Естеліктер

Тұманбай Молдағалиев

Талант туралы сыр

1949 жылы Алматыда өткен мектеп оқушыларының олимпиадасына қатысып алған жүлдемнің арасынан «Жастар даусы» атты өлеңдер кітабын сол жаз бойы қолымнан тастамай оқып жүрдім.

Жас жүрегіме сол кітапқа кірген барлық өлең-дастандардың ішінен Хамит Ерғалиев деген кісі жазған «Әке сыры» атты поэма ерекше ұнады. Мен «Батырлар жырынан» қоректенген баланың бірімін. Мектеп программасы бойынша әдебиетті там-тұмдап оқып жүрген шәкірт едім онда. Мына «Әке сыры» мені бір жаңа дүниеге, өзім бұрын сезінбеген жақсылыққа, өзім бұрын аяғымды басып көрмеген жайлауға бастап алып кетті. Мынау жауынгер әке менің өз әкем сияқтанды бірде. Оның жай-күйі, баласына деген махаббаты, өмір, соғыс туралы ойлары оқыған сайын толқытты. Мен сол дастанды жаз бойы жаттап алдым. Келесі жылы оқушылардың олимпиадасына тағы келдім. Осы дастаннан үзінді оқыдым. Тағы да үздік шықтым. Өзім де аздап өлең жазушы едім. Ерғалиевтің ерлік дастанын оқыған соң өлең жазуды мүлдем қойып кеттім. «Өлеңді тек қана Хамит ақын құсап жазу керек. Әйтпесе қалам алып, қағаз шимайлаудың керегі не?» деген ойға келдім.

Тағы бір жыл өтті. Сенбі күні ауылға кетіп ем. Қайтып келсем, кластас досым Едіге: «Әй, Тұмаш-ай, бұл жолы ауылға бекер бардың. Сенің мақтап жүретін ақының Хамитпен кеше кездесу болды. Егер анықтап айтсам, Сәбит Мұқанов келді. Қасында Хамит бар», — деді.

— Сәбит Мұқановты өткен жылы Алматыда Балалар мен жасөспірімдер театрынан көргем. Сөзін тындағам. Ал Хамит Ерғалиевті көруді армандап жүруші ем.

— Ауылға бекер-ақ кеткен екем! – дедім мен өкініп.

— Хамиттің екі көзі қып-қызыл екен. Шашы бұйра. «Біздің ауылдың қызы» деген поэмасынан үзінді оқыды! – деді Едіге.

— Қалай, жақсы оқыды ма? – дедім мен Едігенің бақытына қызығып.

— Керемет, от шашып тұрған адам. Ірі жатқан біреу! – деп қойды Едігем.

Мен өзім дастанын жатқа айтатын ақынымды көре алмағаныма қатты өкіндім.

Оныншыны бітіріп КазГУ-ге түстім. Филология факультетінде оқып жүрміз. Бір күні ақындармен кездесу болды. Мұзафар Әлімбаев, Аманжол Шамкенов, тағы басқалар бар. Менің көз алмай қарап отырғаным – бұйра шашты, екі көзі қып-қызыл ақын. Ол үндемейді. Ақындар өлең оқи бастады. Біз қол шапалақтап отырмыз. Оқылған өлеңдердің бәрі де көңіліме майдай жағып барады. Жұрттың ең соңынан жаңағы бұйра шашым трибунаға көтерілді. Аудиторияны, бізді менсініп тұрған ақын жоқ. Жоғары қарайды. Біздің төбемізден алыс бір жаққа қарап тұрғандай. Тәкаппар, шалқақ көкірек. Шаршап қалған кісіге де ұқсайды. Шабытқа мініп ұшқалы тұрғанын біз қайдан аңғарайық. «Біздің ауылдың қызынан» оқи бастады. Даусы қандай ашық. Үні қандай сүйкімді. Жыры қандай жүйрік. Көз алдымда студент қыздар. Олардың жатақханасы. Сол қыздардың арасына Хамит ақынға ердім де, кіріп кеттім. Бір кезде ақын:

…О, Россия, сенемін дәм-тұзыңа,
Апар мұны биігіңе, құзыңа.
Бер осыған дариядай ақылды,
Ұқсат мұны өзің туған қызыңа, —

