Поэзия, Өлеңдер

Қараңғыға қарсылық

Көз біткеннің жанарымен жарасқан
Жарық дүние!
Желді-құзды Жер, Аспан!
Мен сендерге құл емеспін аз күндік, –
Көргіштігім көк жиектен әрі асқан.

Неден жазды маңдайға қос шырағым, –
Жіктеп пе ол не жақын, не жырағын?..

Қашан ғана қалдырыпты жауапсыз
Ыстық түгіл суық көздің сұрағын?..

Сумаң қағып, ар-ұятты тежеп тым,
Кімді сырттан сығалаумен мезі еттім?..
Қайыр тілеп көзін сүзген мен бе әлде
Келген сайын күндізің мен кезек түн.

Думанымда сайра десе ойлы ағам,
Көзім қашан көпсініпті тойды оған?..
Өмір маған өлшеп берген сыбаға,
Жерім қайсы көзім соған тоймаған?..

Көріп пе әлде менен жесір не жетім
Зұлмат көзін, сайтан ғана төзетін?..
Жеті бояу жемістерін тегін жеп,
Елден ерек өсіп пе әлде көз етім?..

Мендетұғын қайырымды қарашық,
Кетіспеген бір пендемен ара ашып.
Шаршасаң да бүгін түгіл, дейтін ол:
«Көне күннің архивіне бара шық».

Мен емес пе ем ақкөкірек жыршы ағаң.
Көркем іске көздің майын жұмсаған?..
Әлде оғым дарымап па жендетке
Жылдамырақ бар дегенде жыл соған?..

Тағдыр қатал үскірігін жүгіртсе,
Не көңілдің талай тоңын жібітсе,
Бал-бұл жанып тұрмады ма біздің көз
Қайсыны да қарсы алғалы жігітше?!

Үлгісі емей жарқын өмір сүрудің
Ынжығы ма ем майысудың, сынудың?!
Жанып қарай алмадым ба әлде мен
Жай тартқыштай жанарына сұлудың?!

Аспан, жерде ақ кептер мен еліктен
Періштедей пейілімді бөліп пе ем?!
Тірлігімде қараңғылық көзімнің
Аясына ара тұрды неліктен?!

Ей, тас түнек, демексің бе: «Дірдекте!»
Әрине, сен тіл қатпайсың дым деп те, –
Қараңғыда қанатты жыр қаңғырып
Соқтығар деп ойлайсың-ау діңгекке?..

Жо-оқ, тас түнек, сен өйтті деп жасыман.
Адаммын мен күрес күткен жасынан,
…Жеңдім, міне, – медет болды бір ғана
Гиппократ мирасқоры жас ұлан.

Бұдан былай көрсетпессің қараңды, –
Ой көзі де жан-жағына қаранды, –
Шын ақынның шырағданы маздайды
Апарсаң да жер астына қараңғы!..