Естеліктер

Төлепберген Тобағабыл

Қазағым деп қабырға қайыстырған

Әлгінде ғана әлдекімге телефон арқылы жалынып-жалбарына жалпағынан жайылып, жанбас жүдетпес жайлы төсек бола тускен «жаны сірі» жанбағар «жігітім» жазатайым жардан құлаған жатаған жүдеу жабыдай жалы жығылғанын жасыра алмады:

— Хамит Ерғалиев қол қоймайтын болды! «Жарайсың, менің Хамит ағам! – дедім ішімнен. – Қас батырдай қасқайып, көрінген көсеуге қайыру бермейтінің жаксы-ақ».

Аузы күймеген бірден ішеді. «Аузы күйген үрлеп ішеді». Оңалғандар ортасына от тастап отырмаса өмірі өңі кірмейтін, баяғыдан баршаға белгілі белсенді беделдінің желсөзіне алданып, жаушылардың сонау бір жылдардағы ұлы жиынында Әбділда ағасына аянбай «ауыз салғаны» да жетеді. Ерғали баласы Хамитке! Азды қуантты. Көпті суалтты. Не ұтты? Ештеңе де! Шүкір, күншуақты күндерін қолдан көбейтіп, кісілікпен көш бастаудан басқаны білмейтін тәңірдің құлы Тәжібаевтың теңі ауған жок; келер күндерге қарай талтүсіндей таранып, тарлан боздай жаранып, талмай тартып бара жатқанына Құдайдын өзі куә.

Кімнін дос, кімнің дұшпан екенін көлеңке басы ұзарып, күн екіндіге ауған шақта түсінесің. Түсінесің де: кешегі калағанынша қадамыңды қысқартып, күні-түні күндесіңдей келемеж еткен алдап соғар аңғырттығың мен албырттығыңды өзіңнен өзегіне тебе алыстатып, әуелден әудем жерге ұзап шыға алмаған «әттеген-айға» әл бітіріп, әулие тұтасың.

Мерейтой

«Есіңде, Әбе,
Даурығып залда анғырт жұрт,
Алдында жұрттың
Есіріп есіл албырттық,

Талант басына
Тағдыр таяғы тигенде
Поэзияның
Асыл жүзігін алдырттық.

Өртеніп кетпей
Калдың ғой аман әйтеуір.
«Өткенге – өрел,
Қалғанға салауат» жәй тәуір.

Абыз боп бірақ
Тағы да қалдың жел жакта,
Інілеріңе
Реніш қысса, айт ауыр.

Інілерің де
Кеуіп-піспеген жан шығар.
Кеудемсоқтарын
Салмағың сал да, жаншып ал.

Қайта құрылған ақынсың,
Сенен үйренсін
Сезіну заңын жаршылар…»

Хамаң қаламынан шыққан осы бір жолдарды оқыған сайын «Қайран казағым-ай, кажасып шүрегей болмай, осылай жарасып, бірегей болуды үйренсең етті!» деп көзіме кәдімгідей ыстық жас ұялатамын. Шекісу оңай, бекісу қиын. Шабысу оңай, табысу қиын. Онсыз да иығы биік, еңсесі жоғары ағасын асқақтата ардақ тұтып: «Асыл жүзігім!» «Абызым!» деп ағынан жарыла алдына келіп тізе бүккен текті ақыннан айналып кеткен жөн шығар. Мұндай ұлы ерлікке, әдетте, ұяты мол, ұлағаты зор ұлы адамдар ғана бармақ.

Жастық шағыңда бәрі де жарасады. Тіреске тоймайсың. Күреспей коймайсың. Бұл, айта беретін жарықтық, жан-жағыңа қаратпас жалын атқан жиырма бес пен аткан оғын жоғалтпас орда бұзар отыздың о жақ, бұ жағы ғой. Ал, қартаюдың жөні осы деп тозығы жеткен тұқыл томардай дөңгелене домаланып, шалғайына шала сүріне тобығынан басып жүрсе де алды-артындағыларға сүзеген сиырдай окырана каралып күндес катынның күйін кешуін коймайтын шегіне жеткен, қадірі кеткен кейбір қутың кәрілер жөнінде не айтар едіңіз?

Қартая білу – ғажайып өнер. Туа білген өле де білуі керек. Хамит ақын қағидасы, міне, осы. Сондықтан да ол өле білгісі келмейтін әлгі өресіздердің өрісіне өлең өргізеді.

«Тумақ, өлмек төркіні үндес деген,
Оны бастан өлерде кім кешпеген?
Соған дейін иманнан инабатты,
Қартайғанда біреумен күндеспеген.

Айтасың-ау айтуын сен де осылай, –
Сұлу сөзге құдайдың пендесі бай.
Кейінгілер сыртыңнан сынап сені,
Кең пейілге, деп жүр ғой, кендесің-ай!..

Өлген күні басыңды жуып-тарап,
Табытыңа әркімдер жуықтар-ақ.
…Сені солар көмерде қалатындай
Өлімге емес, өзіңе суық қарап…»

Арам өлім деп осыны айт! Осыдан кейін кәріліктің кебісін әлдеқашан сүйрете бастаған байламы күшті Хамит Ерғалиевті «қаны бұзық, ұлтшыл» қазақтың көзін шұқу аркылы қапелімде хан болғысы келетін іштен шыққан ірінділер ойлап тапқан үңдеусымаққа қол койдырып көрініз! Қоймайды! Қойса, өмірі қарны тоғайып, ісі оңалып көрмеген калың елі–казағы алдында кара кайыс қарабет болмақ. Қарабет болғаны – арам өлгені.

