Ғұмырнама

Уыздық

«Бала кезімде мен де сондай ақын болсам-ау» деп армандадым» немесе «соған талпындым» деген секілді сөздерді осы күні кейбір ақындар ыңғайлы жерінде айтып қалып отырады. Өз басым ондай ынтығу кезеңін өтпедім. Бәлкім, оған біздің ауылда мені олайша еліктірердей ақын ұшыраспауы себеп болған шығар. Ал, кітаптағы хиссалар мен өз аталарымның бізге жеткен кейбір сөздерін мен тек жаттап алып айту үшін жасалған дүниелер деп ұқтым.

Бұған дейін талай жерде жазылған баяғы Смыдьяр нары бар емес пе?.. Сол ұры әкеткен нарға хиссалардағы жануарларша тіл бітірмек болғанда өлең жазып отырмын деп тіпті де ойлаған емеспін. «Осыдан бірдеңе шығады» деп, жұрт күңкілдесіп күлгеңде «бірдеңе» дегендері не нәрсе болды екен деп ойлайтын да қоятынмын.

Мені түзге шығаратын

Балқия дырау қатын.

немесе:

Үлкен мамамның асы

Қара өгіздің құйқасы. (Сәрби әжемді үлкен мама деуші едік)

Күтуші жеңгем, Сәлім әйелі Балқияның айтуынша, мұндай бірқақпайлар менде көп болулы. Осының соңғысы қай жылы айтылғанын білу оңай: Ашаршылық жылы үйтіп алған өгіз етінің соңы жұттан шыққан мал аузы көкке тигенше талшық болған көрінеді. Сонда бұл 1922 жылы, яғни менің алты жасқа аяқ басқа шағымда айтқан бірдеңе больш шығады.

Көкемнің Үйшікте Шадот (Федот не Федотов болу керек) дейтін тамыр орысы болды. Оның бізден не алатынын (бәлкім, мал шығар) білмеймін, әйтеуір біз үйіне барған сайын қалың сары қағазға орап, көкеме кісі бойындай бекіре сүрлеп беруші еді. Соның үйінде үкі, қарсақ, ақбөкен қатарлы бейтаныс бір тұлып (чучело) тұрды. Көкем маған оны құланның қодығы деп таныстырды.

Біздің үйде өлген ботаның тұлыбын бірінші мәрте көргенде мен оны «ботаның бодығы» деп атаппын. Бұны «тұлып» дейді деушілерге бой бермей, өзім қойған атауды айта беріппін, себебін сұрағандарға «құланның қодығы» болғаңда ботаның бодығы болмай ма, бұл ботаның өзі емес, бодығы деп жауап берулімін. Осындай ойдан шығарған екінші бір сөзімді білгізу үшін тағы бір эпизодты ұят та болса қағазға түсірейін (сәби сөзіне қашан да кешірім тиесі).

Сол жылдардың бір көктемінде қатты тасыған су Бақсай өзенінің екі бетінен еркін жайылып, қез келген ойпаң жер айырттан, тізеден келетін көлшікке айналды. Үлкендер тереңіректегі ірі сазандарды шанышқымен ауласа, кішкене балалар жағалаудағы шабақтарды жейде, орамалмен, тары елейтін елекпен де қармап жатты.

Тығыз отырған қанаттас ауылдардың барша баласы көл үстінде қара-құрым. Бөшік (Бақытжан) дейтін 14 жасар ағайыма ілесіп мен де барыппын. Ол менің бес не төрт жасар кезім.

Менің міндетім шабақ салынған шелек қасында тұрып соны қызықтау. Әйтсе де мен бір басқа қызықтың соңына түсіппін де, шелек жайына қалыпты. Ол былай:

Балық қызығына түскен балаларда ес жоқ. Суды шашырата жапатармағай жүгіріскен балалар ішінде бірді біреу біліп болмайды. Солардың біреуі – Бөшіктердей үлкен қыз шабақ қуалауға жалаң бұт кіріскен екен. Мен соған елеусіз ере беріппін, бұрын ешкімнен өзім көрмеген жерін ол еңкейген сайын қызықтай беріппін. Ал, қыз мені адам есебіне алмаған. Ақыры бір орайда байқап калып, төбемнен бір қойды да, ол менен құтылып кетті.

Бөшіктің айтуынша, мені жылатып кеткен сол сайтан Тоқпақ руынан Әзімбай деген шалдың қызы екен.

Балықтан түс ауа келсек, біздің үлкен үйдің сыртына ылғи бір ерттеулі бөтен аттар маталған. Бұл үйдің іші лықа толы қонақ деген сөз. Енді ойлап отырсам, тегінде солар шаруа жөнінде кеңескелі жиналған ауылнай, қощы ұйым бастығы, финагент секілді белсенділер мен ақсақалдар болу керек. Мұндайда Бөшіктер, ауылдың одан үлкендері де қонақ үстіне кірмейді Тіпті крайдан келген өкіл отырса да кимелеп кіре беретін жалғыз мен ғана болсам керек.

Мұнымды сүртуге де мұршам болмай, гу-гу әңгімесі қызған үлкендер үстіне ентіге кіре беріппін де:

– Көке, – деп даурығыппын,– тоқпақ Әзекеңнің қара қызының бұтында қыспақ болады екен, қыспақ!..

Есікке тақау жердегілер ауыздарын басқан күйі бір қырындап үйден шыға берулі де, аз-кем бөгеліп төмен қарасқан үлкендер жағы әңгімесін жалғастырған болыпты. Сол қатарда қыз әкесі Әзекең де отырған деседі.

Кісі кеткен соң шешем «ұялғаннан жерге кіре жаздағанын» айтса, әкем:

– Балам, сен әлгінде немене көрдім дедің? – деп, жаңағыны маған кайталатты. Сонсоң аз-кем езу тартқандай болды да:

– Өтірік сөйлемей, көргенін айтқанның айыбы жоқ. Бұған сол айтып келгені әлгі қыздан басқада жоқтай көрінген ғой. Гәп онда емес. Бұл өзі анада «бодық» дегенді айтып еді. Енді мынадай сөз ойлап шығарыпты… Сендер бұған күлмеңдер.

Жұрт күлсін-күлмесін, әйтеуір менің бір ғана сөзден құралған «шығармам» ауыл-аймакқа тез тарап кетті. Біреулер келіншектерімен әзілдескенде «Ғабдолхамит айтқан жағыңды қысып отыр!..» дейтінді шығарды.

Едәуір есейіп он жастан асқанда Есенжан ағайдын сүйген қызына арнаулы сөзін өлеңге айналдырған да бұдан бұрын әр түста жария болған-ды. Оллаһи, мен оны шашақты кәмпитке қызыққандықтан өйткен жоқпын, «сені ойласам бойыма ішкен асым тарамайды» деген сөзін естігенде шыныңда да бұл ас ішуден қалған екен деп ұғып, байғұс ағайымды аяп кеттім. «Өлмесін десең бір жолық» деген сөзді өз жанымнан қостым. Сөйткенде Есекең «ой, айналайын!» деп бетімнен сүйді. Міне, дәл осы тұста мен өзімше кәдімгідей әсерлі сөз жаза алдым-ау шамасы деп қалдым.

Енді осы арада бұрын айтылмаған, сол өлең хаттың өз сорыма шыққан бір зардабын айта кетейін. Өлең хатты алғаннан кейін қыз жолығысуға келісім берсе керек. Олай деуіме мынадай себеп бар.

Жер жасаң жылы маса бұлт боп буып тұрады. Сондайда жылқы шашаулап ит-кұсқа жем болмауы үшін, тым жырақ кетіп қолды болмауы үшін де оған күзет койылады. Есенжан бір жолы «түнгі күзетте ауыл-ауылдың жігіттері бас қосып түрліше ат ойынын көрсетеді, жаздағы қысқа таңның атқанын байқамай да қаласың!» деп қызықтырды да, мені бәсіре құнаныма мінгізіп, өзімен бірге түнгі күзетке ала кетті. Барғаннан кейін жылқыны қанаттас ауыл жігіттеріне табыстап, бір кұрбысымен екеуі мені басқа бір бағытқа жеке әкетсін. Ат ойыны сол жерде болатын шығар десем, олай емес екен. Бөтен ауыл сыртына жуықтай беріп, екі атты шылбырынан маған ұстатты да, өздері «казір келеміз» деп жаяу бір қырын кетті.

Сүттей жарық ай астында мен қалдым. Олар ұзақ уакыт келмей қойды. Маса тиген аттарда дегбір жоқ, тыпыршиды, пысқырады. Сөйтіп тұрғанда қой, түйе күзеткен келін-кепшіктер мені көріп қойса керек. Қотан төрінде масаға түтін салып жүрген солардың ішінен екі қатын үзіліп шықты да, менің қасыма жетіп келді. Менімен ісі жоқ, екеуі үңіліп-үңіліп, аттарға қарады, «Мына аттар дәл солардікі» десті. Сөйтті де бір атты менен еріксіз иемденіп өздеріне қолды қылды. Екінші аттың жүгенін, ер-тұрманын сыпырып алды да босатып жіберді. Енді мені қайтер екен деп қорқып тұрғанымда:

– Бар!.. Анау кеткен аттың соңынан ілесе берсең, жылқыңа адаспай жетесің, – деді біреуі.

– Бір иіс сабын мен бес аршын шытқа жарамаған жігітке осы керек, о несі-ай, өл де маған!.. – деді екіншісі. Енді ойласам, осылардың біреуі қызға хатты табыс етсе де жеңгетайлығын ала алмаған секілді.

Босанған ат ұстайды екен деп менен қашады, одан адасып қалмау үшін мен де көсілте шауып отырып, әп-сәтте жылқыма да жеттім-ау. Мен жапа шеккеніме онша ренжіген жоқпын. Бір жағынан бөтен ауылдың адамдары ағайымды сабап тастар ма деп қорықсам, екінші жағынан енді ағайымның ішкен асы бойына тарайтын шығар деп қуандым. Ауылға барған соң да оның бұл кұпия жорығын әшкере қылмадым. Міне, ол кезде махаббаттың осындай да машақаты болатұғын. Бәлкім ол сонысымен қызық, сонысымен беделді де болған шығар.

Базына дауы немен біткенін білмеймін, таң бозара екеуі бір атқа мінгесіп, арттағысы екінші ер-тұрманды арқасына таңған күйі ыржың-ыржың күлісіп, жылқыны ауылға беттеткен біздерге жанамадан қосылды.

Бізде Жем, әлде Сағыз бойынан келген бір адай жылқысы болды. Шабдар да, құла да емес, қоян жонды құрымсары, бітімі шағын бесті болатын. Жануар аламан бәйгеде алдына мал салмады. Бір жолы мен соның бағын байладым. Мен емес-ау, менен үш-төрт жасы үлкен, еркер балаша киінген қыздың қылған ісі еді ол.

Жиырма жеті аттың алдында талас келе жатқан екеуміз едік. Балалар ұран шақыратын межеге жеткенде мен де «Қара бура!.. Қойыс ата-а!..» деп, еппен тақымды іске қоса, тізгінді сәл босатып ем, ілгері ысырыла бердім.

– Көктемегір, көрейін озғаныңды!..

Шанқ еткен дауысқа қайырыла қарасам, менің бәлкім тартуға керек болар деген шылбырымның ұшы қыз қолына іліккен екен. Аттың көзін сүртуге әрі құлағының тұсынан желдете сілтеп отыру үшін берілген кішкене сапалағыммен қыздың қолына ұрғыласам да шылбырды одан ажыратып ала алмадым. Ызаға булығып жылап та жібердім. Сөйтіп келе жатқаңда не болды дейсіз ғой?..

Әкем Ерғалидың қызба мінезді Нұрғали дейтін ағасы (Есенжанның атасы, ат жаратушы да сол шал еді) Қара кер атпен жанай берді де, қызды желкесінен бүріп алып ат үстінен лақтырып жіберді. Әйтеуір құмдауыт жерге түскен қыз зақымдалмағаннан кейін, сарт-сұрт қамшыласып қалғандар да тез бітісті.

Атамды әлгі аяусыз қылығы үшін жек көріп кетсем керек, жанжал кезінде менен сұрағандарға: «ол бала менің шылбырыма жармасқан жоқ» – дедім. Сол үшін тентек шалдың төрт өрме қамшысы арқамды бір мәрте осып та кетті. Кейін атамды жамандап өлең жазайын деп едім, «Кісі атасын жамандамайды. Ал, өйтсең, сені өз әкең тағы да сабайды» деп, Есенжан жазғызбай қойды.

Осынау «Уыздық» бөліміне жататын жоғарыдағылардай қайсы біріне де менің сәбилігіммен жарыса жүріп отыратын, өзіме де мәлім емес «осыны айтпасаң болмайды» немесе «бұны дәл осылай деуің керек» деп тұратын бір шартты тұжырым, кесікті түрткі болған секілді. Ал, оған бұл шамаға келгеңде қандай да болса бір симптом тағайындау менің міндетіме кірмейді.

Осылайша өрбіген біздің балалық шақ, ерке дәурен он бір жасымда жалғасын таппай үзілді. Менімен ешкім асық та ойнамайтын болды. Әкем өзі айтқандай, жинаған малын үкіметке (мемлекетке – Е. X.) өткізген жоқ, оның барша дәулетін сол өңірдегі кедейлер бөлісіп алды да, өзі жер ауып кетті, өз аяғымен кетті. Бірақ, тағайындалған жерге тез барып жете коймағаны үшін жолшыбай қамауға алынып, Теке түрмесінде қайтыс болыпты. Заман ағымына ешқандай қарсы әрекет істемесе де, жалпы ел ішіндегі тап тартысы шегіне жеткенде оның өмірінің осылай аяқталмауы, бәлкім, мүмкін де болмаған шығар.

Анам заң жүзінде ажырасып, («Талақ қағаз» дейтінін алып) елде қалды, оның касында тек мен қалдым. Бірак, соның өзінде бесінші класты аяқтау қиынға соқты. Жан-жағымнан аяздай қарыған суық көздер арасында қалғым келмеді. Мектеп-интернат директоры Қожахметов Кенжеғали ағай:

– Қарағым, сен ешкімнің алдында кінәлі де, жауапты да емессің, тиісті паегыңды бізден алып, оқуыңды оқи бер. Балалардың білместіктен айтып қалатын сөздеріне бола налыма. Балалар саясатты білмейді. Оны мына коммунист мен білемін. Кеңес үкіметі сені сыртқа теппейді, сен болашақтың азаматысың, – деп, тағы осы сияқты алуан түрлі ұстаздық сөздерін айтып-ақ бақты. Бірақ мен тоғыз толғанып, он ойлансам да, өз байламымды бұза алмадым. Маған Үйшіктегі ФЗУ жылы құшағын ашатындай көрінді де тұрды. Мамаммен екі арадағы әңгіме қысқа болды.

– Кетеміз Үйшікке.

– Оқуынды қайтесің?

– Үйшікке барып оқимын.

…Мен қателеспеппін. Мені ФЗУ жанындағы үлкеңдер оқитын бөлім қабылдады. Болашақ ағаш шеберлерінің ішіңде ең кішкентай елгезегі де, еркесі де мен болдым. Сонда жүріп ФЗУ-дың өзінде оқитын жастармен тез табысып кеттім. Бұл жерде ешкімнен де салқын қабақ, суық көз көрінбеді. Тіпті ликбездегі аға, апалардың сауатын ашушылар қатарында қала шетіндегі қазақ ауыл дейтіннен өзім әжептәуір бедел жинадым.

Оқудан бос кезімде сол қазақ ауылдағы «Ұлт ойыны», «Деңгене» дегендерге қатысып жүрдім. «Ұлт ойыны» клуб, қызыл мүйістерде өтсе, «Деңгене» – жастардың өзара ақша жинап үйде өткізетін сауық кеші. Соған қарағанда бұл «Деңгене» деген атау орыстың «деньги» деген сөзінен шықса керек.

Жас жағынан тым шикі болсам да маған «Деңгенеде» қыз қасына отыратын жігіт орны да тиді. Осы «Деңгене» маған көбірек ұнады. Өйткені, қыз қасында тіпті мен секілді боқмұрынға да желік бітеді екен. Күй тарту, ән салу дегендерді мен соңда шығардым. Бәрінен бұрын қызға арнап өлең шығарып, оны альбомда көбейтуіме осы «Деңгене» көбірек себін тигізді.

Сөйтіп, мен уыз дәуренді «Астымда көк тайыммен зарлап шабам, сиынам әруағыңа Қойыс бабам!» деген удай ашы өлеңмен он бір жасымда аяқтап, бұла буын желігін мезгіліне жеткізбей жетекке алдым. Бірақ, не пайда, желкеден қысқан жетімдік күрмеуге келмейтін қысқа жіптің өзін қырқып тастап отырды.

Ғұмырнама

Комсомол

Ағаш шеберінің (плотник) оқуын да түгестік. Кәдімгідей балға, балта, атауыз, арба, егеу, қашау, бұрғы, сүргі қатарлы құралдардың, ысқыш, желім, сыр, шеге сықылды жабдықтардың қайсы бірін де іске қоса алатын қолы епсекті маман куәлігін алым. Оқып жүргенде жасап үйренген бұйымдарымыз дөрекілеу болса да стол, верстак, табуретка, скамейка, есік, терезе жақтаулары, газет, нан дүкеншіктері болатын.

Қызық-ай!.. Біреулер мені «ағаш ісмері (столяр) бола аласың!» деп мақтаған еді. Онысы өтірік дәріптеу екен. Өйткені, мен де кейбір шебер әріптестерімше кебеже, жастық ағаш жасап көріп едім. Заказ берген қазақ әйелі оларымды ұнатпай, айнып кетті. Степендияға қосымша табыс кіргіземін деп жүргенде бекер арам тер болыппын. Аядай бөлменің ішін жаңқаға толтырып ат-көпір еткем. Мамам байғүстан-ақ үят болды… Рас, өзіме домбыра жасап ала алдым: шанағы үш бұрышты демесеңіз, әжептәуір үні бартұғын.

Бұрың бәрі оқып жүргендегі әрекеттерім дедім ғой. Ал, оқуды бітірген соң ше?.. Неге екені белгісіз, мамаңдығымыз бойынша жұмыс берілгенге дейін бірнеше ай бойы кемеге теңіз жағасынан құрылысқа керекті тас тиейтін жүкші (грузчик) болады екенбіз – үлкендер арасыңда қабырғасы қатпаған маған ғана бұл жұмыс ауыр тиді.

ФЗУ-дағы жағдай мұнда жоқ. «Жоғалттым ара, балтамды, бұлғақтар қағып алды қалтамды» деп, жұртты ду күлдіріп отыратын күңдер қайда?!. Немесе, қазақ аулыңдағы «Деңгенеде»:

Күлгенде Ақ Жәкіштің демі қандай!..

Ғашық боп ауырғанның емі қандай?!. – деп

шалқитын, Сейтектің «Заман-айы» мен Әлкейдің «Қоңыр-ала» күйін күңіренте тартқан күңдер көзден бір-бір ұшты. Алғашқы апта жүзі аумай-ақ Нысан деген бір ағай:

– Қарағым-ай, – деді – қай қатын-балаңды асырай алмай қан-сорпа болып жүрсің?..

– Ол не дегеніңіз, аға, түсінбедім?..

– Түсінбейтін несі бар?.. Мына қалт-құлт еткен түріңмен бір күні жүк астында майып боласың ғой. Одан да оқымайсың ба?.. Оқытушы болмайсың ба?.. Бізге әжептәуір хат танытқаңда мұғалім болатыңдай көрініп ең. Өзің өлең шығарып айта алушы ең. Кім біледі, бәлкім, тіпті әртіс боп шығарсың.

Өзім де оқысам деуші едім, Мына кісі сол ойымның дәл үстінен түсіп тұр. Жалғыз-ақ… Шешем… Шешемді кім асырайды?..

Күйеулері тәп-тәуір қызмет істейтін өзім мен бірге туған екі апам бар. Ұсақ балалары көп молотобойчик Әмір ағайдың кемпірге қарасуға шамасы келмесе де, осы екі қызда мүмкіндік бар емес пе?.. Осылар сырттан болса да ептеп қараспай ма?..

Араға екі күн салдым да, «қой, бұл жүруім болмайды екен…» – деген тоқтамға келдім. Стройконтор дейтінмен есеп айырыстым. Сол күні салып отырып ГорОНО бардым. Бастығы Оспанбай Елубаев дейтін әдеміше ақ-сары жігіт екен. Жаны да жайсаң көрінді. Ол аз ойланып:

– Осында Орал пединститутының жанындағы рабфакқа бала алынып жатыр. Барасың ба –деді. ‘

– Барамын.

– Онда соған емтихан тапсырып көр.

Емтихан дегені бала қабылдаушы өкілдің абитуриентпен жәй әншейін ауыз-екі сөйлесуі екен. Менің білімім рабфактың даярлық курсына дәл келді – алыңдым. Стройконтордан алған тиын-тебенім, пароходтың билетіне де, жол азыққа да жетіп жығылды. Кіші апам Мәну де аздап көмектесті.

– Жайыққа шомылам деп суға кетті деп жүрер, тәулік жүзі ауғаннан кейін менің Оралға кеткенімді, соңда оқитын болғанымды мамама түсіңдіріп айтарсыз.

Кетерде көрші кемпірден өтінгенім осы ғана. Ал, өзім бір киер бірдеңелерімді ішіме тығып алдым да, Талқайраң жақтағы бір жолдасыма барып, ертең не кешке қарай ораламын деп алдап кеттім.

Бұл сапарға бет алғанда жасым да он жетіге толған-ды.

«Чапаев» пароходы Оралмен екі аралықта бірнеше күн жүреді екен. Екі жағы тепе-тең, тура жарты жолдағы қазақтар князь деп атайтын Калмыковаға келгенде мен бір түрлі алабұртып мұңлы ойлардан арыла алмадым. Оған екі түрлі себеп бар еді. Біріншісі: осы жерден тоқсан шақырым шығысга Қойыс әкесі Қалдыбайдың моласы жатқанын білетінмін.

Сонда Сыла екі баласымен осы өңірден босқан ғой? Осынау арғы ата қонысымыз Гурьев жеріне қарағанда артықша жасаң екен ғой. Малдың мыңғырып өсетін жері-ау, шамасы» деп ойлаймын ішімнен. Осыдан келіп менің басымда екінші ой өрбиді. Ол мынадай:

Әкемнің кіші әйелімен, жігіт болған балаларымен жер ауып бара жатып, тура сол жерден Әмір ағайға хат жазып кеткені бар еді. Хаттың текстін сөзбе-сөз келтіре алмасам да, мазмұны есімде. Ол хатты өз көзіммен мен де оқыдым. Оңда былай делінген: Қалдыбай бейітінен үш шақырымдай жерде бір апта бойы кідіріс жасадық. Ертең Текеге қарай жылжимыз. Осы жерде Ауқат дейтін бай маған бір көкала ат мінгізді. Баска түліктерін қоспағанда өзінің бес мың жылқысы бар. Мен болсам бір үйір жылқы, көш көліктік түйе, бір табын сиыр, бір жарым қора қойға бола осындай сүргінге ұшырадым. Ал, Ауқат мұнша дәулетпен іргесі шайқалмай әлі отыр. Дауыл ұйтқып соқты да өтті. Енді бұл мықтағанда орташа қатарында малын заготскотқа өткізеді де, өз елінің ортасында табан аудармай отыра береді. Не себепті?.. Бұл Ораз Исаев жолдастың өз ауылы, демек, Ауқат мырза оның өз ағайыны. Мен Үйшік жұртымен қоштасқан базардағы сөзімде «Үкімет саясаты дұрыс. Жойылсын жауыздық!.. Жасасын ғаділдік!» деген едім. Ғаділетсіздік әлі қанша жерге барарын кім білсін?!»

Қазақ жұртының жел айдаған каңбақтай тұрлаусыз, аянышты көне күндерін аңғартып жұртта қалған Қалдыбай моласы, араб әрпімен жазылған әлгі хаттағы ауыр нала біріне бірі тіркеліп, сол түнгі каютада маған ұйқы бермеді.

Жайықтың Чапаевты жұтқан жеріне таңға жақын жеткенбіз. Льбишенск ұйқыда болатын. Бұл уақыт сонау кайғылы қара түннен өзінше түйін жасатты.

Орыс тілінде жазылған шығарманы оқи алмайтын, оқысам да жөнді түсінбейтін кезім еді бұл. Фурманов романындағы оқиғаны Алпамыш Раисов деген жолдасымның ауызекі айтуы арқылы ғана білуші едім.

«Шіркін-ай, ақыры өлсең, Шапайша өлу керек қой!..»

«Қайран батыр казақ жерін, қазақ елін қасіреттен азат ету жолына өмірін қиды-ау!..»

«Шіркін-ай, осыны қазақ ақыны хисса қылып жазса ғой!..»

Бұлар менің аты шулы иінді көру үшін жұртпен бірге палубаға көтерілгеңде кеудемді кернеген ішкі тебіренсім еді. Күндердің күнінде сол дастанды өзі жазатынын бұл бала қайдан білсін- ау!..

Жә, енді Оралда өткерген жылдарымның жырларына біршама тоқталайын.

Рабфак (жұмысшы факультеті) дегеңініз есейіп калған мен секілді өңішең бір түбіт иек, одан ла үлкен жігіттер мен әбден бой жеткен қыздар, келіншектер оқитын жер екен. Даярлық курсты Шаған беттегі Некрасов көшесінде, төбесі нардың өркешіндей қызыл үйде бір кыс оқып түгестік. «Түгестік» деп айта салу оп-оңай. Ал, осы 1934-35 оқу жылы студенттерге өте ауыр тиді. Әсіресе, маған…

Айтулы карточная система кезі. Қара нан (400 гр.) болмай қалғаңда оның орнына толокно (талқан) дейтінді жейміз. Шынында ол нағыз дән талқаны емес, кенеусіз кебек ұнтағының қоспасы. Соған тоң май қатқан ашы капустаның сорпасы қосылады. Аздаған стипеңдиямызға базардан стакандап тары алып қаламыз. Бірақ, ол тез таусылады. Қар түскенге дейін пединституттың жаңадан салынып жатқан корпусына Жайық бойынан ат-арбамен құм, саз, әк тасып біраз табыс тапқан едік, қысқа қарай ол да тоқталып қалды.

Қиындық «әсіресе маған» деуімнің себебі бар. Біріншіден, менен басқа бәрінің дерлік арттарынан тары, бидай талқаны сарымай салынған посылка келеді. Егіні, малы жоқ Үйшіктегі үйлерде олар қайдан болсын?! Ең жаманы– себептің екіншісі. Күзде жабысқан безгек ауруы қыс бойы үстімнен түспей қойды. Мұғалімдер сабақта отырғанымда селкілдей бастасам-ақ, «Жатақханаңа барып жата ғой…» дейді. Барамын да, хининді аш қарынға ұрамын. Менсіз өткен сабақты жолдастарымнан көшіремін. Құдайға шүкір, сөйтіп жүріп ударниқ, кей тоқсанда тіпті отличник қатарында шығып жүрдім. «А» класында «Жас қалам» атты қабырға газетінің барлық материалын өз қолымнан өңдеп, көшіріп, соңына «редактор X. Ерғалиев» деп кол койып жүрдім.

Менің нашар жағдайымды жақсы білетін дирекция (Хасен Сатқанов ағай) аяды-ау деймін, ударник қатарына түсіп қалған тұсымда да маған отличниктермен бірге заттай, ақшалай сыйлық береді.

С. М. Кировтың қазасына байланысты өлең жаздым да, өзімнің газетіме жарияладым. Жоғарғы кластарға сабақ беру үшін келіп-кетіп жүретін пединститут мұғалімі Қажым Жұмалиев бірде кластарды аралап жүріп, менің өлеңімді көріпті.

Киров сыңды көсемді

Атып дұшпан тастаған,

Кайғысынан қамығып,

Жас балапан қақсаған.

Кісі мақтарлық еш қандай көркемдігі болмаса да, осындай шумақтар Қажекеңді елең еткізген көрінеді. Бір күні сабақ үстінде біреу есік ашты да, мұғалімге.

– Ерғалиевті директор шақырады – деді.

Отын үнемдеуден шығар, мұғалімдер бөлмесіндей емес, Сатқанов ағайдың кабинетінде пеш жағылып жарымайтын. Сондағы қара диванда сұлуша қоңыр жүзді, өткір көзді бір coque telephone avec cordondiscover morehttps://www.replicawatches.nu/product/rolex-datejust-41-126300-mens-blue-roman-numeral-dial-41mm-replica-watch/ жігіт сырт киіммен отыр екен. Құлақшыны, венгеркасы, тіпті етігінің қонышы да өңкей бір қара жалды торы құлынның терісінен тігіліпті.

Мен «Ассалау…» дей бергенімде, ол сәлемімді аяқтатпады, құдды менімен талайғы таныстай «Кел, Хамит!» деп, қасынан орын ұсынды. Сөйтті де:

– Ө-ө-зің, ақын екенсің ғой! – деп, алдыңғы сөзін шамадан тыс созды, қалғандарын бір-ақ төкті. Одан соңғы әңгіме ұзаққа бармады. Мұндағыдай институттың әдебиет үйірмесіне де қатысатын болдым.

Біздің көркем сөз дүниесіне етене енуіміз осыдан басталды да кетті.

1935 жылы мен безгектен құтылдым. Ел тоқшылыққа кенеле бастағаннан кейін мен де әлдендім. Жыл оқуын мақтау граммотасымен аяқтадым (Даярлық курста да сөйтіп бітіргем).

Каникул уақытында шешеме, Әмір ағайдың үйіші мен апаларыма барып, оларды жақсы оқуыммен, мұғалімдер, достар мақтаған өлеңдеріммен қуанттым. Ол кезде менің өлеңдерім пединституттың әдеби газетінде жарияланып жүрді. Олардың көпшілігі, әрине – мерекелік. Өзімше таптық көзқарасымды таныту үшін бұралаңсыз төте жол осында деп түсіндім. Ұлы Октябрь, Ленин күндері секілді, Бірінші май, Қызыл Әскер, әйел күндері секілді ірі мерекелерге байланысты өлең жазуды өзіме шарт санап алдым.