деп поэмасын бітірді. Гүлжан қыз Россияға тәжірибе алуға самолетпен ұшып кетті. Біз ақынмен бірге Алматыда қала бердік. Мен қуаныштан қол ұрып, түрегеп тұрмын. Жұрттың бәрі де орнынан тұрып кетіпті. Қол соғып тұр. Асқақ ақын жұртқа басын иді де, өз орнына барып отырды. Мен ақынға телміріп қарап қалыппын. Жүзі нұрланып, көзі бұрынғыдан шоқтанып, студенттердің мейіріне бөленген ақын өзімен бірге келгендерден оқшауланып, биіктеп, тұлғанып жүре берді. Ерғалиев Хамиттің талай жерде жыр оқыған сәттерін бұдан кейін көп көрдім. Тіпті опера театрында «Құрманғазы» дастанын оқыған кешіне де қатыстым. Елдің ықыласына әруақытта да бөленіп жүрген ақынның мерейінің тасыған сәтіне сан рет куә болдым. 1951 жылдың қоңыр күзіндегі студенттердің өзіне деген шексіз махаббатына бөленген Хамит ақынның бақыты ерекше бақыт еді. Мен сол кеште поэзия қуатын, ақынның құдіретін алғаш рет сезіндім. Мүмкін, момын жастың ішінде бұғып жатқан ақындық сол жолы дүр сілкініп, көп жылғы ұйқасынан оянды ма екен, кім біледі.

Қайткенде де өзімізге дейін шабыт отына өртенгендерге қарыздар екенімізді мойындауға тиіспіз.

КазГУ-де әдебиеттану деген сабақ өттік. Лекция оқитын – жас жігіт, ол күнде атақ дәрежесі жоқ Зейнолла Қабдолов ағамыз. Басқа мықтылығын айтпағанда, ол кісі қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа соғады. Аузымызды ашып, көзімізді жұмып біз отырмыз.

— Шынын айтар алдында,
Шылым тартып алатын.
Өтірік айтар алдында,
Бір жөтеліп қалатын.

— Кел, ішейік, дос! – деген,
Біздер қағып салғанбыз.
Шылымға ақша қос деген,

Сонда ұялып қалғанбыз, — деп кетеді Зекең. Бұл Хамит ақынның жаңа дастаны «Үлкен жолдың үстіндегісінен» үзінді. Дастанның геройы Есболатты біз жақсы көріп кеттік. Ашық, аңқылдақ, аржағында кірі жоқ Есболат жолшыны ағамыздай ардақтайтын халге жеттік. Осыдан кейін Хамит ақынның «Сенің өзенің» деген поэмасын «Әдебиет және искусство» журналынан оқыдық. Баяғы Гүлжан есейген. МТС-тің директоры болған. Бірнәрселер істеп жүрген сияқты. Тағы да бір геройлар бар. Әдеби жұртшылық ақынның жаңа поэмасы «Сенің өзеніңді» қабылдаған жоқ. Сын пікірлер де айтыла бастады. Өз басым әр жазғанын аялап, жақсы көретін ақыныма бұл жолы өкпелеп, суынып қалдым.

Дәл осы тұста Хамит Ерғалиев өзінің «Құрманғазысының» бір тарауларын «Қазақ әдебиетіне» жариялап жібермесі бар ма?

Білмеймін қанша адамға күйің дарып,
Ашулы ащы өзегін өтті жарып,
Білмеймін «Сары-Арқаңмен» қош айтысып,
Қанша жан жер қойнына кірді барып, —

деп басталатын дастанға кіріспені жаттап алып, ақынның өзімен бірге болған кештерде айтып жүруді шығардық. Көп өтпей «Құрманғазының» бірінші кітабы «Жұлдызда» жарияланды. Сол басылым бойынша Жазушылар одағының үйінде ақынның осы күрделі шығармасы талқыланды. Талқылауда Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Қайнекей Жармағамбетов, Тілеген Шопашев сөйледі. Негізінде жұрт дастанды мақтады. Жұрттың соңынан мінбеге сол кезде абыройы аспанға шырқаған алып жазушымыз Мұхтар Әуезов көтерілді. Егер өзімнің жадыма сенсем, ол кісі: «Бұл дастанның маған алты тарауы қатты ұнады, төрт тарауына айтар сыным бар», – дей келіп, ақынға келешекте көмек болсын деп өзінің біраз ойларын ортаға салды. «Құрманғазыға» сүйінішін білдірді. Ескертпелері де аз болған жоқ. Жиын соңынан Хамит ақынның қолын алды. Менің көз алдымда сол бір кештің суреті қалып қойыпты. Қайткенде де Хамит ақын сол кеште қанаттанып, биіктеп шықты. Мен оның нұр жайнаған жүзіне, от шашқан көзіне қызығып қарадым.