«Мен мезгілдің сыйлаймын тексерісін,
Рахаттанам иттіктің тепсем ішін!
Тура тарта беремін!.. Достар маған
Өкпелесе болғаны тек сол үшін».

Қарғылы «иттен» каймығып қайыспаған, ар-ұятын әманда таза ұстаған Хамит Ерғалиев осы!

Жалы жығылған жанбағар «жігітім» әкесі өлгендей өкіне уһлеп, бір айтқан сөзін екінші рет қайталады:

— Хамит Ерғалиев қол қоймайтын болды!

Пәлендей шаруам болмаса да есігін шалқалата ашып, шалқая кіріп келген кабинет ішінде бар-жоғы екі-ақ адам еді. Бірі түрін түстеп, атын атауға ауыз ауыртқым келмей отырған жаңағы жанбағар да, екіншісі бүгінде арамызда жоқ айтулы акын ағам. Ақын ағам төрмен есіктің екі ортасында тікесінен тік тұрып қалған. Сәлемдескен болдық. Қашан көрсең кездескен кісісін көл-көсір күн шуағына шомылдырып, ернеуінен аса есіп-тасып жүретін аңқылдаған ағамның екі жағы суалған, өңі әбден қуарған. Бірак, көкжал бөрідей әлдекімді жұлып жердей кектене желкесімен жер көтеріп тұрғандай кейіп байқатады. Кабағы калың. Жанары – жалын. Өртенгісі келе ме, өртегісі келе ме, түсініксіз. Маған анығы – ішінде ыңыранған ызы-шу ыза жатыр. Түртіп қалсаң, түгі қалмастан тулап сыртқа шықпақ. Шыдамы таусылған болар, ашу шақыра серпіле шешініп, сөйлеп кетті:

— Хамит Ерғалиев қол қоймайтын болды! Ал, мен қол қоямын!

Ақын сөзін жаңылыс үққан жанбағардын жаны кіріп сала берді.

— Аға, дұрыс! Қол қоймайтындарды кейін көреміз!

Акын басын шайкайды.

— Жо-о-қ, мен де қол қоймаймын!

Жаңа ғана жаны кірген жанбағарым және жығылды. Жығылып жатса да жалынып-жалбарынуын қояр емес.

— Аға деймін…

Ақын ағам қайыру беретін түрі жоқ.

— Хамаң – ақылды, мен – ақымақ. Тапқан екенсіңдер!

Жанбағардың екі көзі екі жақта. Сөнер-сөнбесін білмеген шылаусыз калған шарасыз шамдай жылт-жылт етеді. Бір көзі ақын ағамда, екінші көзі – менде. Неге екенін кім білсін, өзіне-өзі тықыр таянтып, асығып-ак тұр.

— Аға, енді…өзініз түсінесіз ғой, – деді не айтарын білмеген жанбағар тездете сөйлеп.

— Нені түсінемін ?! – деп ақын ағам тағы да шарт сынды.

— Алаңға шыққан алаңғасар жастарымыз жаңа басшыға қарсылық көрсетіп, ұлтымызды ұятқа қалдырып жатыр. Бұл Үндеуге қол қоймаймын деп үрке қарайтын ештеңе жоқ, баржоғы жастарды айыптау ғана.

Ақын ағам шытыр-шытыр етеді.

— Шырағым, мені, осы қинамай-ақ койсаң етті!…

«Е, бұл шалым да дұрыс екен!» деген ойға бой алдырып, қоңырсыған кабинеттен қуана шыққанымды қайтейін, қайран ағамның партбилетке «қолды болғанын» кешкісін бір-ақ білдім.

Ертеңіне, «ища!» деп, бой тітіркентуге тура келді. Әлгі ұлтымыздың үнін өшіруге бағышталған үндеуді ұжымдаса ұйымдастырғандарымның жүздері тым жарқын. Жарық жұлдыздай жарқ-жарқ етеді. Олар басшылық, мен қосшылық ететін Қазақ телерадиосынын мерейі де үстемдене түскенге ұқсайды. Қазақ радиосы мен Қазақ теледидары арқылы оқылған үндеуді бүкіл газет бас әріптермен басып шығарыпты. Амал жоқ, «бұзақыларға» бүйрегі бұрған Хамит Ерғалиевті ойша қамауға алдым. Саңылау тесігі жоқ, шығар есігі жоқ тар қапас. Бірақ, Хамит ағам қаймықпайтын тәрізді:

— Елі бардың желі бар көкіректе,
Оған өзге не қылмақ өкіректеп?!..

Сұмпайыны сұңқарға, қазақ халқын кемтарға айналдырғысы келген сол бір солық бастырмас қарасұр, қара суық күндер «қамаудағы» Хамит Ерғалиевті еріксіз еркінен айырып, кара судай «сақырлай» қайнаған қанын әбден қарайтып үлгіріп-ақ еді. Жастар алаңға күш салса, кәрі тарлан каһарлана кәнігі құлагер қаламына күш салды.

«… – Орталықтан! Орталықтан тек қана

Саған бастық туып бермек текті ана.

— Ол күн өткен.

— Ол осында.. Сен мені

Тонасаң да сол құтқарар деп тона.

— Қалжыңды қой, жүрмес бұған құрдастық,
Қазақ болып біз де жетпіс қырды астық.
Жетпіс жылда әрең жеткен қолымыз
Өзімізден жүре тұрсын бір бастық.