Бір қызығы, соларды Жұмәлиевше, өз оқытушым Оразақаевше нәшіне келтіріп сауық кештерде жатқа оқыдым. Бара-бара Сәкен, Сәбит, Ілияс, Асқар, Тайыр, Қажым шығармаларын өзімше «құйқылжытып, құбылтып оқу» арқылы үлкен репертуар жасап алдым. Осылар арқылы өрісімді кеңейттім. Өзімнің екі оқу орнынан сыртқары жатқан селхоз, пед. мед.техникумдарға, Сағынғали Сейітов досым оқитын «Водный рабфакқа» барып, кеш өткізетіндерді шығардым. Радиоға барып тақпақшы, әнші, спектакльдерде актер болдым. Облыстық олимпиада да бірінші жүлде алдым. Сөйтіп, қала масштабына танылып едім. Бір күні Облсовпроф мені жаңа ашылған театрға алғызбақ болып, одан әрең дегенде құтылдым. Бұл-алғашқы екі жыл ішіндегі әрекеттерім. Мен бұларды таратып айтпай-ақ қояйын. Өйткені, осылардың талайы «Өмір өрнегі» атты кітабымдағы Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Сәттіғұл Жанғабылов туралы естеліктерімде, Сағынғали Сейітов туралы мақалада бір шама қамтылған.

1936 жылы менің өмірімде үш үлкен оқиға болды. Осы жылы менде төрттік баға болған жоқ. Тек қана – 5. Бірақ, бұл әлгі үш оқиғаға кірмейді. Үш оқиғаның екеуі бұрын талай жерде жазылғандықтан атүсті атап қана өтейін. Бұл жылы Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде Ұлы Октябрь жеңісіне арнаулы «Тұңғыш» атты өлеңім жариаланды. Менің творчестволық өмірбаянымда да осы өлең тура жиырма жасымда жарық көрген тұңғышым болып есептеледі. Бұл жарқ етіп шыға келгендегі қуанышымды аз сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Ұлы кек» дейтін үлкен сюжетті поэма (байларды тап ретінде жою хақында) жазып, оны Сәкен Сейфуллин қол қойып отырған «Әдебиет майданы» (бүгінгі «Жұлдыз») атты журналға жібердім. Басылған жоқ. Бірақ, «менің еңбегімді Сәкеннің өзі оқыды-ау?!» деп ойлаудың өзі мен үшін аз қуаныш емес еді.

Ал, үшінші оқиға нендей қуаныш еді дейсіз ғой?.. Әңгіменің ең бір сүбелісі, міне, осы үшіншіде жатыр.

Математикадан сабақ беретін мұғаліміміз Сұлтан Әбдірахманов деген жас жігіт рабфактың комсоргы болатын.

– Хамит-ау, бір әңгіме бар, кабинетке жүрші, – деді ол бірде кешқұрым. Екеу-ара әңгімеміздің тақырыбы менің комсомол қатарына алынуым хақында қозғалды. Сұлтанға «Атын жұрт танып калған ақынымыз, оқу отличнигі Ерғалиев осы күнге дейін неге комсомол емес» дегеңді партком секретары, тарихшы ағай Хасен Ерғалиев неше дүркін айтыпты. Тіпті Обком комсомолдың бірінші секретары Қожахметовтің өзі актив кезіңдегі бір үзілісте бұған осы сұрақты қойыпты. Ол осының бәрін айта келіп:

– ІІІынында да ырғалып-жырғалып жүріп алдың ғой. Неше мәрте айтқаныма құлақ аспай келесің. Екі арада мен кінәлі болуға айналдым, – деп реніш білдірді. Мен былайша жалтардым.

– Бір комсомол құрлым қоғам қызметін атқарып жүрмін. Профком мүшесімін. АСО мүшесімін. Құдайсыздар ұйымының мүшесімін. Әдебиет үйірмесін басқарамын. Драма, хор үйірмелеріне, домбыра оркестріне қатысып жүрмін. ГСО, ПВХО, Ворошилов атқышы нормаларын тапсырдым. Өлең жазамын. Өлең оқуға баратын жерлерім көбейіп кетті. Осының бәрі сізге аз ба? Осының бәрі сабағыма әсер ете ме деп те қорқамын… Мұрнымнан су кетіп жүр…

– Әлгі айтқан жұмыстарыңның бәрін атқара алғаның үшін де сенің комсомол мүшесі болуың шарт. Әлде сен комсомол болғың келмей ме?.. Әлде сен оны менсінбейсің бе?..

Байқаймын, жігіттің соңғы сөзінде зіл бар. Енді қайттім?.. Ойланып жауабын ертең беретін болдым.

…Менен бір курс жоғары оқитын Бижан Жұмағалиев профком председателі, физкультураның мұғалімімен кейінгі мықтысы: шаңғыдан норма қабылдайды. Мен оның нормасын тапсыра алмай, шаңғымның бауы үзіліп, «Ханская роща» жақта жаяу қалып қойғанда да ол көңілдестік қылып, норма тапсырғандар қатарына қосқан. Өзі сауық кештерде студенттерден мәнерлі пирамида жасайды. Ал, мен болсам «өнердің сегіз қырлы серісімін». Сондықтан басқалардай төрт, алты кісілік емес, екеуміз оңаша екі орындық бөлмеде жататынбыз.

Бижан ұйқыда. Мен көрер таңды көзбен аттырғалы жатырмын. Сондағы ұшы-қиыры жоқ ойларымның қысқаша мазмұны мыналар:

«Әкем ақылды кісі деп жүрсем, білімсіз бейшара екен. Қойы түскірді топырлатып өсіре берді. Ең ақырғы жылда ғана кісі жалдады. Солармен бірге жүріп те үй-ішіміз түгелдей мал соңында салпаңдадық. Мен екеш мен де қозы бақтым, бұзау бақтым. Соның кесірінен латыншаның 1, 2 кластарын оқымай, баяғы Сабырдан алты жасымда бір қыс алған жәдитше сабақ көмегімен, яки, өз тіршілігіммен, үшінші класқа есейгенде әрең түстім. Өзгелермен зорға дегенде теңелдім. Ел қатарлы шаруасын шағын ұстап отырса, аштан өлетін бе еді?..

Ал, жарайды, дәулеті өскен екен. Сол өскен дәулетті «бұл Лениннің малы, үкімет өзі алады» дегені қайда?.. Оньщ бәрі ұстағанның колында, тістегеннің аузында кетпеді ме? Осы малдан госхоз жасалық деп Крайкомға, ол тыңдамаса Сталинге неге телеграмма бермеді? 20-30 қойды қаржыға айналдырып алып, Сталиннің өзіне неге бармады!.. Ол патша емес, ходоктарды қабылдаған Лениннің шәкірті мұны да қабылдар еді. «Мынау ұсынысыңыз жөн екен. Мен Голощекинге айтайын, бара беріңіз» дер еді. Соңда жұрт кешегі 32-жылғы аштыққа ұшырамас еді. Өзі де бүгінгідей жер ауып жексұрын көрінбес еді. Егер ертең комсомолға шынымды айтсам, бекерден бекер төңірегіме мен де жексұрын көрінбеймін бе?..

Апыр-ау, бүкіл сурет галереясын ел игілігіне өткізген Третьяковты білмесе білмей-ақ қойсын, ал, Энгельсті қалайша білмеді?.. Ол кісі туралы Совет өкіметі орнағалы барша баспа жүзіңде айтылып келе жатыр емес пе?..

Бұл ойлардың іске асуы мүмкін бе еді, олай емес пе еді, – онда менің жұмысым болған жоқ, – әйтеуір, осы бір кияннан қиянға шығандап жатқан ойлар ұзақ түн бойы менің шақшадай басымды шарадай қылды.

Ақыры комсомолға арыз беретін болдым. Төңірегіме жексұрын көрінбеу үшін, енді ғана жарық көргелі тұрған жауқазын өнеріме кесірі тимеу үшін әзірше тегімді жасыра тұруым керек деп шештім. Ал, Совет үкіметіне, партияға жан-тәніммен берілгенімді, заман жаршысы бола алатынымды еңбегіммен дәлелдей алатын дәрежеге жеткеңде бәрібір шынымды айтамын, шынымды айтпай партияға өтпеймін деп түйдім. Бұл өзі менің сорыма қарай «Әкесі үшін баласы жауапты емес» деген жалғыз ауыз жылы сөз де айтыла қоймаған кез еді.

Өрті қаулап аты шулы 1937 жыл да келді. Халық жауы атанып Обкомның бірінші секретары Құрамысов, облыстық газет редакторы Иманқұлов, Обкомолдың біріншісі Қожахметов, «Комсомол ұрпағының» редакторы Қождуанов, тіпті республика комсомолының біріншісі Тәштитов та, тіпті менің тәңірім Сәкеннің өзі қамауға алыңды деп естідік.

Дәл осы тұста, менің үшінші курста жүрген кезімде, яғни, рабфакты бітіретін жылымның бас кезіңде комсомолдың есеп беру-сайлау жиналысы болды. Мен президиумдамын. Осы жолы рабфак комсомол комитетінің бюро мүшелігіне тағы да өтетінімді, қалалық конференцияға делегат боп сайланатынымды да (айтып қойған) біліп отырмын.

Шынымды айтамын деген межеге әлі де жете қоймаған едім. Орал, Гурьев газеттерінде талай өлеңім жарияланып үлгерсе де, ол еңбектерім өзіме әзірше тым қораш көрінетін. Бірақ, амал қайсы, мезгілдің мынадай ауыр тұсында ниеті қара әлдекімдерше қалай жасырынамын?.. Көп болса сайламай қояр. Әрі кеткенде комсомолдан шығарар. Сталиндік Конституция кеше ғана қабылданды. Сөзге, оқып білім алуға праволымын.

Осы байламға тоқтадым да, шешендер санатында сөз кезегі өзіме келгенде айтып-ақ жібердім. Әлгіде ғана менің кандидатурамды ду қол шапалақтап қуаттағандар әуелі сілтідей тына қалды. Ауыр тыныштық ұзаққа бармады.

– Міне, көрдіңдер ме, бөрінің бөлтірігі қайда жүреді?..

– Комсомолға еніп кету үшін әдейі белсенді болған…

– Әдейі сол ұшін жақсы оқыған…

– Біздің қырағылығымызды жою үшін, партия, Октябрь туралы өлеңдер жазған.

– Бұның тағы да істеген нелері бар екен, тексеру керек.

Бұдан кейін қайта-қайта дауысқа салып, президиумнен түсірді, жиналыстан шығарып жіберді. Сөйтіп, комсомолдың уставы да, тіпті Конституция да жайына қалды.

Сол күні түн ішінде жаңа сайланған бюро мәжілісін шақырып, мені комсомолдан шығарды. Ертеңіне оны төтенше жиналыс бекітті. Ол қаулыны ертеңіне қалалық Комитет бекітіп билетімді алды.

Оның ертеңіне-ше?.. Ой, сұмдық-ай!..

– Хамит, сені біз профсоюз қатарынан шығардық. Қайтесің… Бұған да көнесің-дағы…

Бижанның кешкісін бөлмеге кешігіңкіреп келгендегі хабары еді бұл. Осыны ол теріс айналып айтты, соған қарағаңда, сірә көзі жасаураған-ау деймін. Бұл барып тұрған асыра сілтеу екен, профсоюз менің стажыма тиіскен жоқ.

Актив санатындағы шын достарым Қайырғали Байғалиев, Тілекеш Рахымшиев, Ризхан Жапанов, тағы бір көңілдес жолдастар ел жатқан соң жасырынып келіп көңіл айтысты. Олар есітіп келген сұмдық жоғарыдағылардың көкесіндей.

Жолдастардың түнде айтқандарына нанар-нанбасымды білмей, сабақта отырғанымда дпректорға шақырылдым.

– Қарағым, рабфакта қала алмайтын болдың.

– Ау, менің оқып-білім алуға правом бар емес пе еді?

Қалған бір-ақ қыс ішінде мен оқыды екен деп осы рабфак өртеніп кете қоймас.

– Арыз бар, көп.

– Қандай?

– Сенен жеті қыз жәбір көріпті.

– Өздері жазған ба?

– Жоқ, білетін біреу жазып отыр.

– Өтірік қой?

– Қарағым-ай, өтірік болса да, сонікі рас. Сені қорғайтындай бізде шама қалып отыр ма?..

– Тағы не істеппін?

– Сәкен Сейфуллинмен байланысың болыпты ғой.

– Ондай байланыс бола алмай қалған еді ғой.

– Жазғаныңды жіберген екенсің – сол болды деген сөз. Сонымен, әкең-бай, табынғаның – халық жауы, жәбірлегенің – қазақтың сұқсырдай жеті қызы. Осынша айыптан кейін сені рабфакта қалдырсам, менін басым кетеді ғой.

– Ендеше басыңызды сақтаңыз, қайран ағайым. Мен сіздің қара басыңызға тіпті де ренжімеймін. Маған аш-жалаңаш кезімде талай көмек бергенсіз. Қош, сау болыңыз! – дедім. Бейшараны аяп кетгім. «Сатқанов Қасен ағай аса қайырымды кісі еді ғой!» деп, кейін менің талай жерде айтып отыратынымды ол бейшара күні бұрын білген болса да, оның осыдан басқаға шама-шарқы жоқ еді.

Міне, артынан рахатын керген комсомолым алғашында маған осындай драма теліген-ді.

Ғұмырнама

«Мұғалім– артист» һәм аттаныс

Гурьевке келдім. Екі апта бойы үйден шықпай жатып алдым. Ерте тұрып газет аламын. «Халық жауларын әшкерелеу» дегеніңіз мұнда да жүріп жатыр. Жағымсыз мақалалар көзді қари бастаса, газеттерді ысырып тастаймын да, баяғы өзім жасаған домбыраны қолға аламын. Қайырғали басқаратын оркестрге қатысып жүріп үйренген бір сыпыра күйлерім бар еді, солардың дәл осы тұстағы көңіл күйіммсн үйлесетіндерін күңіренте шертемін. Сырласып шер тарқатқандай бөтен ешкім жоқ.

***

Кешіресіз, жаңағы «Комсомол» тарауының ақырында айтылатын мына бір жәйттер қалып бара жатыр екен. Осы араға кірістіре кетейін. Әңгіме әлгі қыздар хақында.

Бірінші курста әжептәуір ажары бар Ф-ның маған жармасқаны рас. Бірақ, онысы әншейін зинақорлық екен. Менен бұрын алданған жігіт оның осалдығын маған айтып қойғаны үшін Ф-ның қолымен бетіне кислота шашқызып көзін шығапып ала ж:аздаған. Содан кейін мен одан безіп кеткем. Соның ғана кек сақтауы, жала жабуы әбден ықтимал.

Ал, К-нің жөні мүлде басқа. Ол екеуміз бір-бірімізді өлердей жақсы көрдік. Біз ешқандай құмарлыққа құламай, не болса да институттан кейін көре жатармыз деуші едік.

Ол мен кетерде жылап қалды. Әкесі аудандық НКВД бастығы болатын. Ол да халық жауы деген атақпен қамауға алынған соң қыз жар қабақтан Жайыққа секіріпті. Тайыз жерге түсіп, омыртқасы үзіліп жатқан жерінен АСВОД адамдары тауып алыпты.

Майып болғаннан кейін қорлаңды ма, әлде мектептен қуылған адамнан не шығар дейсің деді ме, – әйтеуір екі мәрте жазған хатыма жауап қайтпады.

К. институтын бітіргеннен кейін тұрмысқа шығыпты. Бірақ, баласын туа алмай дүние салыпты. Оның күйеуі қазір Алматыда, үйлі-баранды математик, менің аралас-құраласым бар жолдасым.

– Қандай ғажап-ғажап хаттар жазғансың!.. Бәрін де маған көрсетіп отырушы еді, – дейді бұл күндерде досым. Шынында да біз бір курста оқып жүріп-ақ хат жазыса беретінбіз. Мүмкін, бір кездерде оқып отырармыз, бұйырмыс болып қосыла қалсақ, балаларымызға көрсетерміз деуші едік, мына бар болғыр екінші қатынға (қызға) үйленерде сол хаттардың бәрін жойып жіберіпті. Күдер үзгеннен кейін оның хаттарын мен де сөйткем.

Осы екеуінен басқа ешбір қызбен менің байланысым ол рабфакта болған емес.

***

Жә, енді әлгі әңгімемізді әрі қарай жалғастыра берелік.

Мамам болса, «осы білімің де жетер, контордың жазу-сызу жұмысына жарайтын болдың ғой» деп, үйге келгеніме мәз. Оған «елге қайтқым келді, әрі қарай жалғастыратын оқу бұл қалада табылмаса бір жерде қызмет істермін» деп қана қойғам. Онсыз да қам көңілді байғүс кемпірді мұңға батыра бермейін дегенім ғой.

Талай өлеңімді жариялаған Гурьев газетіндегілерге шаруамды жөндеп алғанша көрінбей тұра тұруды жөн көрдім.

Шыдам бітті. Зерігіп кетіп, бір күні ертеңгі шайдан кейін көпір аузындағы тоқал тамнан көшеге шықтым. Қайда барам?.. Кіммен ақылдасам?..

Ұсталып кетпеген болса барып сәлем берейін дедім де, баяғы ГорОНО-дағы Оспанбайға тартып отырдым (каникул сайын сөйтуші едім) Келсем, орныңда екен.

– Оқуыңды… ?

– Досрочно бітірдім.

– Қалайша?..

Барлық жағдайды білгеннен кейін бірсыпыра уақыт үнсіз отырды «Осы менен қорқып отырған жоқ па?» – деп, іштей қауіптеніп ем, олай емес екен.

– Тым артығырақ кеткен екен. Ие-е-е… Паспорттан басқа дәнеңем де қалган жоқ десеңші.

– Алты мақтау грамотам бар

– Қазпедучилищенің соңғы курсынан алғызсам… сөйтіп көрсем… Тағыда біреу-міреу бірдеңе деп жүрер ме екен?..

– Өсеке-ау, мен оған бармаймын ғой. Ондайды ойлап мазаланбаңыз.

– Соңда қайда бармақсың?.. Аспан астында саған да бір орын болу керек емес пе?

– Мен тек қана орыстар оқытатын жерге барып бақ сынасам деймін.

– Е, онда осындағы мұнай рабфагына барып көр.

– Міне, міне, міне… Егер алса, мен соған катып түсемін!..

– Бірақ енді барғанда сен оларға не дейсің?..

– Тілімнін жеткенінше болған оқиғаны болған күйінде бастан-аяқ айтып беремін. Айналайын қазағымның алдында кылған қылмысым жоқ, көрген жәбірім көп деймін.

– Ұят болатын болды-ау…

Осымен біздің әңгіме бітті. Ертеңіне мен Мұнай рабфагына бардым. Сабақ аралығындағы перемен уақытыңда барыппын. Байқаймын, кара қыздар көрінбесе де, қара жігттер мұңда да баршылық екен. Солардың біреуінен директор кабинетін сұрағым келіп тұрды да, «ей, осыларды қойшы!..» дегеңдей жалт бұрылып, бір топ орыс қыздарына бұрылдым. Бір қыз ертіп апарып, тура «Директор» деген жазуы бар есікті көрсетті, директордың аты-жөнін де қыздан біліп қалдым.

Іште бір-екі кісі отыр екен. Азырақ күтуге тура келгені маған жақсы болды. Айтатын сөзімді ойша жүйелеп үлгермеген едім. Өзімді қалай ұстауым жағын да ойлап алуым шарт.

«Әрине, сыпайы болуым керек. Бірақ, алдына келген адамның шамадан тыс кішірейгенін жақсы көретін, соны өзіне дәреже санайтын бағзы бір қазақтардағы әдет бұларда жоқ қой. Оншалық кішірейе коятындай қасиет өзімде де жоқ секілді еді. Бұл жағынан алдыра қоймаспын. Қайткенде де асықпай, сабырлы сөйлеуім керек. Кеше Оспанбай «Ұят болатын болды-ау!» деп еді. Шамам келгенше ұлттық намысыма соқтықпай, жалған белсенділерге бола қазақ атаулыны сөкпей сөйлейін».

Кісілер шығысымен рұқсат сұрап ішке кірдім. Аты-жөнімді айтып едім, ол да сөйтті, колымды қысып, алдынан орын нұсқады. Орақ мұрынды, көгілдір көзді, ақсары, қырықтар шамасындағы кісі екен. Бәрінен де жүзі жылы, маған керегі сонысы ғой, сөйлетіп алғаннан кейін «Ну и что?» деп. безеріп отырып алса кайтер едім, өйткен жоқ.

– Та-ак, слушаю вас?..

Неге екенін қайдам, әлгіде іштей «осылай бастаймын» деген сөздерім жайына қалып, ә дегенде:

– Я выдворенный человек!.. – деппін де, одан арғы сөздерім жұтқыншағыма кептеліп, біраз уақыт үнсіз отырып қалыппын.

– Қысылмаңыз, айта беріңіз.

– Кешіріңіз, мен қысылып отырған жоқпын. Сөздерім қысылып қалып жатыр. Қазақша ойлап алып, оның сөйлемдерін аяғынан басына қарай қата құрғанда ғана орысша болып шығады. Ол оңай жұмыс емес.

– Еңдеше асықпай солайша сөйлей беріңіз.

Ойша күні бұрын жүйелеп алған сөйлемдерім болған оқиғаны түгел дерлік баяндап шығуға жарады. Ара-арасыңда орысша дұрыс құрылмай жатқан сөйлемдерді өзім де байқап қалып отырмын. Ал, ызама қатты тиген жәбір зардабын аңғартар жерге келгенде шыдам таусылып, өзімше төпеп жөнелдім, логика бар да, сөйлемдегі складность дегендеріңіз далада қалды. Ара-тұра орнымнан тұрып та кетіп, қайта отырған секілдімін. Мен сәл ентігіңкіреп барып токтаған заматта:

– Көгершінім, сіз сабыр етіңіз, мен бәрін де түсіңдім, – деді. Төмен қарап күлімсіреді, басын шайқады, басын бүкіл денесімен теңселе отырып шайқады. – Он екі жасар баладан да жат адам ойлап шығаруға болады екен, ә? Ну и братцы!..

«Братцы» деп отырғаны қазақ-ау» деп шамаладым да, түсінбегенсіп мән бермедім.

– Байқап отырсам, мынау грамоталарыңызға қарағанда қазақ рабфагында жақсы оқыпсыз? Дегенмен орыс тілінс шорқақтау екенсіз. Қиын болды-ау сізге?..

Оқу бөлімінің бастығын шақырып алды да, директор Иван Васильевич Жиголенко оған өз ойын бірден көлденең тартты.

– Екі ай сынақ мерзімімен үшінші курстан (бұларда оқу мерзімі төрт жыл) қабылдайық – деді. Сөз сонымен бітті.

Бұндағы қазақтар да ана тілін жап-жақсы біледі екен. Бірақ, тап орыс тіліндей емес. Мен кабинетте отырғанда Иван Васильевич рабфак комсоргы Әбдіғали Досжанов деген жігітті де шақырып алған: «мына Хамит өзіңмен бір курста оқитын болады, шефіңе ал», – деп, оған мені әдейі тапсырған. Өзі менімен құрдас, партия мүшелігіне кандидат.

Басында «тағдырым тағы бір шып-шылғи пысықай шала қазақтың қолына көшпесе нағылсын…», деп күдікпен қараған едім, олай болмады, қазақ әдебиетін жақсы оқитын көрінеді. Бәрінен бұрын газеттердегі өлеңдерім арқылы мені біліп шықты. Менің бірден байқағаным, жалпы өзі адамға айрықша ілтифаты мол, тартымды жігіт екен. Бірінші күні-ақ маған еріп біздің үйге келді, қонып қонағым болды, мамамды «мама» деп алды. Өзі де жетім өскен бала екен. Түні бойы әңгіме арқылы менің жай-күйіме қаныққан сайын маған жаны ашып, көңілге көп демеу салды. Оның таң ертеңгі шай үстінде маған айтқаны:

– Сені тағдыр толмағаныңды толтыру үшін бізге айдап әкелген екен. Сенен біз тура орыс жасап шығарамыз. Комсомол дегеніңізді ертең-ақ қайтарып аламыз.

Бұдан кейін ол кеше кабинетте Жиголенконың маған айтқан бір өтінішін еске салды. Директор: «Ақын екенсіз, сіз де біздегі әдебиет үйірмесіне игі әсеріңізді тигізіңіз», – деген еді.

Ертеңіне Әбдіғали мені жатақханаға ертіп барып, Атшыбаев, Тасбаев, Майжанов, Раисов, Қонашев, Жиенәлиев, тағы солардай көптеген жолдастарды бір үлкен бөлмеге жинады. Оларға менің басымдағы драманы қысқаша түсіндірді. Олардың қаны қызып, «Ертең «Обкомолға барып, Оралда қалған билетті талап етеміз, талабымыз кұпталмаса, бунт шығарамыз!» дегенге дейін барысты. Сонда басалқы сөзді оларға өзім айттым: «Апелляцияны Алматыға кезіңде жазармын, әуелі оқуыма орналасып алайын. Әлі менің алдымда сынақты мерзімім бар. Мен сеңдердей орысша төгіліп тұрған жоқпын. Маған көмекті осы жағынан көрсетіңдер» дегенді айттым.

Олар «теңеліп кету түк емес» деуін деді-ау, бірақ біліп тұрған сабақты жеткізіп айта алмағаннан қорлық нәрсе жоқ екен. Қиналып жүрдім. Алайда менің мерзімім ешбір түгендеусіз өтті де кетті. Сірә, Әбдіғали ауыз-екі ақпар берсе керек. Өйткені, «Ау, менің жағдайым не болды?» дегенімде, ол маған: «Какое твое собачье дело?!» дегенде, иығымнан бір қойып кете берген.

Сөзді көп керексінбейтін химия, физика, алгебра, тригонометрия, стереометрия, черчение сияқты пәндерді алғашқыда жақсы үлгердім. Тарих, география, естествознание дегендеріңіз үшке түсті. Орыс тілі болса да солай. Ал, әдебиетті төрттен темендеткен жоқпын.

Содан соң-ше?.. Содан соң мен орыстың фонетика, морфология, синтаксис дегендерін түгелдей жинап алдым да, қайта зерттедім. Күштің дені соған жұмсалды. Калған уақыттың біраз бөлегі өлең жазуға шығыңдалды. 4-5 айды артқа салып алғаннан кейін өлеңдерім Гурьев газетінде дүркіреп жүріп берді. Дәл осы уақытта алғашқы жақсы үлгерген сабақтарым күрт төмендеп, үшке әрең ілігіп жүрді. Онда да жолдастардың шпаргалкасы қатыспай қалған жоқ.

Орыс әдебиетінің де, қазақ әдебиетінің де үйірмесі жоқтың қасы екен. Оларды мен қосып жібердім. Орыстарды басқарудың оңай әдісін таптым. Жас ақынның өлеңін оқытып аламын да, орысша судай ағып тұрған үйірмедегі қазақ жастарын да пікір айтуға қатыстырамын. Мақталғандарын қабырға газетіне машинкамен бастырамын. Көбірек макталғандарын Гурьевтің орыс тіліндегі газетіне («Прикаспийская Коммунаға») апарып көрсетемін, сондағы жолдастармен әлгі өлеңнің авторын кездестіремін. Солардың кейбірінің өлеңдері жарық көре қалғанда директордан бастап мұғалімдердің бәрі-ақ дереу бірінен бірі алып оқып, «Это уже заслуга Ергалиева» десіп жатады.

1938 жылдың да жадырап жазы келі. Дәлірек айтқанда, көктемнің соңғы айы тамылжып тұрған шақ. Бұл кезде Гурьев өз алдына облыс болған-ды.

Перемен уақтында Иван Васильевич Жиголенко үлкен басымен жүгіріп жүріп бір топтан мені тауып алды да, қолымнан сүйрей жөнелді.

– Жүр, кабинетте сені бір кісі күтіп отыр.

Иван Васильевич мені ішке өзінен бұрын кіргізіп, қонақ екеуміздің кездесу сәтімізді қызықтады. Директор столдың алдындағы жұмсақ орындықтан атып тұрып, менің екі қолыма бірдей жармасқан аласа бойлы, аса ширақ қимылды сұрша жігітті жыға тани алмай қайранмын.

– Ой, айналайын Хамитжан, амансың ба?.. Немене, танымай тұрсың ба?.. – деді, шевиеттен тіккен черльтон костюмді, бұйра шаш, – ей, саған не болған, мен Жәрдем Тілековпін гой.

Енді ғана құшақтасқан болып жатырмыз. Бұл кісі Оралдағы ақын еді. Бұның өлеңдері де менікіндей көбіне «Комсомол ұрпағы» атты газетте шығатын. Сәкес (Жәкеш) деп қол қоятын. Ол кезде бұл басында буденовка, үстінде ұзындығы тобығынан келетін сұр шинелі бар, етік киген кәдімгі атты әскердің жауынгері болатын. Ылғи да редакцияда кездесетінбіз. Бірде Қасым Аманжоловтың, бірде Қуан Тастайбековтың қасында жұлқына сөйлеп отыратын. Енді бұл күнде Қазақстан Жазушылар Одағының Орал, Гурьев облыстарындағы өкілі болып алыпты. Алматыда халық ақындарымен бірге алты айлық курс өткеннен кейін осы орынға ие болыпты. Үйі Оралда. командировкамен келіп, қонақ үйге орналасқанына екі-үш күн болыпты. Жай-күйді біліскеннен кейін Жәрдем Жиголенкоға менің ақындығымды мақтады.

– Керісінше, Хамитты сізге біз мақтауымыз керек. Сіз жамандамасаңыз, бізге сол да жетеді, – деп Иван Васильевич жымия күлді. Ал, мынау оның сөзінің төркінін түсінген жоқ. Өйткені, бұл менің Оралдағы оқудан қуылғанымды білмейді. Жәрдем қол сағатына қарап:

– Ал, мен сені Обкомға, Қалдыбайға апарамын – деді.

– Мені?.. Қалдыбайға?.. Неге?..

– Неге екенін өзі айтар, кеше мені қабылдай отырып, «Осындағы рабфакта Ерғалиев дейтін жас ақын бар. Ертең сағат үште сол баланы маған ертіп келіңізші!» – деді. Мен ол кісінің сол өтінішін орындаушымын.

Қалдыбай деп отырғаны Гурьев облыстық партия Комитетінің бірінші секретары Қалдыбай Байманов, осыдан біраз күн бұрын ол кісінің сайлаушылармен кездесуі біздің осы рабфакта өткен. Мен сонда «Ұлы заң» деген өлеңімді оқығам. Жиын аяқталып, жұрт тарай бастағанда Байманов мені шақырып алып, өлеңдерімді газеттен оқып отыратынын, оның ойынша жаңағы оқыған өлеңім де жаман емес екенін айтып, сабақ, тұрмыс жағдайларымды сұрастырған. Онда үлкен адамның ілтифатына ілігуім жанымды жылытқандай болып еді, ал тап бұл жолы… «тағы да ісімді ілгері жылжытамын деп отырып, бай баласы екенімді білгеннен кейін кері серпіп тастамаса не қылсын» деп қауіптеңдім. Бірақ, ізінше «әйтеуір бұл рабфакқа шынымды айтып кірдім ғой, окуымнан қудыра қоймас. Ондай жағдай (ниет) бола қалғанда да мына орыстар маған ара түсер. Енді тіпті неден де тартынбаймын. Өлеңдерімді бастырмасаңыз да жаза беремін, елдің еркіндік алған тамаша заманын мен де бір адам құрлы сүйемін! – деп, тура айтамын».

