аз-кем ретке келтіруді құнттауға уакыт тапсам онды-ақ болар еді. Мақаш үшін-ақ… Ол да Шоқан сипатындағы тұлғаның бірі ғой. Ол хақында осы дәптердің Досжанға байланысты бөлігінде аз да болса айтылған. Оның үстіне, негізінде, ақын да халықтікі. Ол еліне қызмет көрсеткенді ғана мақтаған.

Ақырап, 88.

* * *

Адам дегеніңіз қызық қой, кейде опалы сөзге оп-оңай сене қоймасаң да ізгі пейілге ырзашылықпен қарайсың. Бар болғаны сөйтесің де, үндемей, сол ыңғайсыз сезінген күйде төмен түкшиіп отыра бересің. Ал, бағзы бір уақытта өзіңе айтылған базарлы сөзге баладан бетер қуанасың. Бұл арада мақтау сөздің әр қилы қуаты жатқан секілді.

«Мүсіреповті мақтамау керек, Мүсіреповпен мақтану керек» делінетін жері бар Зейнолла Қабдолов мақаласын есіне салғанымда қай жағдайда да кісіге ішін бере бермейтін аса сабырлы Ғабеңнің өзі көпе-көрнеу насаттанып:

– И-иа, иа, бұл пікір мен алып жүрген наградалардың үлкен біреуі боларға керек!.. – деген еді. Соның мәнісін жуық арада ғана жете түсінгендейімін. Осы жылғы алтыншы қауыстың жаңбырлы күні Сафуан Шәймерденов үшеуміз менің «Волгамды» кішкене кафеге айналдырып, тау беткейдегі қала шетіне аялдағанымызда Мүслім Базарбаев маған:

– Хама, ақындығыңыз жағынан да, кісілігіңіз жағынан алғанда да сізді білетіндер сізге дүниеден бақұл боп өтеді! – дегенді айтып-ақ салғаны. Асын ішкенге арнала салатын әдеттегі бір сәттік эмоция дейін десем, қонақасы да менікі емес, Сафуандікі болатын. Алдыңғысының бұл сөзін соңғысы қуаттап ала жөнелді. Коньяк шіркінге бой алғызбай тұрып-ақ алғашқы көзелектің бірін олар осылай көтерді. Мен, шыны керек, жыларманға тақап қалдым. Мақталғаным үшін демексіз бе? Кім біледі, бәлкім ол жағы да бар шығар, пендеміз ғой. Бірақ ол үшін ғана дейін десем, жолдастарымның жылы сөзін жиі тыңдағанның қайсы бірінде де бұндай күй кешпеген едім. Мен кісіге мезеттің орайына қарай қатты айтқанда да, тәтті айтқанда да соның бір кәдесіне өтсем деген ниет ұстанатыным – имандай шыным еді. Ғабең сөзімен айтқанда «мынау награда соның жемісі болды-ау, шамасы?!» деген ой толық толқытты да, әлгідей осалдық көрсетіп алдым. Өйткені, осы жолдасыма ірі сөйлеген тұрпайы тұстарым да жоқ емес-ті… Дариға-ай, қадіріңді тарынбай танығанға не жетсін!..

Оларға қайтарған жауабым:

– Маған берілген әлгі атан нардай базарлы баға сендердің ауыздарыңнан шықпай, өз ойыма орала қалса… Масқара!.. – деумен ғана шектелді. Оным – өзімше, «Жалғыз жүрсем, бәлкім, жарға құлар ма ем» дегенді де, «Сендерсіз мен кімнің шікіресі» дегенді де қысқасынан анғартпақ уәжім болатын.

Осыған сабақтас бір жәйтті және де аңғарта кетейін. Үшеуміздің әлгіше бас қосқан серуенімізден аз ғана күн бұрын Қазақстан Жазушыларының кезекті пленумы болған. Сондағы шешендер санатында сөйлеген Әнуар Әлімжанов күн тәртібіне қойылған көркем публицистика жөнінде айтудың орнына Олжас Сүлейменовті кінәраттаумен болды. Мен бұл қақтығыстың Олжас бірінші бастығымыз болғаннан бергі жерде үзілмей, созылып келе жатқанын білуші едім. Өздері шақырып алып сұрағаннан кейін Орталық Партия Комитетінің секретары З. Камалиденовке де, кейін оның орнына келген Ө.Жәнібековке де «Бұлардікі принципсіз, дәрежеге таласып өштесудің асқынған түрі, әдебиет бұдан тек қана залал шегеді» деген едім. Осы пікірімді «Огни Алатау» газетіндегі көлемді ой толғанысымның бір жерінде де білгізгенмін, жігіттердің аттарын атамай-ақ жария қынжылғаным бар-ды. Сондықтан Әнуар сөзін тәмамдап, залға беттеген сәтте:

– Ай, қарағым Әнуар-ай, осы сайыстарыңның бізді әбден қажытып бітіргенін білсең ғой!.. – дедім орысшалап, бар дауысыммен даурыға. Соған залдағы жұрт қол шапалақтады. Қасымда катар отырған Жаппар Өмірбеков: «Мынау репликаңыз шығып сөйлеген бір шешеннің сөзіне татиды» деді. Одан кейін мінбеге көтерілген Тұрсынхан Әбдірахманова да сондай пікірін жария қылды. Үзіліс кезінде Әнуар:

– Сіз осы әлгіде маған ұрыстыңыз ба? – деді. «Жоқ, айналайын, сенікі жөн, дедім» деп, бетіне жымия қарап біраз тұрдым да, сөзімді былайша жалғастырдым:

– Шалдар болса өліп бітуге тақау. Әдебиеттің бетке ұстар аз ғана легіндегілер уыздай жастарды, сырт адамдарды да, залға толтырып алып, ел аман, жұрт тынышта біріңді бірің кажайсыңдар да жатасыңдар. Сол маған онай тиеді деп ойлайсың ба?..

Ол менің бұнымды әлгі Мүслімше түсінді ме, жоқ па – оншасын білмедім. Тегі, адалына бақсаң да, қатты айтылған сөздің қабылдана бермейтініне кім дауласады… Дүниеден біреу ерте, біреу кеш кетіп жатады. Мүслім айтпақшы, түптердің түбінде бақұлдық болса болғаны да!..

Қауыс, 88