— Баршамызға жарылса да ағынан,
Сол қазағың тайыпты ғой тағынан.
— Оттапсың! – құрдасының құрдасы
Бір тартуға жарап қалды жағынан.

Аулақ едік біз әлгіні мас деуден, –
Рас, бір дәу келген екен Мәскеуден.
— Қайта құру заманында, қазекем,
Тағы да тек сол болады бас, кеудең.

— Осы «дәстүр» өлмейтұғын мәңгі ме?..
— Ел тағдыры ойыншық бір ләңгі ме?..
— Қақпақылдай қақшып біткен жок па еді ?..–
Елді осындай кетті кернеп әнгіме…»

Ақын алаңдағы қарақұрым қазақ жастарының арасында жүргендей әсерге берілген. Өзі де ұрандайды, өзгені де ұрандатады.

— «Өзге жақсы!.. Ал, сен неге жамансың?..
— Қазақ – мал деп айтып па әлде заман сын?..
— Итаршылар, ақырмаңдар алаңға!
Әділдікті өз қолына заң алсын!»

Құдай жеткеріп, кейін солай болды да ғой. Әділдікті әділ Заң өз қолына алды. Бірақ, бұл өздігінен осылай оңғарыла қалған жоқ. Жазықсыз жапа шеккен жастарымызды жазықтылардың жайған торларынан шығарып алу үшін жайшылықта басы бірікпестей көрінетін қазақ біткен бір кісідей атқа қонды. Намысын найза, ақылын айла етіп, сан ғасырлар бойы тұрақ мекенін тұтастықтан айырмай келген айбынды қазаққа ара-тұра мұрындарын шиіре менсінбей қарауды әдетке айналдырып алған Мәскеудегі «мықтылар» «ұлтшылдықтың» көкесін енді көргендей еді. «Қазақ ұлтшыл емес, қазақ жұртшыл!» Әр ауызда осы сөз. Хамаң болса зығырданын баяғыша кағаз бетінде кайнатып жатты. Мың-мың қазақты мінбе, митингіге шақырады. Мың-мың қазақты мың сан ойлармен мазасындандыра «маңыратады». Мың-мың қазаққа миллиондаған қазақтардың мың жылқы мұң-зарын айтқызады.

— «Қазақ тұтас!.. Мемлекет ол іргелі!
Неше ғасыр өжет өмір сүргелі!
— Жұтап қалды ол қамқорымсып қаймана
Үлкен төбет үй сыртынан үргелі!..

— Тоқтатыңдар жерді тонау, тінтуді!
Ел қатарлы ес жиятын күн туды.
Дербес дара, дені таза мемлекет
Әлденбесе көтереді кім туды?..

— Әл үстінде жатқан жандай тіліміз.
Ол жерленсе несіне біз тіріміз?..
— Ол оңалмас әр тұсынан жаһанның
Ұран шашпай бірімізге біріміз!..»

Осыған дейін әрқайсысы өз алдына осқырына оқалақтап, бірі ойдан, енді бірі қырдан табылып, татулық пен қатулықтың ара жігін ажырата алмай дұшпанға күлкі, досқа таба болып келген қазақтың сол жолғы кісі қызығарлық қимылында шек жок еді. «Ішкі-сыртқы сұқтылардың тіл-көзінен аман кылғайсың бізді!» деп жаратқаннан, жалбарына тілеген қызулы күндерімізді кім ұмытар. Ертеңгі ертегідей егемен елдің ереуіл атын ертерек ерттеп мініп, үміт үзеңгісіне тап сол тұста табан тіреген жоқ па екенбіз.

— Иә, тап сол тұс! – Хамаң томағасыз қырандай қанатын кере сөйлеп. – «Жамансыз жақсы жоқ», ендігі жерде кешеге салауат айтып, бүгінге береке тілесек дурыс-ақ. Өз басыма келсем, шүкіршілігімді күнде шөжелетемін. Олай ететінім: мен екі бірдей Жеңісті еншілеген адаммын. Бірі – кешегі ұлы еліміздің ұлы дұшпанын өз ұясында ұңғымен ұрып өлтірген күніміз. Екіншісі – еңіреген еңселі ерлеріміздің естиярлығы арқасында егеулі найзасыз егемен ел болып, енеден екінші рет туған күніміз. Олай болса, Хамит Ерғалиевке қазақтың ерлігі мен елдігі туралы неге өлең жазбасқа. Жазған! Әлі де жазады.

«Көрікті елдің көк туы үстімізде,
Тәуекел деп, түспеген түстік ізге.
Алдамшы емес, бұл жолы шын бұйыртқай
Құдай шебер бақ дейтін құсты бізге». –

Аллатағаладан, екі алақанымды жайып, күнде осыны тілеймін.

Пайғамбар жасынан әлдеқашан асып, абыздык ауылына асықпай ақырын аңдап жеткен ақынның тілегі – Тәңірде, батасы – өзінде. Бірі ұяға, бірі қияға қонған ұл-қыздарын ұзағынан сөз етіп, солардың жеке-жеке көтерген қазандарында қайнайтын сұйықтау сүттің каймағы калыңырақ тұрса екен деп шаруақор шалдың күйін кешкен күндерін көрген емеспін. Екі сөзінің бірі – елі. Қайғысы – қазағының әлі де әл жинап, қаз тұра алмай жатқандығы. Содан болар, куанышы мен ренішін қатар өргізеді. Әсерсіз ақын жок. Таңертең. «Пай-пай!» десе, кешкілік: «Шәй-шәй!» дей салады. Көзі көріп тұрғанды көңіліне қалатқандықтан сөйтеді. Барды бар, жоқты жоқ деуге жаратылған жанға жоқты бар қыла қой деп қиыла алмайсың. Көңіл кептері көкке көтерілген кездерінде:

— Көк туымыз көк аспанымыз ғой. Енді қазақтың өз аспаны бар дей беріңіз. Керемет емес пе! – деп шоқтығын биіктете желпінер еді ақын. – Айың оңынан, жұлдызың солыңнан туды деген, міне, осы! Күн ле сенікі. Самал жел, сая бақ та сенікі. Патшалық та, Патша да сенікі.