Кейіннен осы дастанның бірінші кітабы «Қазақ әдебиеті» газетінде қатты сыналды да. Өз басым солақай сынның бола беретінін, ол сындардың талантты өршелендіре, жетілдіре түсетініне куә болдым. Асыл қайраған сайын өткірлене бермеуші ме еді. Сол бір тұстағы сындардан Ерғалиевтің ақындығы зиян шеккен жоқ. Қайта табиғи дарын шыңдала түсті. Шырқап кетті.

Хамит Ерғалиев – еңсесі түсіп, есікте отыратындардан емес. Сынықтық, жасықтық, мүсәпіршілік оның табиғатына жат нәрселер. Оның кредосы – ерлік, өрлік, тәкаппарлық. Тауды да биік көрмейтін, таңды да таң екенсің деп таңырқай бермейтін, дарияның дариялығын мойындағанмен, оған да қайық салып өте алатынына сенімді, көлдің тереңдігінен де тереңдік бар дейтін өр мінез, асау жүректің иесі.

«Хама» – дейміз біз оны. «Бала» – дейді ол бізді менсініңкіремей. Біз оның бала дегенінен жүдемейміз. Сол бір үлкен болғысы келетін, бізге әкелік қылғысы келетін мөлдір жанды, баладай сенгіш, данадай алданғыш ағаны ренжітпесек екен деп тұрамыз. Не айтса да оныкі жөн. Не істесе де оныкі дұрыс. Біздің Хамаң соған үйренген. Сол мінезінен айнымайды.

Хамит ағаның көңілін алудан дүниеде оңай нәрсе жоқ. Хамит өзімді жақсы көрсін десең, оның бір өлеңін өзіне жатқа соқ, әйтпесе тілің жеткенше ол кісіні жатып ал да мақта. Сол кезде ол саған: «Айналайын!» – деп тебіренеді. Айтқаныңды істете бер сонан соң. Алдыңа сал да айдап кет. Хамаң сізге қарсылық жасай алмайды.

Жастау кезіміз. 28 панфиловшылар паркінде ресторан бар. Жұмыстан соң сонда кірдік. Төрт ақынбыз. Хамаң, Ғафу аға, Сағи және мен. Дастарқан иесі – мен. Ғафекең сөйлеп кетті:

«…Бір топ жүйрік даланың шыңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр. Көп дүрмектің алдында даланың ауасын еркін жұтып ақ боз арғымақ келеді. Сол арғымақ – Сізсіз, Хама. Мен анау көп шоғырдың ішіндемін» — деп қалды. Хамаңның көзі жасаурап, інісі екеуі үнсіз сүйісті. Сөз кезегін өзі алды: «Сол мен даланың ауасын еркін жұтып ағып келе жатқанымда соңымнан келе жатқан тор құнанның демін естимін. Адымымды кең алып сермей түсем. Әлгі құнан да маған жетер-жетпес жерде келе жатыр. Сол сенің құнаның, Ғафужан!» — деді Хамаң. Екі аға тағы сүйісті. Сағи екеуміз рестораннан көңілсіз шықтық. Өйткені біздің тайларымыз жаңағы көп дүрмектің ішінде де жоқ-ау деп ойладық. Егер бар болса, екі ағамыздың біреуі көрер еді, айтар еді ғой. Бірақ, өздері алға ұзап кеткен соң, соңдарындағы шаң ішінде кім бар, кім жоғын қайдан байқасын тәйірі.

Жылдар жылжып өтіп жатты. Хамит Ерғалиев «Құрманғазы» дастанының екінші кітабын жазып бітірді. Талқылауы Ғабит Мүсіреповтің жұмыс кабинетінде өтті. Хамит ақын поэманы өзі оқыды. Бірінші боп сөзді Ғабит ағаның өзі алды. «Хамиттің осы дастанының екінші кітабын жазып жатқанын естіп, біліп жүруші ем. Бүгін біткеніне куә боп отырмыз. Поэзиямызда үлкен игілікті іс тәмамдалыпты. Соны айтып мына отырған бар ақынды құттықтасақ та болғандай. Кесек, келелі жұмыс екен бұл. Құтты болсын!» — деп тоқтады Ғабит аға. Өзі сөйлеп болған соң: «Бір жаққа барушы ем», — деп орнынан көтеріле беріп еді, Зейнолла Қабдолов кенет: «Ғабе, біздің де пікірімізді тыңдай кетіңіз», деп поэмадан алған әсерін айта бастады. Ғабит аға жайғасып отырды да, талқылауды өзі басқара берді. Ол кезде жас болғанымнан ба екен, осындай мәжілістер, ондағы айтылған сөздер менің зердеме жазыла беріпті. Жылдар желі оны өшіре алатын да емес.

