Ғұмырнама

1988 көктемі

Дәптер айлар бойы беті ашылмаған күйінде жатып қалды. 1988 жылғы көктемнің де алғашқы айы түгесілді. Ауық-ауық үдеру (привал) үшін де уақыт керек. Күнделікті тірлік тежеулері және бар. Аяқтың буындары ісіп жер бастырмай қойғанда жазу столына келе алмай қаламын. Ондайда есік жақтан күтетін қонағың – дәрігер мен қайырия; шприцтен бөксең босамайды. Әнекең байғұстың бір күні жүрегі, бір күні басы шамадан тыс қатты ауырады. Онда да ойдың шырқы бұзылып мазам кетеді.

Шүкір, бұлардан тысқары уақытты олжасыз өткізген жоқпын. Нашар көретін көзіме қалындығы лупадай + 14 көз әйнегін киіп алып талай нәрселер оқыдым. Көптеген өлендер жаздым. Жасы сексенге толған көршім Дихан ақынның творчествосын қайтадан бір сүзіп шығып үлкен мақала жаздым. Кімнің мүшел тойы болса, бөліп алып соны мақтайтын бір жаман әдетіміз бар ғой. Бәлкім сол әдеттен арылуға себін тигізер деген ниетпен бұл ақынның алпыс жыл бойы жазғандарын жалпы поэзиямызбен байланыстыра қарастырып, әр кезеңге қысқа да болса өзімше экскурс жасаған болып едім, «С. Қ»-дағылар баяғы дағдыға бағып, Диханның жеке басына байланысты сөздерімді ғана қалдырыпты. Ондай «өзгерістерін» авторға айтуды қажет деп те санамаған: біздің редакторларға ондай мәдениетті кім бере қойсың?!.

Сафуан Шәймерденов «Ағалардын алақаны» дейтін шежіре іспетті, өзінің көрген-түйгендерінен үп-үлкен кітап бастырып шығарған. Маған сол ұнады да, пікір жаздым. Зейнолла Қабдолов та өткен жылы алпыс жасын толтырған. Өмір бойы өзара байланысым үзілмеген бұл адам туралы ойдағының бәрін болмаса да, ұстаз ғалым жазушының ел біле бермейтін талай тәліми қасиеттерін қағазға түсірдім. Абырой болғанда, Гурьев газеті менің бұл еңбегіме қиянат істемей, түгел жариялады.

Қазақ әнге бай халық. Осы хақында біріаз ойлар білгізіп, жылдың әр маусымында «Төл басы», «Алтын дән», «Ақша қар» деген секілді ән мерекесінің күндерін тағайындаса нетті деп, «Қаз. әдебиетіне» мақала жазған едім. Жарықтық біздің «жедел сергектер» қозғала қоя ма, – колдау таппады. Ән жермеңкесінде кітап сату сияқты талай шараларды іске асыруға болар еді ғой.

Тағыда бітірген бір шаруам – Сәбит Мұқанов поэзиясы хақында қағазға түскен әсерлер, пайымдаулар. Бұның жазылуына Құлбек Ергөбековтің өтініші түрткі болды: ол ақынның 90 жылдығы қарсаңында Сәбит творчествосы туралы пікір кітабын құрастырады екен. Осыдан отыз үш жыл бұрын Сәбит өлеңдері туралы мақала жариялағаным бар тұғын. Марқұм Сәбеңнің мақала шыққан күнгі сәске мезгілінде телефон арқылы: «Хамит-ау, ежіктеп оқыдым. Дұрыс!» дегені де есімде. Әрине, мақаладағы менің азын-аулақ сыным үлкен кісіге әсер ете қалды демеймін (онда поэма жазбай кеткені айтылған) Ал, «Ақ аюдан» соң аттай 28 жыл үзіліс жасап, 1965 жылы ғана «Жұпарханды», ізінше «Алдабергенов туралы аңызды» жазғаны рас. Сондықтан бұл жолы мен ол мақаланы өз күйінде сақтадым да, дастандар туралы бүгінгі ойларымды соның соңына тіркедім. Сөйтіп ем, бұл да өзінше әжептәуір еңбек боп шықты. Ал, осы жоғарыда аталғандардың басын қоссаңыз, бұл да өнер, әдебиет, әдебиетші хақында бүтінге жақын бір кітап емес пе?..