Иә, солай! Бәрі сенікі. Бәрі сенікі болғантықтан да Хамит ақын бәріне бас болып отырған Басшыға үміт-арманын арта сөйлеуге асығады.

«Мәртебелім!
Булығып өсер ұландай
Бұған да жеттік, көзіміз жасқа бұланбай, –
Басқа күн кеше күйдіріп көзден сүйген-ді,
Мына күн қайтпек?.. Емес-ті бәлкім бүл ондай.

Көріп те жүрсің жақын мен алыс қиырды,
Пенделер көп қой… Пенделер әлі қиын-ды, –
Қиқымы көзге түйіршік түтеп ұйтқыса,
Сол дерсің көңнен ұрланып ұшқан құйынды.

Солар ғой анық азыққа бола ар сатар,
Алғысыңа да қарғыстың оғын қарсы атар.
Дүние-пұлың ұшынған мына заманда
Өзіңдей ерді солардың тәркі шаршатар.

Оңайдан тұрмыс қиынға қарай ауысса-ақ,
Қалар ма дейсің біреуге біреу ауыз сап,
Аш көздің ылғи араны кеткен ашылып,
Теңіз сатылса, теніздің суын тауыспақ.

Самыржақ өңкей кешегі күннің бектері
Өзгертіп түсін, бір-бірден закон бөктеріп,
Жалаңбүт ерке базарды баурап байыса,
Панасыз әже қалар ма қайтер боқ теріп…

Қасында жүріп қаралық қылсақ, мізбақпай,
Айла табамыз етіңе тиер мұздақтай.
Қарақан басың жеңбеген жанға илансаң,
Күнә жүктейсің бір қаптай емес, жүз қаптай.

…Сенгенде бізге, сенімің ана сүтіндей
Таңдайда калып, таралсын канға бүтіндей.
Жарғы-жарлығың жөппелдем жолда қалмасын
Жолаушы түнеп, қалдырып кетер бір түндей.

«Жедел көмектің» рахымындай табыл да,
Кеудеден кері итертпей бізді қабылда.
Тәуелсіз елдің тәубесі хаққа жеткенше,
Қайсымызда да қайысар болсын қабырға»…

Иә, қабырға қайысады-ақ. «Қасқыр», да «қаншық» та түп-түгел табан астында түр өзгерте түлкіге айналып, жорғадан жабы, тұлпардан тазы озған заманда елге де, Ел ағасына да оңай емес. Оның үстіне жетпіс жыл бойы халықтар казармасының күйелі қазанынан несібе бұйыртып үйренген үйкүшік қазаққа аяк астынан енші алып, үйіңді бөлек тіккен заматта өзіңді өзің бір күнде үлде мен бүлдеге бөлей алмадың деп кінә таға аласың ба. Кінә таға алмасыңа және бір жанды себеп: әлгі табан астында түр өзгергіп, түлкі болған «қасқыр» да, «қаншық» та, жорға сүріндірген «жабы» мен тұлпарды тірсегінен шалған «тазы» да өзге емес, өзіміз. Қазақтар! Қазақтар болғанда, Хамаңның тақыр тапшылықтың талшық тамырын тура төтелеп, дөп басканындай, «кешегі күннің самыржақ өңкей бектері»; солардан өнген, солардан өрген, өргелі жатқан өңеші ұзын өресіз өрмекші өркендер; солардың туыс, бекзаттары, құда, жекжаттары, бажа, балдыздары… Егемен елдің ең майлы еті, сары маңыз сорпасы – солардыкі, сіңіріне «сүйретілген» сүйек-саяғы – сенікі. Ел меншігін сатылап сатып жатқан да, сатқаны үшін пай жинап, пайдаға белшеден батып жатқан да солар. Ел жазушысы Ел ағасына:

«Солар ғой анық азыққа бола ар сатар,
Алғысыңа да карғыстың оғын қарсы атар.
Дүние-пұлың ұшынған мына заманда
Өзіңдей ерді солардың тәркі шаршатар», –

деп бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Мен осыдан бес жыл бұрын жастар газетінің бетінде: «Қазақта Құр – Сұлтандар көп. Нұр–Сұлтан біреу» деп жазған едім. Сол біреу болса да бірегей Нұр–Сұлтанымыз құрған мемлекетті коржынды Құр–Сұлтандар жұлмалағысы келеді.

Бір ғана медет: пайым, парасаты мол Президентіміздің ақыл-айлаға негізделген салиқалы саясатының арқасында еліміз аман, жұртымыз тыныш. Біздің бүгінгі бақытымыз да, тақытымыз да осында. Аллатағаланың алабөтен карғысына ұшырағандай, өзара атысып-шабысьш, бірін-бірі қанға бөктіріп, бірін-бірі жерге шөктіріп жатқан алыс-жақын ағайындардың адами тірлікке түбірімен жат қылмысты қылықтарына қарап, қазаққа қайғысыз қара су ішкізген Құдайға күніне мың мәрте құлшылық етесің. Құлшылық етесің де Президенттің құнын базардың пұлына айырбастағың келмейді.

