Орынбор – Ақмешіт – Алматы – Астанам.
Аттарын жазам да басыма жастанам.
Жыласам, күлсем де өз еркім оңаша,
Өзімше сарқылам, қайтадан басталам.
Иә, сол қалалар қат-қауырт іс қылды,
Қайда да даурықты, дауыл боп ысқырды.
— Насаттан, нашар! – деп ол айтты, — біз сендік, —
Намыс боп басталдық найзадай үш қырлы.
Мақсат деп көп алмақ адамға керекті,
Ерліктің ұрығын ұрпаққа ер екті.
Орынбор көкке де, жерге де жар шашты
Ертеңі орман деп теңселген теректі.
Ол айтты: — Қансорғыш, тізеңді ертең бүк!
Мәскеуден алады адам мен жер теңдік!
Отаршыл озбырды құртқанша біз мұнда
Орыс та, басқа да бейкүнә өртендік.
Орынбор түбімен құрттық деп тақсырды,
Ақ мешіт қолына ғұзырын тапсырды.
Ақ мешіт михрабы орда боп қып-қызыл
Алдымен имамның сәлдесін тасқа ұрды.
Қыз-қызыл отаулар қазақтың жерінде
Әліп-би оқытты ұраншыл төрінде.
Ән-күй де шырқалды ауаны өзгеше,
Әр қилы тебіренді жатқандар көрінде.
Абыздар алдында шаш, етек күзелді,
Сауатты бола алдық солайша біз енді.
Тексізге текті құл бола алса бұл елде
Дедік біз бәрі де жәндікті, түзелді.
Осылай дәуірлеп оң-теріс қайшылық
Деген жоқ пендеге қалайша қайсыны ұқ.
Кім білген ол кезде қарт Мәскеу жүрегінде
Айдаһар оянып жатқанын жәй сұлық.
Астана керуені жабыркау жалғасып,
Алматы келгенде табаны жар басып
Құлай да жаздады. Сол сәтте айғай-шу
Жар ашты: — Алматы, аршындап алға шық!..
Алға біз шыға алдық тоналу жағынан,
Айдаһар ысқырды, аң безді қағынан.
Адамдар азықтан талғажау таппады.
Тажалға жарамсақ жарылды ағынан.
Алдамшы бақ тәмам… Талай ес ауысты –
Барды өз қолымен тәркілеп тауысты.
Есуас саясат есектің басы боп,
Ышқынды, ақыртты дарақы дауысты.
Қазақтың ел сенген ерлерін атқыздық.
Бабалар аруағы алдында ант бұздық.
Оларды қарғадық, оларды ұмыттық,
Қылмысты қырағы ерлікке жатқыздық.
Айдаһар аздай-ақ күллі әлем өртенді,
Қасапсыз қырғында жүз миллион ерте өлді.
Өрт сөнді, қайғының өз өрті өшпеді,
Сақтап жұрт қалса да бүгін мен ертеңді.
Темір тор бұғаудың біз болдық отаны,
Ажал доп улады сай-сала, жотаны.
Алматы құдды бір саулы інген аруана,
Тұлыптан иіскеген боз жарғақ ботаны.
Қарама-қайшылық тағы да есірді,
Келімсек меншігі – көп мекен көсілді.
Бастары байланып, аяғы шіріген
Дариялар нәрімен дақылдар өсірді.
Айдаһар жемі еді ол. Айдаһар сарқытып
Жеп-іштік осы деп бақытым, бар құтым.
Тағы да үрейлі үн – тұйық, күн – күйік.
Сезім – сес, түнерген парасат парқы – түн…
…Жә, жетер жабырқау, қайтеміз өзгесін
Үш бірдей Астана азапқа төзгесін.
Тамұқтан тар кезде-ақ ғаламға танылып,
Қаншама қаһарман өмірден озды есім.
Қасіреттен солардың қайраты басым-ды,
Ғасырдан жинап жарқ еткен жасынды,
Ғылымға, өнерге өткізді қуатын,
Жасымас данышпан жасанды жас ұлды.
Әр кездің айғағы – біздердей мосқалдар,
Әрқашан мезгілде асқанға тосқан бар, —
Ендігі аз сөзге басқаша ден қойып,
Ендігі өз сөзден ойы ортақ досты аңғар.
— Қарт Мәскеу алжыды! – дегенде жарықтық
Жарқын бір жар шашты жаһанға жарып тік.
Ондағы зұлымдық опат боп, ес жидық,
Ежелгі елдікке еркін күш дарыттық.
Демек те сор-азап – үш ұрпақ үлесі,
Тірлікке өкпе жоқ, қайтса да сілесі.
Қан мен тер өтеуін қызықтар күн жақын
Сендердей өркеннен қыз өсіп, ұл өсіп.
Кейінгі Алматы ең соңғы ызасын
Тарихқа табыстап, іс қылды ізі асыл.
Көк байрақ шарықтап ғаламға, ғарышқа
Көңілді тоғайттық, тойдың жеп біз асын.
Ендігі Алматым ақжолтай мәңгілік,
Шапағын шашты оған тау жақтан таң күліп.
Алматы зауқынан Астана ғұзырын
Ақмола – асыл кент – алмақ та заңдылық.
Керуен мен кең жазық – ежелгі үлесім.
Кең пейіл заманда кең Арқа билесін.
Келесі күндердің кемеңгер талабы
Ақын Абызға, Бектер мен Биге сын.
Көп күн бар кеткенше күдіксіз шырқап біз
Біз әлі дерттен аз айыққан сырқатпыз.
Жұмсартып сөйлесек, дәл қазір біз деген
Көңілсіз жазылған көмескі бір хатпыз.
Ей, алла, төртінші жүрегін елімнің
Емшісі қыла гөр мертіккен белімнің.
Пенде емес, тек сенің тәртібің бекіткей
Табиғи заңдарын өмір мен өлімнің.
Қарағым – ертеңім!
Сөз деп біл бұл әділ.
Сол үшін көзіңше көзден жас бұладым.
Біреуге таптаурын тарих боп көрінер,
Мен үшін,
Шегінсем бітпейтін бір адым…
Қаңтар, 1995