«Құрманғазы» дастаны бүгін де қазақ поэзиясының абыройы боп Ілиястың «Күйшісімен», Әбділданың «Портреттерімен», Жұбанның «Жыр туралы жырымен» қатар тұр. Жақсы жыр оқығым келгенде бұл дастанның бетін мен сан рет ашамын, сан рет рақаттанып оқимын.

Жаңа жырымды жаза бастаймын демекші, Хамит Ерғалиев поэзиямыздың туын көтерушілердің бірі болғанын біз өзінен тәлім алған шәкірттері бір ауыздан мойындаймыз.

Біз оның өлең алдында, өнер алдында адалдығын, жанкештілігін әркез үлгі тұтамыз. Бір шумақ өлең жазса да, өз жүрегінің бар отын жағып, өз жалынының барлық гүлін ұйқыдан оятып, соңғы нәріне дейін түгел беретін Ерғаливтің еңбекшілдігі ақын боламын дегендердің бәріне де үлкен мектеп. Хамит ақын үшін өлең – ең алдымен өмір ләззаты. Содан кейін барып даңқ, абырой.

Хамит Ерғалиевтің «Оралдағы отты түні» де, Тарас Шевченко өмірінен жазған дастаны да, философиялық дастаны «Жылдар, жылдар» да әдебиетімізде шоқтығы биік, жұлдызы жарық дүниелер. Кезінде бұл шығармалар жұртшылықтан өз бағасын алған. Ақын бұл дастандары жөнінде оқушыларының қандай пиғылда екенін өзі жақсы біледі. Уақытпен бірге өскен Хамит ақын уақыт көзіне жасқанбай тура қарай алады. Өйткені сол уақытқа ақын аянбай қызмет етті. Өзіндегі барын аянып көрген жоқ. Жана да білді, жандыра да білді.

Майдан жырларын еске алсақ, Ерғалиев жырларын ерекше айтамыз. Ауыр күндердің, өлім мен өмір тайталасқан шақтардың, совет солдатының құдірет күшін білгің келсе, Хамит ақынның соғыстан кейінгі жазылған жырларына үңіл. Отан үшін оққа қарсы жүгірген солдаттың жанын ұққың келсе, шинелін оқ тескен жігітпен сырласқың келсе, алыста, майдан даласында қансырап жатып жарын, титтей сәбиін еске алған солдаттың жанын ұққың келсе, осы Хамит ақынның соғыстан кейін жазған жырларын оқы. Ол жырлар майдан шындығын саған ұқтырады да ойлантады.

Бейбіт күндер басталды. Сол тұста Хамит ақын «Қырғыз досқа» деген атақты өлеңін жазды.

Бауырым, қырғыз, ұядан
Бір кезде шықты күніміз,
Жарысты жартас, қиядан

Қой қайырған үніміз, — деп басталатын әдемі жырдан кейін де қырғыз-қазақ достығы туралы көп ақын көп өлеңдер жазды. Бірақ Хамиттің өлеңі осы тақырыпқа жазылған өлеңнің ең биік шоқтығындай оқшаулана береді, даралана береді. Бұл жырды кезінде Мұхтар аға бекер мақтамаған-ау деп ойлаймыз бүгін.

Намысына тиіп, сүрініп кеткенін жығылып кетті деп бір солақай сыншылар 60-жылдардың басында осы ақынды айналдыра бастады. Хамит әмсе жаңашыл болған ақын. Бұл кісі, керек десеңіз, дастандарында да, өлеңдерінде де өзінше жаңа бағыт, жаңа жол ұстаған. Хамит ақынның творчествосының бұл қырларын әдебиет ғалымдарына қалдырып, мен өзім жақсырақ білетін ақындық жөнінен айта берейін. Сол жолы болмай, сәл-пәл сынға ұшырып жүрген кезінде:

Маған жат тынбақ, сарқылмақ,
Қалжырап көрген жоқ жаным.
Өтермін өзім жарқылдап,
Өзегім толы ақ жалын.
Қызықпан қысыр мадаққа,
Берілмен кесір кеңеске,
Борышын ұлдың адақтап,
Армансыз жатам дөңесте, —

деп айқай салды ақын. Біз ағаның осы айтқандарына түгелдей сендік. Ол осыдан кейінгі шығармаларымен де елдің сезімінен шыға берді.