Бірақ, сырт сипатымыз солай болғанда іш құрылысымыз қалай десеңізші! Қасым ақын айтқан «сұрапыл соғыс соқты да бұздының» кері. Тілектес болғансыған тыстағы түсі бөлектеріміз енді-енді ғана ояна бастаған санамызға тұс-тұстан садақ боратып жатса бұл соғыс емес пе? Телевизорды басып қалсаң – секс. Газет бетін ашып қалсаң – секс. Тар төсекте тыр жалаңаш абыройларын аша құлшына құшақтастып жатқан жезөкше, желаяктарды экраннан көргенде өзің балаңнан ұяласың, балаң өзіңнен ұялады. Алды мен артын, «Мә, мынауым!» дегеңдей, айдай жарқыратқан әдебі бөлек әйелдердің сиықсыз суреттерін қазақтардың көз алдына апта сайын әдейілеп тосьш отырған үлкенді-кішілі «Каравандарымыз» тағы бар. Қыз-кырқындарымыз бен жігіт-желеңдерімізді желіктіруге шыққан құпия клубтар мен жария фирмалар да жетерлік. Кешегі қызуы зор, кызығы мол махаббат дегеніңіз бүгінде өрістегі қысыр сиыр мен «бұзық» бұқаның бүкпесіз тірлігіне айналған. Мұнда да – нарық. Кесімді бағамен келіссеңіз келе беріңіз. Осыдан кейін қазақтың оңы мен солын танып үлгірмеген үлбіреген қыздары көргеніне бағып, көрінгенге жағып, некесіз бала таппағанда не істейді? Ертең әкесін танымай, шешеге жарымай өскендіктен ана сүті дегеннен ада калған тегі белгісіз тасжүрек тастанды балалардан қаны жоқ халық құрайтын болсақ, қазақтың қанды соғыссыз-ақ біржола құрып біткені емес пе?

— Дұрыс па айтып отырғаным? – деймін сөзімді майдангер ақынға мақұлдатқым келіп.

— Дұрыс болмағанда! Әрине, дұрыс, – дейді қабағын шытқан Хамаң. – Санадағы соғыс даладағы соғыстан әлдеқайда қауіптірек. Сырқаттана бастаған санамыз халқымызды рухани азып-тозуға алып келе жатыр. Жаңағы өзің айтқанға қосарым кеше біз Құдайды ұмытып, Құранды құртуға күш салсақ, бүгін Қазақты ұмытып кітаптың «көзін» жоюға күш салудамыз. Кешегі дүкеңдегі кітап орнын бүгін шарап басқан. Кешегі табаныңды тазартпай кіруге именетін киелі өнер жайлары жартылай шет елдік жиһаздардың көрме-павильондарына айналған. Кешегі ханға сәлем бермейтін қаламгерің бүгін – қайыршы. Артисің – әпенді. Айтпауға ар-ұятың жетпейтін ащы шындық та, тұщы шындық та осы! Мұны мен өлеңіме де қосқанмын:

«Алыпсатар дырау болған заманда,
Жаттанды сөз жырау болған заманда,
Елдің тілін тірілтуді жаттан да
Жалбарынып сұрау болған заманда, –

Обал-сауап күлкі болған заманда,
Құлкын жұрттың кұлқы болған заманда,
Сырғасымен құлақ кесіп, үй үптеу
Бұзақының мүлкі болған заманда, –

Сыра кұрлым бедел қалмай кітапта,
Біткені рас жүйке-жұлын жұтап та.
…Күні қайсы дер едіңіз күліктің
Су ішпесе, жем жемесе жеті апта?..»

Халықтың атасы да, анасы да—әдебиет пен өнер. Өз үйіңде-айдарың, сыртқа шыксан – айбарың. Халықтың халқауһары да сонымен өлшенбек. Әдебиет пен өнерден іргесін аулақ салған халық – өшкен халық. Кешегі соғыста Сталин жеңген жоқ, көркемсөз жеңді. Көркем сөзбен суғарылған халық жеңді. «Ленинградтық өрендерім» мен «Жас қазақтың» авторлары жеңді. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің керегесін керіп, шаңырағын көтеріскен де, түндігін жауып, туын тігіскен де сол көркемсөз!

Ғабит аға Мүсіреповтың байлауы жоқ өмірден өтер алдында артында қалып бара жатқан жаутанкөз жұртына арнаған мына мұң-зарға толы ақырғы қоштасу сөзіне құлақ түрелікші:

«Кешегі өткен Ғабиден досқа: Енді екі жыл жүрсек жетпей ме?! – дегенім бар еді. Сол мөлшерім мөлшер болды. Қойны суық касиетті қара жер құшағына міне, мен де кеткелі жатырмын.

Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғырымды қорыта қарасам, қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық. Бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлы ұлы боп есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен, таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата буын әдебиетінің атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы…»

Еске алдық па? Жоқ! Өйткені, біз – жоққа жуық халықпыз.

Тастанды бала дейміз-ау, ұл-қыздарына үлкен үміт артатын қазақтың өзі өзінен өзгеге керексіз тастанды ұлтқа айналып бара жатқан жоқ па екен?

Өгейдің күнін кешкен әдебиет пен өнерің анау. Ол да тастандыға ұксайды. Тентіреуге шақ тұрған тілің мынау. Бұл да тастандының түрін танытады

«Өз тілімсіз өңімді түсім деймін,
Ешбір затты мен онсыз түсінбеймін.
Өз тілімде тірліктің түсін түстеп,
Тұр-тұлғасын болмыстың мүсіндеймін».

