Қазақтың қазақ тонап малы-мүлкін
Басталған содан сонау малығұн күн.
Арланам, байды жалмап аштан өлген
Келсе де аш-арыққа әлі күлкім.
Соларды және жұмсап ажалына,
Артынша өзі атылған азалы да
Халықтың жауы атанды. Сонда да біз
Тарихтың тағзым еттік тажалына.
Ол аздай, ақылдан жұрт адасарда
Біржола мансұқталды Алаш Орда.
Деген сөз бұл қазаққа ат болмай-ақ,
Есек бол сен екі есе аласар да!..
Әркімге ауыр күнә жүктегелі
Осылай өлімді өмір жіктеп еді.
Сонда да байдың байғұс жетімегі
«Басқаны біздің үйше жық» демеді.
Әу баста амал құрып арды сатқан
Табалап қайтсін күнді қарғыс атқан?!
Бүгіндер бүтінделіп жатқандаймыз,
Жұртпыз деп жаратылған арғы САҚтан.
Келмеске кетті ме рас
«көзі құрттап»
Өзгеден қорқып өзін-өзі құртпақ?..
Болдық па ағайынның қасық қанын
Ажалдың айдауына төзіп ұрттап?..
Шын болса тұрғанымыз тік өскелі,
Жендетті жерлеп өмір түгескені,
Қасиетті жағалауға жеткізетін
Қайықтың қолымызда тұр ескегі.
Иншалла, бөтенге бас имегесін
Жас ұлан, жақсы күнде үйленесің.
Жалғыз-ақ кешегіден айнымайтын
Арамза айла-шарғы билемесін.
Құдайдың саған берген мезгілінде
Табылар таптағыштар өз гүлін де.
Қаталдау қайырым істе сен оларға,
Ожарлық одан асса «озбырым!» де.
Тас жүрек, қаны қара без бүйректі
Бұл ғасыр дей алмайсың тез күйретті.
Ұмытпа, ол геноцид кісі жейтін
Тәсіл мен тәркілегіш сөз де үйретті.
Содан сақ болғайсыңдар, жас ұландар!
Ақ жолдың азабына жасымаңдар!
Жаңаша Жер сендерді жарылқаса,
Ақылмен Жерді сендер асыраңдар!
Мамыр, 1997