«Жедел толғауымның» сигналдық данасы алдағы айдың бас шенінде қолыма тиеді. Баспагерлер пікірі жақсы. Әрине, мен әлі-ақ оны бауырыма қысып ұзақ отырамын… балаша қуанамын… Дағдым бойынша, стол үстінде қарсы алдымда тұрған бақытты сағатыма тағы да маңдайымды тигіземін. Содан соң үй ішінің күйбеңімен кай бөлмеде жүрсе де Әнуашымды іздеп тауып алып, байғазы сұраймын.

«Жеделімді» орыс тіліне аудартқалы отырмын. Кандай болып шығарын қайдам… Өлген кісінің бас сүйегіне қарап тірідегі бет әлпетін қалпына келтіреді дейтін мүсінші Герасимов тәсілі бар емес пе. Жолма-жол текстен тәржімеленген дүиелерім соның кебіне ұшырап, содан аузымның күйгені қанша десеңізші?!

…Жасы ұлғая келген адамды алаңдататын ерекше бір жағдай жастар тағдыры ғой. Мен болсам оларды өз мұратымнан бір сәт бөлектеген емеспін. Ірі деген оқиғалы шығармаларымдағы негізгі кейіпкерлердің 90 проценті жастар екені соның дәлелі бола алатын шығар-ақ. Мен жас адамның жаңа жаратылысымен, арманымен азықтанамын, жаманшылығымен жанымды азаптаймын. Жалпы жастар қандай бағыт ұстаса да мен соны мезгіл мінездемесі сипатында пайдаланамын.

Алматы алаңындағы желтоқсан оқиғасына қапелімде не дерімді білмей, шамадан тыс шаршап арып қалдым. Арада екі жыл өтседе берер пәтуам әлі де айқын емес. Әуелгі ошарылған шоғырларды онша өрікпітпей сабасына түсіруге болатын еді, басшылар дәрменсіздік көрсетті.

Меніңше, мұнда тағылық басым болды: шынымен-ақ жастарды біреулер адастырған деп танысақ, онда, әрине, сол адастыру – тағылық. Ал, жастарды есінен тандыра сабау – бәрінен өткен тағылық. Тіпті осының өзін тағылық деу аз: баяғы репрессияны айыптай білген ақылды орталык жазалаушы әскерді қалайша ойланбай жібере салған?.. Сол қатыгездік болмаса, алаң өзінен өзі өртенбес те еді, оның жалыны жаһанның көзіне түспеген де болар еді.

Оқиғаның ізін суытпай әр жерде жиындар өткізілді. Халық шаруашылық институтының мыңға жуык адам жиналған акт залына жалғыз өзім барып, қазак, орыс тілдерінде өлеңдерімді оқыдым. Сол тақырыптағы ауыз-екі әңгіме барысында:

– Мен білетін қазақ арасында (өкінішке қарай) рушылдық бар. Әйтеуір, бір абыройы – ұлтшылдық жоқ, – деген едім. Бұл менің ішіме талайдан бері имандай түйген түсінігім болатын. Бұдан кейінгі ресми документтерде «Қазақстанда национализм де, шовинизм де бар» деген пікір айтылды. Содан соң ғана өзіме өзім «зады, ағат айтыппын-ау!..» деп қалдым. Өйткені, бұл қарғыс атқырдың біреуі болған жерде екіншісінің де бас көтеретінін кім білмейді. Қасыған жерден қан шығаратын, ұлттық намысты кеміріп-мүжитін індет қой бұлар… Соғыста соның біреуі де байқалмаған еді. Бұл ұлтшылдық, ұлы орысшылдық дегендеріңіз қарын тойғанда қампиып шыға келетін пәле ме, не нәрсе өзі?

