Ғұмырнама

Апырай десеңші

Апырай десеңші, әлгі бір әлде қалай сөз соңына енгізе салған «доғарыла тұрсын»-ды болар оқиғаның болжамына саймасақ та, өзіме де белгісіз қатердің тақау тұрған бір тақсыретін жаным сезгендей-ақ болыпты-ау: творчестволык омірімді баяндаудың бұлайша ұзілген жері өткен сексен тоғызыншы жылдың 27 сәуірі десек, осы оқып отырған жолдарыңыз содан кейін араға аттай бір жыл салып барып жазылып жатыр. Өткен жылғы әсеттің аяқ шенінде, кешкілікте, телевизор алдында қаннен қаперсіз отырғанымда тұтқиылдан жүрегіме жармасқан қара пәле «инфаркт миокарда» делінетін әзірейіл екен. Бұдан тірі қалған адам мысық аузында біраз мытылып, жерге шала-жансар қалпында қайта тасталған тышқанды еске түсіреді екен. Одан бергі жерде тоғыз айдың жүзі ауса да күні бүгінге дейін стол басына келіп қалам ұстап жарытқан жоқпын.

«Нет худа без добра» деп орыстар айтқандай, елу тоғыз жыл (он төрт жасымнан) тартқан темекіден ажырағаным ғана анық олжам. Сексен метр жердегі қарсы алдымда фашистер жатқан сергек түндерде шинелімнің жеңіне тығып тартқан, ұйқы ашарым болған темекіммен де ақыры қоштастым. Мен оны өлең жазатын бейбіт түндерде де ойды жедел өндіруші күш есебінде танығам. Қызу айтыстар кезінде сабыр суын себетін салауатты шипа деп те түсінгем. Ал, шынында талайыма тағдыр тағайындаған улар қатарында никотин де аз залал қылмаса керек. Бір жарым қорап сигарет түгел түгесілген түндерде шет, шек дегендеріңіз болған ба сірә?! Қуансам да, қуарсам да, әйтеуір қу жанымды қуырып жеп отырып жазуға себеп шіркін табылып та тұрды ғой…

…Әрине, мен ауырғалы бері түк бітірмей отырып қалған жоқпын. Орталық аурухана алпыс жылдық тойына шақырғанда сол замандағы науқас республиканың алғашқы емшілері, олардың бытыраңқы ел ішін аралағандағы түр-сипаттары менің көз алдыма тізіліп келе қалды да, сонын ақыры дардай бір өлең болып кағазға түсті. Арал ауданында туған Теміржан есімді бір жас композитордың қолқа салуы түрткі болды да, теңіз трагедиясы тағы да үлкен бір жан қыдырысына душар етті. Оның нәтижесі де шерлі жыр қалпында жаңағы жігіттің мұңлы сазымен жұптасты. Әрине, мұндайлар болмай тұрмайды. Алайда қазір кесек-кесек көркем дүниелерді көсілте жазып кеткендей көңілге демеу жоқ. Дәл қазір мен ауырмаған күнде де өйте алмас едім. Мезгілдің мінезінде белгілі бір тұрақты бет қалмай тұр. Күні кеше беделді деген жиындарда қаулы-қарарларда мақталған жәйіттерді бүгін іске алғысыз етіп балағаттай салу оп-оңай. Алғашқы кооператив дегендеріміздің бір сыпырасы әншиін алып-сатар сәудегер болып шықты. Тіпті орталықтың өзі жеделдету деген өз ұранынан аз уақыт ішінде-ақ бас тартты. Жұртқа арақ сатпаймыз деп жүріп моральдық-материалдық ұтылған жақтарымыз да аз емес көрінеді. Орталықтағы бірінші басшымыз қайта құрудың екінші тынысы басталды дей бергенде жағдайымыз кейін сырғанап кетіп те жатты. Қысқасы, баяғыда тың көтереміз деген ұранмен аз уақыт ішінде-ақ ұлан-байтақ қазақ жерін беталбатты жүндей түткеніміз секілді ағаттықтар қазір де көзге ұрғыштап жатыр. Ақыры не боларын алдан күтеміз. Әйтеуір абырой болғанда менің «Жедел толғауымда» әлгі шолақ ұранды қуаламай, соңғы екі ғасырдың қарама қайшылығына негізделген өзгерістер жырыма өзек болған еді. Пікір айтушылар сол жағын атап өтісті.