Бір күні радиоға барып бір топ ақын өлең оқи қалдық. Жыр жүйрігі Ғафу кетті қарасын көрсетпей, сыршыл, нәзік те ойлы өлеңіне артық сөз қосқанды абыройсыздық деп ұғатын Сырбай ақын сырғытып өте шықты.

Қанаттас достарым – Мұқағали мен Сағи да, мен де жаңа өлеңдерімізді оқыдық. Өзінің әдетінше микрофонға жұрттың соңы боп Хамит аға барды. Ол Сарыарқа сапарынан оралған екен, «Нұра» атты өлеңін оқыды:

…Сегіз тәулік саған ердім асықпай,
Бар дүние бір өзіңе ғашықтай.
Күн көзі де созылады бетіңде,
Қайта балқып жатқан күміс қасықтай,

Біткен жерде қалың қайың, тал ағаш,
Мінезің бар жолға тағы жоламас,
Ақ тәнімді көрер деген арудай
Жалт бұрылып жөнелесің жалаңаш!

…Терісаққан, Құланөтпес, Жаманшат,
Барлық өзен бір өзіңе жарамсақ,
Уа, дүние, махаббаттың жұлдызы
Нұр сипатты Нұра болып жарылсақ …

Тыңдап отырған біздер қуанып қол соқтық. Ақынды жаңа, жақсы өлеңімен құттықтадық. Егер бұл ақынды жақсы өлеңмен құттықтай берсек, бұл құттықтаулар тіпті ұзақ күнге созылар еді. Не жазса да жақсы жазатын, қай тақырыпқа барса да алдымен шын зерттеп, барлау жасап барып, көңілінің ыстық отына айтар ойын бір тоғытып барып жазатын ақынға айтылар ел алғысы аз да болмаған шығар. Оның бар өлеңіне тән қасиет – жаңа оралым, тың ой, терең тебіреніс. Оның поэзиясы – уақыттың өз айнасы. Хамит ақын тарихқа көп бармаған ақын. Барса барған дүниесіне бүгінгінің көзімен қарай білген ақын. Оның «Құрманғазы», «Аңыз ата», «Оралдағы отты түні» совет ақынының көзімен көріп, сезімімен өлшеп жазған туындылары. Ертеде өткен ұлы тұлғаларға, елдің жұлдызы болғандарға бүгінгі ұрпақтың мың алғысын Хамит ақын зерделі кестемен, шебер ақындықпен әдемі айта білген.

1973 жылы бүгінгі «Жалын» баспасының жасырын бәйгесіне «Қыз-хисса» деген поэма бүркеншек атпен түсіпті. Жюридің мүшесі ретінде әлгі поэманы оқып шықтым. Шебер жазылған, үлкен ақынның қолынан туған дүние екеніне күмәнім болған жоқ. Шығармаларды соңғы рет сарапқа салғанда, осы мен ұнатқан поэманы «Жарамсыз, сәтсіз, тіпті ақын жазды дегенге келмейді», — деп орашолақ, әділетсіз пікір айтқандар табылды. Дауласа келіп, ашық дауысқа салып, поэмаға үшінші бәйгені әрең алып бердік. Бүркеншік атын сылып тастап, дастанның нағыз иесі жазылған қағазды оқысақ, поэманың авторы Хамит Ерғалиев болып шықты. Жаңағы маған қарсы шыққандар жерге қарады, мен мейманам тасып биікке қарадым. Егер жюри мүшелерінің бәрі бірдей әділет шамын ұстағандар болса, «Қыз-хисса» бірінші бәйгені өңгеріп кетер еді-ау.

Кешкі тамаққа отырған кезім еді. Телефон сылдыр етті. Трубканы алсам, аржақтан Хамит ағаның қоңыр даусы саңқ ете түсті. Сәлемдестім.

— Сен бала бас редактор болғаныңда мен қуанбадым ба? Сенің ілгері жүрген қадамыңа қол соқпадым ба? Мынауың не, мені мазақ еткенің. Әдебиетте аты жоқ біреулер бірінші, екінші бәйге алады. Ал, мен Ерғалиев басыммен үшінші аламын. Бәйгеңнің керегі жоқ, өзің ала бер! – деп тоқтады.

