Ғұмырнама

Ақ сеңгір

«Жеті асу» кезеңін артта қалдырып, мен жас жағынан Ақ сеңгірге айналғалы да бір сыдырғы уакыт өтті. Өзім туған Гурьев топырағында алты аудан жұртшылығы жетпістегі Хамиттың мерей тойын ұлттық мәдениетіміздің мерекесіне айналдырған (Бұлар менің елуге, алпысқа толған күндерімді де солайша тойлаған). Осы жетпістің мерей тойы Алматыдағы Орталық Концерт Залына ауысқан күні Қалалық Партия Комитеті мен жазушылар Одағы шақырған көпшілік те менің азды-көпті еңбегімді шамадан тыс мақтаған болатын. Менің сол шашағы сыртқары тоқсан толғаныстан жасаған тобықтай түйінім – «Сен бізге керек адамсың!» еді. Несін жасырайын, маған сол лебіздің өзі қимастықтан айтылып жаткандай әсер еткен. Ол аз дегендей, сол жиында:

Қашыққа қарашаның айы аттанып,

Қалған ба қара күз де аяқталып?.. – дей келіп:

Қыс-мынау…
Осы қыста қар қалың ба?..
…Бар шығар несібесі қарғаның да…
Осынша ойға неге терең кеттім, –

Апыр-ау, қартайып-ақ қалғаным ба?.. – деп салған өз сөзімнен де іштей ептеп үрейленгенім бартұғын.

Шүкір, одан сон да аттай екі жылды артқа салып отырмын. Осынау Ақ сеңгір дәуіріне ауысқан шақтағы менің денемде ауырмайтын жер аз. Бізден бұрыңғылар «жас кездегі денеңе қатты тиген дүмпу қартайғанда қайта шығады, және солар талай ұмытылған жайларды еске түсіреді» деуші еді. Сол рас екен. Жарылғыш оқтан қалған жарқыншақ темір сүбемнен бүріп қалғанда шала өлген күнімнің еске түсетіні өз алдына, екі көздің бірдей хирург көмегімен көретін болғаны Венгрия жеріндегі әппақ қардың қарашығымды айлы түндерде қарығанын, зар илегіш екі аяқ болса, сондағы үзеңгіде үсігенін ойлатады. Оң иығымның сыздап тұратыны Ферғана пұшпағының тас қараңғы бір түнінде, жаттығу дабылы (учебная тревога) кезінде, қалың қол дүрліге қылышты суырып алып, ат басын еркіне қоя бергенде әк қазған терең шұңқырға құлап, ат астында калғанымды қаперіме салады. Ал, белімнің оқтын-оқтын кілт ете калатыны ше?.. Міне, бұған сәл тоқталып өтуім керек.

Гурьевтегі ФЗУ-да ағаш шебері болғалы жүргенімде мен ылғи да қобдиымды қолтықтап таң бозара үйден шығам. Жайық мұзынан өтіп, Самар беттегі үйімнен Бухар беттегі цех корпусына жеткенше көптеген көшелер кезігеді. Солардың бәрінің дерлік бұрыштарында серейіп-серейіп өліп жатқан қазақтарды көруші ем. Олар – көбінше нан карточкасын алмайтын, Маңғыстау жағынан еріксіз көшірілген қала шетіндегілер. Ашыққандар жұмыс адамдары үйлеріне оралатын ақшам әлетінде қайыр сұрағалы қалаға енеді де, түнгісін жер төлесіне қайтып жете алмай, қадамдары таусылған жерде қала береді екен. Аяқтары томардай, өңкей бір шолақ құйрық белгиялық дәу аттарды резина доңғалақты, үсті далиған платформаға жегіп милиция қызметкерлері шығады да, жұрт аяғы көтерілгенше әлгілерді әр жерден теріп соған тиеп әкетеді. Бір жолы солардың шаршаған бір-екеуі деңгейінен безіп бара жатқан маған: «Стой!.. А ну-ка помоги!» деп бұйырды. Арқанды тос деген соң, оны да екі етпедім. Денелі шалдың өлігі үстімнен қанша жаншыса да тиейтін жерге әкелуін әкелдім-ау, соны платформаға аударғалы бір қырындай беріп оқыс бұлқынғанымда беліме бір пәле болғаны соншалық, құлап түскен жерімде дем ала алмай қалдым. Содан ай жатып әрең жазылғаным бар-ды. Арқа омыртқамның бүгінгі ауруын содан көремін. Сөйтемін де, ой шіркінді одан әрі ұлы трагедияға оп-оңай ұластырамын.