Жағдай жоғарыдағыдай болған соң жұрт (қаламгерлер) публицистикалық толғаныстарының маңдайын плюрализм дегенге сүйеп қойып, өткен шақтарға өкпе айтқыш болып алды. Тіпті соңғы жетпіс үш жылды сорға біткен кезең сипатында балағаттап, аққұла сызып тастағысы келетіндер де жоқ емес. Оны өз басым шолақ тұжырым деп ұғамын. Ал, өз тілімізді тірілтейік, өз жеріміздің байлығына өзіміз иелік етейік, Ұлы Одақ құрамында ұлттық тұлғамыздың дербестігін бұрынғыша сөз жүзінде емес, іс жүзінде көзімізбен көретін болайық, жұртымызды экологиялық апаттан сақтау амалдарын қарастырайық деген секілді әңгімелер, әрине, ел көкейіне қонымды. Ауырғаныма қарамастан осы бағытта жұрт қатарлы мен де радио, теледидар, маусымды басылымдар арқылы пікір танытып жүрмін. Нұрсұлтан Әбіш ұлына былтыр табыс еткен ағалық аманатым да биыл «Халық кеңесі» деген газеттің алғашқы санында жарияланды. Бірақ, осы соңғы айтқандарымның бәрі де көркем шығарма емес қой. Құйындай ұйтқыған құбылмалы уақыттың арты бәлкім керемет жақсылықпен елді есен-аман қауыштырар. Бірақ, соған өз көзім анық жетпеген соң, ол жағын кесіп-пішіп айта да алмаймын, жыр жәрдемімен бейнелей де алмаймын. Тарихтың тәртіпке келтірілгені, халықаралық қатынастың жөнге бағып жатқаны, – бәрі жақсы-ау, жыл озған сайын сөз көбейіп, товар, тамақ дегендердің құрып бара жатқаны, ақшаның алжи бастауы жақсы емес. Соңғы ұлы соғыста ойсырап жеңілген елдер танығысыз жетіліп жатқанда, келістіре жеңген біздердің кетіліп жатуымыз қалай?.. Бір кезде батыстағының бәрі жаман да, біздегінің бәрі жақсы десек, енді батыстағының бәрі жақсы да, біздегінің бәрі жаман бола қалуы қалай?.. Сөздің қысқасы, қазір көптеген шындық өз бағасына ие емес. Айтылып жүрген әңгіменің көбіне иланбайсың. Илансаң, өтірікшінің сөзіне алданып қалатындай сезінесің. Қазір халық ісі оңғарылмай жатыр. Тіптен, айта берсек, осы халық жанын сала еңбек етуді ұмытып калған секілді. Ал, қаламымды әлім келгенінше осы трактовкаға бағыттайын десем, оған қолым бармайды. Міне, Ақ сеңгірдің, әзірше деп отырған, дәл бүгін таңдағы халі.

Зауза, 90.

***

Шіркін-ай, әлжуаз денсаулық мүмкіндік берсе республиканың алпыс жылдығына арналған «Өлке шежіресінен өрнектерді» он жылдан кейінгі осынау жетпіс жылдық тұсында бір сыдырғы толықтырсам-ау деймін. Егер сол жұмыс барысында ауқаттылар мен алашорда апаты, 1932 жылғы аштық пен 1937, 38 жылдардағы һәм елуінші жылдардың бас шеніндегі репрессияны кіріктірсем, тыңға шабуыл ағытқан келімсектер тасқыны тұсындағы Хрущевтің зымиян мақсаты әшкереленсе, сонғы бес жылды да ескерусіз қалдырмасам, өлкенің өмір тарихы бір сыдырғы бүтінделер еді-ау деймін. Зады, шама-шарқыма қарай осы бағытта бір әрекет жасайтын шығармын.

Әсет (тамыз) 90.

***

Ә, жо-о-қ, ауыр науқастан кейін жұмысты еңсеріп істеп кете алмасам да, соңғы қазан, қараша айларында едәуір қунай бастадым. Және де сәл басқаша ширап калғандаймын. «Шер толғау» атты үлкен топтама жырлар жазылды. Бұл да өзінше тұнып жатқан тұманың қайнар көзі бола қоймаса да, бір тоға соған бейім. «Немереме қарата» деп аталатын тың толғау бітімінде жеке-дара туып қалды да, келесі керуенге жетекшілік қылды: өзіне тетелес жазылған жырлар осының ауанымен жүріп берді.