Осы ойға бекініп алдым. Бұқар беттегі рабфактан Самар беттегі Обкомға жаяулап жеткенде Оралдан не себепті кетіп, бұнда қалай орналасқанымды Жәрдемге түгелдей айтып бердім. Жаңағы ойға оралған күдігімді де жасырған жоқпын.

– Е-е-е, жаңағы орысыңның кағытпа сөзі оралдағылар адресіне айтылған сын боп шықты ғой… Қой, меніңше, сенің драмаң Қалдыбайға мәлім. Өйткені мұндай дөкей орындағылар кісінің біліп алмай қабылдамайды.

– Білмесе, өзім білгіземін.

…Қойшы, сонымен біз Қ. Баймановтың қабылдауындамыз. Мен жағдай анықталғанша Қалдыбайдың жылы шырайына жығыла қоймай, өзімді солғын ұстадым. Оңдағы ойым – егер Қалдыбай менің драмамды, еңді ғана білген тұста түсін суыта қойса, өңімді осы қалпынан өзгертпеу, тіпті бұдан да гөрі сұстанып, әлгі ойдағыларды ақтара салу.

Қалекең екеуміздің диалогымыз былайша өрбіді:

– Жағдай қалай, комсомол?

– Мен комсомол емеспін, аға. Оның қатарынан шығып қалғам.

– Қалайша?..

«Құдай ұрды, мынау біздің жағдайды білмейді екен. Бір тәуірі, әзір түсін суыта қойған жоқ».

– Тілеков жолдастың кешегі айтуынша, сен Оралда да оқыпсың ғой.

– Онда да оқыдым.

– Комсомолдан сол жерде шығарылдың ба?

– Сол жерде комсомол түгілі, оқуымнан қуылдым.

– Е, не үшін?

– Шынымды айтқаным үшін. Әрілесе тағыда қуылармын, сол шынымды сізге де айтайын… Темекі тартуға бола ма?.. Рахмет! – деп, «Наша марканы» суырып алдым.

– Түтініміз біреу-ақ болсын, менікін тарта ғой, – деп, ол маған «Қазбек» ұсынды, шырпыны өзі жағып берді.

«Үлкен кісінің бұл икемдігі маған әжептәуір жеңілдік берді-ау – енді не болса да еркін сілтейін».

Ойым осылай болғанымен көңілде қобалжу бар. Қалай дегенмен шағынайын деп отырмын ғой, содан да болар… Тамағымды кенеп, еңді сөйлеуге ыңғайланғанда екі көзім бал-бұл жанып кетсе керек. Қалекең тегінде соны байқап қалды-ау деймін:

– Болды, болды!.. Айтпай-ақ қой… Мен бәрін де білемін!.. – деді.

Несін жасырайын, жылағым келді – булығып жатпай-ақ, күліп отырып жылап жібердім. Жәкең болса «әлгіде айтқаным келді емес пе?! – деп, өз «сәуегейлігін» мақтады, менің көңілімді орнықтыру ниетімен талай сөздерді шұбыртты. Біз екеуміз мәре-сәре бола қалған сәтте Қалекең Обкомолдың бірінші секретары Хиуаз Мұқановпен телефондасып та үлгерді. Мен оның «Үш күн ішінде билетін қолына беріңдер» дегенін ғана есітіп қалдым.

Айтпақшы, ұмытып барады екем, жаңағы диалогтың бір жерінде Қалекең:

– Мұндағы комсомолдар қалай қарайды? – деп сұраған. Оған берген менің жауабым:

– Бұлар билет талап етіп бунт шығарамыз дегенде мен шошып кеттім.

Байманов бұл арада қарқылдап қатты күлген. Бірақ, ол сөйтіп отырып, мұндағылардын пікірін біліп адды.

– Аға, – дедім, әлгі телефоннан кейін, – мен апелляция жазамын ба?

– Екі жылдың әрі-берісіңде тұрған не бар, шыныңды ашық жазып қайтадан қабылдан.

– Оңда мен есеп кінежкеме «сын крупного феодала» деп жазамын.

– Қарағым-ау, қазақта «бай» деген бар да, әлгі айтқаныңдай сословие болған жоқ қой.

– Жоқ, еңді артық кетсе менен кетсін, тап солай деп жазайыншы.

– Жә, жә, сенің-ақ дегенің болсын. Бірақ партия қатарына кірерде ойланарсың.

Қалдыбайдың жаңағы үш күн мерзім беруі де себепсіз емес екен. Ол үш күннен кейінгі сапарыма комсомол билетіммен аттандырмақты ойлапты.

– Жә, бұл мәселені шештік. Екінші мәселе мынадай: жолдас Тілеков, біз жаңа бөлімдегі жігіттермен ақылдастық. Сіздің Жамбылыңыздың тойына үш адам жіберетін болдық. Қарттардан Сәттіғұл Жанғабылов, Сұраубай Құттыбаев, жастардан осы Хамит Ерғалиев. Екі күн ішіңде самолет билетін алып, делегаттарыңызды қолыңызға жинап береміз.

Еңдігі жұмыс Әбдіғалидың қолына тиген соң, ол жұртқа тағат таптыра ма. Екі күн ішінде жүгіріп отырып горкомолдан бір-ақ өткізді. Сәл кешігіп қалған билетті аэропортта отырғанымызда жеткізіп үлгерді. Солайша, мен екі жыл стажымды өлтіріп, комсомолға 1938 жылы қайтадан қабылдандым.

Алматыға 1938 жылы Жамбыл творчествосының 75 жылдығына, 1939 жылы Қазақстан жазушыларының II съезіне қатысу үшін келгенде көрген-білген-түйгендерімді жоғарыда аты аталған естелік, мақалаларда түгелге дерлік қамтығам. Съезге өз үйірмемнен ертіп келген Селезнева дейтін ақын қызға Халижан мен Қасым таласып, зықымды шығарғаны секілді ұзақ эпизодтарды әңгімелеудің қажеті бола қоймас. Соңдықтан астанамызға үшінші мәрте келуіме ғана қысқаша тоқталып өтейін.

Менің өмірімде бағзы бір тұстарда жырларыма айналса да, өзінің қарапайым қалпында кара сөзбен жазылмаған мынадай да оқиғалар бар.

Рабфакты бітіріп оқуға келдім ғой. Мен сонда университеттің филология факультетіне (ол кезде бұның қазақша бөлімі жоқ болатын) арызды төтесінен берген жоқпын. Әуелі емтиханы ертерек басталатын, әрі аз пәндерден ғана тапсырылатын ҚазПИ жанындағы екі жылдық мұғалімдер институтына қабылдандым. Университет конкурсынан өте алмай қалсам, кайтып оралар орным осы болсын деген есеп еді ол. Менің бұл есебіммен МИ дирекциясы келісіп, өзіме қайтарған документтерімді университетке содан кейін өткіздім.

Бұнда рабфакта өткен он беске жуық пәннің бәрінен емтихан алады екен. Гуманитарлық пәндердің бірде-бірінде төрттен төмен түспедім. Әдебиет – 5. Химия, математика түрлері, черчение секілді пәндердің комиссиялары өз факультеттеріне түспейтін болған соң мені онша қинамай, үштік бағаларын қойып отырды. Ал, ең соңғы асу – физикаға келгеңде жағдай олай болмай, былай болды.

Емтихан жазып тапсыратын түрлері болмаса ауызшасында ішкі екіден-үштен кіріп, қалғанымыз шақырылғанға дейін сыртта (коридорда) тұрушы едік. Неге екенін білмеймін, бұл жолы күллі факультетті біріктіріп үлкен бір акт залына жинады. Билет алғандарды алдыңғы қатарға отырғызды Даярмын дегендерінен қатар орналасқан үш-төрт стол жағалай сұрай бастады.

Кезек өзіме келгенге дейін бір сағаттай отырып емтихан барысын бақыладым.

Орыс тілі мен өлеңге көбірек уақыт алдырып, сол себепті соңғы рабфакта маңдыта алмаған сабағымның біреуі осы физика болатын. Сондықтан, мүдірмей шауып өтіп жатқаңдарға қызыққан жоқпын, яки, ондайдан дәмем болған жоқ.

– Даярлығыңның кемдеу жерлері бар екен, жарайды еңді, бара ғой.

«Міне, міне, осыны есітіп шығып жатқандар тура үштік бағаның иелері. Осылардың қатарында бола алсам, маған сол жетіп жатыр».

– Өзің дәнеңе де оқымапсың ғой!.. Бар, кет!.. кете бер!..

Бұл сөзден кейін салы суға кетіп салбыраған жігітгер мен жылап шығып жатқан қыздарға іштей ренжимін. «Аузын буған өгізше мелшиіп тұрып алмай, шамамен білетін жерінен бірдеңелерді айта бермей ме?..» – деймін ғой өзімше.

Сөйтіп отырғанда кезек өзіме де келді. Үш сұрақтың біреуі түсіме де кірмеген пәле. Зады, мен бір жақта сапарда жүргенде оқылып кеткен дүние секілді. Қалған екеуін өткенімізді білемін. Осының біреуінің жалғыз сөзбен қайтаратын жауабы бар еді, есіме түспей-ақ қойды. Оның да бір жөні болар деген оймен қолымды көтердім.

Бір аяғы түбінен жоқ-ау деймін, екі балдағы қасында тұрған бір қазақтың алдына барып тағзым еттім. Ол мені «Барып тұрған жағымпаздың өзі екен» деп ойлады ма, қайдам, дереу сұстана қалды. Соны байқадым да, турасына кеттім:

– Бірінші сұрағыңызды білмеймін! – дедім (білетін адам да тап мұңдай зілдене қатты дауыстамас.) – Екіншісі төрт тактылы двигатель хақында екен. Оны бір шамаға соқтырдым. Үшіншіге келгенде «Осы бар болғырыңыз тілімнің ұшыңда тұр!» – деп, өзіне қарадым. Онымен де қоймай, «айтып жіберсеңші» деп тұрған адамша иегімді қақтым. Химияда сөйткенімде бір қазақ демеп жіберген. Ал, мынаның бар ашуы долығып бетіне шықты.

– Слушай, сен өзің не істеп тұрсың?

– Емтихан тапсырып тұрмын.

Екеуміздің де даусымыз қатты шықты. Зал соған елең етгі.

– Әй, оқышы өзің, не деген сұрақ?

– «Әй» демеңіз.

– Оқы дедім ғой мен саған!

– Әкірендемеңіз дедім ғой мен сізге.

Зал еңді сілтідей тыңды. Көршідегі емтихан алушылар да жұмысын тоқтатты-ау деймін. Өйткені, менің шефым: «Әй, мынау масқара ғой!» дегеңді соларға қарап айтты. Бірақ, жаңағы қайта-қайта ақырғаны үшін жұрт алдында әріптестері тарапынан қолдау таба алмады.

Шынында да масқара болдық. Өйткені…

– Слушай, сен өзің қайдан келдің?

– Гурьевтен келдім.

– Сонша жерден не үшін келдің?

– Сізді әкіреңдету үшін келген жоқпын. Тіпті физика үшін де келген жоқпын.

Енді екеуміз айна-қатесіз комикке айналдық та, жұрт соны қызықтау жағына шықты. Бұл концерт былайша аяқталды. Ол дауысын бәсендетіп:

– Жә, оқы. Тым құрыса сұрақты оқи алатын шығарсың?..

– Оқи аламын: «В чем единица электрической освещенности?»

– Ал, иа, в чем?

Ақыры өзім де рәсуа болдым ғой. Бұны да ақымақ қып кетейін деген оймен:

– Айтамын! – дедім, – айтамын, тындаңыз: «Единица электрической освещенности измеряется в электрических лампочках». Міне, сіздей адамға беретін біздің жауап осы. Қош-аман болыңыз!..

Жұрттың залды дүр сілкіндірген күлкісі басылмай тұрғанда мен есіктен шығып кеттім. Шыға сала тексерсем, «в люксах» деген бір жарым сөзге тіреліппін де тұрыппын. Бар пәрменіммен жерге бір түкірдім: – Тьфу!..

Жә, енді не істеу керек?.. Ректорға қайткенде де әлгі мұғалімнен бұрын бармасам ұтыламын. Орал, Гурьев газеттерінде жарияланған өлеңдерімнің бір папка қиындысы портфелімде жүретін. Соған сеніп, еш қайда бұрылмастан, Оликов кабинетінің алдынан бір-ақ шықтым…

Сәті түсейін деген істің орайына келе қалатыны бар емес пе, өзі ғана оңаша отыр екен. Алдыңдағы қызға жалынып едім, тәңір жарылқағыр:

– Войдите, – дегені.

– Оликов жолдас, осындай да мұғалім болады екен?!. – деп бастағаннан кейін: «Что, милый, что случилось?» – деп, бірден мүсіркей қалды. «Люкстің» қапелімде аузыма түспегені үшін жұрт алдында жер-жебіріме жеткен мұғалімді айыптадым. Содан соң папкадағы қиыңдыларды қопыратып алдына тастай бердім. Газеттің екі номерінде төрт полвал болып шыққан «Ақырап» атты поэмамды ең соңынан көрсеттім. Оликов қазақшаны оқи алмаса да, бір-бірлеп карап шықты.

– О-о-о!.. Мынауыңыз үлкен еңбек қой!.. Жамбыл болғалы келдім деңіз!

– Тіпті жаман-жақсы өзім болу үшін де білім керек еді. Көрмейсіз бе, ең сонғы емтиханда мынадай күйге ұшырағанымды?!.

– Түсініп отырмын… Жарайды… Ғылыми советке салып, бәлкім бір жөнін келтірерміз. Дүйсенбідегі советке келіңіз..

Дүйсенбідегі советте кезегім келіп ішке кіріп едім, баяғы мұғалім есік алдында тұрған мені көрсетіп:

– Мына бала физика пәнінен ноқай, ноль – деді.

Оликов оқу бөлімінің бастығына қарады. Ол кісі (аты-жөнін ұмыттым):

– Өз саласынан өтіп тұр. Физикадан алған бағасы, әрине, конкурс шартымен сәйкеспейді, Бірақ, енді, бұл жігіт физика оқу үшін келген жоқ қой.

Мына үлкен кісінің анада өзім айтқан сөзді қайталауын естігеңде төбемнің көкке жеткені соншалық, «еңді тіпті қабылданбасам да ризамын деп ойладым», «Қалай, жолдас?..» дегеңдей, физик ағайға қасқая қарадым.

– Бұйрық ертең жарнамаға ілінеді, нәтижесін содан оқырсыз, бара беріңіз, – деді Оликов.

Ертеңіне ерекше бұйрық бойынша қабылданғанымды жарнамадан оқыдым. Сөйтіп, тым балаң болса да алғашқы өлеңдерім арқылы жоғары білімге жол алдым.

Бізбен өзара шабуыл жасамауға шарттасса да, Гитлердің ол тұстағы арам пиғылы әмбеге аян еді. Сондықтан да сол жылы университеттің бірінші, екінші курстағылары әскер қатарына шақырылды. Оқудың тағдыр тағайындаған бұл үзілісіне де төзуге тура келді. Бұл баяғы Сабырдан алты жасымда оқыған жәдитше мен латын әрпі аралығында жіберіп қойған жылдар да емес, екі рабфак арасындағы жыл айырмасы да емес, әскерде екі жыл жүріп келгеннен кейін жалғастыратын оқу болды ғой, мезгілімен мектеп көрген баланың 23 жасында бітіретін оқуын отызға жуықтап түгесетін болдым ғой деп іштей осыны да ауырсынып едім. Сұм соғыс оған да зар қыларын ол кезде қайдан білейін?!. Шүкір, әйтеуір, соғыста өлмей қалғандар үзілген оқуын әр қилы жағдайда жалғастыра алды. Өз басым соғыс мүгедектеріне берілген жеңілдік бойынша университетті алты айда экстренно бітіруге праволы едім. Оңдай білімнен пайда шамалы шығар дедім де, үш курсты үш жыл сырттай оқып түгестім. Редакциядағы жұмыс, бала-шаға, жылдар бойы күні-түні жазылған дастандар – үшеуі үш жақтан осы оқу орнын бітіруге мүмкіндік бермеді. Сөз арасына қыстыра кетейін, бұл университетте менің творчеством бойынша оннан астам диплом, екі каңдидаттық диссертация корғалды. Бұл күндерде менің дипломым осылар деп те қоятыным бар.

Жә, енді әлгі жерде үзілген әңгімемізді жалғастырайық. Армия қызметіне барар аддыңда маған операция жасалып, ішкі құрылысымнан бір дерт алынды. Соның жарасы жазылғанға дейін бір оқу жылы бойы Доссорда қазақ совет әдебиетінен жоғары кластарға сабақ бердім. Сол кезде Доссордағы геология барлау конторасыңда істейтін Сабыр Шәріповпен таныстым. Оның революцияшыл үлкен азаматтық, жазушылық өмір жолын балаларға өз аузынан айтқыздым.

Сабағым баланың жадыңда берік сақталатындай әсерлі болу үшін мен түрліше тәсілдерді іске қостым. Бірақ, соларымның кейбіреулері сабағымды концертке айналдырған тұстар да болды. Мәселен бір балаға:

– Келесі дүйсенбідегі сабақта сен Сәбит Мұқанов боласың, өмірің мен творчествоң хақында әнеугі Сабыр Шәріповше есеп бересің, – деймін. Оған қосымша оқып білімін толықтыратын әдебиеттер тауып беремін. Сонда ол Сәбит болу үшін жанын салады. Ал, басқа шәкірттерге: «Мұның шығарма мазмұнын, идеялық-көркемдік жағын дұрыстап айта алмаған, яғни, Сәбит бола алмаған жерін сынайсыңдар деймін. Өңдіріп әділ сынай алған балаға бестік баға қоятынымды ескертемін. Сөйтіп, бүкіл класты дуылдатамын да қоямын. Әлгі баланы құрбылары көпке дейін Сәбит деп, тағы сондай біреуін Тайыр немесе Ғабит деп жүреді.

Әдебиет үйірмесін Жәрдем Кейкин, Қажым Қосанов, Зейнолла Қабдолов дейтін ақын балаларға басқартамын да, өзім солардың басқару жұмысын бақылаймын. Төбе бише олардың пәтуасына (басқару тәсіліне) төрелік айтамын. Драма үйірмесінде режиссер болдым, хор үйірмесіне дирижерлық еттім. Кейде өзіме де роль аламын. Осыдан кейін шәкірт балалар, олардың ата-аналары мені артист-мұғалім демегенде не дейді?! Жұрт не десе о десін, әйтеуір менің сабағымнан үлгере алмаған бала болған жоқ. Оқушылар қоңыраудың қалай тез соғылғанын байқамай да қалатын. Сабақта тыңдап үлгере алмағандарын ақырына дейін тереңірек білу үшін, жазбайтын балалардың өздері әдебиет үйірмесінің кештеріне катысатын.

Қыс өтті. Жазғы емтихан да аяқтала келді. «Мұғалім-артист» те әскер қатарына шақырылды. Қызыл вагондар составы оны достарымен бірге күннің шығысына карай алып та кетті. Қимастықпен оң сапар тілеп, артында қол бұлғап қалғандар ішінде ұл да бар, қыз да бар болатын.

Доссорда жүріп жазғандарымның ішінде «Шындағы сұлу» атты аяқталмаған поэмам мен «Иосиф Сталин» атты сюжетті өлеңім болған. Осының соңғысын мен Орта Азия әскери округының Ташкентте өткен олимпиадасында оқып, жүлдесіне фотоаппарат алғам. Бұл өлеңді менің Доссорда қалған шәкірттерім де ұзақ уақыт бойы клуб сахналарында оқып жүріпті. Шынында осы өлеңнің тақырыбымен қатар біршама тартымды өнері де бар болатын.

Доссор аупарткомының екінші секретары Қарақұлов (атын ұмыттым) деген еді. Бірде сол адам Сағыз жағында командировкамен бір жетідей жүріпті. Алғашқы күні қонақасыға қой сойып бас тартқан үйдің табағынан аттап кетіпті, мал сойдың деп ұрысыпты. Одан кейінгі үйлер бұған қатқан құрт пен қара суды кайнатып бере берген. Ақыры бұл апта бойы аштан бұрлығып, үйіне әрең жеткен екен. Қазақтағы ерекше бір категория осылар ғой, тамырын басып көрейінші дедім де, бір күні әдейілеп кеңесіне бардым.

– Мынау арызды берейін деп едім. Осыны берсем, партия қатарына алғызасын ба?

Арызымды оқып шықты да, маған состия қарады.

– Неменеге состия қарадың? – дедім мен де қатуланып.

– Комсомолында жүре тұрсайшы.

Егер тағдырым қолына көшсе бұндайлардың осылай кашақтап, осылай тайғанақтап, ал, қыбын тапса тіпті жармаса кетуге де жарайтынын мен армияға кетерде біліп аттандым.

Иа, сонымен «мұғалім-артист» соғыстан бір жыл бұрынғы жаз ортасында өзінің Отан алдындағы борышын өтегелі Қызыл Армия қызметіне аттанып кетті. Түптеп келгенде, жаңағы жастар емес-ау, бұның артыңда «көрем бе, көрмеймін бе?!» деген уәйіммен кемсеңдеп, кемпір ғана қалып қойды.

Ғұмырнама

Жарақатты партбилет

Әттеген-ай!.. Соның сөзіне неге ғана құлақ астым? Бермеуім керек еді!… Жә, ілгері жылжиық.

Жиырма тоғыз жасыма дейінгі өмірімнің бес жылын жұмысшы-шаруа Қызыл Армисының қатарында өткердім. Ұлы Отан соғысының ұрыс даласындағы күндер соның ішінде. Бірақ олар онша көп емес, жарты жылға да жетпес. Біздің атты әскердегілер үшін осының өзі көп. Өйткені, біздер бұл мотор соғысында «Нысана № 1» десе дегендей едік. Дивизия командирінің өзі не қызметі жоғарылап майдандағы мерзімін ұзартады, не жарақаттанып, госпитальға түсіп-шығып жүреді. Олар тіпті генерал Доваторша шұғыл қазаға да жиі-жиі ұшырайды. Олар сөйткенде біз құралпы кішкене чиндерге не жорық… Эскадрон командирі дегеніңіз отделение, взводтағылардай, не көрсе де жауынгерлермен бірге көреді. Жауапкершілігі ғана қатардағы жауынгерден 183 есе артық (оған сонша адам тағдыры жүктелулі).

Бұл айтып отырғандарым әншейін сөз басы. Дәптерге түсіп жатқан негізгі әңгімемізге бұлардың қатысы шамалы. Өйткені әскер қызметінің соғыстағысында да, басқасында да өлең жазып отыратын жағдай болмайды.

Мен бұл тарауда, ақын тағдырымен сабақтас, жай-күйлерді ғана оқиғалар ортасынан ойып алып отырамын. Тек сөйткенде ғана бұл жылдары ақын ойының қысырамағаны, керісінше, бұрын бойында бұғып жатқан құпия қуатқа буазығаны бәлкім байқалып қалар.

Соғысқа дейінгі Ферганада жүргізілген ортаншы командир даярлайтын оқу қазақтың «жалаң қылыш, жайдақ ат» дейтін қанатты сөзін ұлы мағынасында үқтырды. Бұнда ерлік шарттары атқа ер салғанға дейінгі, атпен жер шолғанға дейнгі күнделікті әрекетіңнен, құлқыңнан құралады екен.

Көзінің кемдігі себепті армия қатарына шақырылмаған Муса атты мұғалім досыма үш-төрт айдан кейін жазған хатымды (тура көшірмесі болмаса да, осылай жазылған) оқыңыз.

«Мұса!.. Өтінішің бойынша өз тірлігімнің бетін білгізейін.

Таң сәріден дірдектеген жүрдек денем едәуір ширап қалды. Ат маған әуелден жат емес-ті. «Учебная рысь» – аттың ақырын жортуы ғой. Үйренбегеңдердің іріткісін түсіреді. Ал, маған ол түк емес. Қазақта желген ат үстінде қопаңдау (облегчение) болып жарымаған ғой. «Вольтижировка» дейтіні – ұзын арқан арқылы айнала жортып отыратын атқа, екі жағынан алма-кезек қарғып мініп, қарғып түсу. Бұл біздегі кәдімгі тақым қақпай мінудің, яғни, бөксені жоғары лақтырып (ытқытып) жіберудің бір түрі. «Жигитовка» дейтінді әлі өткен жоқпыз. Онысы құйғыта шапқан ат үстінде ғана әлгідей ойын көрсету деседі (шынында ол ойын емес, оқтан қорғану тәсілі ғой). Расында солай болса, оны мен оңай меңгеруге тиіспін. Айтпақшы Зияден Айдынәлиев қалада өскен жігіт қой, әрі бойы аласа, борбайы қысқа, сол байғұсқа қиын болып жүр.

Атты ағызып келе жатып жолға тігілген талдарды түгелдей қылышпен қырқып түсірудің төркіні – соғыста сонша адамның басын шабуға даярлан деген сөз. Адам басын допша қағып түсіру үшін қылыштың оған түсетін салмағы орта есеппен 27 кг. болу керек. Ойлауға – ауыр. Амал қайсы, әлгі салмаққа жеткізу үшін, қылышты жауға шапқандағыдай жаныңды сала, кіжіне сілтейсің. Сонда өйтпесең өзің өлетініңді ойлайсың. Адам пішінді қамыс тұлыпқа істік шанышқанда немесе тақылдап-шақылдап жатқан тастақ жерден санаулы минутта өзің көрінбейтіндей етіп кішкентай күрегіңмен окоп, траншея, дот, дзот, блиндаж қазғанда да сондай ойға ойысасың. Тасқа күрегің өтпей, шыбын жаның көзіңе көрінгенде де ол қиындықты есепке алмайсың.

Отырып, тұрып, жүгіріп, немесе құдды кесірткеше қарныңмен жорғалап жүріп оқитын толып жатқан әскери оқу, саяси сабақ, ат, ер-тұрман, қару-жарақ тазалау, үсті-басыңа қарау, еден жуу, күзет-сақшылықтар, кейде ұшырасып қалатын командирдің жөнді-жөнсіз зекігеніне құлшылық ету – осының бәрі қосылып, сенің денең мен санаңдағы бар-жоқтың күллісін таразыға тартады екен. Асылы, жайшылықта адам өзін-өзі танымайтын көрінеді. Соған бір-екі мысал.

Бірінші мысал: Қызық-ай!… Өзіміздің Байшунастық Есқалиев бар емес пе?.. Өзің білесің, ол өз бойын таптұйнақтай ұстайтын, өте мұқият, пысық жігіт еді ғөй. Түнгі дабыл (тревога) кезінде ол да бәрімізше ұйқыдан атып тұрып, дереу киінуін киінген, мылтық, қылыш, противогаз, күрек дегендерді тұла бойына түгел жапсыруын жапсырған. Шинельді де шиыршықтап мойнына асынуын асынған. Сапқа да тұрып үлгеруін үлгерген. Бірақ, не пайда, бұтында шалбары жоқ, етіктен жоғарғы жерде көк трусы ғана.

– Есқалиев, три шага вперед!. Кру-гом!.. – деуін деді командир де. Бірақ бұйрығы орындалғаннан кейін сапта буын бекіте алмаған бізбен бірге өзі де күлкіден құлай жаздады.

Кейін Есқалиевқа: «Ей, сені не қара басты?» десем: «Шынында да, жау келіп қалған екен деп есім шықты» – дейді. Сонда калай, жау келіп қалса жалаң бұт қарсы алу керек пе?.. Міне, жайшылықтан шығып, жаугершілікке жетпей, екі аралықта осылай қожырауға да болады екен. Әрине, Есқалиев кейін ысылып, әдемі курсант боп шықты. Оның әдемі взвод лейтенанты болғанын да көрдім.

Екінші мысал: Орал пединститутын бітірген математик Бектасов бөлімше командирін «надан, кісі сыйлай білмейді, қит етсе ақырып-бақырады» деп менсінбейтін, жүгір десе жүгірмейтін. Бір күні взвод лейтенанты Дробичевке де «Училище бітірдім деп әкіреңдеме, мен сенің көкеңдей білімді адаммын!» демесі бар ма. Ол гауптвахтаға қамалған сайын әлгілермен қасарысып алған. Қаншаға кесілгенін білмеймін, төртінші мәрте қамалғаннан кейін соны әскери трибунал соттап, баска бір жакқа конвоймен алып кетті. Жайшылықта адамның өзін өзі танымауы деген осындай-ақ болатын шығар. Тегі, өмірде менмендіктен ұтқан адам шамалы шағар. Қасқайып қарсы тұратын жердің де орны бар емес пе?..

Хат ұзарып кетті (дневальныйдың түнгі уакыты мол болған сон, соны өзімше пайдаландым). Амандық болса, келесі жылдың жазында елге де қайтармыз, окуды да жалғастырармыз. Қош, сау бол! Хамит.

…Иә, келесі жылдың жазы… Беу, дариға!.. Келесі жылдың жазында елге қайту қайдан болсын-ау! Жә, асықпайық.

Бұл жылғы елеулі оқиға – менің 21-Тау атты әскер дивизиясының командиры генерал Майор Жидовтың көзіне түсуім.

Шіркін-ай, сол күнгі таудағы стрельбищеде нысананы жағалай жамсатқаным-ай!.. Ондай сайыпқыран мергендік бұрын да, бұдан соң да менің өмірімде байқалған емес. Фанер тақтайдан жасалған «Жаудың» қас-қағым уақыт төбесін көрсетіп жоқ болғанын да, жыпқыл-жыпқыл арасымен жүгіріп бара жатқанын да (бегущая мишень) мүлт жібермей құлата беріппін. Соны инспекция кезінде біздің полкқа келген генерал биік шоқы басынан дүрбісімен көріп тұрыпты (мишень ұстаушының беретін шартты белгілерінен оқтың дару дәрежесін ол біледі ғой).

Генерал көзінен дүрбісін түсіре беріп, полк командирі майор Максимовқа:

– Жаңағы баршасын баудай орып түсірген кімнің мергені? – деп сұрапты. Орта комсостав даярлайтын эскадроннан екенімді біліп, отбой кезінде генерал бүкіл нөкерімен бізге келсін. Комэск Ниғматуллин командасы бойынша әрқайсымыз тұрған-тұрған жерімізде сіресіп қаттық та қалдық. «Вольно» дегенде де орнымыздан жылжымадық. Комэск:

– Курсант Ергалиев, к генералу! – десін. Ентіге жүгіріп генерал алдына келген бойымда тәлтіректеп қалдым. «Абдырамаңыз!» деп, ол жымиғаннан кейін ғана өзіме-өзім иелік етім, репортым дұрыс шықты. Ол маған алғыс жариялады. «Служу Советскому Союзу!» дедім. Оның сұрағына қарай қазақ екенімді айттым. Мамандығымды сұрағанда «стихи пишу» деппін.