— Хама, «Қыз-хисса» тамаша поэма деп айттым. Мен және оның сіздің поэмаңыз екенін білгем де жоқ қой, — дедім.

— Неге білмейсің, менің әдеби почеркімді танымай не көрінді! – дейді Хамаң.

Мен ойланып қалдым.

— Хама, Хама-ау, түсінсеңізші. Бүгін Ерғалиевке еліктеп екі жас ақынның бірі жыр жазатын болды емес пе? Солардың бірі шығар деп ойлауға менің неге хақым жоқ, — дедім.

Хамаң жұмсарды, «Сен қу бала неде болса, дұрыс жауап тауып кеттің. Маған еліктеушілердің көп екенін ішім сезеді. Айтсаң мақтанды дейді. Жарайды, кештім. Енді сол поэманы «Жалыныңа» бас» — деп Хамаң трубканы ілді. «Қыз-хиссаны» «Жалынға» жарияладық. Кейін бұл дастанның геройы – Жадыра Таспамбетова еңбекте үздік жетістіктерге жетіп, Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Хамит ақынның әдеби қаһармандары да – үлкен кісілер Құрманғазы, Тарас Шевченко, Чапаев, Әуезов, Мұқанов, Бауыржан Момышұлы хақында жазылған дастандар мен жырлар қазақ өлеңін сүйетіндердің жадында сақталып келе жатқанына, жатталып келе жатқанына өзіміз куәміз.

Хамит ақынның соңғы бір ұзақ айналдырған дастаны «Жылдар, жылдар». Дастан Жақсылық Асқаров атты журналист атынан баяндалады.

«Жалпы атпен «Жылдар, жылдар» аталатын поэмалар топтамасына келсек, оның әрбірімен Жақсылық арқылы жалғасамын», — депті автор өзі жайлы жазған мақаласында. Шынында Жақсылық – кешегі Отан соғысының отты жылдарын басынан кешкен азамат адам. Ерғалиев ақынның өзі деуге де боларлықтай бұл Асқаров атты азамат. Оның көзі мен көкірегінен өткен оқиғалар, ойлар Хамит ақынның жанына жақын дүниелер екенін зерделі оқушы өзі-ақ түсінеді. Менің өзіме осы дастанның арқауы ширақ емес сияқты боп көрінеді. Мүмкін, қою сюжетке үйренген бізге біл ұзақ монолог біртүрлі бөтендеу көрінуі де ықтимал.

Хамит ақын жылмен бірге жарысып, уақыттың суық желіне көкірегін тосып, өрге өршелене ұмтылған тұлпарды еске түсіреді. Алматы көшесінде маң-маң басып ақын аға кетіп бара жатады. Ол бүгінде еш жаққа асықпайтын да сияқты. «Аларымды алдым, барар жерге бардым, енді қайда асығам», — дейтін қарияң бұл емес бірақ. Кейде әдеби жиындарда мінбеге көтеріледі. Жаңа өлеңдерін оқиды. Біреулерді қиянаттан арашалайды. Бірақ баяғы мен алғаш көргендегі жас қыран Хамит бүгін жан-жағына сабырмен қарайды.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Абай ауылына бір топ ақын бардық. Қарауылда бірімізден кейін біріміз жыр оқиық келіп. Қарауыл халқы Абайды оқып, Мұхтарды оқып өскен халық емес пе? Келген қонақтарының бағасын да жақсы білетін болып шықты. Жырымыздың өрісіне, жақсы-жаманына қарай бағаланып та жаттық. Сол күні Хамит аға Абай ағасына арнаған тамаша бір өлең оқыды. Қарауыл халқы дән риза көңілмен Хамаңа қол соқты.

Жыр кеші ән кешіне жалғасты. Бір әнші, биші қарындасына сол кеште біздің ақын ағамыз гүл шоқтарын сыйлап, жанарына жас толып әуре болды да қалды. Әлде жас кезінде көріп қап, қолы жете алмай қалған бір бейнесі елес берді ме? Ақын ағаның ішкі жан толқынына қызықтым. Оның жүрегінің жастығына, жанының әлі пәктігіне сүйіндім.
Өмірде әлі де талай сұлулықтарға табынып, өрге қарай, Жамбыл бабаң жасаған жасқа қарай тарта бер, ардақты Хама. Сенің алдымызда жүре бергенің – бізге жақсы. Жалпы алдыңда аға бары – ініге бақыт емес пе?