Бұл – Хамит Ерғалиев. Бұл – мен. Бұл – сен.

Бұл – бәріміз. Бәріміздің айтатынымыз осы. Президент те осыны айтады. Премьер де осыны айтады.

«Сіз бен бізге тіл, тіл қажет бәрінен,
Сол сорламай жасқа ауыссын кәріден.
Ол жоқ болса, өлген ұлтқа не пайда
Киер киім, ішер тамак, дәріден?..»

Бұл да бәріміздің сөзіміз. Мен де осыны айтамын. Сен де осыны айтасың. Ол да осыны айтады. Президенттің де, Премьердің ле айтатыны осы. Сөйте тұра мемлекетіміз барда мемлекеттік тілдің жоққа тән екеніне кайғырмайтынымыз қызық.

Хамит ақын кейінгі жылдарда жүдеу тартқан жұртына жарық жол, жақсы жай іздеген Асанқайғыға айналып бара жатқан тәрізді. Үйіне қашан барсаң да басын шайқап отырғаны:

— Беу, заман-ай, заман-ай!
Қартайғанның жаманы-ай.
Көне тымақ кигендей,
Жыртық жерін жамамай.
Беу, заман-ай, заман-ай!..

— Иә, Хама, сөзіңіз аузыңызда – деймін ақын күңіренісінің келесі «беттерін» аша түсуге асығып.

— «Айта түс, шалым!» деп отырсын ғой. Шал адам не айтып қарық қылар дейсің. Айтпақшы, сен, мына бір өлеңді оқып көрсең қайтеді… – Сарғыш түсті кітапты парақтап жатыр Хамаң. Маған таныс дүние – «Шер толғау». Бір емес, он рет окыған кітабым. Ақынның әбден толысқан шағындағы толғаныс-тебіренісі. Абай ақын кезінде қазақ үшін қалай күрсінсе, Хамит ақын да бүгін тап солай күрсінеді:

«Жомарт десе, кең десе қазақ деген,
Көкке жетпей қалады аз-ақ төбем.
Сұмды көрсем, сұмырай сенбісің деп,
Көзіне айтып, артынан азап шегем».

Екі көзім Хамаңда. Кітабын әрі-бері ақтарғыштап күйбеңге түскен.

— Әй, бала, шалың қартайған-ақ екен. Таба алмай жатырмын. – Кеңкілдеп күлуде Хамаң.

— Хама, өзіме беріңізші, – деймін кәрілікке күліп отырғанымды жасыра алмай. – Таппайтын не бар екен, көрейік.

— Сөйтсең, сөйтші. Ал. сен шыныңды айтшы, өзін осы кітапты бұрын оқып па едің? Оқымасаң, аулақ жүр.

— Ойбай-ау, Хама, сізді оқымағанда кімді оқимыз!

Шалым мәз.

— Е, айналып кетейін! Бәсе…

Қолымда Хаман ұсынған кітап.

— Ал, таба ғой! – деп Хамаң жымияды.

— Нені тап дейсіз? – деп мен де жымиған боламын.

— Әлгі өзім жазып, өзім таба алмаған өлеңді.

— Тапқанда қандай!!

Хаман аң-таң. Бірақ, мен қысылып-қымтырылар емеспін. Қысылып-кымтырылмайтыным: қолымдағы кітап басынан аяғына дейін бір-ақ өлеңнен тұрса керек-ті: «Шер толғау»! Бөліп-жаруға келмейді. Бөліп-жарсаң, бір сәтте қол-аяғынан айырылған жартыкеш жарымжанға ұқсап қалмақ.

— Ал, кеттім, Хама! – деймін. «Шер толғаудың» кез келген бетін ашқалы жатып.

— Кетсең кете ғой, – дейді Хамаң шылымын сораптай түсіп.

— … «Қу төбет қандаладай қанағасын,
Жәутеңдеп айналаңа қаранасың,–
Құдай-ау, осы жүрген өңкей өңеш
Жеңеді қашан ғана қара басын»?!

— Болдың ба? — Хамаң қаһарлы.

— Жоқ болғаным жоқ. Келесі бет. Келесі кез келген шумақтар:

«Біреу мейлі: Азаптап аман басын
Өзі ауыртты», – деп сені жамандасын. –
Өзін өзі жеңбеген пендешілік
Қайда бұрып барады заман басын?..

Тойымсыздық айғайы ашықтырса,
Ұры-қары аранын ашып тұрса,
Жанбағанда қайтерсің одан бетер
Табиғаттың науқасын тас ұқтырса?..»

— Шынында да таба қойдың. Тап баспасаң да шамасы осы. – Хамаң риза. Өз өлеңін өзіне бар өнеріңді салып, нақышына келтіре тақпақтап оқып берсең рахаттана риза болмағанда қайтпек. Айтары мол айшықты шумақтар: «Оу, ақыным, бізді жазған өзің бе?» деп арсалаңдап, алдынан шығып тұрса талайдан түу алыста жүрген туған балаң ойламаған жерден есік кағып, қуанышыңды койныңа сыйғыза алмастай күйге түсіргенмен барабар емес пе.

Ақын мұңға батқан. Жаңа ғана тұқылына дейін түк қалдырмастан «жеп» біткен шылымын қайта жаңартуда. Ақын кабинеті сонау ертеректегі ауыл шаңлағын еске салғандай. Малды маса мазаламасын деп жағалай бықсыта түтіндік салушы едік қой. Мұнда да тап сол. Көз аштырмайды.