Әрине, «семья не без урода» деп орыс жұрты айтқандай, әркімнің өз шірігі болмай тұрмайды. Сол іріндеген жердің қанға тарайтынын ескере бермейтініміз рас та. Бір қазақтың өзін баяғыша бірнеше жұзге бөліп көкіп жүретін Тоқпақ секілді жексұрын жүзіқаралар аңқау жастарды арандатпағанда қайтсін?! Сол Тоқпақтар орыс арасында да жоқ еместігіне бір-екі жерде өзім де көз жеткерген едім. Менің үш жарым жастағы Айжан дейтін немерем балалар санаторийінде жатты да, артынан біз бардық. Сондағы өзіндей бір бөбекті көрсетіп айтқаны – «Ата, мына бала маған «Казашка-какашка» дейді». Бұл жолы баланың ешкімін кездестіре алмаған соң, тәрбиешіге менің атымнан сөйлесуді тапсырып аттанғам. Енді бірде трамвайдағы орындықтардың алдыңғысында қаз-қатар орнығып алып бейпіл сөздерді боратып отырған шала мастау екеуге:

– Ау, жігіттер-ау, мына кемпір таяғына сүйеніп әрең тұр ғой, орын берсендерші, – дедім, бір апайды нұсқап.

– А, хозяин страны, это вам не верблюд!.. – деді біреуі.

– Ничего, она уже насиделась… – деді екіншісі.

Мен алдыңғысына орысшалап:

– Көгершінім, кешір, сен хозяин болмағанда кім едің? – дедім.

– Орыспын.

– Жоқ, сен орыс емессің, орыстың абыройын айрандай төгіп жүрген итсің!

– Тоқта, тоқта!.. Кайталап, айтшы, немене дедің?..

Ол маған осылайша әкірлеңдей бастағанда орыстың мен кұралпы бір адамы:

– Иа, иа, итсің сен, тұр орныңнан, оңбаған! – деді анаған.

Сол-ақ екен, орыс атаулы қатын-қалаш әлгілерді орнынан тұрғанда да күстаналап, естерінен тандырды. Ақыры екеуі маған:

– Біз кінәліміз, – деген болды, ақырын ғана. оларға айғайлап тұрып менің айтқаным:

– Жоқ, кінәлі сендер емес, сендерді таптырған мына менің, менің кұрбыларым!..

Келесі аялдамаға дейін жұрт жұмған ауыздарын ашпады. Әрине, біз өне бойы бүйте бермеген соң бүйі, шаянға да жол ашық.

Әлгіде жастарды алданды, арандады делік, жанашырлық білгіздік. Ал, шынтуайтқа келгенде, солар соншалық алданғандай, арандай койғандай сәби ме?.. Дардай студенттер емес пе?.. Тіпті жұмысшылар емес пе?.. Бұлар баяғы өлшеммен алғанда бір емес-ау, екі баланың әкесі, шешесі болмас па?.. Бәлкім бұл орталықтың өктемдігіне қарсы саналы шабуыл шығар?.. Бұндай қыр көрсету жетпісінші жылдар аяғында Ақмола қаласында да болған еді ғой.

Заман озып жатады. Оқиғалардың бірі тыңнан өніп, бірі тозып жатады. Менің ойыма оралып отырған ахуал ол емес. Көне таулардың шөгіп мүжіліп, жаңа таулардың пайда болатыны секілді табиғи құбылыс қой ол. Мына жаңа тарихтың бойында болып жататын өзгерістерді айтамын-ау… Ұзын тарих өлшемімен алғанда қас қағымдай, күні кешеғі оқиғаларға берілген бағаның кейде керісінше шығып жатқанын айтамын-ау… Мәселен, Лениннен кейінгі елді коллективтендіру дәуірін алсақ…

Ұлы Октябрь Социалистік Революциясының 70 жылдығындағы хакында Генсек жасаған баяндаманы оқып отырып, соның бір жеріне келгенде: «Алда, соры қайнаған әкем-ай!..» деп қалдым. Бұл арада мен әкеме реабилитация жасағалы отырған жоқпын. Ол кісі Расул Гамзатов өз еркімен рухын ақтаған Шамилдей тұлға емес, қоғам қайраткері де емес. Менің әкеме енді ешқандай ақтаудың керегі де жоқ. Бұл әншейін баяндамада айтылатын бекер күйген середняк қатарында менің әкемнің де болғанын еске алып опынғаным ғой. Осы дәптердің бұрнағы жылы жазылған бір жерінде Ерғалидің Әмірге жазған хаты туралы айтылған еді-ау. Бес мың жылқымен мұздай аман отырған Ауқатты (Ораз Исаев аулының байын) көріп, өзінің бір қора қой кесірінен жер ауып бара жатқанын жылап жазған еді. Бейшараның көз жасын әділет алпыс жылдан кейін көрген секілді. Бірақ, тым кешіккен рахым… Осыған қарап отырып, бұл секілді бейкүнә күйгендердің саны қанша екен деп те ойлайсың. Осындайлар үшін төңірегіне жексұрын көрінген он, онбір жасар Хамиттар қанша болды екен деп те ойлайсың.

