Публицистика, Өлеңдер

Санаттағы сарбаз

Санаттағы сарбаздың мен өзiмiн.
Көңiл-күйi демессiң мұны өзiнiң:
Қашан көрсең, қажымас жауынгердiң
Темiр тәртiп, қызметi, мiнезiмiн.

Таң сiбiрлеп, жер бетi бозарғанша
Менiң сергек мезгiлiм озар қанша?..
Санап жүргем жоқ оны; санамаймын
Соңғы сағат есептi өзi алғанша.

Бар жаһанды барлағыш сезiмталдың
Өмiр бойы додаға сөзiн салдым.
Шыққан күнiм батқанша сақшылықтың
Өрге шығар мiндетiн өзiмше алдым.

Денемдегi сүйекке тереңдеген
Жарақатын соғыстың көрем де мен,
Қайталаймын антымды:
— Қайран Отан,
Саған сарқып барымды берем!- деген.

Бiздiң бұл сөз –
жау туын жығып берген
Мәрт те мәңгi саптағы жiгiттерден!..
Не бiр ауыр жеңiстен жеңiл емес
Жүрек сөзi соғыста жүрiп келген.

Әлi жүрiп келедi ол арымастан.
Бiр күнi жоқ өң-түсi, әрi қашқан;
Өр-тәкаппар күйiнде өтпек керек
Сыры жаңа сынақтың бәрi бастан.

Ия, сарбазбын. Сол мәңгi қалауым да.
Сапта жүрем, сардардың қарауында.
Жеңіс туын күзетем!
Әз қонақты
Қарсы аламын құрметтi қарауылда.

…Шекара да, одан сырт тараптар да,
Не бiр асқақ айбынды парадтар да
Бар деп оқы осынау мұқабада,
Ұйып жатқан уытты парақтарда.