Естеліктер

Қадыр Мырзалиев. Алпыстың астары (арнау-өлең)

Қырықта деп сұлу сезім, табанды ой,
Сөз өлкесі жасап жатыр саған той.
… Қырманы боп қызыл жырдың, қыз жырдың
Келген саған –
Алпыс емес –
Сабантой!

Гүлдегенде сияқтанып ақша бұлт,
Өлең-дастан жеміс салған бақша – құт.
Ақ көбік боп буырқанып, бұрсанып,
Келген саған –
Алпыс емес –
Жас шабыт!

Ақынға айтар елдің сөзі тілде жұр,
Алау құшақ, десте-десте гүл де жүр.
Желмаялар жарысынан үзіліп
Келген саған –
Алпыс емес –
Жүлде-жыр!

Бұл той үшін болмаса да жаңалық,
Алпыс жерге алпыс жұлдыз жағалық!
Бірақ… шаштың бәрін түгел ағартып
Келген саған –
Алпыс емес –
Ағалық!

Төсегіңде дөңбекшітіп не бір ой:
Кейде жарқын, кейде батпан ауыр ой…
Маңдайыңа соқаменен әжім сап,
Келген саған –
Алпыс емес –
Абырой!

Тартыстарда талай арқа сойылд-ау!
Айтыстарда талай таңдай ойылды-ау!..
Аяғынан тік тұрғызып енді елді
Келген саған –
Алпыс емес –
Мойындау!

Сезіміңді тастағандай күй күрмеп,
Жырың сенің жырдан асқан сиқыр ма еді?!
Ақбоз ат боп алтын шылбыр сүйретіп,
Келген саған –
Алпыс емес –
Сый-құрмет!