Қалай дегенде де бұл ұлы революция тұсында кеткен қателік қой. Сондықтан бұны бір сәрі десе болар. Ал, Әнуаштың әкесі Қанай Боранбаев тағдырына не дер едіңіз?.. Большевиктердің жасырын ұйымына мүше болғаны үшін патшалық армия қатарында жүріп Варшавада абақтыға алынады. Дұрыс-ақ!.. Қазан университетінде Ленин оқыған заң факультетінің екі курсын бітіріп армияға алынған, әлгі себеппен түрмеге камалған Қанайды Қызыл Гвардия темір тордан босатады, Дұрыс-ақ!.. Қазан дивизия комиссары дәрежесінде Ашхабатты, Пішпекті, Алматыны ақтардан азат етуге қатысады. Дұрыс-ақ!.. Қанай – Қытай жерінде Совет консулы, Қанай – Наркомюст, Қанай – Алматыда ОблЧК. Бәрі дұрыс!..

– Қазақ жұртының қақ жартысын қырып тастадың, сақал жолдас!

Қысқа түгілі ұзын тарих кешірмейтін ащы шындықты дәл осылай Голощекиннің бетіне айтқаны үшін бұл енді Совет Өкіметінің жауы бола қалады, абақтыға алынады. Бұның қай жері дұрыс?.. Бір кезде Жандосов пен Бәрібаев стойкий революционер сипатында өздеріне идеялық ұстаз тұтқан Қанайды әлгі біреулер енді, алпысыншы жылдарда, қолдан бай баласы етіп шығарады. Қанай әкесі Боранбай шалдың орман күзетшісі болғанын, оған бір ат, екі бұзаулы сиырдан өзге мал бітпегенін біліп отырып сөйтеді. Неге өйткен дейсіз ғой?..

Белгілі ел ақыны Кенен Әзірбаев бір күні біздің үйде отырып:

– Ой, сұмдық-ай, Боранбай тау ішінде ағаш күзетіп, жер кепеде жалғыз үй отыратын сорлы кедей еді ғой, – дегенімде маған Р. Е.: «Әй, шал, артыңды қысып жүр. Егер Қанай аты қалпына келер болса, оның беделі Ораз бен Жұбанышқа көлеңке түсіреді» деді. Сосын, қайтейін, артымды қыстым… – деген еді. Сонымен нағыз революционер Қанай Боранбаев күні бүгінге дейін өз қолымен құрысқан Қазақстан партия ұйымының сыртында қалып қойды. Голощекин ұстатты, Ежов өлтірді, кейінгі өз жерлестері соны пайдаланып Канай атын өшірді. Бұның қай жерін дұрыс дер едіңіз?..

Әбділда байғұс өзінің сүйікті бәйбішесі Сараны жақында ғана жерге беріп, қартайғанда қасірет шегіп отырса да, бір сәт еңсесін көтеріп, осы жылғы бір жиналыста:

– Жолдастар-ау, туысқан партиямыз адалын айт, жоғалтқаныңды түгенде, өлгеніңді тірілт, өшкеніңді жандыр – деп отыр емес пе?.. Заман ырқын кезінде дұп-дұрыс түсіне калмаған, бірақ қазақ мәдениетіне қыруар қызмет көрсеткен Байтұрсынов пен Жұмабаевты, интернационалды алғаш қазақ тіліне аударған Аймауытовты, палач қолынан бейкүнә қаза тапқан, ажалы жаладан болған Шәкерімді неге ақтап алмаймыз?.. Көркем тарихымызды солар арқылы неге толықтырмаймыз?.. Орыс жұрты ондайларын әлдеқашан актап алды емес пе?.. Солардан неге үйренбейміз?.. –деді. Зал соны қуаттап жарытпады. Кәдімгі баз қалпындағы баяғыша бұғып, ішімізге тығыла қалдық. Тап бір Берияның тыншысы қасымызда отырғандай сазарып алдық. Өз басым «қайта құрылғандағымыз, шамасы, осы болды-ау?!» дедім де, қойдым.

