Азығымдай қуат алған
Көңіл күйім –
сағыныш,
Оралмасам қайтып саған,
Таппай қойдым бір тыныш.
Рас, сенің тұрмайтының
Тықыршытпай көңілді,
Алдыма әкеп толғайтының
Үйдегі алыс өмірді.
Көп әңгіме айтқызасың
Көз тіктіріп жалынға,
Бүлкілдеткен ақ сорпасын
Котелоктың жанында.
Түсімізде неше алуан
Тамашаны көрсетіп,
Оянғанда тізіп арман,
Атыласың гүрс етіп.
Көңіл күйім – сағынышым,
Сөйтсе-дағы қымбатсың,
Кейде үйдегі сәбиімсің,
Кейде өлген комбатсың.
Жортпас еді-ау, жігіт мұндай,
Қанды қиын белді аса,
Отаны мен ошағындай
Сағынары болмаса!
Чехословакия, 1944