Естеліктер

Қуандық Шаңғытбаев. Хамит Ерғалиевке (арнау-өлең)

1

Орай да орай Оралда
Оралай соққан толағай:
Жаманды көрсе, – қанталап көзі от шашқан
Ашулы шулан шонадай;
Жақсыны көрсе, – жадыра,
Жапырылып жайылып түскен қоғадай;
Дұшпанға десе, – өңештен орып кететін
Оңаза, обыр обадай;
Достарының арасында думаншыл,
Бірге өскен жастан жорадай;
Қызды айтып, ойбай, қайтейін,
Қымыз бен қазы, қозыны
Комбайындай қопара соққан қомағай;
Ағаға десе, – баладай,
Ініге – Абай данадай;
Дүрілдеген кейде дауыл мінезі,
Самал сүйген кейде жібек қоғажай;
Тек жұбайы Әнуардың жанында
Мінез жоқ ожар, одағай
(О жасаған, о қалай!?);
Оза бір шауып олжа алған
Осының бәрі өзіңсің,
Қайран да қабылан Хамам-ай!
Жүреміз-ау сенің де біз қасыңда
Сүмірейіп сомадай…

2

Ай мүйіз арқар ақын заңғардағы,
Дауысың дүрілдейді залдардағы.
Інің боп жүргеніме мен ырзамын,
Ағаға ілфат, құрмет –
заңдар заңы.

Жырыңмен атып таңы,
балқып түні,
Сыйлайды сені еліңнің бар түпкірі.
Керайыл кердеңдердің аулақ беті! –
Жұп жазбай
жүрейінші шалқып тірі.

Жыр бізсіз қалай ойбай, бос қалады!
Тойларда таусылған жоқ тостар әлі.
Жыртылып
кетпейікші ұшып желге,
Емес пе ек
бір кітаптың қос парағы.

Тұрақ па,
тәйірі, бізге дәрілбағаң!
Пыраққа
обал түзде дамылдаған.
Бірақ та
кетсек ақыр,
Біз тұрармыз
Жырақта
Шырақ болып жалындаған!