Құт. 88.

***

Бүгін таңда жергілікті халықтың тілін орыс тілімен қатар оқыту ұраны көтеріліп отыр. Бұл да менің жеке өмірімнен тысқары жатқан, яғни, мен қатыспайтын мәселе емес: «Орыс тілі», «Өлеңім мен өз тілім», «Адам күні адаммен» секілді көптеген жырлар жаздым, орысша, қазақша мақала да жарияладым. Бұл төңіректегі кейбір ойларымды осы дәптерге де түсірейін.

Арқадағы облыс, аудан орталықтарында тап осы күндерде хал-жай қандай екенін цифрлап бере алмаймын. Оңтүстік, батыс облыстарда жағдай бұрын да аса жаман емес еді. Ал, осыдан оншақты жыл бұрын бір ғана казақ мектебі калған Алматыда казір ондай мектептің саны жиырмадан асты. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі балабақшаның да саны артты. Бұл тіптен мол табыс. Бұл келешек көкжиегінің кеңейуіне кепілдей.

Бұрынғырақта көзбен көрген, бастан кешкен бір шындықты дәл осы арада еске ала кету кейінгілердің білуі үшін керек.

– Орыс тілін біл! Орыс тілін білмей, білімге жол таппайсың!

Ұран сипатында қысқартып алатын болсақ, Шоқанның да, Абайдың да, Ыбырайдың да, Шәкерім мен Мақаштың да қазақ жұртына қалдырған өсиеттері осы болатын. Орыс тілін білуге әбден сусап, аңқасы кеуіп жеткен жұрттың Совет тұсында қалаға көшіп келгендері балаларын орыс мектебіне берді. Алматы сияқты үлкен қалаларда қазақ мектебінің онша көп ашылмауына әуелгі себеп осы болды. Ал, Отан соғысынан оралған біздер балалы болғанда жуық маңда қазақ мектебі болмады. Жау талқандаған қалаларды калпына келтіруден қаражат ауыспай, тылдағы құрылыс бір шама баяу жүрді. Содан кейін-ше?.. Содан кейін біздің республика басшылары қазақ мектебін көбейтсек ұлтшыл боп кетеміз деп қорыққан екен (Қонаев Колбинге тап солай депті ғой).

Енді шүкір, бұл жағы біршама жөнге келген секілді. Ал, қазақ тілін қазақ емес баска ағайындар да білсін деген ниет-қабыл болу жағына келсек, ақылға қоныңқырамайтын жағдаят бар. Мәселен, қазақ емес ағайындар қазақ тілін кандай жағдайда зерттеп, оқып үйренер еді деген сұраққа жауап:

– Қазақстанда іс (делопроизводство) қазақ тілінде жүргізілсе.

– Қазақстандағы мектептердің бәрінде қазақ тілінен емтихан алынып, сонын бағасы аттестатқа жазылса.

– Қазақстан ВУЗ-дарына түсетін абитуриенттен қазақ тілінен емтихан алынса.

– Ғылыми дәреже алу үшін де қазақ тілінен арапша құрлым емтихан тапсырса.

– Қазақстан мектептерінде қазақ тарихы оқытылса.

– Қазақ тілін білгені үшін еңбек ақысына қосымша төленсе (бір кезде ондай да болған).

Бұның біреуі де іске аспаған жерде бұл тілге кім зәру бола қояр?.. Кәсіпорындарда қазақ тілін үйрететін үйірмелерден шыға сала, онда естіген сөздерін ойыншыққа, келемешке айналдыратындар да жоқ емес дегенді кұлағымыз шалып қалып жатыр. Бұның перспективасы осындай!. Өз басым бүған қынжылмаймын. Түркі тілдес халықтармен сөйлесе білгенді қалайтындар зорламасаң да ықыластанады. Ал, білгісі келмейтіндердің білген-білмегеніне тіреліп тұрған не бар?..

