Біреудің кескін-келбетін біреу тап сол күйінде қайталай алмайтыны секілді, табиғат әр адамға өзіндік өмір тағайындайтыны рас. Сөйте тұра, адамдардың өмір жолын мазмұнына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Өз басым тіпті соны сәтті-сәтсізге, пайдалы-залалдыға, бақытты-бақытсыға, тағы сондай бірдеңе-бірдеңелерге таратып жатпай-ақ, екі топқа бөлер едім де, қояр едім: 1. Қиындығынан қызығы басым өмір. 2. Қиындығымен қызық өмір (бұлардың сыртындағыларды өмір деп есептемеймін).
Біреулер осы екі түрлі өмірдің қайсы бірін бастан кешкенде де «Шіркін-ай, өмірді қайтадан бастасам!.. Өкінішті жерлеріме соқпай өтер едім-ау!..» дегенді айтады. Осының екінші тобындағы мына мен, ондай кеңшілік ала қалған жағдайда, шырғалаңы мол өмірімнің бір жеріне де түзету енгізбес едім. Өйткені, мен өзімнен жақсырақ өзге болуды көксеген жан емеспін. Тек соның арқасында ғана, өлеңім қандай болса, өзім сондай болып қалыптастым. Өзім басқаша жаратылып, өлеңім осы күйінде қалса масқара ғой!..
Бұл қолжазбадағы ендігі бүкіл әңгіме осы соңғы сөйлемдегі ұғымнан туындайды.