Бізге бұдан кейін тағы бір жолы келгенде:

– Ну, как, Жамбул, авось, стихи пишутся? – деген еді. (Неге екенін білмеймін, орыстың үлкендері қайда да мені «ақын» деудің орнына Жәкең атымен атайтын). Жоғарыда аталған Ташкенттегі олимпиадаға мен осы кісінің бұйрығы арқылы қатыстым.

Ұтыры келген соң айта кетейін, орыстың әлемге әйгілі генералитеті қатарындағы Армия генералы Жадов – осы кісі. Бұйрықтардың бірінде бұл кісінің фамилиясын Сталин көріпті; көріпті де «немістер бізді онсыз да «жиды» деп атап жүр ғөй, бұл генералдың фамилиясы бұдан былай Жидов емес, Жадов болсын деп өз қолынан өзгертіпті. Оны бізге бір жолы лекция оқыған Окай Городовиковтан естігенбіз. Осыдан оншақты жыл бұрын Жадов генштабта деген соң телефонмен сұрастырып көріп ем, таба алмадым, үйін іздеуді ыңғайсыз көрдім.

Жә, әнгіме желісін үзбелік.

Тарихта таңбасы айрықша жексембі күні ат, ер-тұрманымыз взводқа кезінде үздік таза болғаны үшін бір күндік сейілге рұқсат (увольнительный) алған үш курсант ерте тұрып, Ферганаға таяу жердегі өзбек кишлағына барғанбыз. Сонда біздің бір таныс диқанымыздың үйінде күні бойы қонақ болғанбыз. Былғары қоржынды (переметная сумка) өрікке толтырып, кешке қарай сәйгүліктерімізді жайғағалы ат қораға келсек күтім (уборка) жүріп жатыр екен. Ат тазалап жатқандарда үн жоқ, бәрінің қабағы катыңқы. Аты атыммен көрші тұратын жолдасыма «бұ жұртқа не болған?» деп едім, оның жауабы төбемнен мұзды су кұйғандай денемді қарып кетті:

– Мана таң мезгілінде фашистер біздің шекараны бұзып кірді. Қанды қырғын ішке қарай едәуір сұғынып кеткен.

***

Сол жылдың соңы мен қырық екінің майына дейінгі қысқаша мағлұмат мынадай: Соғыс басталысымен дивизия майданға аттанды. Біздің учебный эскадрон оқудың қалғанын тездетіп Мары шаһарында үш айда бітірді. Бұл жердің 45, 500 аптабы мен жедел оқу ыстығы екі жақтап шыжғырса да еңбек зая кеткен жоқ. Біз лейтенант болып алдық.

Иран өткелі тұрған генерал-лейтенант Шапкин Кав. корпусында мен эскадрон командирінің орынбасары едім. Күздің бір түнінде корпус штабына шақырылдым. Келсем, Орта Азия халықтарынан шыққан ұлт командирлері бөлек-бөлек жиналған. Біздің қазақ командирлерінің де шумағы бір шоғыр бар. Сол түннің ішінде қазақтарды ала жөнелген поездың жеткізген жері Жамбыл қаласы боп шықты.

Осында Қазақтың 105 ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтадық. Мен зерносушилкадағы бірінші полктың бірінші эскадронына командир болып тағайындалдым.

Бұған дейінгі екі жыл бойында өзімді қалай оқытса, армияға жаңадан шақырылған қазақтарды мен де солай оқыттым. Ат үстінде ұршықтай үйірілу үйретілді, жатып, тұрып, жүгіріп ату сабақтары өтілді. Көбінше, тактика… Жамбыл, Свердлов, Талас аудандарында біз оқу, жаттығу – «жорық», «қорғаныс», «шабуыл» жұмыстарын жүргізбеген жер қалмаған шығар. Қыста қар, мұз, тоң, жазда тастақ жердің талайын окоп, траншеяға айналдырдық.

Дивизия майға дейін соғысқа даярлығы толық құрама боп шықты. Менің эскадроным инспекция сипатындағы үлкен маневрде алдыңғы қатардан көрінді. Дивизияның барлаушылық қызметін ойдағыдай атқарғаны үшін Ташкенттен келген Орта Азия завкомы генерал-лейтенант Первушиннен алғыс алдық. Ол тіпті біздің эскадронның айрықша әншілігіне дейін мақтады (жауынгерлерге әскери әндердің сөзін өзім қазақшалап, қалай орындауын да өзім үйреткем).

Бұның бәрі жақсы еді-ау!.. Бірақ, бұл құрамада қазақшылық басым болды. Полк командирі Ақаев Әбдірахман екеуміздің арамыз қос бойы қыркылжыңмен өтті. Қыдырымпаз орынбасарымды қалаға жібермей койсам, ол рұқсат етеді, мен қалаға жіберген командирлерді ол жазғырады. Ол астыңдағы атыңды дивизия штабындағы біреуге бер дейді, мен бермеймін, кавалерия дәстүрінде біреуге астындағы атынды беру арыңды берумен бірдей. Менің жақсы, сауатты тактик командирімді басқаға ауыстырып, оның кайдағы бір нокайын (сауатсыз) маған жібереді, мен оны қабылдамай қуып шығамын. Қыскасы, осындай қайшылықтар көбейе берді. Ал, полк комиссары Байсақалов (бұған дейінгі Жамбыл Облисполкомының председателі) ылғи да көпе-көрнеу зорлықшы Ақаев жағында болады. Осының аяғы бізді ашық кінәласуға әкелді.

– Сіз Қазполкта істеген көне кадровый болсаңыз да, командир емессіз, шылқып тұрған «шылықсыз» – дедім мен оған (Ақаевқа).

– Сен крупный феодалдығынды кой! – деп ол айтты (комсомолдағы тегімді оқып алған. Мен «гәптің» қайда жатқанын сонда ғана түсіндім.

Дивизия комиссары Сүлейменовке бұл жағдайды айтқанымда: «Тіл табысып істесе тұрсаңдаршы, кейін көрерміз» деген де, қоя салғам. Мына жолы мен Первушинға оңаша жолығып, мені майдандағы орыс құрамасына жіберуді өтіндім. Жазып бер деді, жазып бердім. Бір күні Ташкенттен бұйрық келді. Бірақ, мен майданға емес, Алматыдағы запас полкқа баратын болыппын. Тегінде, әлгі қазақтар мені «тегі жат, сенімсіз» деп, жамандаған болуы да мүмкін. Енді біз Алматыдағы Бас арықтан жоғарғы жерде, әскери қалашықта марш полкын даярлаймыз. «Шылық шеңберінен шыққаныма қуанып Алматыға келдім.

Мұнда қызметім бір саты төмендеп, эскадрон командирінің орынбасары болдым. Әрі жұмысы жеңіл, әрі ала көз ешкім жоқ – рахат!.. Бәрінен бұрын менің дәрежемдегі, одан жоғарғы чиндерге қалада, пәтерде тұруға да рұқсат екен.

Енді мен бұрын басыма келмеген бір соңы ойдың тұтқыны болдым. Ол қандай ой еді дейсіз ғой.

«Осы мен не істеп жүрмін?.. Жасым болса жиырманың алтауына толғалы тұрмын. Тындырған түгім де жоқ. Ең болмаса үйленсем нетті?.. Байқаймын, майданға жауық маңда жол түспейтін түрі бар. Пәтерде тұруға болады екен. Сонда мен үйленбегенде не бітірем?.. Осында, құдайға шүкір, таныстар бар. Солар маған пәтер түгілі бір адал сүт емген қалындық тауып алуыма да себін тигізер. Бәлкім мен де балалы-шағалы үй иесі болармын. Бәлкім сүйген жарымның, балаларымның ортасында отырып өлең жазармын.

Ал, жарайды, тіпті олай болмай-ақ, мен майданға тез арада жүріп кетейін. Содан есен-аман немесе жарадар болып қайтқанда да адамға алдынан күтіп тұратын, қуанып қарсы алатын жылы ұя керек емес пе?.. Түптеп келгенде, бір өлмелі кемпірден басқа кімім бар?.. Екі арада кемпір өліп қалса, ол үйдің де өрны құриды. Мен әлдекімдерше тентіреп күйеудегі қыздардың есігіне өліп кетсем де бармаймын.

Ал, жақсы, тіпті олай да болмай-ақ қойсын. Дәм таусылып, майданда қаза болсам ше?.. Сонда жер төмпіштеп баяғы сол жалғыз кемпір отыру керек пе?.. Неге қазақтың бір қаракөз әйелі артымда жылап қалмайды?.. Мен соған татымаймын ба?..

Қой, қандай жағдайда да менің шұғыл түрде үйейнуім керек екен.

Міне, осы байламға үзілді-кесілді тоқтап, қалада пәтерде тұруға куәлік алғалы штаб бастығының көмекшісі Шарафуддиновке (аға лейтенант болатын) келсем:

– Ей, сен білмеуші ме ең, қалада тұру үшін қатының болу шарт. Ал, сен бойдақсың, – деді.

– Ау, менің жұмыс дәрежем комполка бұйрығына сәйкес келіп тұр ғой. Мен комвзвод емеспін, комэск орынбасарымын.

– Апыр-ау, сен түсінсеңші, дәрежеге қосымша қатының болу шарт. Ал, ол сенде жоқ.

– Онда мен аламын соны.

– Міне, міне, жөні – осы. Сен қатын алған сағатта маған жүгіріп келе ғой. Әне сонда куәлігіңді аласың да кетесің.

Сонымен бұл татардан ештеңе өнбеді. Ақуалдың басқа бүге-шігесін айтпағанда, Орал рабфагында бірге окыған, кейін актриса боп кеткен Алдоңғарова Қатираны сұрастыра жүріп Опера театрынан тауып алдым. Ал, Қатира арқылы жақсы қыз табатын Рахия Оспановамен (кейін Қойшыбаева болған) таныстым. Қатира:

– Рахия драм театрда жүрсе де бір жағынан театр училишесінде сабақ беретіндіктен оның қолы ұзын, қыздар алдында беделі биік, аузы дуалы – деген еді. Оның сол мінездемесі дәл шықты.

Бір күні Рахия маған бола үш қызды үйіне шақырып қонақ етті. Ымдап көрсеткені – ортадағы нәп-нәзік ақ-сары қыз. Егер ол қазіргі өз әйелім болмаса, оны осы арада біршама келістіре суреттеуге болар еді. Қысқасы, бұл қыз маған құдды бір әдемі өлең-жырдай әсер етті.

Қызы түскір қапелімде көне қоя ма?.. Үш-төрт мәрте кездестік. Тілдің майын тамызып хат та жаздым, бір емес, бірнешеуін жаздым. Сол хаттарда бұған Берген антым әскерге берген антымнан бір де кейін емес. «Иа!» дей де қоймай, үмітімді де үзіп тастамай жүріп алды. Онымен күн сайын кездесуге мен сорлыда мүмкіндік жоқ. Гарнизон кезекшілігіне шыққанда болмаса, сейілге беталбатты рұқсат беріле бермейді. Ал, мен Гүләнуарды көруге ынтығамын да тұрамын (оған Әнәу деп, өзімше ат та қойып алдым).

Қойшы, ақыры оған кез келген кеште жолығудың да жолын таптым. Ол былай.

Біздің полкке мындаған маңғұл жылқысы келді. Бәрі түгелдей айғыр. Соның жарты мыңы біздің 4-эскадронға бөлінді. Соларды кестірердің алдында досым майор Мальцев (ветврач полка) бір штат киімді жігітті маған ертіп келіп таныстырды. «Мынау Володяның, сенде шаруасы бар» – деді. Володя бізге көрші сыра заводында иженер екен. Ол ең болмаса екі шелек айғырдың енін сұрай келіпті.

– Тіпті бәрін-ак берейін!

– Жо-оқ, олай деме, – деді Мальцев, – өз үлесімді мен де аламын. Маған бергендеріңнен өзің де кұр ауыз калмайсың. Катюша бұрыштап, пиаздап, келістіре жаркойлағанда 96-ның (спирттің) өзімен екеуміз әлі талай отырармыз.

Бұл солай қызықтырған соң, бұған да макұл дедім, Ал, Володяға енді айтқаным:

– Жарайды. Мен саған төрт шелек беремін. Бірақ, мынадай шартпен: маған ақшама сатып шағын бөшкемен сыра беріп тұрасың. Қанты әдеттегіден сәл молырақ болсын. Менің солдаттарым барғанда шанасының артына салып жібересің.

Келістік.

Сыра ішкен кадровый аттың екі метр биіктіктен ілдірмей секіре алатынын Жамбылда танысқан кәрі кавалерист Кәбу атты татар шалдан естігем. Соның айатқаны рас екен.

Забордың арғы-бергі жағын ат қосшым Горшков екеуміз күндіз тексеріп, бір қолайлы жерді белгілеп алдық. Канты молырақ жарты шелектей сыраны жұтып алған менің Орлов тектес жирен касқа «Результатым» мен Горшковтың «Свечка» атты кұла биесі қолды-аяққа тұрмай билеп шыға келді. Ымырт жабыла тексерілген жердан «Тәуекел!» деп, иығынан алақаныммен қайта-қайта кағу арқылы өлердей мақтап, «Раханды» салып-ақ жібердім – байғұсың жұқпай кетті. «Свечка» ғана тікенек сымға артқы аяғының бірінен болар-болмас ілдіріп алды. Сондықтан, бұл жердің сымын секірерде ажыратып, секіріп болған соң жалғап кетіп жүрдік.

– Сен жатақхана ауласына аттарыңмен кірме, қыздардан ұят болады. Екі бірдей тағалы аттың көшені жаңғырықтыруы онсыз да хабар бере алады, қақпа алдына өзім шығамын.

Әнәудін бұл жарлығын да екі етпелім. Ақыры, жаңа жылдан кейін қосылатын болып келістік.

Полк комиссарының нұсқауы бойынша Жана жыл кұрметіне командирлер хозчасть дейтіннен шошқа алатын болды. Чині үлкендерге үлкен шошқа тиесі. Маған алты айлық торай берілді.

Негізгі той қаражатын осы торай шешетін болған соң Горшков оны шанамен Рахияның үйіне апарған, торай алдында ас үйі бар жалғыз бөлменің төрінен, екінші этаждан бір-ақ шықты. Оның мойын, қолдауын кендір арқанмен қоса шандып Рахия кереуетінің бір бұтына байлаған.

Торай келесі күні ертемен көкбазарда шартты түрде сатылуға тиіс. Өйткені, той жабдығын даярлау үшін бұл үйге кешке карай қыздар келеді, көріп койса, әсіресе қалындық көріп қойса масқара ғой.

Ақшам өлетінде мен келсем, кешкі тағам қыздар алдына енді ғана койыла бастаған екен. Үйдің іші тап-таза, қуанып кеттім. Әңгімелесіп аз-кем отырғаннан кейін торай жағдайын білгім келіп:

– Раха, – дедім, – кешегі конағыңыз сәтімен аттанды ма?

– Ойбай, несін айтасың… Соншалық мазасыз сорлы екен… Түні бойы айғай салып көрші-көленге ұйқы бермеді. Өзі ішіп алған ғой деймін, – алдынан да кетті, артынан да кетті. Бірақ, мамам, әйтеуір, машақаттанса да, тілін тауып сәтті аттандырды.

Соңғы сөзі «қымбатқа сатылды» дегені еді. Сиырдың құны 42 мыңға көтерілген тұста торайдың жеті мыңға өтуі, әрине, татымды.

Ит шанаға Рахия шандып берген торайды базарға барып босатқан жерде апай байғұс оның бас жібін кәдімгі тоқтыша мойнынан байласа керек.

– Доңыз сыпырыла қашқанда бөксесінен кұшактай алдым, құдайға тәубе, кешіре гөр!.. – деді апай қыздар кеткен соң.

…Күндер өтіп жатты. Біраз уақыт ипподром жанындағы Әнуаш төркініне кірмек болдық. Горшков екі атпен таң ата мені алып кетіп, ел жата әкеліп тастап жүрді. Әнуаш менің өтінішім бойынша театр училищесінен мұғалімдер институтына ауысты. Енді қалаға көшу керек болды.

Бұл кезде бұрынғы Сәкен Сейфуллиннің үйінде майдандағы Қалмақан Әбдіқадіревтің семьясы тұрады екен. Таудан шана-шана ағаш отын түсіріп бере алатын бізді Гүлсән жеңгей бірден кұптады. Ол бізге Сәкеннің кабинетін босатып берді. Сол кабинетте мен түндер бойы отырып «Дүние теңселгенде» деп аталатын роман тектес үлкен поэма жаздым.

Осы тұстарда біздің 4-эскадронда болған Жамбыл баласы Алғадайға байланысты, Жамбылдың өзімен кездескенімді, Сәбит Мұқановпен аралас-құраласымды бұл жолы кайталап жатпаймын. Олар бұдан бұрын өлең, баллада, эссе түрлерінде жазылған.

Партизан қатарында жүріп ауыр жараланған Саин Жұмағалидың елге оралған кезі еді бұл. Көршіге (Қалмақан семьясына) сәлемдескелі келген осы кісімен танысып-білісуім, оған өлең, дастандарымнан нұсқалар оқып жылы сөз естігенім, опера театрында халық ақындарының республикалық айтысын тыңдағаным – осылардың қосындысы маған алыстан болса да әдебиет сферасын сездіргендей еді. Қаскелең военкомы капитан ақын Тайыр Жароковпен де осы тұста бір мәрте кездесіп түс таныс болған. Бұлардан өрбітіп айтар пәлендей әнжеулі әңгіме болмаған соң сөз де осындай келте-шолақ күйінде қалады.

Полк комиссары Петренкомен әңгіме нәтижесіне ғана осы арада тоқталу орынды.

– Комсомолда бір сыпыра жылды өткізіпсіз ғой, – деді ол бір орайда, штабқа мені әдейі шақыртып алып, – партия кандидаттығына арыз бергеніңіз жөн болар. Бұл хақында полк парткомына айтып едім ғой.

Адамның сезім қозғалысы қызық-ау!.. Ол кейде салмақпен біртіндеп өрбісе, бағзы бір жағдайда, кұдды найзағайдың жарқ еткеніндей, кайдағы-жайдағыны қас-қағымда қамтып үлгереді. Комиссардың мына сөзі менің жүйке жүйеме осының соңғысындағы ұшкырлықты жүгіртіп өтті. Бұғып отырып іштей менен ат-тонын ала қашқан баяғы Доссордағы Қарақұлов, жеті ай бойы бұл жөнінде жұмған аузын ашпаған Жамбылдағы Байсақалов, қотыр мінезбен қорқытпақ болған Ақбаев – баршасының түрі-түсі көз алдыма қалай келе қалғанын өзім де байқамадым. Сәл ойланғаннан кейін барып егес-ерегес тұсында Ақаев малданған, бір кезде Баймановтан қолқалап өзім сұрап алғандай ярлыгымды осы араға кірістіргім келді.

– Назарыңызға рахмет, жолдас аға батальон комиссары. Менің жан дүнием, санамдағы даярлық, сондай арызды беруге татитыны рас. Бірақ, есеп карточкамдағы құдай сүйер құлқы жоқ «ірі атағым» соған сәйкес келе ме?..

Петренконың әуелі кеңкілдеп біраз күліп алып, содан кейін кайтарған жауабы:

– Біріншіден, әкеңіздің бойына симайтын атақты өз тағдырыңызға теліп, мақтаншақтық істегенсіз. Екіншіден, Совет Армиясының лейтенанты дегеннен басқа сізде кандай атақ бар?.. Ал, мына папканың ішіне қарап отырсам, төрт жылға жуық әскери өмірнамаңызда алғыс бар да, карғыс жоқ.

– Рахмет, бек рахмет, ағатай! – дедім қазақша.

– Рахмет дегендей мен сізге не жақсылық көрсеттім?.. Мықтағанда өз борышымды өтеп отырған шығармын.

– Әлгінің бәрін әлгіндейше көре білудің өзі…

– Жо-жоқ, қоя тұрыңыз, ол өз міндетім екенін айттым ғой, – деп, комиссар сөзімді ақырына дейін айтқызбады.

Арыз беретін болдым. Ендігі азғантай саудамыз менің тегімді қалай жазу жөнінде болды. Ол «крупный феодал» дегенді бірден сызып тастады.

Мен Қазақстанда өскен адаммын. Бұл өңірдегі титулдарды білемін. Мына графаға артығы да, тыртығы да болмау үшін «бай баласымын» деңіз де қойыңыз.

– Тым болмаса кулак баласымын дейінші. Жұрттың бәріне түсінікті болсын. Жұрттың бәрі Қазақстанда өскен жоқ кой.

Петренко бұған қарсы болмады, «екеуі один черт емес пе, жә, мейлі, солай болса, солай-ақ болсын» деді де қойды. Артынша мен ВКП(б) мүшелігіне кандидат болып қабылдандым.

Бұл мәселеге енді қайтып соға бермеу үшін майданда мүшелікке өткендегі тап осындай, тіпті бұдан да тіктеу тағы бір сауданы айта кетейін.

Саяси бөлімдегі полковник (ұмытпасам, Синельников)

– Сіздің тегіңіз «Ауқатты малшы (зажиточный скотовод) болсын – деп отырып алды. Бірақ мен көнбедім. Екеу-ара айтыс былайша жүрді:

– Сол құрып кеткір кулактың өзі де құрып кетті емес пе?.. Қайтесің сол өмірде жоқ кулактың құлағын шулатып?

– Мына графа әзір құрыған жөқ қой. Менің аузым бұдан бір мәрте күйген (комсомолда жүргенде). Енді өтірік айта алмаймын, шыныма ғана сендіруім керек.

– Шырағым-ау, партия сенен қауіптенсе 182 адамның тағдырын мынау қанды қырғында саған сеніп тапсырмас еді ғой.

– Сонда енді қайтадан өтірікке сендіруім керек пе?.. Сіз маған өтірік айт деп отырсыз ғой.

– Жоқ, бұлай жазу бір түрлі ыңғайсыз.

– Жарайды, онда партбилетсіз-ақ большевик болып өтермін. Өлсем де сөйтіп өлермін.

– Жә, осынша қасарысуыңның мәнісін айтасың ба? Бұнда не гәп бар?

– Айтайын. Гәптің үлкені осы арада. Ертең жеңіспен аман-есен елге орала қалсам, ондағы кейбір шолақ белсенділер «ойбай, мынау партияға тегін жасырып кіріпті» деп жазғырады. Ал, осында қаза болсам, «өлсе де өтірік айтып өліпті» деп рухымды мазақтайды. Біздің елде ондайлар болады.

– Онда сен бара тұр. Мен жоғарғы жақтың пікірін білейін.

«Барып тұрған перестраховищиктің өзі екенсің» деген ойды ішіме түйдім де, кетіп қалдым. Аз күннен кейін партия қатарына алынғанымды айтып, құттықтай отырып ол маған былай деді:

– Ақыры дегеніңе жеттің, сенің мәселең жоғары өрлей отырып сонау Глав ПУРККА-дағы Щербаковқа шифр арқылы барды.

– Қойыңызшы, сонда менің мәселемді Щербаковтың өзі шешкен бе?.. Әкесі кулак болған болса сол «кулагын» жаза берсін, онда тұрған не бар деп Щербаковтын өзі айтқан ба?..

– Бәлкім сөлай шығар.

– Шындықты жақсартуға да, солғындатуға да болмайды деп Щербаковтың өзі айтқан ба?

– Оншасын білмедім.

– «Бір түрлі ыңғайсыз» дейтін дәнеңесі де жок, дворян тектес революционерлер де болған демеп пе?..

– Әй, қарағым, басты ауыртпашы, «сын кулака» деп жазғаның сол өз күйінде қалды. Партия қатарына қабылдануыңмен кұттықтаймын!

– Служу Советскому Союзу! Служу партии великого Ленина!

Синельниковпен айтыстағы бұл жеңісімнің рахатын көрген жерім бар. Сәл шыдасаңыз, осы дәптердің бір жерінде оны да айтамын.

***

Сәбит ағай, баяғы Қайырғали, Рахиялардың мені Алматыдан майданға шығарып салғаны, майданда жүріп ұрыстың толастаған тұстарында өлең жазғандарым, қашан, қалай жарадар болғаным, мені ұрыс даласынан алып шығамын деп Петр Мардактың өліп кеткені, донорлардың қаны арқылы тірі қалғаным, он ұш госпиталь өтіп, сонау Будапешттің арғы сыртынан Баку келгенім, сондағы госпитальда үш ай емделіп адам қатарына қосылғаным – бәрі де түрлі жанрдағы творчествомда бөлек-бөлек жазылып отырған-ды. Қосымша деректер мыналар ғана:

Әуелі Екінші Белорус майданында болдым. Сағынғали, Жұбандар істейтін «Отан үшін» атты майдан газетінің редакциясына сол жолы барғам. Шикі бөренеден төрт сағатта солдаттарға домбыра ойғызып, оған сол күні сойылған ешкінің ішегін тығып, поляк үйінде қазақша отырып сауық кешін өткізіп жүргеніміз де сол жолы болатын.

Редактор Елшібеков мені редакцияда алып қала алмады. Семей жағынан Есбатыров деген бір жігітті жұмысқа алуы себепті маған орын тимеді және Ахмет Елшібеков мәселені төтесінен қойды:

– Есбатыров өліп кетсе, бес баласы жетім қалады ғой, осында жан сауғалап жүре тұрсын.. газетші болмаса да… – деді. Бұл сөз маған: «газет жұмысын білсең де, балаң жоқ қой. Ақыры екеуіңнің біреуіңді өлім күтіп тұрса, сен-ақ өле сал!..» деп тұрғандай естілді. Сағынғали не дерге білмей, қысылғаннан қызарып сырт айналды. Мен Ахметке:

– Гуманистігіңізге сөзім жоқ. Семейлік екеніңізге де сөзім жоқ. Мәдениет хақында сөйлегіштігіңізге де сөзім жоқ. Алайда, ағасы-ау, әлгі дәлеліңізді менсіз жерде айтуға болмас па еді? Ол этика, мәдениет дегендерден тысқары қылық боп шығар ма еді?.. Осы айтқандарымды менің өлімімді естігенде еске түсірерсіз. Ал, егер өлмей, Алматыда кездесе қалсақ, менің төбем көрінгенде өзіңіз-ақ еске аласыз ғой. Бар болыныз! – дедім. Ол төмен қарап салбыраған күйінде қалып қойды, мен жігіттермен коштасып, өзімнің кавалерияма кете бардым. (Алматыда кездескенде: «Ағасы, қысылмаңыз, бұл күнде менің де бес балам бар, қысылмаңыз, уақасы жоқ?» – деп, иығының үстімен нығарлап оң қолыммен бір бастым да қойдым. Өйткені, шынында да ұзақ жылдар бойы мені коргенде құты қашып, қысылып жүрді).

Ол майданда ұзақ жүрмедім. Атты әскердің үш жылдық жоғары мектебінде оқу үшін Москваға шақырылдым. Москваға келіп алып, «мен мұнда оқымаймын, мені майданға жіберіңіз» деген арызбен тиісті орындарға бара бердім, бара бердім. Ақыры менің тілегім қабылданды. Үшінші Украин майданына, сондағы бес Кав. корпустан құралатын Плиев тобына (группасына) бардым. Төртінші Кав. корпустың тоғызыншы дивизиясында отыз екінші полктың бірінші эскадронына командир болдым.

Мен қатысқан ұрыстын ең үлкені Будапештті азат ету бағытында жүрді. Жаудан босатылмаған Будапешт біздің артымызда калды. Өйткені, жауды желкесінен ұру үшін біз оның шебін бұзып, тылына шықтық. Не бір шебер айлашарғылар осы өткелдің, шеңберін кеңейту барысында іске асты.

Мен венгер мен чех жерінің шекарасында ауыр жараландым. Ал, Австрия астанасы Вена сол жерден алпыс-ақ шақырымдай жерде тұрды.

Қылышты біз үн шығармай тұтқиылдан ұратын екі-ақ жерде пайдаландық. Екеуі де түнде немістер тамақтанып жатқан кезде колданылды. Алдыңғысында қан-жоса қылғанымыз анық. Ал, соңғысында (жау ол тәсілімізді біліп койғаннан кейін) кереметтей ұтыс берді деп айта алмаймын, кайта, өзіміз қансырап қала жаздадық.

Қалған уакыттың бәрінде де атты көлік түрінде пайаландық та, ұрыстың өзін жаяу әскерше жүргіздік. Сондықтан екінің бірі жазып жүрген эпизодтарды малташа езіп отырудың бұл арада қажеті жоқ. Жалғыз-ақ айтатыным – жаяу әскердің моторы жүре алмайтын жерлерден біз заулап өтіп шыға беретінбіз.

Мен кетерде венгер әскері әлі де немістер жағында болатын. Түнгісін біздің, насихатшылардың алғы шептегі радиосы жақ жаппайтын: «Мадьяр перзенті! Бекер кан төгіп қазаланбай есіңді жи, еліңді қас жауынан азат етуге келген біздің жаққа өте бер! Күні ертең бәрі бір Берлинді күйретуге бізбен бірге барасыңдар!» – дейтін. Бір жолы осындай сөздерді айта келіп, «мен сенің алыстағы бауырыңмын – қазақпын!» деп, радиодан мен де айқайлағам. Біздің ол әрекетіміз нәтижесіз емес-ті: екіден-үштен біздің жаққа қашып өткендер сол кездің өзінде болған-ды. Әттең, амал қайсы, сол алыстағы ағайынның азат болған астанасында алшаң басып жүре алмай кеттім,

Соғыстан кейін менің осы өкінішімді «Дунай» атты өлеңімді венгерше тәржімалаған профессор ақын Эмре-Тереншин өз халқына мақала түрінде жеткізген. Топырағы торқа болғай марқұмның!.

Жә, енді соғыс жайынан негізгі әңгімеге ауысайық. Мен майданға аттанысымен тоғыз күннен кейін Айман атты қызым дүниеге келген. Соны үш айлығында қолына алып отырған Әнуаш суреті мен мамам байғұстың жеке түскен суреті партбилетімнің арасында жүруші еді. Оң жақ қабырғамның ортасын ала кірген жарылғыш ок (разрывная пуля) төрт қабырғаның жарқыншақтарын да өзімен бірге денеге қадалатын оққа айналдырған. Сол өз сүйектерім де өкпенің біраз жерін бүлдірген.