Бұны оқығанда өне бойынан осынша еріс тапқан сырқаттарға дес бергені дермісіз?.. Жо-оқ, керісінше, бұның да өнер қуатын өсіретін қасақана қажасуы болады екен. Тегі «Жылдар, жылдардың» «Жедел толғаудың» солайша нобайлы жаратылуына себептің бері, бірегейі менің осы халде болуым десем, жөні сол.

Мен бұл күндерде алған тақырыбымды бір өлеңге сиғыза алмай, топтама (цикл) тәсіліне көбірек көшіп жүрмін. Әлгі кітаптағы майдангер, нан, табиғат, өзім, бәйбіше хақындағы бөлек-бөлек топтамалар жетпіс асқаннан кейінгі жұмыстарымның осы бағыттағы алғашқы легі-тұғын. Кейінгі жырларым түрі-түсі дәл осынын мұқабасындай сұр, көлемі бұдан гөрі шағындау дәптерге біртіндеп түсіп жүр. Маусымдық басылымдарда кейбіреулері басылып шығып та жатыр. Осылардың бәрі дерлік топтама. Дәлірек айтсақ, әзірше бұндағы топтама жырлардың саны үшеу.

Біріншісі «Жолдас», «Әріптес», «Ағайын», «Көрші» деген сияқты болып ұзарады. Бұлар әзірше толықтыру күтіп дәптерде жатыр.

Екіншісі – «Арқамнан ер-тұрманым алынбаған» деген топтама. Осының бір сыпырасы «Қазақ әдебиетінде» жарияланды. Ал, «Қой торы», «Қашаған», «Айғыр», «Азбан», «Сәурік» деп аталатындары одан кейін жазылып, дәптерге ғана түзілді.

Үшінші «Жастық шақпен жаным бір» деген жалпы атпен аталады. Бұл онбеске жуық өлеңді қамтиды, «Жұлдыздың» 89 жылғы бірінші кітабында жарық көреді.

Аттарының өзінен-ақ байқап отырған шығарсыз, осылар менің жазыла қояды дрп күні кеше ойлаган нәрсем бе еді? Бұларды жазғызып отырған әлгілердей қажасуы, қайруы мол Ақ сеңгір дәурені. Иа, иа, рас айтам, бұл-дәуір емес, қиял-қызығы өзіндік дербес бір дәурен. Бұның көңіл хошы орта жастағы акынның да бойына жарасып жата қалмайды.

Оқушым, байқап отырсыз ба, Ак сеңгір кезең, тәңір жарылқағыр, осы дәптердегі бағзы бір тұжырымдарыма қосымша енгізуіме, өткен шаққа өз пәтуамды толығырақ беруіме жәрдемдесе бастаған секілді. Мен ондай тұстарыма ұтыры келгенде әрекідік әлі де оралып соғып отыруым ықтимал. Бұл жолғы аңғартпағым, мәселен, төмендегідей:

Ә.Тәжібаев өзін шамадан тысқары қатты сынаған маған қарсы соқкы даярлағанда карымта қайтару үшін ғана сөйтті ме екен?.. Пенде ғой, бәлкім ол да бар шығар. Сонымен қатар ол өзін сол кезде адам мойнына оңай тағылатын «карғыстың» қарғы бауынан қорғану қамында
болғаны да бүгін айдан анықтай. Мұхтар, Сәбит, Ғабит аралықтарында оқтын-оқтын бұзылып отырған (біз секілді жастардың да кейде сорына шығатын) бұлыңғыр ауа райын мен бұған дейін олардың фракцияның тартыс ұясынан шыққандығына сайушы едім, «ауру қалса да әдет
қалмайтынның» кебі деп білуші едім. Творчество адамдарының арасында байқалып қала беретін «таршылықтан» да көруші едім. Кім біледі, бәлкім ол жақтары да болған шығар. Дегенмен, осының ар жағында да әлі «қарғы баудан» сақтану қамы болмаған дей алмаймын. Сәбең марқұмның мені оңаша тауда қорқытпақ болғаны да «Ұрыншақ немеге» тісін батырғаны
ғана емес шығар. Ертеңіне «Сен неге сөйтпедің?!» деп, бір пысықай шыға келсе, Сәбең қайтпек?.. Аузы күйгені бар емес пе?.. Ахмет, Мағжан, тіпті Сәкен арқылы жеген таяқтары аз ба еді?..