Орыс тілінің екінші тіліміз екенін өміріміздің, тіпті өлеңіміздің де ұзарған өрісі көрсетті: оның арқасында қол жеткерген зейнетімізге де ризамыз. Бұл біздің баға жетпес байлығымыз. Бабаларымыздың өсиеттерін артығымен орындағанымыз да өзімізге шексіз мақтаныш. Қайта, балаларымыздың кейбірінің қазақшаға шорқақтығы ренжітеді. Бәлкім ауылдық жерлерде орыс тілінің маманы тапшылығынан орысша нашар сөйлейтіндер бар болса бар да шығар. Олардың армия қатарына барғанда қиындық көретіні рас. Бұл кемшілікті, әрине, жою керек. Ал, орыс тілін түртпейтіндер бүгінгі қазақ арасында жоқ. Олай деушілер өтірік айтады.

Мектеп реформасына байланысты көп мәселенің басы ашылып-ақ жатыр-ау. Сапалы білім берудің неше түрлі жаңа амал, тәсілдері мен құрал-жабдықтары да қарастырылып жатыр-ау. Әңгіме әлі де тәлім, тәрбие жағында мәз емес. Патша ханымдарша інжу, құндыздарға бөленіп мектепке баратын, одан шыға беріп темекі тартатын, оңаша үйлерде етегі ашылып-шашылғанға дейін коньяк сіміретін қазақ қыздарының әлі де бар екенін айтудың өзі ауыр-ақ. Бұны ойлағанда өзегің өртенеді. Бұл жайлы мақалаларда неше дүркін жазған едім. Соңғы әзірде «Жастық шақпен жаным бір» деген ортақ атпен жастар хақында жазылған көптеген өлеңдерімнің ішінде әлгіге әдейі шүйліктім. «Арқамнан ер-тұрманым алынбаған» дейтін топтама жырларымда да бұны ескерусіз қалдырмадым. Бұл тіпті «Жылдар-жылдардың» үшінші кітабында да қайтадан қазбаланады. Қасиетті қыз атына кір келтіретіндерді ақын көзі шалмағанда кім көре қояды деген оймен сөйтіп жүрмін. Неге екенін қайдам, махаббатты жазғыш еркек, әйел ақындар бұл тарапқа баруды ынғайсыз көретін секілді. Шырақтарым-ау, ертеңгі Ана осылар емес пе?.. Бұлардан туар ұрпақ жағдайын ойламау Арал тағдырын ойламаудан туған трагедиядан да сорақы боп шықпас па?.. Ата-анасын бауыздап, мектеп қабырғасында құрбысын атып өлтіріп жатқан қазақ ересектеріне не дерсің?.. Ертең біреулер: «Бұ қазақтардың қайта құрылыс жасағаны осы ма?..» демей ме?.. Иа, бұл күндердегі менің ақындық шығармаларым ойламаған жерден осы бағытқа да бұрылыс жасап жүр.

Сәуір. 88.

***

«Жоғарыда «Жедел толғау» деп аталған жаңа өлең баллада, дастандардан құралған жинағыма «Социалистік Қазақстанда» С.Қирабаев, «Қазақ әдебиетінде» Несіпбек Айтов, «Лениншіл жаста» С. Жиенбаевтар пікір жазды. Жиналыстарда да жұрт оны жиі-жиі ауызға алып жүр. Айтылған пікірлердің бәрінде де кітабым жоғары бағаланды. Бәрі дерлік «қарт қажымапты», «Баяғысынан бәсеңдеу жоқ» деген сияқты бірдеңелерді қосып та қояды. Оларының маған ауыр тиетінін қайдан білсін: есейгеннің өз сөзі өсіреді емес пе?.. Егер ақын шын ақын болса, ол тоза ма екен?..