Жан-жаққа шашырай қадалған темірдің біреуі өзім арқылы төс калтамдағы партбилетіме өтіп, оның біраз жерін талқандапты. Әлгі суреттер де жыртылған. Билеттің ішіне оқтың ізін қуалап қан кіріпті. Мен есімді жиып, жастығымның астындағы билетті алғаш мәрте көргенде сол кан әлгі суреттерден шыққандай әсер етті маған. Мен оларға: «жарақаттасаңдар да, түбі қайыр» енді өлмейсіндер! Әлі талай бірге өмір кешеміз!» – деп дыбыстадым. Нонна дейтін медсестра:

– Кіммен сөйлесіп жатырсыз? – дегенде мен әлгі бақытты жандарды көрсеттім.

Бұл тараудың басталуындағы екі ауыз сөздің түсінігін берер жер енді келді. Осы билетті партдокумент ауыстырған жылы Алматыдағы Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші секретары қара Мұстафин (аты есіме түспей отыр) менен алды. Жаңа билетті алғаннан кейін ескісін бермеуге болмайды екен деп түсінген мен сорлы қайран өзіммен бірге қансыраған қасиетті билетімнен айырылдым да қалдым!.. Алда, ойбай-ай!.. Ол ескі емес, менен де өмірлі еді-ау!..

Иә, әттеген-ай!.. Соның сөзіне неге ғана құлақ астым?!. Бермеуім керек еді!..

Ғұмырнама

Талайғы талапшөлі

Бакуда табандатқан үш ан жаттым. Бұған дейінгі он екі госпитальдің бәрі-ақ жарақаттың үстіңгі бетін тазалап дәрілеп, жаралылар поезінің бірінен соң біріне салып жөнелте берген секілді. Олардың кейбіреулерін еміс-еміс білгенім болмаса, «пәлен жерге тоқтадым» дейтіндей жадымда қалған ештеңе жоқ. Кейде носилкада шалқамнан жатқанда бетіме қар жауғанын, үстімнен біреулердің аттап өтіп жатқандарын сезгенім бар. Тегінде, сол госпитальдердің бізді жөнелтіп не қабылдап жатқан сәттері болу керек. Мен тоқтаған жерлерімнің санын жастығым астындағы науқас тарих (история болезни) арқылы ғана білдім.

Бір ғажабы, өз әл-күйімнен өзім хабарсыз жатып, «айғайлайды» екем (шынында ол «айғай» емес, жара айғайламақ түгілі жөтелуге, тіпті дыбыстап сусын сұрауға да мүмкіндік бермейді. Күтушілер менің халімді білу үшін құлақтарын аузыма тосады). Әлгі әншейін санадағы жалған айгай. Со жалған айғай кезінде бір сәтке ес жиғандай боламын, қайда жатқанымды байқап қаламын. Сондай сәттердің бірінде кәдімгідей өзіме өзім иелік етіп жан-күйімді байқасам, өлетін адамға ұқсаймын. Соған сенуім-ақ мұң екен, кішкентай қызымның суреті көз алдыма кеп тұра қалды. Әрі-беріден соң әлгі суретке жан бітіп, маған қарай қанатын жайып талпынатын секілді. Міне, дәл осы мезетте менің басымда «Екі жирен» сазы күңіреніп соған ілесе бір-бірлеп екі куплет өлең туды.

«Шіркін-ай, тірі қалсам, осыны домбыраға қосып осы сазбен айтар едім-ау!.. Бірақ, ондай күн менің маңдайыма жазылмаған ғой!..» – деймін іштей. Сөйтсем, ондай күнді тағдыр менің маңдайыма жазған екен: екі операциядан кейін, аяғымнан тұрған соң Баку госпиталіндегі бір сауық кеште мен соны домбырасыз-ақ аңыратып айтып бердім. Сол кезде бір әншідей-ақ дауысым бар еді. Сондағы сандырақ арасынан үзіліп шыққан саналы екі куплет.

Жатырмын жат өлкенің жылғасында,

Ажалдың алпамсасы тұр қасымда.

Бір ұшы тағдырымның тәңірі берген –

Қақыратқан қабырғамды қорғасында.

Айман-ау, хабарымды ал бармасам да,

Талпынтып өз қолыма алмасам да, –

Айман-ау, бір хабарың жеткізсеңші

Қарлығаш қанатына жалғасаң да.

(Бұл өлең аз-кем толығып кейінгі үш томдыққа ғана бірінші рет енгізілді).

Жараның аузы құлан-таза жазылып бітпесе де, қалғанын таңып-байлап дегендей, комиссияға дейінгі ендігі күндерді елде өткізуге болады. Ажалыма ара тұрған ақ халаттыларға жан алғысын жаудырып, қақпадан да шықтым. Өзімді көшеде ары-бері ағылып өтіп жатқандардың анық қатарында сезіне отырып, ақ пароход тұрған айлаққа да келдім. Бұл мың тоғыз жүз қырық бесінші жылғы апрель айының бас шені болатын. Енді мен Бакуден Красноводск қаласына жүзіп өтемін. Одан әрі поезбен Ашхабад, Ташкенттетіп Алматы барамын. Иығымда – солдат дорбасы (вещевой мешок). Оның ішінде госпиталь берген азын-аулақ азық пен қызыма арнап алған ақ қоян терісінен тігілген пальтом бар. «Қызым оны кигенде құдды ақ қоян болады да шығады» деп ойлаймын ішімнен.

Өзімнің Атырауым үстінде бір түн жүздім. Гурьев газетіне майданнан жолдаған өлеңім: «Армысың ауыл-аймағым – Атырау, Нарын, Ақ Жайық!» – деп басталатын. Сол Атырауым таң рауанында Түркменнің Красноводск қаласына да жеткізді. Жер түркмендік болғанымен, бұл өңірдің, әсіресе осы қаланың тұрғындары адайлар екенін білетінмін.

Соғыста жүргенде «Шіркін-ай, шоққа қойған шайдың исін бұрқыратып қазақ үйінде отыратын күн туар ма екен?! Ондай күн туа қалса, мен соны ел шетіне іліккен бойда қызықтар едім!..» – деп, аңсағаным бар-ды. Пароходтан түскен бойда-ақ поезға дейін соның орайы келер ме екен деп жан-жағыма қарана шықтым.

Ел аяғы көтеріле коймаған таң мезгілі. Өңкей бір қорасының төріне мая-май шөп үйген, биік-биік баздары бар аласа үйлердің арасымен жүріп келемін. Осынау қала шетіндегі малды ауылдың бір тұсына келгенде түйе сауып тұрған жас әйелді көріп, соған бұрылдым. Биіктігі белуардан ғана келетін аласа дуалдың сыртында тұрып:

–Қарағым, түйеңді сауып болған соңбері келші – дедім. Түйесін сауып болған соң келді. Тегінде, таң рауанында жеке дара көрген сұлуым осы-ақ шығар. Ажар-көркі мұнша әппақ пенденің тал бойында титтей бір мін болса-шы!.. Жаңа түскен жас келін екенін жаулығы жария қылды.

Сәлемімді сәл төмен қарап, алжапқышына қолын сүртіп тұрған күйінде сонша бір уыздай ұяң дыбыспен құптады. Сұрағыма қарай, Ашхабад поезының кеште жүретінін айтты. Поезға дейін аялдау жағын айтар алдында қысқаша өз жайымды баян еткем.

– Аялдауға неге болмасын, атама барып айтайын.

– Ендеше атаңа барып айта ғой.

Атасы алпысты қармап қалған адам екен. Кебісшең, иығына шидемін іле шыққан батыр денелі Өтекеңмен үйдегі төсек-орын жиналғанша біршама білісіп үлгерлік. Үйге кіріп, керзі етікті шешіп, төрдегі төсенішке жайғасқан соң-ақ домбыра түсті көзіме.

– Өтеке, бұны өзіңіз тартасыз ба?

– Аздап балам ұстайды. Мен домбыраны тындауға шебермін. Өзің қалайсың?

– Мен бұны ұстап жүрген адам болатынмын.

–Жыр жағына қалайсың?

–Қашаған, Мұрын, Сәттіғұлдай болмасам да, ақындығым бар. Сәтекең мені жақсы біледі. Екеуміз Алматыдағы Жамбыл тойына бірге барғанбыз.

– Тоқта, тоқта… Осы сен Үйшік кәзитінде өлеңдері шығып тұрған Хамит емессің бе?

– Иә, мен соның дәл өзімін.

– Ой, пу-у-уй, айналайын-ай!..

– Мәс-саға-ан, бұл сол бала болды ма?.. – деп, бәйбішесі де бәйек болды да қалды. Бұдан кейінгі ақ құманын шоққа қойып Майша (әлгі келіншек) құлпырта құйған шай үстінде күй де, ән де біршама бой көрсетті. Сөйткенше военкоматта істейтін баласы, Майшаның күйеуі, менен төрт-бес жас кіші Нұр да түнгі кезекшіліктен келді.

Өтекең баласымен бір сәтке сыртқа шығып кетті де, ізінше қайта оралып:

– Әй, Хамит, – деді, – сен бүгінгі поезді қой. Нұр сені ертеңгі поезға салып жібереді. Мына жеңгең түйе сүтін ауырсынып, ешкі сүтін ермектеп, еріккеннің ісін қылушы еді. Мен сол ешкіні сойғызып жатырмын.

…Сөздің қысқасы, түс ауа бере көрші-көлең жинала бастады. Кешке қарай қораның ішінде сақылдап қайнаған самауырлар самсады. Аға-жеңгенің, Нұрдың да, Майшаның да құрбылары көбейді. Ту бие сойған той да мұндай болмас. Мен күй де тарттым, Махамбет,Мұраттан, өзімнен де жатқа білетін жырларды, біздің жақтыңтілімен айтқанда, неше түрлі мәтөк (кербез) әндерді еркімше сілтедім. Ауыл жастары да менен қалысқан жоқ, думанды келесі таңға жуықтатты.

…Мен бұл үймен тумай туысып кеттім. Барыс-келіс әлі де үзілген жоқ. Сонау бір жылғы казақәдебиетініңТүркмениядағы онкүндігі кезінде Нұр қалалықпартия комитетініңекінші секретары болатын. Оған бұл жолы үш қой сойғызып, сегіз бөлмелі үйіне Сәбит пен Берді аға бастаған отыз адамды қабылдатқам.

Бұл күндерде қарттары дүние салған, Нұр інім мен Майша келінім балаларымен Маңғыстаудың Жаңа Өзенінде тұрады.

…Қан майданнан қайта оралғанда мен ел шетіне осылай іліккем.

Ғұмырнама

Талайғы талапшөлі — 2

Баяғы ипподром түбіндегі колхозда, үйдемін.Талай дүркін түсіме кірген сүйікті жарым – кұшағымда, бөбегім мойнымнан түспейді. Бір сағаттан бір сағат ыстық. Ол жағын өрбітпесем де түсінікті ғой. Менің айтайын деп отырғаным:

Құдай-ау, қандай алаңғасар адам болғанмын?! Жұрт майданға аттанар алдында бала-шағасына аттестат қалдырады екен. Сол бойынша оның үй-іші азық-түлік алып тұрмыс кешкен. Мен соны да білмеппін. «Қараңғы түн» («Темная ночь») дейтін әндегі.

И у детской кроватки тайком

Ты слезу утираешь– дейтін тексті солдаттар кейде көңіл ашар әзілге айналдырып:

у детской кроватки тайком

Аттестат пропиваешь– деп те жүретін. Сондағы «Аттестат» дегеннің не екеніне де мән бермеппін ғой. Ол аз дегендей… Отан шекарасынан әрі шыққан соң біздің еңбек ақымыз колға берілмей, Финчасть дейтіннің сақтық кассасына жинала берді. Елге келген соң ең болмаса тиісті Куәлігін жіберіп, соны алу керек емес пе еді?.. Өлмей келгеніме мәз боп жүріп, оны да ұмытыппын. Ұят-ай!..

Мен Алматыға келгенде соғыс әлі біте қоймаған-ды. Әйел төркінінде семьяммен жылжымастан екі ай жаттым. Құлан-таза жазылып кетпеген жарама Әнуаш дәрі сеуіп, оны дәкемен таңып беріп жүрді.

Әрине, мен қайын жұрт үйінде қарап жатқан жоқпын. Майданға аттанар алдында Әнуашқа аманаттап кеткен баяғы «Дүние теңселгенде» атты поэмамды қайта қарадым, әр жерін өзгертіп көрдім. Бірақ, қалай өзгертсем де осы дүние өзіме ұнамады. Өзім отын кешіп келген соғыс психологиясы бұның бітімімен жараспады. Ал, бұл болса көне хиссаға, мықтағанда соғыстан бұрынғы жеке батыршыл қазақ дастандарына қарай тартты да тұрды. Бұдан айныдым да, жараланғанда планшетпен бірге жоғалған жырлардан жадымда нелер қалған еді деп, соған ой жүгірттім. Үйірінен айырылған бөкендей, жетім жеке шумақтар ойға оралғанда, соларды қағазға түсірген болдым (бұрын жаттап алғыш едім. Қатты жарақат зердеге де (памятьке) зардабын тигізген екен). «Капитан», «Ұмытпан», «Салют», «Дунай», «Күрегіме», «Атты қазақ әні» секілді аздаған өлендер дүниеге келді.

Әрине, бұның бәрі әнжеулі кәсіп емес. Кісі үйінде бүкіл семьяңмен ошарылып бұлай жата беруге болмайды. Қалаға, оның ішінде «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына барайын дедім. Ондағы ойым – Гурьевке көшу, бұндағыларды шешеме апарып, семьямның басын құрау. Соған осы газеттің тілшілік қызметі себін тигізсе деймін.

Алматы әскери комиссариаты жанындағы комиссия денсаулығымды қайта қарап, мені екі статья бойынша Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі қатарына шығарған. Содан бастап менде погон жоқ та, иығымда ілгешегі мен орны ғана бар. Сол шұға гимнастеркадан басқа жеңіл киім де жоқ. Июнь ыстығы күшіне кірмей тұрғанда қалаға таң салқынымен барып қалайын деп, «Красный трудовик» колхозынан ертерек шыққам. Ақырын аяңдап отырып-ақ Сталин, Гоголь көшелерінің бұрышындағы редакцияға жұмыс сағатынан бұрынырақ жетіп үлгердім. Редактор кабинетінің алдын бақтым.

Газетке қол қойып жүрген Б. Асановтың атын баспалдақтан көтерілген бойда өз бөлмелеріне ыдырасып жатқандардың біреуінен сұрағым келді де, қазақтың Бәке деген сөзі тұрғанда оны қайтем дедім.

Аса келбетті, екі иығы жардай, жіті қимылды жігіт папка қолтықтаған күйі тез-тез тұсымнан өте берді де, маған қайтарыла тоқтап:

–Кімді күтіп тұрсыз? – деді.

–Бәкеңді.

–Қалқам, бізде Бәкең дегендер баршылық —деп, қарқылдап күлді. Содан соң «Байдабек Әлиманов, Баймұқан Ордабаев, Бари Мәзитов, Балтабек Асанов» деп Бәкендерді шұбырта бастады. Енді өзіме керек есімді білдім.

–Маған Балтабек ағай керек, – дедім.

–Ә, онда жүріңіз.

Мен бұл жерде ағайдыңатын біліп қана қойған жоқпын, оның мейлінше ашық, ақжарқын мінезін аңғардым. Алдына келген кісіні қыспай, еркін ұстайтын жігіт шығар деп топшыладым. Соным дұрыс шықты. Менің жағдайларымды, жоспарымды толық біліп алғаннан кейін: «Қалқам», деді (осы «қалқам» деген сөзді бұрын мен қыз балаға, жас келінге ғана айтылады деп ойлаушы едім).

–Қалқам, Гурьевте тілші бар. Оны аппаратқа не басқа бір облысқа ауыстырып, орнын сізге босатып беруге болар еді. Майдангер тілегін екі етпейміз. Бірақ, сіз жарадарсыз ғой. Жол қатынасы нашар Гурьевтіңтеңізтөріндегі балығына, шығандағы кұм жайлаған малына, бергі бетте шашырап жатқан мұнай ошақтарына кездейсоқ жолай көлікпен жортып жүру жарасы жазылмаған мүгедекке ауыр тиеді. Алматыда қалсаңыз университетіңізді экстренно бітіругедеоңай.

–Сонда сіз мені аппаратқа аласыз ба?

–Майдангер коммунистті алмағанда, ақынды алмағанда кімді аламын?! Тура әдебиет секторын басқартамын. Ол сектор қазір мәдениет-мектеп бөліміне кірме болып отыр. Осында өзіңізбен түйдей құрдас Мұқан Иманжанов деген жігіт бар. Сол сізге әдепкіде көмектеседі… Тоня, Мұқанды шақыршы.

«Мұқан Иманжанов» дегеннен есіме түсті, мен бұл редакцияға майданнан бір өлең жолдағам. Тегінде, оқыған адам ұнатпаған болу керек: «газетіміз әдебиет органы болмағандықтан өлеңіңізді пайдалана алмадық» – деп, артына тура «М. И.» дей салған бұзау тіліндей хат алғаным бар еді. «Осы ит сол болмаса нағылсын?!» деп отырдым іштей.

Кейінгі жылдары соны өзіне көрсеткенімде хат үстіндегі «Ит екенсің!..» деген менің де жазуымды қоса оқып, ішек-сілесі қата бір күлді де: «Ит-ау, пері неме-ау, өлең дегеніңіз майданнан мың-мындап келді ғой. Оқып үлгермейсің. Содан соң осылай деп стандартпен айдамасқа шараң қайсы?..» деген еді. Шынында оныкінің жөні бар. Сонша үлкен бөлімдегі жалғыз адам қай жағына жарылсын?.. Қысқа да болса, сыпайы жауап жазғанына рахмет. Өйтпесе қайтер едің?.. Жалпы, Мұқан хат дегенге «мұның сыртында адам тағдыры тұр!» деп, аса жауапкершілікпен қарайтын.

Бұдан соңғы редакциялық өмірімдегі бірсыпыра ақуалдар Мұқан Иманжанов туралы естелігімде («Өмір өрнегінде») әжептәуір таратылып айтылған. Кейін мен ол сектордың жұмысын Иманжановтай жүргізе алмай жүргенімді айтып, редактор жанындағы еркін очеркист қызметіне ауыстым.

Жас адамға қамқорлық жайлы сөз болғанда осы күнге дейін менің ойыма Балтекең жақсылығы оралады. Ол мені мейлінше еркін, жақсы мағынада еркелетіп ұстады. Соның арқасында журналист қызметінің қай түріне де батыл, шұғыл бардым. Әсіресе очерк, публицистика жанрын тез меңгеріп әкеттім.

Әрине, келе сала өлең де жарияладым. «Атты қазақ әні» дейтін өлеңім «Социалистік Казақстанға» шыққан күні төменде сыра сатылып жатқан. Екеуі бірдей ақ көйлек, ақ галстук, ақ жібек костюм, ақтуфли киген Тәкен Әлімқұлов пен Қуандық Шаңғытбаевты сол жерде кездестірдім.Сыра көбігі жұққан әдемі мұртының қияғын бүктеулі орамал шетімен сипап қойып, Қуандық Шаңғытбаев маған шалқая қарады:

– Фамилияң кім сенің?

– Ерғалиев.

– Әп, бәрекелде!.. Бүгінгі өлеңінді оқыдым. Қысылмай жаза бер! Уверяю тебя, сенен ақын шығады! – деген еді. «Әке сырын» оқығанда: «Айтқаным келді емес пе?!» – деп те мақтанған. Менде қайбір оңып тұрған мінез бар: «Иди ты на…!» деп, іштей ойлағаным есімде. Бұл эпизодты осы күнге дейін еске алып, Қуан екеуміз күліп отырамыз!

Уа, орта!.. Әлеуметтік орта!.. Қоршалған ортаның қадір-қасиетін айтсаң-шы!.. Жалпы бар ғой, осындай іскер, принципшіл, жұмыс бабында тартысып жатса да татулығын бұзбайтын, өзара сыйластығы мол коллективті мен бұған дейін де, бұдан кейін де көрген емеспін. Өзім жұмыс істеген аттай бес жыл ішінде арыздасу, тіктесу, жіктесу дегендердің ұшығын да көргем жоқ. Әлі күнге шейін бұның әр адамын еске алу менің жанымды жадыратады. Аттарын атап шығайыншы солардың!..

Әлиманның Байдабегі, Ешмұхамедтің Мерғалиі, Асанның Балтабегі, Шәріптің Қасымы, Төлештің Сейділдасы, Аманғалидің Ғабдісі, Акқұлдың Ғұмары, Қарақұлдың Әбдуәлиі, Жантөренің Жүсібі, Сыланның Ғабдолы, Жарқынбайдың Зейнолласы, Иманжанның Мұқаны, Жұмақанның Жекені, Мендібайдың Хайролласы, Орманның Ғалиі, Омардың Әділбайы, Айтмағамбеттің Зұпары, Сатыбалдының Әбені, Нұрмұхамедтің Әбдібегі, Серғазының Ләзизасы, Сарыбайдың Зейнебі, Балтағожаның Тілеулесі, Мәзиттің Бариы, Мұстафардың Гүлсімі, Жүсіпжанның Гүлсімі, Мыңжанның Қабиы, Бақбергеннің Сәуірбегі, Мертеннің Мағзомы, Көшектің Мағзомы, Райымқұлдың Рахметолласы, Лекердің Асқары, Айша, Бибіш, Қалима, Назым, Сәнәу, Мәдина, Латиф, Сабыр, Әліпқали – құдай-ау қанша адамның аты аталды!.. Осылардың бірде-бірінің шырық бұзған жері жоқты. Өйткені, бұлардың ішінде іскерлігі мен кісілігі төңірегіне жарығын түсіріп тұратын жұлдыздар көп болатын. Солардың әрбірі керек десең газеттің бүкіл бір санын жалғыз өзі шығарып бере алардай қуаты бар жандар еді.

Сонау «Еңбекші қазақтан» бері қарайғы жерде осы дирекциямен бірге жасасып келе жатқан «Қызыл қалам» атты қабырға газеті бар. Төрт жыл бойы мен соның редакторы болдым. Сол газетте мен мысқыл, сықақ арнамаған жұлдыз кемде-кем. Енді ойласам, тіпті көпе-көрнеу артық кеткен жерлерім де болыпты. Бірақ, соның бәріне де «іс мүддесі ғой, уақасы жоқ» деп қарайтын. Көп мысалдың бірі төмендегідей:

«Социалистік Қазақстанның» бір жаңа жылдық номеріндегі төртінші бетіне суреттермен тағам аттары берілген (соғыстан кейін жақсара бастаған тұрмыс куәсі сипатында). Соның бір жерінде «Кета» деген балықты «Кет» деп, типографияға қате жөнелткен. Ол аз дегендей ленотиппен терілгенде «е» әрпінің орнына «ө» түсіп, жаман сөзге айналған. Сол күнгі кезекші Ләзиза да, корректор да ол қатені көрмеген. Оны тек тың көз (свежий глаз) міндетін атқарушы Балтабаев деген жігіт қана газет көбейтілер алдында байқаған, жақсы атты көріну үшін Асановтың үйіне телефон соққан. Мен соны «Балтабек пен Балтабаев диалогы» деп, «Кызыл қаламға» жаздым. Шынында «ө» әрпінің төменгі жағын бізбен шұқи салса «е» бола қалатын оп-оңай жұмыс. Ал, Балтабаев ол сөзді түгелімен алғызып тастаған. Сонда оның орны ойсырап ақ қасқа болған да қалған. Менің қабырға газетімде әлгі диалог былай боп шықты:

– Алло!.. Балтеке!..

– Немене?

– Қате!..

– Не деген?

– Көт!

– Кімдікі?

– Ләзизанікі.

–Оны қайттің?

– Ұстап тұрмын!

–Қазір шұқыт!

Ләзиза марқұм (апа-жеңге деуші едік) ренжімек түгілі, отыз жыл өткеннен кейін де осыны маған айтқызып, көзінен жас шыққанша күлер еді.

Мен Қасым Шәріпов редактор болған кезде де біраз уақыт «С. Қ.»-да жүрдім. Қасекең бір жолы маған шамадан тыс сенім артты, мен оны ақтай алмадым. Ол былай:

Өнеркәсіп бөлімінің бастығы кезекті демалысқа шықты да, әдеби қызметкері ұзақ уақыт ауырып қалды.

– Хамит, осыны сен жүргізе тұр.

– Ойбай-ау, Қасеке-ау, мен бұдан не түсінемін?..

– Өзің гвардия офицерісің, бұйрық дегеннің не екенін біреу білсе, сен білесің…

Бөлімде уақытша отырып көп қалдым. «Оборачиваемость оборотных средств» дейтіннің ұшып тұрған кезі. Экономистер, өндіріс инженерлері 60, 70 беттік лекция, отчеттарын құшақ-құшағымен әкеліп тастайды. Бас жағын оқимын – иіс алмаймын. Тіпті сол «айналмалы қаражат» дегеннің өзін түсінбеймін. Түсінбеген нәрседен не шықсын – бұрыштама қоямын да, столдың тартпасына тыға беремін (бөлім жігіттері өздері келген соң іске асатынын іріктеп ала жатар дегенім ғой).

Бір жеті өтті, екі жеті өтті, стол тартпасына симағанын тумбаның үстіне үйдім. Бір күні Қасым шақырды.

– Хамит-ау, аналардың өткізіп кеткен запасы түгесілді. Сенен қолжазба түспеді ғой. Бірдеңе бар ма?

– Ойбай-ау, ол менде көп қой. Бір жерінен қате кетсе, газетті ұятқа қалдырамын ғой деп, түсінбеген соң өзімде сақтап отырмын.

– Онда екеулеп бірдеңе істелік: мен саған айтып берейін. Сен сол бойынша қорыт. Кәне, көрелік. Соның бәрін алып келші.

Зілдей ауыр қолжазбаны тең бөлдімде, екі қолтығыма әрең сиғызып әкелдім.

– Ту-у-у, өзі тіпті көп қой – деп, бет жағынан бастап көруге кірісті. Бәрінің бірінші бетіңде қызыл қаламмен мен қойған бұрыштама бар. Мен оның бәрін де:

Айналмалы қаражат,

Айналмасаң қарап жат!

X. Ерғалиев: –

дей берген екем. Қасекең осы бұрыштама алдынан шыққан сайын мырс етіп күліп қойып отырды да, әрі-беріден соң шыдамы таусылды-ау деймін, қолжазбаларды жайына калдырып, бір ыңғай күлкіге көшті: Тура жаңағы Ләзиза секілді, көзініңжасын сүртіп алып, қайта күлді, ұзақ күлді. Сөйтті де:

– Қой, сенен ештеңе шықпайды екен, мыналардың бәрін маған қалдыр да, өз жұмысыңа бара бер, – деді.

(Арада көп жыл өткеннен кейін, Қасекең екінші мәрте редактор болғанда, көшеде кездесіп: «Жігіттер «айналмалы қаржы» деп, қате жаза берген соң, баяғы сенің өлеңіңді естеріне салдым, онда «айналмалы қаражат» делініп дұрыс жазылғанын айттым» деген еді). Жә, әңгіме желісін үзбейік.

Мен алғашқыда жұмысқа колхоздан, қайын енем сиырын сатып әперген велосипедпен қатынап жүрдім. Кеңсеге, яғни, өрге қарай жүргенде жетектеп келсем де, үйге кайтарда ол баяғы атпен жүрген күндерімді есіме түсіретін. Қаладағы, Төңкеріс көшесіндегі үйге көшкен күні Мұрат есімді ұлды болдым да, сол көлігімді сатып, редакция коллективіне той істеп бердім. Осы коллектив осынау бір жарым бөлмеде төрт баламның шылдаханасын тойлады. Тойда ән салмайтын жан болмайтын. Иә, біз әнші коллектив едік. Бұл жағынан алғанда Мұқан ғана мақау еді. Ол өлең айт деп кинасақ: «Жайықтың ақ маралы арман, Жібек, ай!» – дейтін де қоятын.

Еркектері отын жарып, әйелдері тамақ пісірісіп, біздің қуанышымызды өз тойларындай өкізетін қайран достар-ай!.. Бұл күнде олардың көбі дүниеде жоқ. Сол күндерді әлі аңсаймын!.. Әлі сағынамын!.. Аядай бір жарым бөлмеге бәріміз сиушы едік…

Редакцияда отырып, әдебиет, ғылым, өнер қайраткерлерімен түгелге жуық білістім. Бұл газет мені Сатпаев, Марғұлан, Базанова, Қастеев, Қажымұқан, Мәриям Жәгөр қызы, Ілияс Омаров, Нұрмолда Алдабергенов секілді небір жайсаң жандармен кездестіріп, кішкене бойымды кісі танитын дәрежеге көтерді. Бұл маған бүкіл республиканы аяқтай аралатты, оның экономикалық, саяси-әлеуметтік өмірімен жете таныстырды, жұмысшы, шаруа психологиясына үңілуді үйретті, жаманды жаманша, жақсыны жақсы күйінде танып, қайда да адал, ақ сөйлеудің жолдарын көрсетті. Түптеп келгенде, осының бәрі талайдан талпынып, көзін аша алмай жүрген ақындық өнеріме аңғар, арна белгіледі. Шөлден әбден аңқасы кепкен адамның мөлдір бұлаққа жете жығылғанындай, мен де дастандардың бірінен соң бірін жазуға құныға кірістім. «Әке сыры», «Жас ана», «Үлкен жолдын үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазының» бастапқы бөлімдері, Пушкин, Некрасовтан аудармалар – бәрі-бәрі осы редакцияда жүрген жылдарымда жазылды. Бәрі де сегіз сағаттық жұмыстан кейін таң ұйқымды тәрк етіп жазған дүниелерім болатын. Әрине, бұлай ету үшін жүйке жұқартпайтын жанға жайлы орта керек. Сол орта менде болды. Соның арқасында талайғы арманымды іркілмей іске асырдым. Сондықтан да мем өзімнің ен үлкен университетім «Социалистік Қазакстан» газеті депесептеймін.

Қазақ ССР Жоғарғы советінің грамотасымен, мен осында жүргенде наградталдым. Жамбыл атындағы республикалық сыйлық та менің осында жүріп жазған шығармама берілді. Тіпті партсъездің саяси есебінде бағалы саналған еңбегім де – осында төгілген тердің жемісі болатын.

Сөйтіп мен талайғы талап шөлін осында қандырған едім.

***

Осы тарауға кіруге тиісті бір оқиға ұмыт қалып барады екен, тіркей салайын.