«Осы қаулы шынымен-ақ дұрыс па?» – деп, ең сенімді деген досыңнын өзінен сұрауға да қорқатының сірә содан болар. Жданов баяндамасындағы мен қазақшалаған Анна Ахматова өлеңін көріп, көзіне іркілген жасты мен-екеш менен де жасыру үшін бөлмеден шыға жөнелген Мұқан Иманжановты сол сәтте «Қарғы баудың» үрейі қамап алған шығар-ақ. Жалпы сол кездегі адамдар үйіне түнеткен үрейді ертеңгісін сыртқарыдағы жұмысына да ертіп барып жүргендей. Ол әркімнің күн астындағы көленкесіне айналған. Міне, шырағым, біздер осындай да психологиялық күндер кештік.

Жә, енді тағыда нелерді жазып тастадым, олардың жазылуына қандай жағдайлар түрткі болды дегенге қайта соғып отырайық. Бұл ақындық дегеніңіз қызық қой, кейде әлде неден секем алып бір уыс бола қалсаң, соның өзі де творчестволық лабораторияның бір жерінен қыстырылып еніп жатады. Өткен сексен сегіздің күз маусымы аяқтала бере, аз ғана күн бойына, мен өзгеше бір мұңлы күй кештім. Зады, бұған да сол кәрібоз шақтың селбеуі себеп шығар. Өйткені, менің бәйбішем Гүләнуар бұған дейін де екі дүркін едәуір қорқынышты операцияны бастан кешірген-ді. Олардың екеуінде де «е, қайтер дейсің!..» деп, іш күдігімді балаларға сездірмей қойғам. Бұл жолғы бауыр еттен тас кернеген өтті түгел сылып алып тастау операциясы маған ашықтан ашық уайым жегізді. Оны жабырқау күйімде кездескен адамның кімінен де жасыра алмадым. Ұйқыдан бездірген осы жағдай түн сайын өлеңмен күнделік жазуға мәжбүр етті. Қалың кара бұлттай түнере бастаған бұл күнделік аптаға созылды да, соның соңғы жағы жарқын, жадырап аяқталды. Әр күнгі өз қалпымды бұлжытпай өлеңге айналдырып отырған соң солай боп шыққан ғой. Зейнолла мен Сафуанның, үй ішіндегілердің де айтуларына қарағанда, бұл күнделікте әркімнің басында болатын зар-мұңды жинақтау бардай. Және де өзіндік сонылығы да жоқ емес деседі. Ғафу мұны тіпті поэма жанрына да жатқызып қойды. Ат қойып айдар тақпасам да келесі жинаққа енетін түрі бар.

Немесе мына бір штрихқа қараңыз: қайдағы бір әсерлі әсем сөздер ата кісінің аузынан немере сүйген сәттерде айтылып қалатыны бар-ау. Ондайда ақындардың ауыз-екі жырлап жіберетіні де болады. Мен осы жағына сараң едім. Ердан деген ұл немереме «Аташкина боташка», Айжан деген қыз немереме «Аташкина туташка» деген сияқты бірдеңелерді айта салатынмын. Немесе:

Айдарым менің, Айдарым.
Дос алдында – жайдарым,
Қас алдында – айбарым,
Жырдай көркем көрінгей
Жылдарың мен айларың!..

Немесе:
Аяным менің Аяным!
Жоқ қой сенен аярым!
Бір өзіңе жаным ғой

Жаялық қып жаярым, – деген секілді жеке шумақтарды ауыз-екі айтып қалып жүретінмін. Тіпті бір немереме Махамбет есімін қойып алып:

Әулие ақын, батырдың
Атын қойып жатырмын,
Ұлым, кімге татырсың,
Өзім кімге татырмын?..

Кешіре гөр киесі

Батыр тіккен шатырдың!.. – деумен ғана шектелгем. Ол жолғы бар олжам – жұрт мені «импровизацияға шебер екенсің, сенен айтыс ақыны да шығады» деп мақтаған. Мен оларға «Бүгінгі кейбір айтыскер сымақтарша поэзияны қорламай жөніме жүрейін» деп жауап бергем.

