Естеліктер

Әбдіраштың Жарасқаны (арнау-өлең)

Хамаң өтті дегенше –
заман өтті десеңші,
Ақылдан күш –
Ақыннан шама кетті десеңші.

«Бірлік барда тірлік бар»
деген алаш Абызы.
Бірлік үшін тірлігін
тамам етті десеңші.

Желтоқсанда қарсы алып жаңа әлемді,
Желпіне ме деп едім далам енді…
Жаңа әлемге арнап бір жаңа өлеңді,
Серпілеме деп едім қалам енді.

Таңым мына тағы не ала келді,
Күнім кенет түнеріп сала берді.
Жаралы елді жүргенде жүбатам деп
Жалықтырдым жиналған қаралы елді.

Түсті есіме кешегі басқа таңым,
Қос жанарын шылатты жасқа Отаным.
Астананы жүргенде көшірем деп,
Көшіп кете барыпты ақсақалым.

Жақсы кепке тартқанмен жаманымды,
Тақсіретке таптадым амалымды.
Хамаңымды сұм ажал сұлатқаны –
Құлатқаны емес пе қамалымды?!

Тастағалы әудемге жауымды айдап,
Басталады кеудемде дауыл бейуақ.
Қауымды ойлап жүргенде құты қашқан,
Ту сыртымда қалыпты тауым жайрап.

Керек жерде тағатын көзге айыпты,
Кереңдерге табатын сөз лайықты.
Сүлей Сырға жүргенде сұрау салып,
Алғандаймын жоғалтып Ақжайықты.

Жаздым саған жаңылып,
Аллам қай күн?
Алуан азап, аз ба еді
алуан қайғым.

Аралымды жүргенде аза тұтып,
Атыраудан айрылып қалғандаймын.