Жер… Туған жер… Ол қандай да болса бір тосын ойларға тоғытпай, өзін өзі жаманды-жақсылы оқыс окиғалармен үстемей тып-тыныш жата алған ба, сірә?! Бір қызығы, ақын сол соны қозғалыстардың ішінен ең әуелі өзін, өзіне өлшеулі өнімін тауып алғыш келеді ғой. Мен бұл жолы көкірегімде туған жер тұтатқан шер шеңберінен табылдым, жан азығым да сол шерді тарқату болып шықты. Туған топырағым қазақ жері осы оралымда маған мерез ауруына ұшырап, денесінің әр жерінен тесіліп жатқан кіріптар жанның бейнесін елестетті. Осы көңіл күйзелісіне қайдағы-жайдағы қасіреттердің қоры жиналып, тап бір бесті қымыздай қыжылдап қызды. Сабасы тоғая келе сол «қымызды» бабына жеткізе пісу керек болды. Әй, соны мен пәлендей ұзақ пісіп те жарытпаған секілдімін. Не бір ащы сезімдер тұс-тұстан атылып, тыным дегеннің тығындарын шыдатпай, сан саққа ұшырып жібергендеймін. Көп жағдайда өзіме иелік қыла алмадым. Жарты ғасырдан астам жанып-күйген еңбегіме тиесі, кұны басынан асқан инфарктың жай тартқыш қуаты ызаның не бір алтайы қызыл түлкідей түрлерін алдыма әкеліп тастай берді. «Шер толғау» топтамасын мен солардан іріктедім. Бұл топтама әуелде «Немереме қарата», «Шер толғау», «Қар жауғанда біз жақта», «Бұзақының жоғалар ізі ақырын», «Байқамаппыз» деген жеке-жеке аттарымен кейбіреулері жұлдызшамен дербес күйінде жазылып, сұр дәптерге сол бастапқы қалпынан өзгермей енгізілді. Бірақ, оларды «Қазақ әдебиетіне», радиоға берерде бітімдеріне қарай бір толғаудың бірнеше сөзі түрінде орналасты. Өзіміздің өткен шағымыздағы досқа достың сенімсіздігі, опасыздығы, бүгінгі достардың оп-оңай ат кұйрығын кесісіп кете беретін, қазақтығымыздан ажыраған ақуалымыз, шығыс әйелдеріне тән қасиеттерді тәркеткеніміз, шовинизмнің қайтадан ашық өктемсуі, табиғаттың тамтығы қалмай улануы, жалпы кісіліктің кірлеуі – бұлардың, қайсы бірі де адамды ажалына даярлайтын дардай-ақ нәубет болса керек. Бұларға тағы да нелер жалғасарын уақыт көрсетер.

Бірсыпыра сөздер эссе сипатыпда тағы да жарияланды. Сүйінбай Аронұлы, Әбуғали Сәрсенбайұлы, Нұрмұхан Жантөрин туралы жазылғандарды айтып отырмын. «Кітап жаршысы» атты газеттің алты сұрағына қайтарылған жауабымда бүгінігі кітап шығарудың, таратудың мүшкіл халде екенін, әсіресе жазба поэзия тағдырының, тығырыққа тірелгенін бір сыдырғы сөз етуге тура келді. Жаңадан шыққалы жатқан қазақ әдебиеті энциклопедиясының он сегіз сұрағына жауап беремін деп отырып, басқасын қоя тұрғанда, библиографиялық мағлұматтарымды жүйелеп алғаным-ақ үлкен олжам болды.

Желтоқсанның аяқ шенінде Бауыржанды (ақыры) Совет одағының батыры деген атаққа ие қылып, сексен жылдығын тойлады. Опера театрындағы салтанатты жиында мен жаңадан жазған өлеңімді оқыдым. Қайран Бәукеңнің алпыс жылдығына өлең, жетпіс жылдығына эссе арнаған мен осы жолғы сөзімде оның өзім туралы пікірінен әдейі бастадым: ол менің елу жылдық мерейтойымда тіпті «Қазақта өтірік күле де білмейтін, өтірік жылай да білмейтін – осы екеуміз!» деп те жіберген еді ғой. Осы соңғы өлеңімде оның, жалған жайсандыққа тікенектей тиетін қайсы бір қасақана қайсарлығын айырықша мадақтадым, сол арқылы өзімше іргесі сөгілмеген іш тарлықты табаладым. Оған бола сол күншілдік пен төрешілдік төрдегі орнын тастап кетпесін білсем де сөйттім.

Жеді (Желтоқсан) 90.