Ал, осы жылғы жеді айының ақырғы күні Қанағат баласы дүниеге келді. Сол немереміздің аты Дәулет болсын деп әжесі Әнекең, оған «керей» деген сөз қосылсын деп Мұрат отырып алды. Ақыры екеуінің айтқандарын біріктіріп, ұлымыздың атын Дәулеткерей қойдық. Сол сәтте менің көз алдыма ұлы кұйші Дәулеткерей бейнесі елестеп:

Дәулеткерей!
Тамылжыған тәтті күй!
Баяғыдан балбыраған бапты күй!
Өзің аттас немереме көп емес,

Бар болғаны бармақтайын бақты қи! – деп-ақ салғаным. Ақыры осы экспромт бұрынғыларша ауыз-екі айтылған күйінде де қалып қоймай, қағазға әжептәуір өлең боп еніп, молайып түсті Бұрынғы шашпа, адуын шақтың артта калғанын сезіну осыдан да аңғарылса керек.

Ендігі бір үлкен әңгіме жуырда ғана жазылып біткен «Ауыл советке арыз» атты поэма төңірегінде. Мұны былайша түсіндірмек керек:

Сексен тоғызыншы жылдың да алғашқы үш айы түгесіліп, көктем қызуын ертерек сезініп отырмыз Бұл өзі жұртымыздың осы жылы жанын жылытқан жайдары оқиғаның символы іспетті. Қазақстан Орталық Партия Комитеті арнайы жасақтаған комиссия заң орындарымен бірлесе отырып, егжей-тегжей тексергеннен кейін, жарты ғасыр бойы жазықсыз халық жаулары атанып келген Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытовтар ақталды. Бұлар арқылы қазақ әдебиеті бұрынғысынан бетер тұлғаланып, өрісін ұзартып, беделін биіктетіп қалды. Осы тұста мен бір тосын толқынды ойларға тоғытылып, әкем Ерғали байғұсты тағыда еске түсірдім: «Апырау, дедім де, әрі карай былайша тебірендім – Мынау азаматтар тым болмаса әуелгі әзірде совет өкіметін қабылдамай, кейін амалсыз мойындаған жандар еді. Қатал жазаға бәрібір ұшыраса да, солар енді қайтып үйірін тауып жатыр. Бұлардың рухтары бүгінгі күні «жаптым жаланы» үстерінен сыпырып тастап, еңбектері ел дәулетіне айналып жатыр. Ал менің әкем болса, әуелден-ақ заман ағымына қарсы шығардай қайрат көрсетпесе де орташа дәулетін тонаған басқалардың бас бұзарлығы арқылы жоқ боп кетті. Енді кінәсіз рухын ақтап алардай ол сорлының алысқа тараған атағы да жоқ. Оны тіпті сол жердегі бүгінгі ауыл совет те басқаны басып-жаншыған бай-шонжар деп түсінеді. Өйткені, Ленин советі де емес, Голощекин ауыл советі оны бүгінгілерге солай деп жазып қалдырған, алпыс жыл артығымен солай уағыздалған. Ендеше менің әкемді ғана емес-ау, сол Голощекин тұсындағы ауыл советтің өзін ақтап алу жөн болмас па?.. Оны да әділетсіз әмір қатыгездікке мәжбұр етті ғой. Қатыгездіктің өз дегенін қылғызбаған қай дәрежедегі совет органын білеміз?.. Оған тіпті М. И. Калининнің өзі де ләм деп ауыз аша алмаған…

Біле білсе, бүгінгі ауыл совет менің әкем сияқтыларды ақтау арқылы ең алдымен өз әкесінің – Ленин ауыл советінің беделін ақтап алар ма еді, қайтер еді?! Бұл – бір. Екіншіден, Ауғанстандағыдай, жарияланбаған шабуыл бағын байлаған бейшара сәбилердің қырсығы кесілмей ме?.. Мысалы, мені «Ол сволочь байдың баласы болатын» деушілер әлі күнге дейін аузы қисаймай «жарапазанын» жалғастырып тірі отыр. Сонда қалай?.. Мына мен қырық бес жылдан бергі коммунист, соғыс пен еңбек ардагері, мемлекеттік Абай, республикалық Жамбыл аттарындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның алты орденді, көп медальді халық жазушысы өлгенде де ақталмай, боқталып жатуым керек пе?.. Тіпті тірі күнімде тіл тигіздірмесе, сол жақсылық тірнектеп жинаған Қадір-қасиетіме қайшы келе ме?..

