Есте қаларлықтай үш кездесу жадыма оралды…
Бірінші кездесу. Университет бітіріп «Қазақстан» баспасында қызмет атқарып жүрген кезім. Құрманғазы оркестрінің жаңа маусымының ашылуына бардым. Халық лық толы. Сахнада – оркестр. Конферансье «Құрманғазы» поэмасының авторын ортаға шақырды. Авторы ел-жұртқа мәлім Хамағаң – Хамит Ерғалиев.
– Мұңдасы, көшкен елдің қиялдасы,
Ал, тебірен, ақ сақалды күй атасы.
Келеді сені тыңдап баяғыдан,
Өлкеңнің өзен, тауы, қия тасы…
Ақын өлеңінің түйінін оқып бола бергенде дирижер Шамғон Қажығалиевтың сиқырлы да, құдіретті таяқшасы ауада қанат қаққан сәтте, ұлы Құрманғазы күйі сөйлеп қоя берді. «Адай», «Серпер» «Сарыарқа» күйіне ұласқанда ақын Хамит Ерғалиевтың «Құрманғазы» поэмасы ұлы жүректі оятып жатқандай әсер етті. Ұлы Құрманғазы әруағы бір аунап түскендей әсерлі сезім қалдырды. Өлең мен күй бірге тоғысып, өнер туына айналды…
Екінші кездесу. Ұмытпасам, 1979 жылы болуы керек. Гурьев қаласының театрында Махамбет Өтемісұлына арналған той өтті. Тойға
Алматыдан келген ақын-жазушыларын Хамағаң бастап барды. Сонда Хамаңмен алғаш сапарлас, әрі тұз-дәмдес болдым. Соның алдында ғана Хамағаң ІІІекспирді аударып, «Жұлдыз» журналында жарияланған еді. Сол сапарда ақын көңілінің кеңдігіне риза болып оралдық.
Тойдан соң әдеттегідей банкет берілді. Көпшілігі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Көшеков бастаған елдің атқа мінерлері. Есімде – аудан көлеміндегі басшылардан екі-ақ адам қатысты. Төрде – Хамағаң. Облыс басшыларының бәрі де «Хамаға!», «Хамаға!» деп алақанға салып аялап отыр. Біраздасын Хамағаң: «Ойнолайын, Атырау – менің туып-өскен топырағым. Осында Махамбеттің тойына арнайы келген екі бірдей жас жазушы отыр. Сол қонақтарымызға ілтипат көрсетіп, назар аудара отыралық», – деді. Хамағаң үлкен басымен облыстық партия – совет қайраткерлеріне бағыт-бағдар бергесін, басшылар біздің атымызды атап, құрметтей түсті. Сол тұста Хамағаң біздерге қамқор болып, ағалық ақ адал көңілін танытқан еді. Содан бері не заман…
Ғафу ақынның елу жылдығында Хамағаң өзі бастап барып, Тұманбай інісімен Торғайдан тойлап оралғанда, Ғафу ақынның Хамағаң туралы айтқан екі шумақ өлеңі әлі есімде:
Одан сайын жақын едік, тату ек,
Одан сайын Хамит едік, Ғафу ек.
Аяп бізді, қатар тірлік сыйлаған,
Табиғаттың рахымына рахмет!
Бір адамға сендей дарын дарытсын,
Сағат сайын самаладай жарықсың.
«Айналайын» деген сөзді зорайтып,
«Ойнолайын» дегеніңмен Хамитсің!
Үшінші кездесу. Алматыдан Ұзынағашқа, ұлы Жамбыл атамыздың туған жеріне сапар. Жамбылдың мұражайында поэзия күнін өткізу еді. Соған Хамағаң басшы болып, біз қосшы боп дүрілдетіп поэзия күнін өткіздік. Оны теледидардан да көрсетті.
Бізге жолда Хамағаң Жамбыл атамыздың ұлылығын паш етерліктей бірталай әңгімелер айтты. Сол әңгімелердің бәрі де есімде қалыпты.
Осындай тәлімі бар әңгімелерді Хамағаң барғанша, қайтқанша айтып тауыса алмады.
Үш кездесуден түйгенім, өлең-жырымен, «Құрманғазы» және «Күй» дастанымен Хамағаң поэзияның құдіретті күйіне айналып бара жатты. Халықтың алдында салиқалы сөзімен елдік, халықтық ойлар айтты. Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан ақын Хамағаң ел абызына айналып барады.
1996 жыл.