Мен де әрқилы ой үстіндемін. «Сірә, шылым мен шарап бір әке, бір шешеден шығар-ау» деймін ішімнен ақынның кілең есімде жүретін «ескі» өлеңін ойша оқып жатып.

«Шабытыңа жүкті жөндеп арта гөр!
Темекі, темекіңді тарта бер.
Титтей шарап… Өйтпегенде мына түн
«Неге мұның несібесі орта?» – дер».

Шылымды қайдам, шарап жарықтыққа тіл тигізу қиын-ақ: Ақылдыға –шабыт, ақымаққа – табыт.

— Мынаны да көрсең қайтеді, – дейді Хамаң көк мұқабалы мұнтаздай кітапты қолына ала түсіп.

Бұл да бұрыннан таныс кітабым. «Сонеттер».

Сонет сонау-сонау замандардан адам баласының арманын арқалап, тырбаң тіршілігіне толассыз тыныс беріп келе жатқан көшелі көне жанр. Он төрт жолдан тұрады. Соңғы екі жол алдындағы үш шумақтың тобықтай түйінделер тұсы. Басқа да түрлері жетерлік бұл жанрдың ата қонысы – Италия, туған уақытты – 13 ғасыр. Сонеттің өсіп-өркендеуіне 14 ғасырда – Алигьери Данте мен Франческо Петрарка, 16 ғасырда – Пьер де Ронсар, 17 ғасырда – Уильям Шекспир теңдесі жоқ үлестерін қосқан. Айтылмыш жанр орыс поэзиясына Василий Тредиаковский, Василий Жуковский, Александр Пушкиндер арқылы енді. Ал, алысты қойып өзімізге келсек, сырт танысымыздай ғана болып келген сонетті қазақ әдебиеті тарихында тұнғыш рет төл поэзиямыздың қатарына қосқан ақын Хамит Ерғалиев! Бірақ, Хамаң сөйтіп едім деп, кеуде керіп көрген емес. Әдебиет сыншылары да солай. Сыйлы ақынымыздың сыйын көріңіздер деген емес. Қалайда үндемей қалуға бекінгендей. «Олар да «ұлы» өзгеріс үстінде ғой, – дер еді Хамаң өкпе-назын күлкісіне жеңдіріп. – Кейбір сыншыларға сен айтқан сыйлының сонеті емес, сиырдың сан еті керек». Қайтеді, заман солай. Қазақтан қазы жақын, қойшыдан қозы жақын.

Ақын сонетке басады:

«Киын, қиын… Зарлау қиын әріден,
Зарлама деп ұрсу қиын бәрінен.
Етек басты болып біткен ежелгі
Ел науқасы емделмейді дәрімен.

Сал боп ұзақ жатқан бейбақ ызасын
Тез тиям деп бекер, бауырым, қызасың.
Әлі тонап алып жатқан жокпыз ба
Ар-ұяттан ашықанның біз асын?..

Еркін сүйреп кете алмаған жетегін
Ыза тегін, десең бүгін не тегін.
Әйел әлі жапқан да жоқ колхозға.
«Мә, мынаны ал!» – деп көтерген етегін.

Салтанатпен сайысардай залал да,
Кескілесер ащы кек те әлі алда».

Хамит Ерғалиев сонеттері әдегеннен осылай қазақы қамыт киіп, алаштың арбасына жегіліп жатар еді. Алаш арбасына ар-ұяты азбаған, намыс оты маздаған ақ көйлек адал жандар мінсе игі, әрине. Ақын сол адал жандарды жолықтырамын деп жүрегіне жүк түсіре жан-жағына қаранбақ. Қайда қараса да көзіне шалынары өзінің баяғы қарақұрым қалқан құлақ қазағы. Біреуіне де қиянат жасағысы жоқ. Бәрі өзі. Өзі болғандықтан да өзгеден бұрын өзгере қалғаңдарға бала өзегін өртеп, өңін кашырады.

«Қалай, қалай, апыр-ау, өзгересің,
Өзгерісті өзгеден тез көресің.
Бас пайдаңа баспасөз жарай қалса,
Сорды бақ деп ұғардай сөз бересің.

Құран сөзін сен кеше құрт дегенің,
Қой деп ешкім бүйірден түртпегесін.
Малайлығын әкеңнін мактан етіп,
Тексізбін деп тесіп ең жұрт төбесін.

Енді бүгін ишанның ұлы екенсің,
Құдай кұрткан кешегі «күл әкесін».
Ризасың тәңірге дей алмайсың,
Адам соты құдайдан құн әперсін.

Бұл сонда, бір сатылмай, қажығанда
Ұрлап ап, қайта сатқан қазынаң ба…»

Ақын айтуындай айтады-ақ, бірақ, оны құлағына іліп жатқан кім бар? Баяғы Абай заманындағыдай: «Қайран сөзім кор болды Тобықтының өзіне!» Тобықтыға айтқаны қазаққа айтқаны ғой Абайдың. Қазақ қашанда қазақ. Бір таңқаларлығы: кісіден «қарызға» кеңес сұрайтын құралақан қазақты көре алмай қор боласың. А деп аузыңды ашсаң болды, еститінің: «Ақылыңды басыңа шайнап жақ!»

«Бұны қойшы!» деп салса кісімсініп,
Жұрт көзінше қалғандай тісің сынып,
Аузың баса қоясың… Ол көкиді
Тартқан сайын жабырқау түсің сынық».