Осы дәптердін бір жерінде «менін әкеме енді ақтау-мақтаудың керегі де жоқ» деген едім. Ол, әрине, қара бастың қамын күйттегендей көрінбеу үшін айтыла салған әншиін бір сөз еді ғой. Ал шынында, оның есімімен сабақтас, соңғы айтқанымыздай, танымал адам тағдыры жатқан жоқ па?.. Біз қаншалық кішіпейіл бағыт ұстансақ та, ол жағын ескеру осы жұрттың ойында да жоқ… Бұл – екі делік.

Баяғы маған қабағын бермей, қастарына жуытпаған, әзәзіл насихатқа азған шәкірт балалардың ұяты қайда?.. Олар да бүгінгі буынның жазықсыз жаңсақ басқан әкелері емес пе?.. Ақыры адалына көшкен соң, қоғам мүшелерінің күллісін күмістей жарқыратып, тот-тозаңнан аршып алған жөн емес пе?.. Түптеп келгенде, бұл өзі бүгінгі барша қарттардың жасы ұлғайғанда ождан тазартысып, бақұлдасқаны болмас па?.. Ол жағын проблема сипатында көтеріп жатқан кіміміз бар?.. Бұны – үш делік.

Неге осы айтылғандар хақындаеңіреп отырып элегиялық поэма жазбасқа деген ой келді.

Жоғарыда аттары аталған, «халық жауы» деген атақтан азат болған ақын-жазушылардың ақталуы мен төте тебіреністерге де, бүкіл халықтық қайғыны қамти қозғалуға да жетеледі. «Замана зауалы», «Аруақтармен сырласу» атты өлендер – содан түскен өнімдер. Байқап отырсам, шынында да біз мықтап уланған ұрпақ екенбіз. Қолдан жасалған қайғы-қасіретті табиғи проблема деп түсінгеніміз соншалық, бұрысты – дұрыс, өтірікті – шындық, қатыгездікті – қамқорлық сипатында құптай беріппіз. Оны айтасыз, «Халықтардың әкесін» қатыннан туды деуге де қимаппыз. Бұл арада мен қорықаннан бас шұлғи бергенімізді есепке алып та отырған жоқпын. Зады, іріп-шіру әріден басталған секілді. Енді ойлап отырсам, Шәкәрімдерді Қарасартовтардың сотсыз дәнеңесіз атып өлтіруі жүгенсіздікке жүлде берудің дер шағында болған істер екен ғой. Бұл туралы да жуырда мақала жарияладым. Айтпақшы, мен Шәкәрім жағдайын жақсы білемін. Сонау алпысыншы жылдары Шәкәрім ісін зерттеп, оны ақтау керек деп қорытынды шығарған, Орталық Партия Комитеті өзі құрған комиссияның төрағасы болғам. Сол кездегі Це Ка-ның идеолог хатшысы Н.Жанділдин Қарасартовқа ағайындығы себепті біздің 300 адамның куәлігімен жинақтаған әділ жұмысымызды бюроға салмай жауып тастаған.

Адам жалпы аяушылықты ұмытқан жағдайда табиғатты да талқандайды екен ғой. «Табиғатты табындыру» дейтін ұрда-жық ұранның ақыры неге әкеліп соқтырғанын енді көріп отырсақ та, содан күні бүгінге дейін бас тартқан жоқпыз. Енді тіпті соны тонағанымыздың үстіне қорлайтынды шығардық. Өзен-көлдердің тоналып, буланып құрығаны өз алдына, уланып ұшқанын қайтерсіз?! Елді мекенді маңайламайтын киіктер үйір-үйірімен ауыл іргесіне келіп өлетінді шығарса-ше?.. Осынша мол жерден орын таппағандай үй салу үшін мәуелеп тұрған бақтарды ойсырата отағанымыз қай білімдарлық?..

Өлшеусіз жәбір көрген табиғат та есесін жіберіп жатқан жоқ. Бұлақтардың жер астындағы түпкі қорына да қорқынышпен ерін тигіземіз (атом күшін сынаудың салдары оған да барып жетті ғой). Жер, су, ауа қоректері арқылы уланған адамдар қараптан қарап отырып өле салуды көбейтті. Әсіресе баланы баудай түсіреді. Баланың қайсы біреулері ана құрсағынан дүниеге тірі келмей, өлі келетін немесе адамға ұқсамай туатын сұмдықты да көз көріп отыр. Қазақстанның бір сыпыра жерлерінде қатындар бала таппау үшін укол қабылдайтын болыпты. Бұның аты жұртты тұқымнан тұқырту болмас па?.. Бұл жағдайды көріп-біліп отырғанда жасы ұлғайғай адамның беті күйеді екен, жүрегі шаншиді екен. Мен сондай күйде отырыи он бес өлеңнің басын құрайтын топтама жырлар жаздым, жылап отырып жаздым.