«Өз қолым, өзім аузыма жетіп» дегендей, рухани да, заттай да біраз әлденіп алғаннан кейін мен екі-үш күн қатарынан шырылдап мазамды алған бір телефонға былайша жауап қайтардым:

– Назарларыңызға рахмет. Енді мені мүсіркеудің керегі жоқ. Рас, өкпем жарақатты. Көк етте бір жарқыншақтың жатқаны да бар. Қабырғаларымның саны бұрынғысынан кем екені де рас. Бірақ, мен жүкші (грузчик) емеспін, ақыл-ой қызметіндемін. Ал, екі қол, екі аяғым басымның бұйрығын орындауға жарайды. Сондықтан мен 29 жасымда мүгедек деген атақты арқалап жүруді өзіме ыңғайсыз санап отырмын. Сіздер мені комиссияға қайтадан салмай-ақ қойыңыздар. Бұдан әрі мен мүгедек болмаймын. Мені мүгедектер қатарынан шығарып тастаңдар. Қош, сау болың!..

Бір күні «мен сөйттім» деп, осыны Мұқан Иманжановқа айттым.

– Ой, ақыма-а-ақ! – деді ол, – ей, пері неме-ау, өмірінді қыршынынан қидыра жаздап, қаныңдытөгіп алған артықшылығыңеді ғой ол!.. Ойбай-ау,ол деген мемлекеттіңсаған көрсетіп отырған ерекше қамқорлығы емес пе?.. Бүкіл льготыңнан айырылдың ғой, қараптан қарап отырып. Ей, сен жындымысың?.. Тіпті үшінші топқа түсіріп тастаса да документіңнен айырылма. Қайтадан бар соларға!.. Ой, жынды-ы!..

Бұл сөздер мені толқытуын толқытты. Бірақ, «шынында да ондағылар мені жынды екен деп ойлар, көрінбей-ақ қояйын» дедім де, бармай қалдым. Кейін сол қателігім үшін қанша дүркін опық жегенімді енді айтудың қажеті бола қоймас…

Ғұмырнама

Өрелі өткелдер

«Талайғы талап шөлінде» аталған шығармалар бірінен соң бірі жарық көріп, жоғарыдағыша бағаланғаннан кейін Қасым, Тайыр, Әлжаппар, Ғали, Ғабдол, Мұқан, Қайнекей секілді аралас-құраласым қоюланған жазушылар «Қашанға осылай жүре бересің? Одақ мүшелігіне арыз берсеңші» дегенді әр мезгіл айтып қалып жүретін. Оларға менің жауабым «Қайда қашар дейсің?» болатын. Бір күні ҚЖО басқармасының председателі Сәбит Мұқанов мені шақырып алды да, былай деді:

– Осы сен бірінші өлеңім 36 жылы облыстық газетте шықты деп соғысқа кетерде айтқан секілді едің. Содан бері аттай 14 жыл өтіпті. Енді сені ел таныды. Жазғандарыңды жаман деп жатқан жоқпыз. Осыдан үш жыл бұрын ЦК комсомол тізімі бойынша алынғандар ішінде болмадың. Шырағым-ау, мүшелікке арыз бермейсің бе?..

– Арғы жылғы жазғандарым әншейін жаттығу секілді көрінеді өзіме. Бергілерімнің көлемі аздық ете ме деп жүргенім ғой.

– Сен көлем-сөлемді қой. Келесі президиумға документеріңді даярла. Бұл — бір. Газетте бес жыл істедің, сол жетер. Енді сен осы аппаратқа келіп жас ақындар жұмысы жөніндегі бюроны қолға ал. Міне, бұл — екі.

– Жазушылар Одалығының мүшелігіне арыз берейін. Ал, жұмыс жөнін қайдам… Қасекең ренжіп жүрмесе…

– Қасым Шәріп баласына өзім айтамын, – деді Сәбең.

Жасыратыны жоқ, алтын коллективімді тастап кете алмай қатты қиналдым. Жазушылар Одағындағы ішкі жағдай тап біздегідей емес екенін білетінмін. Оның үстіне «Кенесары Қасымов» болып жабысқан қара нәубет баяғы отыз жетінші жылдай қызғындап, бірнеше адам тағыда халық жауы атанды. Соғыс жылдарында аруағына сиыну мода болған ата-бабаның көбі күстәналанды. Үлкен кісілердің талайы қатты сынға ұшырап, солардың кейбіреулері Москва жаққа ығысып кетіп жатты. Ол кездегі жиналыстар беті тым ызғарлы еді. Өзара сынасқанда «Сен қауіпті адамсың…» дегенді біреуге біреу оп-оңай-ақ айта салатын. Және де сондай өктем дауыстар көбінше Жазушылар Одағы жағынан шығып жататын. Тіпті даладағы көлденең адамдар сондағы қызыл-шеке жиналысты қызықтау үшін баратын. Осы жайларды іштей ескеріп:

– Қасеке, Сәбеңнің көңілін сыйлап, салмақты сізге қарай аудара салып едім. Шынымды айтсам, сол жаққа баруға зауқым жоқ. Бір дәлел таппайсыз ба? – деп едім, Қасым:

– Мен де сол үлкен кісі қолқа салып отырған соң, меселін қайтара алмадым. Енді тап мұнда келгендегідей жауқазын жас емессің… Түбі баратын жерің ғой, бара сал, – деді.

Канша қымбат болса да, жылы ұядан жылжымау кімнің маңдайына жазылған?..

Қайран менің мейірімді мекемем деп,

Маған парыз өлгенше оны сүймек, –

Өзі тұрып тапжылмай бір көшеде,

Күнде мені барады алға сүйреп!..

Мені осылай тебіренткен сен едің-ау дегендей, Сталин, Гоголь көшелерінің бұрышындағы сары үйге қайырылып қарай-қарай кете бардым. Бұл 1950 жылдың жазы еді.

Бұл да редакцияға келгендегімдей июнь айы болатын.

***

Александр Фадеев қол қойған жазушы билеті де ай жүзі ауа бергенде партбилетіммен бірге жүрегім тұсындағы қойын қалтамнан орын алды.

Жазушылар Одағының аппаратында табан аудармай жеті жыл отырдым. Творчестволық жұмыс режимімді өзгертпедім. Осы уақыт ішінде таң ұйқысы есебінен «Сенің өзенің», «Жайық жырлары» атанған кітаптардағы дастан, өлеңдер, «Құрманғазының» бірінші кітабы жазылды. Лермонтовтың «Боярин Оршасы», «Манас» тараулар, «Қырық қыздың» тең жартысы қазақшаға аударылды. Бұрынғыдай болмаса да очерк жазу жалғасын тауып отырды. Ал, публицистикалық мақалалар тіпті жаңа белеске көтерілді деуге болады. Соңғы екі жанрдың өрістеуіне көбінше газет, журналдар қозғау салды.

Аталған жеті жыл ішінде Сәбит Мұқанов, Әбдірахым Жаймурзин, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов бірінен соң бірі келіп Одаққа басшылық етті. 1954 жылғы съезде басқарма мүшелігіне де, президиум мүшелігіне де сайландым. Бүкіл одақтық съезге шешуші дауыспен делегат болып қатыстым. Оған дейін 1951 жылы жас жазушылардың бүкілодақтық II кеңесіне қатыстым.

Көріп отырсыз, албырт жастық шақтың отыздам кейін де бәсендей қоймаған қуаты ілгері қарай жедел жетелеп, көптің көзіне түсердей бір шама биікке шығарып тастады. Ал, көптің ішінде кімдер жоқ, – «киіп-жарып мынау қайда барады?!» дейтіндер де күңкілдесе бастағанын сездірді. Жә, ол өзінше бір беткей де тұра тұрсын…

Енді аппараттағы жұмысым бар емес пе?.. Оның да өзінше тудырар реакциясы бар. Редакцияда жүргендей тілек-талаптар мұнда өз тарапынан айтылады. Ал, өзіндей жастар ішінде сенің сыныңа шекесінен қарайтын, тіпті сені менсінбейтіндер де жоқ емес. Мінез жағынан алғанда жібектей есіліп тұрған мен де жоқ. Әділдігімді әлсіреткісі келетіндерге шыдамым жетпеген жерде «Бар, барып тұр!..» деп те қаламын, содан кейін ол баратын жеріне бара алады… Жә, ол да өзінше бір беткейде тұра тұрсын…

Бұл жарықтық поэзия дегеніңізбен кәдімгі есі ауысқан жындылар да әуестенеді екен ғой. Олар жағынан да бір-екі мысал келтірейін. Талдықорған тарапынан Абдоллаев деген келді.

– Ал, мына пәлсапаны үлкен әріптермен кітап етіп шығар – деп, қалың дәптерді алдыма ысыра салды. Алғашқы беттерін әрі оқып, бері оқып ештеңе түсіне алмадым. Бірақ, бұған да назар тиесі, әйтеуір бірдеңе деу керек.

– Өлең болған соң аяғындағы мына сөзбен екінші жол аяғындағы мына сөз өз-ара ұйқасу шарт – деп, әлгі екі сөзді де қарандашпен қоршап едім, «авторым» орнынан атып тұрды.

– Жо-жоқ, сөздерімді қамап қойдың, босат! Босат ана сөздерімді қамаудан! Босатасың ба, жоқ па?..

Сасқанымнан сызғандарымды дереу өшіргішпен кұрттым.

– Алла сақтасын, мынау адам жоламайтын үй екен ғой!.. Әкел өзіме!.. – деп, дәптерін қолымнан жұлып алды да, қаша жөнелді.

Қызылорда жағынан келген енді біреуі «қақпа сыртынан күтемін, шығып жолық!» деп, телефон арқылы бұйырды.

– Сіз бе мені шақырған?

– Әрине!.. Мен Зарқом деген ақын боламын. Қазақ атам ақынды алдынан шығып қарсы алмаушы ма еді?.. Осы сендер не боп кеткенсіндер?!

– Е, мен шығып тұрмын ғой, жүріңіз, – деп, ішке кіргіздім. Әкелгендерін оқып көріп ем, азын-аулақ ұғым бергендей бірдеңелері бар. Бірак, бірді айтып бірге кете береді, сөйлемдер арасында логикалық байланыс жоқ. Өлендік қасиеттен болса да жұрдай.

– Қазақта жақсы-жақсы өлең үлгілері бар ғой, соларды оқып көрсеңізші. Мәселен Абайдан…

– От қызық!.. Міне, қызық!.. Өз өлеңімді қайда қоярға білмей жүрсем, маған кісінің өлеңін оқы дейді!.. Тапқан екенсің кісінің өлеңін оқитын дуракты!.. Әкел өзіме!.. Әлгі Сәбитің қайда өзі?.. Сәбитіңе барамын…

Әрине, бұлар да уақытыңды алып, жүйке жұқартуға жарайды. Жә, тіпті бұны да бірбеткей шығарып қоя тұралық…

Жиі-жиі жиналыстар болып жатады. «Бүгін сен қалай да сөйлеуің керек» дейді. Бұл тұста мақтау сөз айтылып жарымайды. Ғабитты 50 жылдық юбилейінде баяндамашы Сәбең Шаяхметовтен нұсқау алып келгеннен кейін «сойып салған» (сол уақыттағы термині бойынша айтып отырмын). Сынағасын солай сынауың шарт.

Съезде, одан кейінгі пленумда құрбыларымды, ағаларды да сынауға қатыстым, ел қатарлы… Сөйтіп жүргенімде бір күні партком Ғабиден «сен бері жүр» деп, кішкентай кабинетіне ертіп барды.

– Жаңа Горкомнан келдім, ЦК айтыпты, Әбділданың творчествосын сынау керек. Соған арнаулы жиналыс өткізіңдер депті. Баяндаманы Ерғалиев жасасын депті.

– Ондай кісіні менен гөрі үлкенірек, өзімен тұрғылас біреу…

– Болмайды… Баяндама жасағысы келмейді десем, пәлеге қаласың ғой…

– Ол кісінің мақтайтын да дүниелері бар емес пе?

– М…м… – деп, Ғабекең насыбай салған ернін бір жағына қарай қисайта жымырып аз-кем отырды да: – Сен өзің анадағы Ғабиттың жиналысында болып па ең? – деді.

– Болғам.

– Болсаң, тек қана сол ізбен шығасың да қоясың.

Мәселе түсінікті болғаннан кейін баяндамада ауызды қу шөппен сүртіп шыға келдім. Шарасыздың күніне душар болған автор да «осыныкі дұрыс» деген болды. (Жоғарының тәртібі бойынша біздің екі журнал менің баяндамамды екі тілде жариялап та жіберді).

Жданов баяндамасында қатты сыналған Анна Ахматова өлеңін редакцияда маған аудартқан еді.

Қасиетті алла атымен ант етем,

Періштелер жаннатымен ант етем,

Жалындаған біздің ыстық түндердің

Тұншықтырған ләззатымен ант етем –

деп аударған едім. Аударып болған соң «осыны да жамандап отырмыз-ау?!» деп, ішім удай ашыған. Осындай әсерлі дүниелерді енді өзім де кінәлауға және соным үшін іштей күйзелуге мәжбүр болдым. Менің баяндамамның ізімен сөйлеген шешендер де менен кем түскен жоқ.

Әрине, бұл үшін автор маған сөзсіз іштей ренжиді. Өлең сыйлайтын басқалар да маған ренішін өз-ара айтысады. Бәрінен бұрын өзімнің іштей ренжігенім жаныма қатты батты. Әлі ренжимін. Өйткені, өмірімде ар-ұятыма қарсы қылған қызметім осы-ақ шығар. Бұл күндерде тіпті «соны істемесем, құлағымды кесіп алар ма еді?» деп те ойлаймын. Бірақ, Ғабиден сөзінің де жаны бар еді…

Сонымен жаңағылардай әр тұстан жиналған өкпе-қақпа реніштер ешбір салдарсыз ауаға жеп-жеңіл ұшып кете бере ме?… Қайдан-ау!.. «Сені де бір сүріндірудің орайы келер?» дегенді біреу болмаса біреу ойламайды емес ойлайды. Сірә соның салқыны болу керек, бір күні Орталық партия комитетіндегі бөлім бастығы Нұрымбек Жандилдинге шақырылдым.

Есен-саулық сұрасқаннан кейін Нұрымбек оқушы дәптерінің ортасынан ағытылған екі бетін тартпасынан алып алдына қойды. Байқаймын, арыз, арыз иесі дәптердің екі бетін жазып жіберіп ұзына-бойынан төмен қарай жазыпты. Тышқан ізін еске түсіретін почеркті шамамен танып отырмын, қол қойған жерін көре алмадым.

– Хамит-ау, – деді Нұрекең ақырын, жіңішке дауыспен, – мына бір жолдас жасырып жүрген жайлары бар деп, сені едәуір айыптайды. Бұның айтуынша, әйелінің Мөңке деген әкесі отыз жыл болыс болыпты. Хамиттың өзі де байдың баласы деп жазыпты. Бұған не деп жауап қайтарамыз?

«Бә-се-е… қайран қазағым-ай!.. Осылай болсаң керек еді!.. Біраздан бері бір шаң бермей, қайда жүрсің?.. деп едім-ау!.. Жә, жарайды, арыз иесі өз мақсатын күйттесін делік… Ал, мына кісі неменеге аспаннан түскендей… Қаннен қаперсіз?..»

– Жауабын мен айтайын, – дедім, – Мөңке емес (осы арыз иесі ол кісіні сөз арасында ылғи осылай атап отыратын) Мәңке. »Мәңкеге» деген өлең Жамбылда да бар. Ол әйелімнің емес, шешесінің әкесі, осы жердің Жаңқойлық аулына болыс, қажы болған көрінеді. Менің әйелімнің емес, оның шешесінінің он жасар кезінде, революциядан көп бұрын өліпті. Ал, менің алғаным – осы Алматының жетім қызы. Бұны бір жасында шешесімен бірге тастап, басқа әйел алып кеткен әкесі Қанай Боранбаев осы Жетісуда бірінші номерлі революционер атаныпты. Кейін халық жаулары қатарында қамалған деседі. Әйелім жуырда өлген өгей әкесін ғана біледі. Қанай жайын маған Кенен ақын айтты. Ал, екінші мәселеге келгенде, Нұреке, мен сенің өзіңе өкпе артқалы отырмын.

– Қалайша?

– Егер Хамит Ерғалиев байдың баласы екенін бірінші айтқан адамға беретін жүлдең болса, өзіме бер. Тым болмаса екі көше жердегі аупарткомнан документімді алғызып көрсең нетті?.. Сендей замандас есті жігіт бүйтпесе керек еді ғой. Әжептәуір мәдениетің бар жолдас емес пе едің?..

– А..? Е.., жоқ, енді сен өйтіп… онша таусылма… көрелік әлі.

– Вот именно, әуелі көру керек еді!.. – дедім де кетіп қалдым. Нұрымбек ертеңіне ертемен үйге телефондап кешірім сұрағанда өзімнен өзім отырып бір рахат кештім-ау. Өйтпей кайтейін: партбилет аларда айтқаным айнымай келді. Болар күнді болжай білгеніме, Синельников үгітіне көнбегеніме риза болдым. Әйтпегенде, жазықсыздан жазықсыз бұрынғыдан бетер омақаса құлайтын жерім осы еді.

Әділі керек, бұдан сәл кейініректегі бір орайда Нұрымбек өз кінасынан азаматша арыла білді. Ол хатшы креслосына отырған кезде Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтерге бастатып бізден президиум мүшелігіндегі он үш адамды қабылдады, үлкен-кіші бәрімізден де консолидация – жан жарастығын тілек етті.

– Кейін көңілде дақ қалмау үшін, осы арада кінәласып, түгендесіп алыңыздар – дегенді айтты. Шалдар оған бола ішін бере қойған жоқ. Бұл Әбекең екеуміздің ит пен мысықтай болып болған кезіміз еді. Мен көңілдегіні ашық айтсам, шынында да дық калмайды екен деп ойладым да турасына кеттім:

– Мынау Әбекең, – дедім, – бұрын мені, алғашқы шығармаларымды да жақсы көруші еді. Ал қазір, қатты айтсам – кешірерсіз, бұдан кейін райласамыз деп отырмыз ғой, оны өмір көрсетер, ал қазір мені иттен бетер жек көреді. Анадағы сыным үшін түбі осы кісі мені жеп тынбаса нағылсын?!

Осы сөзіммен тиыла қойғанда да болатын еді. Онда Әбекең бәлкім «албырт неме ашу үстінде аузына түскенін айтып тұр ғой» дей салуы да мүмкін еді. Ешбір принципсіз көшедегі әлдекімге бүкіл ел алдында «Құрманғазымның» ит сілікпесін шығартқаны үшін шыдай алмай жаным күйіп, сөзімді көпе-кернеу әдепсіз дарақы аяқтадым. Бұған Әбекеңнің жауабы:

– Әй, мынау бар ғой, барып тұрған феодал!

Осынын бәрін зердеден шым-шымдап шығартып отырған Нұрымбектің шын азаматтық сөзіне енді келдік. Ол:

– Әбеке, – деді, мұныңыз бет ашысып алып бітісетін адамның сөзі емес, мұныңызды қойыңыз, пожалуйста. Айтып отырғаныңыз әкесі ғой?.. Әкесі кім болған болса о болсын, жоқ адамда жұмысымыз да жоқ… Бізге Хамит керек!.. Ақын, азамат Хамит керек! (Азамат Хамитты Әбділда алдында өздері қара бет қылғандары бүйрегімнің бір жағында бұлтиып жатса да мына сөз маған, әрине, жағады).

…Сонымен, өз топшылауымша ендігі мезгіл беті маған ылғи да күле қарауға міндетті емес екен. Менің де соған ыңғайласуым керек. Басқаны койғанда күншілдердің өзі-ақ қарап жүрмеуге тиісті екен. Оған көзім анық жетті. Ондайлар комсомол съезінде көшеден кіріп сөз сұраған, ол сөз берілмегеннен кейін: «Ерғалиев ақын емес, өтірік мақтайсындар!» деп залдан айқай салған Әбулақаптай алдырып-жұлдырып ашық жүрсе жақсы ғой. Оныкі әншейін «қырық екі мың жол жазғаныңнан қырық екі жол өлең шықпайды» дегеніме әлі жеткенінше қайтарған «қарымта» ғана. Ал нағыз күншілдер шық үндемей қабады екен. Оның біраз нұсқасын бұл кезде өз басымнан кешіріп те үлгергем. Мәселен, мынадай спектакльдер жүріп өткені есімде.

Балхаштың үш жұмысшысы «Лениншіл Жас» газетінде менің бүкіл творчествомды халтура дегенге дейін барып, барынша мансұқтаған. Мен не дерге білмей:

«Өз газетім «Лениншіл Жас».

Әлде есуас, әлде мас» – дегенімде, Мұқан Иманжанов:

– Сен газетті емес, оны ұятқа қалдырғандарды жазғыр. Құдай біледі, бұл Балхашта емес, осында жазылған пъеса, – деді. Мен сол тараптағы бір жолдастан осының түбін індетіп беруді өтіндім. Ол тәңір жарылқағыр, әлгі үшеудін ішіндегі Еңбек Ері дегенімен сөйлесіпті.

– Мен кітап дегенді оқып жарытпаушы ем. Мақаланы оқығандардың айтуынша, біз тіпті тәп-тәуір ақынды төмпештеппіз ғой. Ішіп отырғанда Алматыдан келген қонақ «Қазақ әдебиетіне жандарың ашымай ма?!» дегенге дейін барып, өлердегі сөзін айтқан соң қол коя салғанбыз.

Артынша Балқаш қонағы ұлтшыл атанып, басымен қайғы боп жүргенде «ей, осыны қойшы, арым садағасы!» – дедім.

Енді бірде М.Дүзенов өз достармның біреуін ұстап берді.

– Досыңыз «Біздің ауылдың қызын» тас-талқан етіп сына деген соң өзінің көмегімен сынаудай-ақ сынадым. Бірақ, ешбір газет, журнал қабылдамады. Енді на память өзіңізге табыс етемін» – деді. Қапелімде мен онын байыбына бармай, «бұл да жүйке жұқартудың бір түрі ғой» дедім де, ашу үстінде мақаласын оқымай-ақ бетіне шашып жібердім. Кейін сұрағанымда бермей кетті. Кезінде әлгі досыма:

– Кісі-ақ екенсің!.. Тым аласа едің, ойың мен боғың бір жерде екен ғой, – дедім. Басқа да бірдеңелерді айтып табаладым. Ол осы поэма үшін он мың сом Жамбыл сыйлығын алып келген күні еді. Әрі-беріден соң мезгіл соны да ұмыттырып жіберді. Осы ұмытшақтығым үшін Иманжанов мені мақтады: жолдастар арасы жақсы болсын дегені шығар. Адам жүз шайысқан жерде діңкелеп, жүдеп қалушы еді ғой марқұм.

Өмірде індете алмаған бір-ақ нәрсем бар. Оның тарихы былайша келеді. Маған, біздің үйдің адресіне бір қыс, бір жаз бойы Омбыдан әуелі «А.С.», сонсоң «Анна С.», ақыр аяғында «Анна Савельева» дейтіннен үзбей хат келіп тұрды. Орысша сауаттылығы өз алдына, бүкіл дүние жүзі әдебиетінен толық хабардар және әр неге өз пікірі өзінде кісі. Менің орыс тілінде шыққан кітаптарымды түгелдей мақтайды да, өзінің эрудит екенін сол арқылы аңғартады. Мен «Құрманғазыда» Савичевті Савельев деп алған едім ғой. «Өзің білесің, мен сол Савельевтің шөбересі едім ғой» деп те соғады. Өзі ылғи да менің некеден тыс сүйген жарым боп сөйлейді. Ең соңғы мәрте Петропавл вокзалында поезға мінгізіп салғанымды айтады. Абырой болғанда, мен өмірімде бұл каланы көрген емеспін. Әрбір хаттын аяғында ұлың өсіп жатыр, сағындық, үйіңе бір соғатын уақытың болды ғой дегенді айтады.

Хаттың мақсаты, әрине, менің үй-ішімді ойрандап, шаңырағымды ортасына түсіру. Жаудың көпе-көрнеу қастандығы екеніне көз жеткізген Әнуаш оған пысқырып та қараған жоқ. Дегенмен мен осыны аяқсыз қалдырғым келмеді. Сонда не істедіңіз дейсіз ғой?..

Полковник Ділманов дейтін досым Алматы қалалық милиция бөлімінде істеуші еді. «Компетенцияңа кірмесе де, осыны біліп бер!» деп, соған жаттым да жармастым. Білдік. Ділмановтың ондағы әріптесі көрсетілген адрес бойынша барса, Анна Савельева деген мосқал әйелдің сонда тұратыны рас екен (ұзын барактын бір бөлмесінде тұратын көрінеді). Бірақ, оның әлдеқашан байға тиген бір қызынан басқа баласы жоқ көрінеді. Өзі көркем әдебиеттен мүлде хабарсыз, шала сауатты, дүкен күзетшісі екен.

Міне, біздің өрелі өткелдердің ұзына бойында осындай «спектакльдер» де жүріп жатты.

Александр Фадеев өлгеннен кейін оның әр жылда жазған мақала, жасаған баяндама, сөйлеген сөздері үлкен кітап боп басылып шықты. Ұмытпасам, соның 631 бетінде ол менің фамилиямды А.Твардовский, Самед Вургун, М.Тұрсынзаде, О.Гончарлар қатарында атай келіп, Мұстай Кәрім, Р.Ғамзатовтарды соған тіркейді. Мен бұны мақтану үшін айтып отырған жоқпын (атымның шаужайы оның қолында емес екенін білемін ғой). Бұл арада ол кісінің сөзі мен ісі бұлжымас бірлікте болғанын дәлелдейтін фактыға назар аударамын, соған байланысты жүрегімнің жылаған жерін айтамын.

1953 жылы берілетін Сталиндік сыйлыққа қазақтар бұл жақтан Ғ.Мұстафиннің «Қарағандысын» ұсынғанда Фадеев СП СССР һәм СовПИС тарапынан Павел Железнов аударған менің «Девушкамды» ұсындырады, бұл шығарманың республика партсъезінде, саяси баяндамада мақталғанын негізге алады. Оны басқа қазақтар түгілі, өзім де білген емес едім.

Ол кезде мен баяғы Төңкеріс көшесіндегі бір жарым бөлмеде сегіз жаннан семья құрап отырғам. Февраль айының аяқ шенінде сол үйге Орталық «Правданың», «Известияның», «Труд» пен «Комсомолканың» осындағы тілшілері бірінен соң бірі келді. Ең соңында «Литгазетаның» сол кездегі тілшісі Дм.Снегин келді. Бәрі де, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, жымыңдап күледі де, мені ресми киіндіреді, суретке бастырып алады. Қолымды қысады. Сөйтеді де, басқа сөзге бармай кетіп қалады. «Ни пуха, ни перасы» немене деп мен қаламын.

– Не десеңде әйтеуір бір жақсылық болғалы түр. Тыпыршымай тыныш жүр, – дейді Әнуаш.

Жақсылықтың болмай қалғаны болмаса, болғалы тұрғаны шынында да рас екен. Жылдағы дағды бойынша бұл жылғы сыйлыққа да үшінші мартта қол қойғалы отырған Сталин екінші мартта құлады да, бесінші мартта өліп кетті.

Жоғарыда айтылған қуанышты, налалы, өкінішті жайларымның бәрін біліп жүретін құрбы қатарынан Мұқан Иманжанов, жасы кіші десек те жаны тетелес, ұғым, түсінігі тұрғылас һәм тектес, сыртқа шашар сыры жоқ Зейнолла Қабдолов қана болған. Сондықтан бұл екеуінен несін жасырайын, әлгі бір тұста:

– Жігіттер, кеудемде жүрегім соғып тұрғанда хадарихаль ісім ілгері басар-ау, бірақ енді бағым байланады. Әрі әлі де мені күтіп тұрған шырғаландар болуы хақ, – деп болжадым. Әрине, бұл сәуегейлік емес, өзімше тағдырыммен жыға танысқаннан, төңірегіме түгелдей төркіндеп алғаннан кейінгі тұжырым болатын. Жігіттер оған не дей қойсын, «несіне мұңаясың, сорың арылмайтын адам екеніңді енді біліп отырсың ба?» деп, әрине, біреуге біреу айта алмайды. Ал, шынында мен тек жанымды кеміріп жеп келе жатқан адаммын. Кім біледі, бақ дегеніңіз бәлкім адамды өз соңынан елеусіз ертіп отыратын сондай бір азап шығар?..

…Қой, жолымыздан қалмай, ілгері жүре түсейік. Иа, осынша қуанышты, налалы, өкінішті өткелдер арқылы өрелі жол көсіле жүріп отырып, 1958 жылдың басында мені Жазушылар Одағынан Көркем Әдебиет баспасына әкелді. Әлгі ҚЖО-да өткізген жеті жыл ішінде жас таланттармен күн сайын жазысқан хаттар жинала қалса, қалындығы қандай том шығар еді – білмеймін. Бұл күндерде онын мөлшерін білгізбей отырған да баяғы сол өзіме тән алаңғасарлық. ҚЖО-да архив сақталған ба сірә?.. Сорлы басым сол папкаларды өзіммен бірге ала кетсемші!..

Қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өтетін онкүндігіне жылға жетер-жетпес уақыт қалды. Бұған даярлық жер-жерде қарқынды жүріп жатты. Біздегі істің ең үлкені, ең жауаптысы кітап шығару жағында болды. Кітаптар барлық жағынан сапалы әрі шүғыл графикпен шығып отыру керек. Осы мақстаттан баспа аппаратын жаңа күштермен толықтыру, нығайту қажеттігі туды. Баспа жұмысына мен сол жаңа нығайтушы күш санатында бардым.

Мен басқарған редакция қазақ, орыс поэзиясы мен музыка, сурет бөлімдерін қамтыды. Өмірімде мемлекеттік мекемеде өзімнен басқаны басқарып көрмеген маған мынау қырықшақты адаммен жүмыс істеу қиын болатын шығар десем, оншалық жүрексінетін түгі де жоқ екен.

Басқарған бізді кеше Жаппар ақын,

Хамит кеп быт-шыт қылды аппаратын –

деген Ғафу Қайырбеков өлеңі шықса шыққандай біраз өзгерістер болды. Әрине, іс пайдасына. Авторға қояр талабы кем, қатал талап қоюға моральдық құқы кем бос белбеу балласт және де «мен ауырамын, мені мазалай берме» дейтіндерді бірден-ақ менің қарауымнан кетуге мәжбүр еттім (редакциялаған жұмыстарын бракқа шығару арқылы). Мен бұнда өзің сияқты әрбір творчество адамы сені түсінсе, сен оны түсінсең, әлгі авторға қойылатын қатаң талап бір жерден шығып отырса, жұмыстың көңілдегідей жүруіне сол жеткілікті деп ұқтым, сол ұғым мені ұятқа қалдырған жоқ.

Жиырма шақты адамның суық бөлмеде қамалып отыруын шарт санамадым. Өте жауапты қолжазбамен айналысқан адамды немесе баласы ауырып қалған әйел редакторларды жұмысын қолтықтатып үйлеріне жібердім. Олар қолжазбаны көңілдегідей кондициялап сағат, минутында өндіріске өткізіп отырды. Кітабы шығатын қаладағы авторларды үлкен демей, кіші демей өз шығармаларының корректурасын оқуға да шартты түрде пайдаландым.