Осы қылық еркек кіндіктерді айналып өтіп, әйәйің болуға тиіс әйел затына көлексіз көшіп үлгерсе ше? Көзімнің қарасы деп жүргенің көзіңнің сорасы боп шыға келмек. Мұны көріп-біліп отырған Хамит ақынның тағы да Абай атасынша қаны қайнайды. Тағы да қаламға күш түседі, қағаз із түседі.

«Келін беті өнеге үскіріктей,
Күнде неке өледі күш бірікпей.
Ұят ұйықтап кеткен соң иба-жетім,
Долы мінез ит қылар ішкіліктей.

Қатын еркек болған соң, ері – қатын,
Мансұқ еткен махаббат перизатын.
Ар мен намыс құдды бір құдық дерсің,
Тышқан түсіп ішпейтін жеріп атың…»

Армансыз күндерін көбейту үшін де ақын өзі қазақ бола тұрып, қазақтың кемшілігін тергіштейді. Кемшілігін тергіштейтіні қашаннан жыртығы жамалып көрмеген жұпыны жұртының жетпесін түгендегісі келгені де. Бірдің кемшілігін мыңның алдына тартады, мыңның кемшілігін бірдің мойнына артады. «Бірсіз» мың жоқ. Мыңның басы – «бір». Ойлан. Толған. Түсін.

«Арал жойылды,
Адамдар жойды,
Тасыр қылыққа
Табиғат тойды.

Ақыл-ой азды,
Суға көр қазды.
Ар-намыс тоқырап,
Тоңалды топырақ»

– дейді Хамит ақын. Келісіңіз, келіспеңіз, бұл – мыңның ісі. Мыңның ісі – бірдің ісі. Абайды тыңдаңыз: «Единица болмаса не болады өңкей ноль».

«Тым болмаса
Түсімде, Арал,
Орныңа орал,
Қайтадан жарал,

Тым болмаса
Түсімде, Арал!…»

Жоғалғаныңды жоқтама деп қалай айтарсың ақынға.

Құлағыма жадымда қалған жанбағар «жігітімнің» осыдан аттай он жыл бұрынғы солғын да солбыр сүмелек сөзі сонау алыстан әрең әлсіреп естілгендей: «Хамит Ерғалиев қол қоймайтын болды!» Иә, өткеннің бәрі ұмыт. Әйтсе де мен: «Жоқ, ұмытпайық!» дегім келеді. Иә, ұмытпайық! Ол – 1986 жылдың 18-ші желтоқсаны болатын. Сәске де емес. Түс те емес. Осы екеуінің екі ортасы. Ол, – мен үшін, – Хамит Ерғалиевтің қайта туған күні. Айтпақшы, қайта туған кісіміз тап сол тұста тұп-тура 70-те болатын. Қазір-80!

«Сексенде селкілдеген шал боларсың» дейді бұрынғылар. Сол сексеніңізге бүгінде селкілдеп емес, еркіндеп жеткен Хамит Ерғали баласы әлі де үстінен «ер-тоқымын» түсірмей, тәуелсіз еліміздің терлігі кеппес тура шабар тұяғы бүтін тарланына айналып отырса, ол өзі құрбандығына шалынуға әманда әзір айналып кетейін мына қазак деген халықтың арқасы. Қалам ұстатқан да халық. Қалқайтып қатарға қосқан да халық. «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағын беріп, екі омырауын орден-медальдармен зерлеген де сол халық…

— Сенің шудасы шұбатылған шылымыңнан-ақ өлетін болдым. Қанша серімін десең де сексен дегенің аз жас емес, шалым. Ендігі жерде қалам мұқалтып, қағаз жұқартқаныңды қойсаң да болады ғой, – дейді менің Әнуар жеңешем кәдімгідей қабақ шыта сөйлеп.

— Ойбай-ау, өлеңді қой дегенше шылымды қой деп неге айтпайсыз? – деймін ағам мен жеңгемнің екі ортасына киліге кетіп. Жеңешемнің жауабы тез.

— Төлепберген-ау, бұл шылымды қойғанмен өлеңді қоймайды. Өлеңді қойса шылымды да қояр еді. Шылымды шектіріп жүрген сол өлең ғой.

Хаман рахатқа батқан. Екі езуі екі құлағында.

— Әнуаш-ау, сен ұмыттың ба, әлде ұмыттырғың келіп отыр ма, мен не айтып едім осыдан аттай қырық бір жыл бұрын: «Маған жат – тынбақ, сарқылмақ». Пай-пай, онда мына шалың бар-жоғы отыз тоғызда ғана екен-ау!

Арқалана түскен ақын шабыт атты арғымағын ауыздықпен алыстыра түскен:

— Маған жат-тынбақ, саркылмақ,
Қалжырап көрген жоқ жаным.
Өтермін өзім жарқылдап,
Өзегім толы ақ жалын.

Бір кезек ыстық қойынға
Даланың гүлін үзіп сап.
Бір кезек қарлы құйынға
Құйғыта кірем қызықтап.

Теңіздін ақ бас толқынын
Кеудеме кейде оранам.
Демеймін оттан олқымын,
Найзағай менің кәрі анам.

Мінездің албырт түрі де!
Айтылар әлі оған сын:
Мінім бар дейді-ау тіріде
Көлеңкем қайда жоғалсын?!

Жүресің жарқын жанымда,
Көрініп кейде көлеңкем!
Сені де мендей жадыңда
Ұзаққа сақтар кең өлкем!

Қызықпан құрғақ мадаққа,
Берілмен кесір кеңеске!
Міндетін ұлдың адақтап,
Армансыз жатам дөңесте!