Хамит Ағаға
Толқынындай көк теңіздің сабылдым,
Сынғанына селт етпедім сағымның.
Кейде іштей еңіреймін үн-түнсіз,
Бақа басты болғанына бағымның.
Құлын күнде уызымнан қағылдым.
Тіршіліктің көгенінен табылдым.
Алатауды өгейсідім, бұл күнде,
Сізді ойласам, Атырауды сағындым.
Бұл ғұмырда қаншама сыр түйсіндім.
Жаным мынау, жабырқадым, күрсіндім.
Атырауға қаншама рет тәу еттім,
Ұлы аруағы кешірсін деп Үйсіннің.
Кездерімде қайғы жұтып, жылаған,
Қал сұрады, жалғыз ағам, бір ағам.
Сол ағамның тіршілігін тілеуші ем,
Көк тәңірден, қияңқылау құдадан.
Қайран аға, енді Сізге бас идім.
Сізді ойласам, ақ Жайықтай тасимын.
Сіздер барда, қасиетті Ән апа,
Несіне мен жетіммін деп жасимын.
Осыншама ұлылыққа таң қалам,
Тебірен сен де, жүрегі жоқ, маң ғалам.
Менің атым, сырнайсыз да, кернейсіз,
Дала кезген, дақпырты жоқ аңғал Ән.
Сол әнімді, мұңды әнімді түсінген.
Сонша ұлы басыменен кішірген.
Аға, Сіздің басқан ізге бас иіп,
Аман бол, – деп, дұға оқимын ішімнен!
1993