Поэзияға өз күшіміз жеткенімен, музыка, сурет жағынан аздап әлсіздік сезіндім де, редсовет мүшелігіне сырттан ірі-ірі қайраткерлерді енгізіп, оларға ақы төлеттім.

Жоспардың құлы болмадым. Нашар шығарманы шығарып тастап, оның есесіне жөнді жазылған жаңа нәрселерді енгіздім, не жоспардағыдан көлемі артып тұрған жақсы кітапқа кеңшілік бердім.

Міне, осы жерде дау-дамай, жанжал тумай тұрмайды екен. Әсіресе, жоспардан шығып қалған қолжазбаларын құшақтап үйіне қайтқандар дереу шарт қағаздарын желбіретіп жоғары өрлейді. Көбінше жоғарыдан ағайын табады. Ондайда мен ешкімнің бет-жүзіне қарамадым. Біреу жоғарыдан бұйрық раймен сөйлей бастаса:

– Өзіңіз сол кісінің еңбегін жақсы шығарма дәрежесіне жеткізіп әкеліңіз. Содан кейін редсоветке қайтадан салайын, – деймін. Егер ол:

– Сен мынауыңмен ол орында ұзақ отыра алмассың, бауырым, – десе:

– Онкүндіктен кейін сабасаң да бұл жерде отырмаймын, – деймін.

– Е, сонда қайда барасың?.. – деп қоразданады ол. Онысы – «бәрібір мен осы креслода отырмын ғой» дегені.

– Үйіме барамын, өлеңімді жазамын, – деймін мен оған. Ақыры ол директорым Қаратаевқа телефон соғады.

– Ей, жолдас, анауыңа айтпайсың ба?.. Қызық адам ғой өзі!..

– Ойбай-ау, ол солай ғой, білмеуші ме едіңіз?! «Түптеп келгенде соныкі дұрыс болған соң, оған мен де «сөйте сал» дей алмаймын» – деп, Мұхаң сытылып шығады. Шығады да:

– Ой, айналайын, бір пәледен құтқардың!.» – дейді маған келіп.

Қойшы, сонымен не керек, күткен күнге де жеттік. Кітаптарымызды Москваға апарып, жайдарман дүкен, көрмелер аштық. Басшы жолдастар біздегі кітап шығару мәдениеті осы тұста әдеуір жақсарғанын атап көрсетті. Шынында да бұрын бізде сиырдың жапасы немесе шелпек секілді кітаптар көп шығатын. 1954 жылы шыққан менің тандамалым да солайша шелпек болған. Бұл жолы Ленинград пен Балтық елдерінен өз бойымызға бір сыдырғы өнеге сіңірдік.

Туған әдебиетіміз бен өнеріміздің астанадағы мерейлі мерекесіне қатысып, ондағы достарымызбен пікір тоғыстырып, барымызбен бағаланып, оңып қалдық. Талай талант танылды, талай қайраткер бедел биіктетті, атақ алды, наградталды. Менін омырауыма да Еңбек Қызыл Ту ордені тағылды. Отан соғысы орденімен медалім қасына бұл қосылғанда көңіл шіркін тағы да біраздап өсіп қалды.

Осы арада бір дос көңіліне қатысты кішкене әңгімеге сәл кідіре кетейін. «Гранд – Отель» қонақ үйіндегі бір номерде әйеліммен мен, көршісінде әйелімен Тайыр Жароков жатты. Әйелдер дүкен аралауға кеткен. Он күннің сонғы қабылдауы (банкеті) алдында Тәкең біздің бөлмеге, өз сөзімен айтқанда, «еппен жылп ете қалды». Екеуміз де осы орденмен наградталатынымызды біреуден біліпті. Бәлкім бажасынан (Нұрымбектен) естіген шығар. Өз-ара тағы еппен қол қысысып, аванс ретінде құттықтастық. Содан соң:

– Әу басында сен туралы Зекең тіпті бұдан да ірі сілтеген екен, – деді. Тәкең, Зекең деп отырғаны сол кезде ҚКП Орталық Комитетінде әдебиет секторын басқаратын Зейнолла Қабдолов. Тәкең маған бұл сөзді қызғанышпен немесе көпсініп айтқан жоқ. Ол өз кітабын қолтаңбасымен сыйларда да «Хамитжан! Бұл жырдың өзің толтыр толмағанын!» дегенді ағынан жарылып жазатын. Әлгіге қосып айтқаны:

– Бұл арада тұрған ешқандай ағайыншылық жоқ, Зекендікі дұрыс еді. Сенің бағыңды уравниловка байлапты ғой.

Артынан орден алып, апа-сапа болғаннан кейін Зейнолладан осы жайлы сұрап едім:

– Оны кім айтып жүр сізге?.. Керегі не сондай сөздің?.. – деп қабағын шыта жабырқап қалды. Мен тына қойдым. Сонда ол маған ана жолғы менің өздеріне шағынып айтқан наламды үнсіз жүктеніп жүргендей сезілді (бұл өзі өмірде «мен сөйттім» деуді білмейтін кісі ғой). Ал, ол шынында:

– Қорықпас қатын қой басынан қорқады. Бұл арада қой да жоқ, қатын да жоқ. Ерғалиевті Ленин орденіне ұсыну керек. Ол соған татиды! – деген екен ғой. Кейін оны да маған Жароков айтты. «Оған кім айтты?.. Бәлкім бажасы шығар» деуім де содан. Зейноллаға әлгі сөзін мен бірнеше жылдан кейін ғана, аса бір көңілді отырған жағдайда растаттым.

Шыны керек, сол онкүндік кезінде түсініксіз ақуалдар да ептеп көрініс берді. Мәселен, бүкіл өнердің көркемдік жағын басқарып барғалы қыруар еңбек сіңірген Ахмет Жұбановты Мәскеуге жүрер алдында ғана орнынан алып тастады. Бәріміз-ақ: «Әй, қайран қазекем-ай!..» деуін дедік. Өйткені осы жолы ол кісі КСРО халық артисі атағын алады деп барғанбыз. Сөйтсек оған медаль ғана беру керек болған екен. 1949-1953 жылдары алған соқкысы аздай-ақ, бұл жағдай Ахметке қатты батты.

– Орныңнан түскен күні мен сенің сәлемінді де алмаймын! – деген еді ол Нұрымбекке әлгіден кейін. Тірлігінде сол уәдесіне жеткені болмаса, әлгі атақ оған ақыры бұйырмады.

Мәскеуден келісімен-ақ, 1959 жылдың басынан бастап, яғни 43 жасымда мен ақы алып істейтін болмашы жұмыстардан біржола қол үзіп, үйіме қайттым. Бес балам мен әйелімді қалам қайратымен-ақ асыраймын дедім. Неге дейсіз ғой?.. Екінің біріне көрсетілген сенім мұнда да бай баласына бұйырмады. Баспа, газет, журнал басшылығы немесе одақтағы хатшылықтың қайсы бірі де менің мандайыма жазылмағанын анық сездім. Шығармашылық тірліктің басқасынан бұрын «Құрманғазының» екінші кітабын тез бітіру қажет болды. Оның себебі жоғарыда айтылған кейбір ақуалдардан аңғарылған да шығар.

Дегенмен, соны біршама толықтыра кетудің орайы енді келген секілді.

Баяғыда бағзы бір ағаларды өз ырқымнан тыс жөнсіз сынауға мәжбүр болдым демедім бе?! Ренжіттім демедім бе? Ренжудің шамадан тыс асқынған салдары Әбекең екеумізді жоғарыдағыдай бейшара арақатынасқа душар еткенін де айттым ғой. Өрттің былайша өршуіне тұтқиылдан киліккен Есмағамбет Есмайлов және себепкер болды. От Ғылым академиясындағы әдебиет институтына өзі жұмысқа алғызған Балтабай Адамбаевтың арсыздығын шебер пайдаланды.

Осы арада ең әуелі «Ашык хат» авторы Балтабайды таныстыра кетпейінше сөз жүйесін таппайды. «Ашық хаттан» екі жыл бұрын Балтабай Жазушылар Одағындағы жастар секциясын басқарып отырған маған келіп жылады:

– Хамит-ау, – деді ол, – жас жағынан қатар құрбымыз ғой. Әрі соғыс жағдайын өзің де бастан кештің, мен сорлы фашист тұтқынында болдым. Бір барон дәрежесіндегі офицердің есігінде жүрдім, отымен кіріп, күлімен шықтым, күнім үшін сөйттім. Міне соным үшін жұрт мені кұбыжық көреді. Өлеңімді баспайды, жұмысқа да алмайды. Бала-шағама нан керек емес пе?..

Мен аяп кеттім: нацизмнің отын жағып, күлін шығару оның идеологы болу емес қой, ондайлар қазір ақталып жатыр ғой деп ойладым да, бұған қолымнан келген бар көмегімді көрсетейін дедім. «Алты түлік, біреуі автомобиль» немесе «Бір тамшы пайда болдым Сары судан» деген секілді нашар өлеңдерін үйіме алып кетіп редакцияладым. Жүзге тарта әлсіз өлендерінен кәдімгідей жібі түзу 36 дүние жасап шығардым. Одақ бастығы Ғабиденге бардым. Оған Балтабай тарихын да, оған сіңірген өз еңбегімді де айтпадым. «Жап-жақсы ақын» дегеннен басқа мінездеме бермей, жалынып-жалпая жүріп, жоспарлауға келісім алдым. «Көлемі тым аз емес пе?..» деген Ғабекеңді «Ақындарда мұндай жинақтар көп болады» деп алдап соқтым.

Кітапша шыкқан соң-ақ Есмағамбет оған әлгі институттың есігін ашты. Әбекеңнің қарымтасын кайтару үшін онын көңілдесі Есмағамбет «Ашық хат» жазуды Балтабайға тапсырса, әлгі Балтабайым енді Хамиттың талқанын шығаруды өзіне мәртебе көрген.

Әрине, «Ашық хатты» бұл күшпен жариялауға, яғни, әлгілердің көмегімен ғана ашықтан ашық кек алуға газет редакторы Әбекең бармас еді. Оның соған бара қоюына мынандай да бір себеп болды.

Жаңағы онкүндіктің СССР Жазушылар Одағындағы әдеби жиналысында Сәбит ағай сөз сөйлеп, «қазақ эпикасы (поэзиясы) отызыншы жылдардан кейін затишиеге (өз сөзі) ұшырады» деді. Онысы – «мен поззиядан прозаға көшкен соң поэма жанры осындай күйге ұшырады» дегені. Мен ағайдың бұлайша оз персонасын бүкіл жанр үстіне қоюын ерсі көрдім… Бір жағы өзімнің де самолюбиеме тиіп жатты.

Үзіліс кезінде Соболев, Скосарев, Исаковский, Антокольскийлермен әңгімелесіп тұрған Сәбекеңе бардым да:

– Ну и наш агатай сегодня загну-у-ул! – дедім. Сөйттім де, былайша лепірдім: «Жил был один бай. У него был малай Алтай. Алтай похитил байскую дочь. А девать-то ее было некуда – взяла да собака ее съела. Вот что такое ваш «Сұлу шаш» на народном сюжете. Вы хотите, чтобы эта штука служила вечным этолоном для эпиков?.. Не выйдет!» (грубо, конечно, и неуместно!..)

Бұны өз ішіне «хулиганство» деп түйген, онсыз да маған тісін басып жүрген (себебі кейінгі тарауда айтылады) Сәбең өлсе ұмыта ма?!. Декададан келген бойда Әбділданың кабинетіне кіреді. Редактордың орынбасары Нығымет Ғабдуллин ұшеуі есікті іштен бекітеді. Сондағы әңгімені Нығымет маған сөзбе-сөз былай жеткізеді:

Сәбең:

– Мына Хамит тәңірін танымай кетті. Тура әкесін таныту керек! Поэмаларын ұру керек.

Әбекең:

– Тәңірін танымай кеткенін жана біліп жүрсіз бе?.. Өзіміз де әкесін танытсақ па деп отыр ек. Ендеше орайы келген екен… Авторын тауып тапсырма береміз.

…«Ашық хат» осыдан кейін жазылды. Машинистка Роза Мұстафинанын айтуынша сол хат осы адамдардың оңаша талқылауына үш қайтара түсіп, үш қайтара «күшейтілген», демек, үш рет басылған.

«Ашық хат» шыққан күні түс ауа маған Әуезов телефон соқты. Мұхаңның айтқаны:

– Мен институттағылар жиналған жерде үлкен реніш айттым. Мәдениетті жұрттарда ашық хатты творчестволық потенциалы деңгейлес адамдар бір-біріне жаза алады, жәнеде мынау хатта ізгі ниеттен нышан да жоқ, бұзақылық көзге ұрып тұр, бұл көргенсіздің ісі дедім. Есетті (Есмағамбет) кімнің жетегінде желбірегенің көрініп тұр деп барынша қатты сөктім.

Мұхаңның түтігіп қатты ренжігенін кешке қарай Сқақ Дүйсембаев та, Сағынғали да телефон арқылы айтты. Әдебиет-мәдениет қауымы бұл оқиғаны әр саққа жүгіртіп, гу-гу өсек өрбітті, «сойып салғандар» рахат кешті. Ал, мен болсам, шамадан тыс ашыну арқасында дастанымның осал жерін күшейтіп, бірінші кітапқа «Сот алдында» деген жаңа тарау енгіздім, күні-түні бас алмай отырып, аз айлар ішінде екінші кітапты жазып шықтым. Мұхаңа екіншісі ерекше ұнады. Ал, Ғабит кабинетте бұл шығарманың екі бөлегін қосып өзіме оқытты. Он бес минут үзіліспен бес сағатта оқып үлгердім. Ол маған:

– Еркекті бетінен сүймеуші едім… Болмады… Бері кел!.. деді. Осы қуанышын ол ширек ғасыр өткеннен кейін, қайтыс болар алдындағы Жазушылар Одағында сөйлеген ең соңғы өсиет сөзінде де айтып кетті.

Өлеңмен жазылған бұл романның орысшасы әуелі «Совписте», «Литиздатта» басылып шықты ғой. «Бадырақ көзді қуалап жүріп батыр қылған» деген осы да. Асылы, қандай ниетпен жазылғанда да, қаншалық ауыр соққанда да, күші бар адамға сын – заряд!..

Осал болмадым деп те айта алмаймын. Соның артын ала шақырылған жазушылардың республикалық съезінде кекшіл ағайды назардан тыс қалдырмадым. Бұл жолы оның идеялық жағы шынында да осал шығармаларын тауып сынадым. Бірақ, тым ащы тиістім. Менің сөзім дереу Орталық Комитетке алынған, ротациямен көбейтіліп бюро мүшелеріне берілген. Басқарма сайлауының жасырын дауыс нәтижесін күтіп отырғанда Жанділдин келіп Тәжібаевтың орнынан алынғанын хабарлады. «Қазақ әдебиетінің» редакторы болып Қабдолов тағайындалды.

Әрине, менің шығармамды жөнімен өзі сынаса, қорламаса өйтпес едім. Бұрын ондайым жоқ еді, сірә менің де бейпіл жағдайға бейімделгенім болды-ау деймін. Төзім түгесілгесін сөйттім-ау деймін. Рас, бәлкім тіпті адамның осалдығы да осында шығар…

Ғұмырнама

Азғантай ақпар

Жоғарыдағы жазбалардың әр тұсында аттары аталған туыстарым хақында бір-бір сөзбен ақпар да бере кетейін. Жарықтық жылдар берешегін өзі беретіні секілді, алашағын да ешкімнен сұрамай алып қалып жатады. Сәрби әжем отызыншы жылы 93 жасында дүние салды. Бәшік одан да бұрын дифтерия науқасынан кетті. Жаратылыс заңынан тыс сұм соғыс Әмір ағайды бір баласымен қоса жалмады. Енді қалған жалғыз ағайым Қабиболла Доссорда темір ұстасы еді, автомобиль авариясы 1953 жылы оны да әкетті. Сол жылы үлкен жездем Жұмағали бейдауадан көз жұмды. Қайран маман Бағдагүл 1958 жылдың 17 марты күні 88 жасында туған топырақта жерленді. Сол тұстарда, содан сәл кейін Әбдірахман, Сәлім, Есенжан ағайларға да уақыт болды.

1945 жылы Әнуаштың өгей әкесін, 1954 жылы өзін мәпелеп өсірген әжесі аяулы Кемсіз апайды жерге бердік.

Ал, бұлардың есесіне келсек, Айманнан кейін, 1946-53 жылдары Мұрат, Қанат, Гүлжан, Қанағат есімді балаларымыз біріне-бірі тетелес туылып, базардың үлкені біздің үйге орнықты. Біздің үйге келгенде, менің ұсақ балаларыма «Ей мелочи, шуламандар!» дегенімді естігенде Ахмет Жұбанов айтқандай, бұл әлі шылдырлаған «ұсақ тиындарымыздың шытырлаған қағаз ақшаға» айнала қоймаған кезі болатын. Басқаша айтқанда, үлкендер жағы сиреп, кішкентайлар кимелеген бұл кезде Әнекең екеуміз де өзімізше орта жасқа ойысып қалған едік. Ал, жұрт болса, қос-қос домбыра, ән-күй әпенде Хамитты баяғы баз қалпынан өзгертпеген десетұғын.

Мен емен мисал ұлы ертегінің,

Егеспен өтіп жатыр ерке күнім.

Бұл қазақ бұл ғаламда ұмытпас-ау

Ұрыншақ еркелігін, тентегінің.

Адам ба жанын қинап арымаған,

Қызулы қиын өнер дарымаған?!. –

Тасимын!.. Соным үшін жармасады-ау,

Бейшара бишікештің бәрі маған?!.

Тегінде, осы тұста айтылған бұл сөздерге қарағанда сірә ел бағасының жаны бар секілді. Бәлкім оның сабасына түсе қоймауына әлі де бітпеген шырғаланды сезіну себеп шығар.

1986 ж.

Ғұмырнама

Ата болар алдында

Творчестволық жұмысқа біржола қол босатып алған соң, әрине, өнер бұрынғыдан бетер өріс алды. «Құрманғазының» екінші кітабы жарық көріп, одан соң екеуі бірігіп қайта шыққаннан кейін бұған көзқарас күрт өзгергенін айттым ғой. Бұрынғы поэмаларға бұл косылған соң-ақ жұрттың айтуынша «қазақ дастанын жаңа сатыға көтеруші» де болып қалдым. Күрделі ұйқасты шартты түрде үнемі сақтауда осының екінші кітабынан басталғаны рас. «Дәуір дабылы», «Өз көзімен өмірдің», «Кұн күмбез» кітаптарындағы ұлылы-кішілі шығармалар – бірінен соң бірі дүниеге келіп, менің активіме кіріп жатты. Бүкіл табиғатымен бөлек жаратылған «Жылдар, Жылдардың» алғашқы легіне де осы кезең есігін айқара ашты. Тегі, жұртшылық құптауында қайшы пікірлер ұшыраспаған, бәрі де жағымды бағаларын алған, ел өмірінің шынайы шындығы сипатында танылған осылар хақында әңгіме ұзартып жатпай-ақ қояйын. Бұл тарауда мен өзімнің әдеби ортамды, ондағы адамдардың арақатынасын әлі де айқындай түсетін кейбір естеліктеріме жол ашайын. Өйткені, бұл арақатынастан бөлініп жатқан өмір менде де болған емес. Ал, ата болған адамның кескін-кейпін содан кейін көре жатармыз. Әйтеуір бұндағы біздің мақсат, кейінгіге өтірік айтпай, окиғаны әсірелемей, өзінің сол болған күйінде қағазға түсіру ғой. Бұнда ешкім де мақталып-жамандалмайды. Кімнің болса да әр кездегі әр қилы көңіл күйі ғана беріледі (басынан-ақ солай болып келе жатыр деп ойлаймын).

Төңкеріс көшесіндегі тоғыз жыл бойы семья басын көбейткен бір жарым бөлмеден біз Қасым марқұм қайтыс болатын 1955 жылдың күзінде көштік, Сталин (Компроспект), Артиллерия (Құрманғазы) көшелерінің қиысқан жерінен, жаңа салынған үйден төрт бөлмелі үлкен пәтер алдық. Қалалық советке бірі келіп, бірі кетіп жатқан бастықтар жүйкемді мүжіп жеп неше жыл тентіреткенде көшуіме себін тигізген сол кездегі ҚКП Орталық Комитетінің бірінші секретары Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко болды да, көшірткен – кейін оның орнын басқан Леонид Ильич Брежнев еді. Ал, Брежнев тағайындаған үш бөлмені «үлкен семьялы жазушыға төрт бөлме лайық» деп сол кездегі Совмин председателі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өзгертті. Соғыстан соңғы бұл кезде пәтер проблемасының қиындығы соншалық, тіпті ордерге Совмин председателі қол қоятын. Біз бұны совет семьясына үкіметтің, әсіресе талантқа коммунист партиясының әкелік қамқорлығы деп, басшы жолдастарға шексіз рахметімізді жаудырдық. Мен бұған дейін кітаптарды текшелеп үйіп стол орнына пайдаланғам. Жаңа пәтерде өз алдыма кабинет алғанда соның растығына ілкіде сенбей жүрдім. Бала емізген әйелмен арқа түйістіріп отырып өлең жазғанымды көпке дейін ұмыта алмадым. Өйткені ол жағдай ұзақ жылдар бойына созылды. Қалалық совет өкілдері неше келсе де соны көріп «шынында да қиын екен» дейтін де, жөндеріне кете беретін. Мен олардың «есепке алындыңыз» деп, бір үлгімен қайта-қайта жазған хаттарын жинай беретінмін. Солардың бәрін бір папкаға салып, оған «Тумайтын буаз папка» деп аталатын өз хатымды қосып, папканың сыртына «әкімдер мен біздің үйдің арақатынасы» дегенді және жазып, Пономаренкоға өз қолымнан апарып бергеннің ғана жемісі болатын бұл үй.

Мен творчество жұмысына біржола ауысқан 1959-жылы «Құманғазы» зиратына жаңа кұмбез көтерілді. Бес мың адам жиналған ол салтанатқа Ахмет Қуанұлы Жұбанов екеуміз қатыстық. Ол зиратты мен 1952 жылы Бозан, Қиғаш бойларын жаяу аралап жүріп әрең тапқам. Сол сапарда әйелінің, шешесінің аттарын анықтап, бұрын белгісіз бірсыпыра күйлерін біліп кайтқам. 1954 жылы Құрекең басына Ахметті ертіп апарғам. Күмбез мәселесін сол жолы қозғап, Гурьев Облаткомына қаржы бөлгізгенбіз. Күмбез көтерілетін жылы Алматыдағы Артиллерия көшесі мен Консерватория күйші атына көшірілді. Бұл да өзінше оңғарылған арақатынастың куәсіндей еді.

Осы арақатынас дегенді аралас-құраласымыз аса күшті болған Ахмет Қуанұлынан-ақ бастайыншы. Әу баста Ахаң екеумізді табыстырған –Құрманғазы тақырыбы. Ахаң Құрманғазы творчествосын жинаушы әрі зерттеуші болса, мен бұл кісінің өміріне кұйлерін сәби шағымнан құлағына сіңірген ақын тұрғысынан келдім. Дәл осы жердегі сөз арасында айтылуға тиісті бір шындық бар. Мен басында Құрманғазыны емес, әуелі Махамбетті жазбақшы едім. Қажым Жұмәлиев «ол туралы роман жазып жүрмін, поэмасын да өзім жазамын» деген соң, ұстазымның алдын орай алмадым. Ал, Ахмет екеуміз әлгідей айырмашылықта болған соң, бұл кісі менің Құрманғазы хақындағы ойымды қуана құптады. Ахаңша айтқанда, «тертенің екі жағына пар жегілейік» дедік.

Қырқыншы жылдардың аяқ, елуінші жылдардың бас шендерінде Ахан ауыр күндер кешті. Ол барлық атағынан жұрдай болды, орындарынан алынып, партиядан шығарылды. Оған өтірік ғалым деген жала жабылды. Оның төңірегінен жұрт алшақтады. Ал, осынша ауыр жазаның бірде-бірімен іштей келіспеген мен ғана оны бұрынғыдан бетер өзіме жақын тарттым. Оның «Победасы» Төңкеріс көшесіндегі біздің кішкентай үйдің алдында түннің бір уағына дейін тұратын. Екеуміз өткен-кеткен қайдағы-жайдағыны айтып, ән-күйлрмен онын көңілін делбейтінбіз. Сөйтіп жүргенде Ахаң екі аптадай жоқ болып кетті. Бекмаханов, Сүлейменов, Есмайлов, Жұмәлиев секілді, бұны да қамауға алды ма, әлде қайтті деп отырғанымда одан жасыл лентамен кішкентай машинкаға басылған хат келді. Ол хат былайша басталады:

«Біздің елдегі бір еті тірі кедей-бай ағайынына қоңсы қонады екен. Бір күні үйіне келген көп қонақтан қымызы сарқыла бастаған бай: «Ей, пәленшеге айран құйсаң да жарайды» депті. Сонда намыстан жарыла жаздаған кедей сері үйіне келіп:

«Кел кемпір, үйіңді жық, біз көшелік,

Екеуміз ақсақ көкке мінгеселік.

Басына Қызылжардың қонып алып,

Биылша қымыз ішпей кун көшелік – деген екен. Сол айтпақшы, бұл күндерде біз дегендер Мәскеу шаһарының тұрғыны боламыз».

Сөйтсем, бұл кісі де Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов секілді Москва жағына ығысыпты.

Партия әділетсіздікті әшкерелегеннен бастап сол ауыр күндер де өтті. Бейкүнә қамалған, қудаланған адамдар бұрынғы қалпына қайта оралды. Әркімнің бет-бейнесі, бітім-болмысы біршама көзге түскен кезең осы болды.

Бұл екі мезгілдің алма-кезек екшеуі тұсында менің байқағандарым мыналар: жұт жылы өлексе жеп семіретін кәдімгі құзғын бар емес пе?.. Соны еске түсіретіндер нәубетті кезеңде едәуір бой көрсетті. Бой көрсетті емес-ау, бой көтерді, жаратылысындағы талант тапшылығын жалған патриоттықпен жауып-қымтады. Өздері түк үлес қоса алмаған ғылым мен мәдениетті олар кімнен «қорғады» дейсіз ғой?.. Сол ғылым мен мәдениетті жасаушылардан… Бұлар талантқа қарсы қатігездікті қару етті. Онымен де қоймай, ебін тауып талантты талантқа да талатты. Ал, қара бұлт ыдырап, аспан асты жадырап дегендей, жаймашуақ күн туғанда соққы астынан шыққандар алдында өз күнәларын ұмыттыруға да осылар шебер болады екен. Оның керісінше, әлгі осылар ебін тауып итше таластырған таланттар оп-оңай жымыңдасуды өздеріне ар санап, бірінен-бірі қысылып, ұзақ уақытты іштей опық жеумен оздырады екен.

Әрине, аттарын жамандап та қағазға түсіруге татымайтындар бар. Оларда менің жұмысым жоқ. Ал, әлгі оңайлықпен райласа алмай опық жескен таланттар жөнінде айтпақ керек.

Нағыз талантта іштарлық болмайды, ол Сальери емес, оған Моцарт жанының кендігі тән деседі. Рас шығар. Толстой мен Тургенев бір-біріне оқ атпаса да бір жолы жекпе-жекке (дуэльге) шығуын шыққан ғой. Оған алдыңғысының қарындасына соңғысының қызбалығы себеп болған көрінеді. Шолохов пен Эренбург қатты қажасқанда да көре алмаушылықтан емес, сондай бір сыртқы себептің дүмпуінен екенін білетінбіз. Сол секілді Ахмет Жұбанов адресіне Мұқан Төлебаев тарапынан айтылған шамадан тыс ащы айыптау да соңғысының өз тандайынан төгілген у емес-ті (ол сорлы да баяғы алғашқыдағы мен секілді амалсыз арандаған болатын). Кейін Ахмет соны сезінді. Бұны бір аңғардым. Жана пәтерге көшкеннен кейін бір шатыр астындағы көршім болған Мұқанның жан күйзелісін және аңғардым. Мұқан ол кезде Композиторлар Одағын басқаратын.

Көршім Мұқан екеуміз серуенге, кірпіш заводы жақтағы көгалға көп шығып жүрдік. Көгалда аз-кем азықтана отырып өнер хақында сыр шертеміз. Сондайда әлгі айтылған шамадан тыс ащы айыптау сөз арасына қыстырыла қалса «иа, ол бір ойда жоқ ұят іс болды ғой!..» деп қалып жүрді. Осыдан өзімше түйін жасаған мен көгалдағы көп әңгіменің бірін осы әңгімеге тура бағыттадым.

– Байқаймын, ол күннен кейін басталатын съездеріндегі баяндамада бұл жөнді не деудің қисынын таппай қиналып жүрсің – дедім.

– Рас, шыны сол! – деп сақ ете қалды.

– Ендеше, мен соның қисынын тауып отырмын.

– Иа, ол қандай?!

– Мен бозқасқа соямын… Ахаң әйелімен есіктен кіріп келгенде сен әйеліңмен біздің үйде отырасың. Дала жұртының дастарқан күшін саған несін түсіндіремін?..

– Ойпырмай, айналайын-ай!.. – деп, Мұқан құдды балаша қуанды.

Бұл жоспар тамаша нәтиже берді. Біздің үйде екеуі де иықтарынан бір-бір тонна жүк тұскендей сезінді. Мұқан «Ендігісін өзім білемін» деп кетті. Аз күннен кейін съездері ашылды.

Мұқан баяндамасында өзінің мақаласына соқпады. Баяндаманың аяғында «Енді мен председатель емес, композитор ретінде сөйлеймін» деп алды да, бір кезде өзін арандатқан адамға тиісті:

– Менің қолыммен Жұбановты сабадың. Байқадамовтың қолын маған жұмсатып көрдің. Енді бағзы бір балалардың қолымен оны сабағалы жүрсің. Сабалмайтын өзім ғана болсам дедін. Ал, айтшы, кәне, осы өзіңнен өнген не дүние бар?.. Иемденіп жүргеніңнің күллісі халықтыкі емес пе?.. Ал, өзің тым құрыса ортақол композитор Шапориннің жартысындай барсың ба?..

Анау бейшара екі құлағына дейін өрттей қызарып, жерге кіріп кете жаздады. Астанадан келген Астахов, Хренников және басқалар анаған состия қарады. Міне, сізге сол уақыттың арақатынасы керек болса…

Өмір шіркін қызық қой, соншалық әдемі арақатынастағы адамдардың да кереғар келетін кездері болады. Мен соны Қабдолов екеуміздің арамыздан неше дүркін байқағам. Сондай бір жағдай Ахмет екеуміздің арамызда да болды. Зейнолла екеуміздікіндей тым тыр жалаңаш базна байлану емес, ептеген принципті жайы байқалған соң бұны айта кетейін.