Көріп отырсыз, менің бұл қарсаңдағы жырларым, жәй көзбен қарағанда, онша көңілді шығып жаткан жоқ. Бірақ, көңілге қонымды шығып жатса болғаны да… Егер шынында да солай шығып жатса, мен бүгінгі ел өміріндегі күрт өзгерістерге дән ризамын. Бұдан бұрынырақта жүрек басына жиналған шерді тап осылайша ақтара төгер болсам, менің тірі жүруім де кәдік еді. Шаруашылықтағы өзгерістердің қайсы бірі дұрыс, қайсы бірі олай емес, қайсы бірін меңгеріп ала жөнелуге халық даярлығы мол, қайсы біріне тапшы, – бұл жақтарын өз басым әзірше жетік біле бермеймін. Әйтеуір, қазіргідей орасан батыл, кең масштабтағы қозғалыстардың бәрі бірдей ойдағыдай шықпайтыны тарихтан мағлұм. Қимылдың қисайған жерлері әлі түзетіле жатар. Ал, тарихты тәртіпке келтіру, оны алдамшы, өтірік тараулардан тазарту, бүгінгі ниеті дұрыс адамдардың өз ойларын іркілмей айтуына жол ашу секілді әділеттің салтанат кұруы тамаша болды. Тек соны аяғына дейін жеткізіп, тағыда бір данышпанды қолдан жасап алмай, аман-есен шығар болсақ, төрешілдікті де төбесінен ұрып түгесер едік. Әй, осы жағы қиын-ау, қиын!.. Бұның баршасының орайына келген күнін көзбен көру, әсіресе біз кұралпы адамдарға әбден қиын. Шіркін-ай, соны біз көрмесекте, тетелес буын көрсе, мен соған «қабірімде бір аударылып жатқандай сезінгейсіз» дер едім.

…Бір кезде «Олжас Сүлейменовтің қазақша лексикалық қоры он сөзден артпайды, ондай адам өз ұлты төңірегінен не білуші еді», – деп, съезд мінбесінен қатты сынағаным бар-ды. Ол кезде оны өзім солай ұғынғандықтан да сөйткем. Және де сол кездегі Олжастың «қазақ ақындары өлеңді құлақпен оқитын етіп жазады» деген өрескел жаңсақ пікірі мені шамадан тыс ашындырған да шығар. Қайткенде де сол бір өз тарапымнан айтылған орынсыз пікірімді түзетуім керек-ау дегелі қашан. Ұтыры келмей жүретін. КСРО Жоғарғы Советінің осы жылғы сайлауы кезінде Жазушылар одағының секретариаты осы жігіттің кандидатурасы туралы пікір жазуымды өтінгені (бұған дейінгі жиналыста осы кандидатураны бірінші болып атаған да
өзім едім), бірден келісім бердім. «Арғымақ атты ар» деген эссе сипатындағы мақаламды аз жазсам да, мәз жазған секілдімін. Менің пікірлерімді құптаған телефон жан-жақтан қардай борады (бұ еңбегім де кезектегі жинаққа енер). Сонда қозғалған пікірлердің ішінен біреуін осы дәптерге айыра-бөле кіргізе кетейін. Өлеңдерін орыс тілінде жазатын нағыз ұлтжанды
қазақ ақыны өз практикасы арқылы жаңа теорияға жол ашты деп, соны дәлелдедім.

Мен «Аз и Я-ны» оқып шыққаннан кейін бұл жігітті жаңарған Шоқан деп те қалғам Сірә соным тап оншалық артық айтқандық та бола қоймас. Келешек бәлкім оны да расқа шығарар. Міне, мен бұл күндерде осылайша да өзгеріп, өзімше түзетіліп отырамын. Бұдан «тәубе төркіні тәжірибе» деген секілді нақыл шығаруға да болатын секілді. Еңбек есебі осымен тағы да аз-кем доғарыла тұрсын.

Сәуір, 89.