Әлі есімде бүрсеңдеп ала құлын,
Қар жауғанда жүгірген бала күнім.
Болмаушы еді жұмысым мұздағымен
Шалбарымның сірескен балағының.
Су ішсем де ойықтан мұз алатын,
Екі бетім алмадай қызаратын.
Жапалақтап жауған қар арасында
Біздің жұмыс бітпестей ұзаратын.
Алты тармақ қар түссе алақанға,
Түскен сәті жақсы еді жалағанға.
Мәз болушы ек аспанынан шүйліккенін
Аузымызбен қақшуға жарағанға.
Қардан қамал, қамалға босаға сап,
Сарай соққан жұмыстан босамасақ,
Мұрын сүртер мұрша жоқ, шөл қысканда
Ақ ұлпадан алушы ек асап-асап.
Қазан қамын ойлаған қара қатын
Қап толтырып аулақтан қар алатын.
Жазғы тағам бабы деп жер астына
Қалыптаулы қатты қар қаланатын.
Иіс тисе қар, мұзды егіз етіп,
«Кеңсірікке кезек бас!» дегізетін.
Қансыраса, айнашқа жас босанған
Тоңған жент пен томыртқа жегізетін.
Шілде соққан жасық деп жаз суатын,
Қасиеттеп аспанның жас қуатын,
Кәусарі деп алланың қайран әжем
Қар суымен дәрет ап, бас жуатын.
Бәрі соның бұл күнде ертегідей,
Өгейсітті көк аспан, жер тегі де.
Көз алдында жер, көктің бір пәлеге
Желіндері тұрады дертеді де.
Түсірмейді қар жауса еске нені, –
Қыстың демі – қыз көркі дескен еді.
Бұл күндерде қоқайтып қол шатырын
Ақша қардан арулар сескенеді.
Қалпағының, бөркінің қалың қарын
Шымшып қана сілкеді ғалымдарың.
Айтпаса да білеміз, ақша қардың
Арасында улағыш залым барын.
Өкініш пе?..
Өкініш іс қылады,
Қылмысты өтеу қиялы ұшқыр әлі.
Біздер соған сенеміз.
Білу шарт тек, –
Білу шарт тек, –
Қимыл парқын сезуге қыс қырағы…