Мен диссертация қорғаушы емеспін. Өзімді өзім өйткелі отырған жоқпын. Ал, көпе-көрнеу ағат айтылып жүрген екі пікірге қарсылық білдірмей болмайды. Өйткені, там-тұмдап әр жерде қылтиып қалып жүрген осы екі бірдей теріс пікірді Несіпбек Айтовтың қайталауына қарағанда, бұлардың өзінше қалыптасатын түрі бар. Бұл пікірлерге қарағанда жеке адамға табыну, валюнтаризм, тоқырау делінетін тұстар мені еркіме жібермей, тілімді байлап келіпті-мыс. Менің көкірекке бүккен көп сырларым енді бостандық алыпты-мыс. Бұны, әрине, үзілді-кесілді мойындамаймын, тіпті бұны маған жабылған жала деп санаймын.

Рас, жұрт қатарлы Сталинді мен де мақтадым. Оны партиядан бөліп қарай алмаған соң, оны шынында да тірі Ленин екен деп ұғынған соң сөйттім. Бұған комментарий қажет емес. Ал, елдегі мерейліге қоса мещеуді, ерлік пен елдікке қоса ездікті қазбалап айтпаған, күнім болған емес.

Домбыраны жұмсап музейге,

Табақтағы еттен аттаған,

Қашанғы момын киіз үйге

Қарғыс жоқ олар атпаған – деген жолдар да сол «Олар» өз дәрежесінде шалқайып отырған кезде-ақ жалпыға жария болған. Зады, мен не нәрсеге ызалансам да соны бүгіп қалған жан емеспін. Содан тартқан азабымның да бір сыпырасы осы дәптерге түсті. Ал, келеңсіз қылықтар тұсында істелген істің бәрі кемшін еді деушілермен өліп кетсем де келіспеймін. Ол тұстарда да не бір аңыздан артық жеңістер дүниеге келді, солар талай тамаша шығармаларды (роман, дастан, ән, өлең-жыр, күйлерді) тудырды. Соның ішінде қадари хал өз үлесім болмады, үнімді шығара алмадым, жазғандарым әншейін жартыкеш дүниелер еді демек түгілі, соны айтқандарға «бүйтіп мүсіркегеніңді өзің-ақ қайтарып ал!» деп ашық айтамын. Адамды автомат-атқарушыға айналдырған «жоғарыдағы төрелерді» көргіңіз келсе, менің 64-жылы жазылған «Шолақ дауыл» атты деректі новелламді оқып көріңіз.

Маған тағылып жүрген тағы бір мін – мен өлең ұйқасына бола ойды құрбандыққа шала беретін көрінемін. Абсурд!.. Күншілдердің күшеніп тапқан «олжасы»!.. Кез келген дүниеме қайтадан үңіліп көріңіз. Мен кейбіреулерше сөзді беталбатты сылдыратпай, әлімнің келгенінше ойланып оқитын, оқып отырып ойланатын өлең жазуды көздеймін. Және де ойдың өзін ұйқастың қуаты аркылы өндіремін. Осы мақсатта діттеген жеріме жете алмай қалған тұстарым болса – ол мүмкін, оған дауласпаймын. Ал, жаңағыдай жаланы сол жалаңаш күйінде жала деп есептеймін.

Қанша кішірейігенсіп үндемесем де болмады ғой, орайы келгенде осы ұйқасқа байланысты көкейде жүрген бір қанша сұрағымды бүгінгі ақындардың алдарына тарта кетейінші. Маған дейін тұтас поэма түгілі шап-шағын өлеңін басынан аяғына дейін күрделі ұйқаспен жазып шыққан қай ақының болды? Менің үлгілерімнен кейін («Құрманғазының» екінші кітабынан бастап) күрделі ұйқасқа бой ұрмағандарың қанша?.. Өлең техникасында ұйқасты бұрынғыша ұстанып жүрген Әбділдалар бұл күнде көп пе?.. Менің еңбегімді өздері малданып отырып, маған жаңағыдай жала жабушыларға көзімнің тірісінде бірдеңе десендер, содан сорлы боп қалатын ба едіңдер?.. Осылайша айтпасты айтқызғандарың үшін де мен «меншіл» боп шығам ба?.. Жо-оқ, жолдас, ұтыры келгенде айтылмаған сөздің атасы өледі. Өйтіп маған көпе-көрнеу қианат қылмаңдар. Сендер өйтсеңдер де, бәрі бір кейінгі зерттеуші ұрпақ бұл шындықты өз орнына келтіреді.