Ахаң менен аттай он жас үлкен кісі. Соның өзінде ол мені алшақ ұстамай, «сіз» деп, өзіне ұрымтал жерден сезінуді қалап отыратын. Менің ол кісімен кейде әзілге барып қала беруіме де бір себеп бәлкім сол шығар. Бір жолы ол шофер, мен пассажир болып Іледен келе жатқанымызда тамылжыған май айының жаңбырдан соңғы жұпар исін қимай, далада аз-кем аялдайықшы десем, Ахаң көнбейді.

– Күн кешкерді, көз байланбай тұрғанда үйлерімізге жетіп алайық, – деп, «Волга» жүрісін жүзден төмен түсірмейді. Ойыма қайдан киліге қалғанын білмеймін, бәлкім күлсе тоқтар деген оймен әдепкіде адам түсінбейтін бір парадоксты қойып қалдым:

– Аха!.. – дедім.

– Әу?..

– Дүниенің жүзінде менен құдай ақын бар ма?

– Қойыңыз, дүниенің жүзі болғасын сізден де мықты біреулер табылатын шығар.

– Жоқ қой ол.

– Хама, бұндай сөзді қайтесіз?.. Біреулер осы сөзіңізді де өсекке айналдыра алады.

– Дәлелдесем ше?

– Немен?.. – деп, енді Ахаң түсін бұзды, «осы шынымен айтып отырудан сау ма?» дегендей.

– Білсеңіз айтыңыз, дүниенін жүзінде, қай құрлықта, қай елде, қай ақынның шофері академик? – дедім. Ол, иығы бүлк етті де, машинаның тежеу темірін қатты-қатты басып, жол шетіне дереу тоқтатты, мотордың үнін өшірді.

– Бұндайда шофер кісі тоқтап тұрып күлмесе болмайды, – дегенді әрең айтты да, сыртқа шыққан соң ішін басып, еңкейе жүріп біраз күлді. Көңіл күйінің көтерілгені соншалық:

– Тәртіп бұзған шоферлерді ұстайтындар да шаршап, үйлеріне қайтқан шығар, – деді ақыры. Онысы – әлгі сөз әсерінен арыла алмай, менімен бірге коньяк ұрттағысы келгені еді.

Сөйтіп жүрген Ахаң екеуміз бір күні бір жолдас туралы пікіріміз келіспей, керісіп қалдық. Ақыры Ахаң өз табиғатына тіпті де жараспайтын бір асығыстық істеді. Болашақта өзі жазатын «Құрманғазы» операсының либреттосын енді менен емес, Әуезовтен алмақшы боп сол кісінің үйіне барсын… Телефон шыр етті:

– Хамит! – деген Мұхаң үні сызылып өте бір ұяң естілді, – менде Ахмет отыр, либреттоны екеулеп жазайық дейді. Мәдениеті жоғары жұрттарда біреудің ісіне біреу килікпейді. Көзімнің тірісінде Абайға бөтен-бөгде қолдарды өзім де кірістірмеймін. Сондай-ақ, көркем «әдебиеттегі Хамит монополиясына менін сұғынуым да жөнсіз болады, өзін араластырсаң, сөз басқа деп мен көнбей отырмын. Үшеулеп соавтор болсақ нетер еді?..

Мен үшеудің бірі бола алмайтынымды, Мұхтарға жандайшаптың керек еместігін және опера жақсы шықса ең бірінші – қуанушы, нашар шықса – ең катал сыншы болатынымды айттым. Басқаны білмесем де Құрманғазы образы калай жасалуға тиісті екенін білемін дедім. Сөз нәмін аңғара қойған Мұхаң: «Е, ендеше, бұл бүгін шешілмейтін әңгіме болды» – деп, Ахаңды бос қайтарған.

Ал, осы конфликт Ахаң екеуміздің арамызды жөнді суыта алмай, оп-оңай ұмытылып қалды. Өйткені, бұнда сыртқы күштің дүмпуі жоқ еді. Бұл әншейін бір қыздырудан қалмайтын ет пен тері арасындағы жел-тұғын. Ал, ондай қыздырғыш қуат біздің арамызда болды. Тегінде,
ондай қызусыз кейін мен Жұбанов туралы дастан жаза алмас едім. Ол менің шығармамның құдды Құрманғазыдай сүйікті қаһарманы бола алмас еді. Тірісінде өздері маңайына жолатпаған Мұқағали Мақатаевты өлгеннен кейін «Аспан астында ондай ешкім болған жоқ» деушілер секілді, осы күнде өлгендердің сыртынан (тірілерді мұқату үшін) өтірік айтушылар көбейіп кетті. Өздерін үлкейтіп көрсету үшін өтірік естеліктер жазушылар да көбейіп кетті. Біреу мен біреудің арақатынасындағы шындықты бұрмалап, бекерге білгішсінетіндер де солар. Мәселен, бұл күндерде біреулер Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповті араларынан қыл өтпеген татудай таныстырады, принципті мәселеге келгенде ауыз бірліктері жараса қалатын еді деп те соғады. Олардың әрқайсысы жеке тұрған тау еді десек, ол рас. Қазақ совет әдебиетінің негізін салушылар Ахаң, Жахаң, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден кейінгі осы үшеуі болған соң, бұларды Ғабиттың (өзін қоспай) «Алыптар тобы» деп атауы да жөн. Ғабиттың да сол топқа кіретіні даусыз. Ал, жаңағы соңғы үшеуінің өзара қатынасын әлгіше түсіндіру шындық емес. «Дурной пример заразительный» болмаса, осы күнгі таланттылар арасындағы қырқылжың аспаннан түскен бе?..

Ғабдол Сланов Крылов мысалын осыларға бекер қолданбаған. Ол нағыз шындыққа негізделген ащы әзіл болатын.

Жүк алды Мұхтар, Сәбит, Ғабит бір күн

Жиылып тартты үшеуі дүркін-дүркін.

Тартады Мұхтар оңға, Сәбит солға,

Жұлқиды кері қарай Ғабит шіркін…

Ол-ол ғой, ал, әзілдің нышаны да жоқ мына бір сөзді қайда қоямыз.

– Жан-жағынан шәуілдеп едіңдер!.. Ал, енді жерлерің кеңейді!.. Мұхтардың орнына егін егіңдер!..

Бұл Әуезов жерленердегі қаралы жиында айғайлап тұрып Шәкен Айманов айтқан сөз болатын. Бұның бәрінің де негізі бар, көп. Мына мысалға-ақ қараңызшы. Әуезов Ленин сыйлығын алғанда, құттықтау дегеніңіз тіпті шет елдерден де құйылып жатканда екі көше жерде отырған Сәбиттің есік ашпауы, керек десе телефон көтермеуі, немесе Сәбиттің алпыс жылдығына арналған салтанатты жиынға екі көше жерде отырған Мұхтардың келмеуі не деп ойлайсыз?.. Бұл принципті жердегі бірлікті айта ма?..

Өз басым бұған жәй пендешілік деп қарамаймын. Ондай пақыраналыққа ағаларымды қимаймын. Бұл – үлкендер бойына сіңген арғы «қазақшылық» қана емес-ау, содан бергі көне фракцияшыл платформалар сарқыншағы деп білемін. Бұл жағынан алғанда бүгінгілердің оларға соқыр еліктеуі жөн емес-ақ.

Ашығын айту керек, ағалардын әлгідей бітіспейтін егес-ерегестері жастарға үлкен залалын тигізді. Соның зардабын тартқандардың біреуі мен едім (Бұларды да татуластырғалы сойған бозқасқам босқа кеткеніне токталмай-ақ кояйын).

Мен Сәбит туралы естелігімнін басында ол кісімен ылғи да әмпей-жәмпей бола алмағанымды сыпайы ғана аңғартып едім. Бұл жолы сол ылғи да әмпей-жәмпей бола алмағаныма, оның себептеріне тоқталамын.

Мен өнерін сыйлаған ағаларымның бәрін жақсы көрдім. Солардың біреуі хақында ақ пейілімді ақтара сөйлесем екіншісіне ұнамай қалам екем деген ой менде болған жоқ. Сәбиттің елу жылдығына жазған өлеңімді, сондай-ақ, тыңға шабуыл басталған 1954 жылғы тағы да Сәбеңе арналған «Жырдың ақбас ағасы, бер қолыңнан жолдама» деп басталатын өлеңімді ұнатпай, салқын қабақ аңғартқан ешкімді көре алмадым. Ал содан кейінгі тұстарда бұл дарқаншылық өрісі қысқарайын депті. Соны да көпке дейін байқамаппын. Мәселен?.. Мәселен былай болды:

Елу жетінші жылдың күзінде Мұхтар Әуезовтың алпыс жылдығына арнаулы салтанатты жиналыс опера театрында өтті. Сәбең баяндама жасады. «Мынау факт бұларды райласуға апаратын жылылық болды-ау!» – деп, жұрт соған сүйсініп қалды. Сол жиында мен юбилярға арнаған өлеңімді оқыдым. Ол Мұхаңа да, залға да қатты ұнады. Мұхаң үлкен көздері балбүл жанып, «неткен сымбатты сөздер еді!.. деп, жұрт алдында бетімнен қайта-қайта сүйді. Сол өлеңнің бір жерінде:

Атақ-даңққа, әлде бір ысқырыққа

Қарамай-ақ келдің сен пысқырып та

Адам өзін өмірде азырқанбақ, –

Біздегі салт, біздегі іс, ғұрыпта! – дейтін шумақ бар-ды. Мен бұнда «мақтау-даттауға мән бермей, өз табысыңа тоқмейілсімей еңбек ете бердің» дегенді ғана аңғартпақ болғам. Сөйтсем бұны да бұрмалауға болады екен. Араға бір күн салып, таңертеңгі сағат сегізде телефонды тындаған бес жасар Қанағатым:

– Папа, папа, дяда Мұхтар шақырады, – деді (Мұхаң балаға өзін солай атаса керек)

– Хамит, кешегі өлеңінің резонансы қайдан шыққанын білдің бе?.. Ие, қайдан шыққан. Біріншіге /Қонаевқа/ кешегі баяндамашы ағаңның өзі айтыпты, «Ысқырық» деп отырғаны – мен депті хулиганство депті…

Мен бұны білмеген болып жүре бердім /жоғарыда «онсыз да тісін басып жүрген» дегенім осы еді/. Бір күні Сәбең өтінішімен екеуміз тауға бардық. Ол кісі «жарты жолдан күт, Хамитқа сыра даярлап қой» деп, шоферін машинамен өрлеген жерімізден кері қайтарды. Біз еңіске үш шақырымдай жаяу түстік. Сондағы әңгіменің ұзын ырғасы онша көңілді болмады. Ол кісі сөзін:

– Мына күн куә, тас куә – деп бастады. Онысы «шыным осы» дегені шығар деп түсіндім. Бұдан соң ол кісі «мен сені жақсы көруші едім» деді, мен ол кісіден көрген жақсылықтарым ды айттым. Өйткені, әдебиетте де, семьялық жағдайымда да Сәбең мен Мәриям жеңгейдің қол ұшын берген жерлері болған. Бірақ, соларды еске алу арқылы әңгіме ағысын өзіме жайлырақ арнаға түсіре алмадым. Одан ештеңе шықпағасын:

– Сәбе, сөз нәміңізде наразылық бардай. Ренжіткен жерім болса, айтсаңызшы – дедім.

– Жоқ, мен саған ренжімеймін. Бірақ, ескертемін, байқа.

– Нені байқайын?.. Нені ескертесіз?..

– Сенің Гурьвіңе депутат болып барып жүрмін ғой. Сонда мен құралпы бір адам маған сенің тегіңді жамандады. Мен оған «Жолдас хамит Совет офицері болған – кісі» дедім.

– Оныңызға рахмет. Ал, енді ана кісі де менің тегім жаман болғасын жамандаған шығар – дедім мен де, қоқан лоқысына көз жеткеріп алған соң).

– Сен саясатты білесің бе, бұл арадағы оның ойында саған сенім артпау бар ғой.

Өмірімде бұл кісінің бетіне жел боп тиген жерім жоқ еді. Осы жолы бірінші мәрте қыңыр кеттім (Москвадағы осыдан екі жыл кейін болатын).

– Сәбе, – дедім, – жамандағысы келген адам сізге де кінә таға алар еді, Сізге де сенімсіз көзбен қарауға болар еді…

– Ә?.. Маған ба?.. Қалайша?..

– Шыныңызды айтыңызшы, Сіз өз тегіңізді кім деп ойлайсыз?

– Мен бе? Мен батырақпын… Байдың жылқысын баққан кісімін.

– Ал, мен оны да баққан жоқпын.

– Сонда бұл не деген сөзің?

– Бұл – феодализмнен бүгінгілерге бірдеңе жұға қалса Сізден жұғады деген сөз. Өйткені, Сіз соның жылқысын бақтыңыз… Және де бөтендікі емес, өз ағаңыздың жылқысын бағып, сонымен табақтас болдыңыз. Ал, мен оның бірін де істеп көрген жоқпын. Әкесіз қалған Сәбит жетімді феодализм өсірді. Әкесіз қалған Хамит жетімді Совет үкіметі өсірді.

– Сен енді өйтіп… Жә, жарайды…

Шофер тұрған жерге жетіп қалдық та, әңгіме осылай үзілді Сәбең аздап, мен көбірек сыра іштік. Сөйтіп отырғанда, әлі де арынымды баса алмай:

– Сәбе, – дедім, шофердің көзінше, – Гурьевке енді барғанда жаңағы шалыңызға айтыңыз. Социализмнің қас жауын ол өлтірген жоқ, мен өлтірдім. Феодализмнің қойын баққаны рас болса, ол да ойлансын…

Тағы да осы ойымды таратып бір шама жерге апармақ едім, Сәбең бұл әңгіменің шофер көзінше жалғасуын ыңғайсыз көрді-ау деймін:

– Хамит, керегі жоқ, әлгі айтылғанның бәрі сол айтылған жерде қалсын… – деді.

…Шынында да әлгі айтылғанның бәрі сол айтылған жерде қалған екен деп жүре бердім.

Сөйтсем… Қайдан-ау…

Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда елдің бәрі жылады. Мен де жыладым. Жылап қана қоймай, егілген жүрек шерін өлеңге айналдырдым.

Айтпан сірә мұңсыз күн кешемін деп

Мұхтары жоқ қу жетім өлеңіммен!..

Бұл арада «үлкені өлгенде кішкенесі жетімсірейтіні» айттым ғой десем, осы сөзбен тағыда ағайымды ренжітіп алыппын. Бұның алдындағы, бір жыл бұрынғы Москва қақтығысы және бар ғой. Сәбеңнің бұл жолғы ренішін де естідім. Бұны да білмеген болып жүре бердім. Бірақ, бұның салдары маған қатты соққы болып тиді. Енді Сәбең мені былайша жазалады.

Қазақ әдебиетінің 1963 жылы Тәжікстанда өткен онкүндігі кезінде мен көбірек мақталдым. Маусымдық баспаның тәжік, орыс тілдеріндегі бәрінде дерлік мен туралы мақала, менің суреттерім, менімен интервью қаптап кетті. Менің тәжік достарым Миршакар, Ниязи, Шухуки, Аминилер де бастығымыз Сәбеңнен гөрі мені төңіректей берді. Лахути юбилейіне барғаннан бастап бұлар мені басқа қазақтардан әлде қайда жақсырақ танитын. Осы жігіттер мені Сәбең қасынан алып кетіп, өзіме дербес машина берген. «Осы бір артық қошаметі түскір маған жақса жарар еді?!» деп іштей қысылып жүрдім. Өйткені, Сәбең қабағында ептеп бір шытқыл шырай байқалып жүрді.

Соңғы күннен бір күн бұрын өлең арнаған героиням Мавджуда мені қонаққа шақырды. «Мен де барайыншы» деген соң Бекхожин Халижанды ертіп бардым. Ал, соңғы күні күндіз Халижан өлеңін тәржімалаған тәжік ақыны Фаррухтың үйінде тағыда екеуміз қонақта болдық. Ол үйде бізден басқа да орыс, тәжік ақындары әйелдерімен отырды. Бірінен соң бірі келіп жатқан дастарқан дәмі аяқталмай-ақ Халижан мас болды, әркімді бір шарпыды. Ақыры өзінен-өзі бүлініп сыртқа шықты, жолдастармен қоштасуды да керек қылмай, машинаға кіріп отырып алыпты. Мен оны қайтып келеді екен деп, әдемі әңгіме үстінде отыр едім:

– Ана кісі машинадан түспейді, Сізге шықсын деп жатыр, ең басты тағам әлі дастарханға келген жоқ. Одан ауыз тимей қалай кетесіздер?.. – деп Фаррух менің құлағыма сыбырлады. Мен Халижанның әрекетін «шаршап қалдыға» сайып, кешкі қабылдауды естеріне салып, екеуміздің атымыздан рахмет жаудырып, қысқасы жолдасымның томырық, рабайсыз қылығын жуып-шайып, соңғы асына қарамай мен де сыртқа шықтым. Отырғандар орындарынан тұгел көтеріліп, бізді шығарып салғалы маған ере шықты. Бәрі де екеумізді «ағатайлап» құрақ ұшып жүр. Машинаға міне бергенімде Халижан менің жер-жебіріме жетті, үндеген жоқпын. Қоштасқалы қолын созғандардың қолдарын қағып жіберді.

– Тезірек жүр! – дедім шоферге. Фаррух бізден қалмады. Ол байғұс «бұның арты не болар?!» деп қысылып жүр.

Былай шыққасын:

– Ай, ит-ай, жерге қараттың ғой, қазақ атына кір келтірдің ғой! – дедім Халижанға қазақшалап.

Ол бұрынғыдан бетер құтырсын. Фаррух аз-кем ашу басайық деп, жолшыбай өзінің ремонт жүріп жатқан бір оңаша үйіне әкелген соң, мен соған көніп машинадан түсе қалсам, анау шоферді желкесінен нұкып, балағаттап «жүрде, жүрдің» астына алды. Ыза қысқан шофер бізді тастап кете барды. Біз «мас барып ұйықтасын» деген оймен жарым сағаттай иесіз үйде аялдап, қазақтар жатқан резиденцияға таксимен келсек, бүкіл қазақ Сәбең бөлмесіне жиналған. «Жәбір көрген» Бекхожиннің «рапорты» бойынша Ерғалиевтің мәселесін қарап жатыр екен. Көзі ілмиіп Бекхожин отыр. Бұл жерде біздің төзім түгесілді. Бекхожинді боқтап жібердім… Орысшалап…

Сәбеңнің күтіп жүрген сағаты соққан екен, менің берген түсініктерім оған ешқандай әсер етпеді.

– Сен банкетке бармайсың, – деді. Бармай, бөлмеме келген Фатих Ниязиға болған жайдың бәрін түсіндіріп, рахмет айтып, шешініп жатыр едім.

– ТКП Орталық Комитетінің Бірінші секретары Расулов жолдастың өзі шақырып жатыр. Сәбиттің бұл байламы дұрыс емес, ертең Алматыға өзім айтамын, Хамитта кінә жоқ деймін деп отыр. Үлкен кісі күтіп отыр… жүріңіз! – деп, Фатих қоярда-қоймай қабылдауға мені алып барды. Мен ұзын столдың ең ақырындағы бос орынға «осы да жарайды» деп отыра кеттім. Расулов мені көрген бойда кешті жүргізіп отырған Тұрсын-Задеге еңкейіп бірдеңе деп еді, анау орнынан тұрды да сөзді маған берді. Бұл кезде (маған дейін) Жұбан, Сырбай, Әнуарларды былай қойғанда, Тайыр, Ғалилардың өздеріне де сөз беріле қоймаған екен.

– Атом молекуладай емес бөлшектелмейді деуші еді. Оның қалай-қалай жарылатынын көріп отырмыз. Дегенмен табиғатта бөлшектелмейтін бір тұтас дене бар. Ол – Совет Одағындағы халықтардың жан жарастығы мызғымас достығы. Мен сол үшін тост көтеремін! – дедім. Рюмканы ерніме жақындата бергенімде Ниязи: «Подожди, Хамит!» – деді. Қарасам, сонау зал төрінде бізге қарсы қарап отырған, Расулов бастаған үкімет мүшелері, Тұрсын-Заде, Миршакарлар түгелдей шұбырып маған қарай келе жатыр. Қазақтардың бәрін жолда қалдырып, маған келді де, күллісі кезекпен мені сүйіп шықты, міне осы сәттегі Сәбеңді көрсеңіз!.. Қалың беті ісініп, түтігіп кеткен.

Сәбең Алматыға келген бойда аэропорттан тура ЦК-ға кіріп, әлгі оқиғаға саяси астар бергізді. «Ұлттар достығына нұқсан келтірген» Ерғалиев пен Бекхожинді партиядан шығартты. Халижанның сол күздегі елу жылдық тойы күйіп кетті. Расуловтың звоногына дейін біздің тағдырымыз шешіліп қалды да, біз партия сыртында бір жыл жүріп, ақыры билетімізді қайтып алдық. «Аққа құдай жақ» дегендей, артынша менің елу жылдығым өз дәрежесінде өтіп, мен орден алдым. Банкетімде Сәбең тамада болды. Әңгіменің қызығы бұнда да емес. Әлгі ауыр бір жыл ішіндегі адамдардың арақатынасын білсеңіз!.. Ол жылдан есте қалған мынадай әңгімелер бар:

Осы бір жыл ішінде Алматыдан, Москвадан шығатын менің шығармаларым тоқталды. Ертеңін ойлап жарытпаған есер Хамит қысылайын деді. Абырой болғанда, әйелінің сырға, жүзіктер сатқанын білмедім. Дәл, осы тұстағы гу-гу әңгімелер:

– Сені де көргені көп атақты азаматтың қатыны деп жүрдік-ау!.. «Ұяты күшті сыйлы елге өзің бастап барып, өз қолыңмен екі бірдей ініңнің белін сындырып қайтпа!.. Елден ұят болады!» – деп, кеудесі кеуіп-піскен байыңа басалқы айтуға жарамағанда неменеге бардың со жаққа?.. Осында келіп қайран жігіттерді тағыда жамандау үшін бе?.. Тьфу!..

Бұл таудағы санаторийде, толы жұрттың алдында Мариям Сәбит әйелі Мұкановаға Рәбиға Ғарифолла әйелі Құрманғалиеваның айтқаны.

– Жазғандары ауыздан түспей асқақтап кетіп еді, Ерғалиевқа сауап болған… Ал, анау біздің арғын жігітке обал!.. Соның өзін анау әңгүдік атып тастай жаздапты ғой…

Бұл филармония директорының кабинетінде бір топ өнер адамына Жүсіпбек Елебековтың айтқаны.

– Сен неге Хамитқа аударма алып бересің? Неге аванспен астыртын ақша төлетесің?.. Жалпы, сен соның үйіне неге барасың? Партия әділ жазалап отырғанда сен неменеге жалпақ шешей бола қалдың? Қой, сен оның есігін ашпа! Пусть почувствует!..

Дегенін істете алмаса да, бұл үйінде отырып, Зейнолла Қабдоловқа Әбдіжәміл Нұрпейсовтың айтқаны.

– Қап?.. Алда, сорым-ай!.. Ей, мен құтырған уақытта елу жылдығымды есіме неге салмадың? Мен сонда артымды қыса қоятын едім ғой.

Бұл, әрине, су жағасында, қойтастар арасында отырып Ерғалиевқа Бекхожиннің айтқаны. Бұдан әрі ұзартпасақ та, осының өзінен-ақ адамдар арақатынасының неше түрі көзге ұрып-ақ тұрған жоқ па?..

Енді бір сәт мақтансам, тегі, соның айып-шамы бола қоймас. Мен Сәбеңе бұдан кейін де жамандық ойламақ түгілі, тілемедім. Өйткені, мен қазақ совет әдебиетін Сәбиттен бөліп қарай алмадым. «Ә…»-нің үйінде Сәбит Ғабитке ауыр сөз айтып оның арты үлкен шатаққа айналыпты, – деген сөзге де мен селт етпедім.

Сәбең марқұм өмірінің кейінгі жылдарында «іні көңілінде дақ қалмасын» дегендей, мені көрген сайын ерекше ізет, ілтифат аңғартып жүрді. Талай дүркін қонағында болдым. Тауға да қаладан сорпасымен ет пісіртіп алдыма қойғызды.

– Хамит-ау, осы біздің екеуден екеу түскен суретіміз жоқ екен. Фотошыны шақыршы – деген ол, қайтыс боларынан жарты ай бұрын, «Ала-Тау» санаторийінде жатқанымызда. Сондағы түскен суретімізді «Казақ әдебиеті» менің алпыс жылдығымда жариялады.

Ал енді тағы да бір тарих «осы араға сұғынсам» деп сұранып тұр. Бұл жаңағыдан он бір жыл бұрынғы оқиға. Бұл «баяғы 1954 жылдың күзі болатын. Таудағы санаторийде «Жас ана» поэмасын қайтадан редакциялап жатқанымда ҚКП Орталық Комитетінің насихат бөліміне шұғыл шақырылдым. Ондағы жолдастың айтқаны:

– Ертеңгі секретариатта сіздің мәселеңіз қаралады. Қаулының мына жобасымен таныстым деп қол койыңыз. Секретариатта айтатын сөзіңізді екі-үш минуттан асырмайтын етіп даярланыңыз.

Секретариатта күшіне енуге тиісті мына жоба бойынша ертең менің партия қатарынан шығарылуым керек екен. Не үшін?

СССР Жазушыларының II-съезінен келген бетте дығал-дығал екі подвалдық мақала жазып, оны «Съезден кейінгі кейбір ойлар» деген атпен «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялағам. Онда бірінші съезден кейінгі 20 жыл ішінде ұлы асулардан асқан көп ұлтты совет әдебиетін, соның санатында – алыстарға танылып бедел биіктеткен қазақ әдебиетін мақтан ете отырып, заман алға тартқан жаңа міндеттерге тоқталған едім. Делегат ретінде съезден алған әсерімді суреттей келіп, ондағы баяндамаларға басқа республика, өлке, тіпті Туба секілді облыстық әдебиеттерден көптеген шығармалар енгізілгенін қызыға атап өткем. Ал, біздің ол баяндамаларда аталу үшін күні бұрын ешқандай мәлімет бермегенімізді сынаған едім. Съезд ашылардан бір күн бұрын бастығымыз Ғ. Мұстафин бір жапырақ қағазға үш адамның фамилиясын жазып алып, әр баяндамашының соңынан бүлкілдеп жүріп еді, соны да өткізе алмады, «неткен дәрменсіздік?» деп жазғам. Одан кейінгі тағы бір жерде «сөйтіп бастығымыз Ғ.Мұстафиннің керенауылығы кесірінен қазақ шығармалары баяндамаларда көріне алмады» деген сөйлем бар еді. Міне, осы соңғы сөйлемді Ғабекең П.К. Пономаренкоға апарып, «шынында да мынау саяси қате пікір екен» дегізіп алған. Ол үшін орысша аудармасында сөйлемнің Сөйтіп, бастығымыз Ғ.Мұстафиннің керенаулығы кесірінен» дейтін бірінші жартысын алып тастап, екінші жартысын «На всесоюзном Съезде писателей казахская литература не показана подобающим образом» деп аударған, яғни өзгерткен. Міне, мен тек сол үшін ғана партиядан шығуға тиісті екем (жазаның ол түрі де Ғабиден ұсынысы көрінеді).

Сол күнгі номерге қол қойған редактордың орынбасары Бари Мәзитов екеуміздің мәселеміз он алтыншы кезекте қаралды. «Автормын ғой, әуелі мен сөйлейтін шығармын» дегенімде, «Жоқ, тәртіп бойынша әуелі редактор айтады» деп Бәкең өзінше түзетті. Сол келісім бойынша, есіктен кірген бойда оқылған жобадан кейін, Бәкең сөзін: «Большевикше мойындау керек, мен үлкен қате жібердім» деп бастап еді, байғұс шіркінді Бірінші сол жерден тоқтатып тастады:

– Өзі мойындады ғой, сол жетеді, қызметінен босатылсын, жазба түрде қатаң сөгіс берілсін дегенге келісеміз ғой, – деді ол; оның саудасы сонымен бітті де кетті.

Секретариатта күллі министр, іштерінде сап-сарыала генералдары бар – нобайы сексенге жуық адам отырады екен. Бәрінің саған қарағаны сұсты-ақ. Мен есікке жақын отырған Ғабиденнің тура желкесіне келіп тұрдым.

Пономаренко қабылдауында бұған дейін екі мәрте болған едім. Біріншісін пәтерге байланысты жоғарыда айттым. Екіншісінде – өзі шақырып алып, Съезде сөйлеген сөзімді ұнатқанын, көтерген мәселелерімнің дұрыстығын айтқан. «Менің партизандарым ішінде Ерғалиев деген болған, сол сенің аған емес пе?» деп сұраған. «Ондай ағам жоқ, менің ағам рабочий батальонда жүріп өлді» дегем, «Үйіңнің ішкі жұмыстары бітуге қалды, біткен күні көшесің, алдын ала құттықтаймын!» деген, мен рахметімді екі тілде жаудырған едім. Сондай бір жылы шырайлы қалпында қалған. Қазір де ол Мәзитов тұсында суытқан түсін сәл жылытып:

– Ал, кәне, ақынды тындалық, – деді.

– Егер, – дедім мен, өзімді мейлінше еркін ұстап, – Мұстафинді сынау саяси кате болатын болса, мен сол қатемді тереңдетсем деп тұрмын. Бұдан кейін қате деп танылған жалғыз сөйлемді Ғабекең мен бөлімдегі нұскаушының калай бұрмалағанын түсіндірдім. Содан соң әлгі съезден бір күн бұрын баяндамашылар соңынан бүлкілдеп желгенін суреттедім. Осы жерге келгенде сол кездегі үшінші секретарь Фазыл Кәріпжанов:

– Жолдас Ерғалиев, Мұстафинді кайтесіз, өзіңіздің ұлтшылдық сарындағы мақалаңыз жөнінде айтыңыз! – деп, жалғыз көзін шақырайта қарады. «Кет әрі, ұлтшылдық өзіңмен кетсін!» десем, ауа жайылып, жүйемнен жаңылып қаламын-ау деп, сәл абыржып тұрғанымда столының сыртында әрі-бері адымдап жүрген Пономаренко:

– Товарищи, не будем мешать, давай-давай, Хамит, продолжай! – дегені. Мына сөзді есітіп алғаннан кейін Фазылға пысқырғаным бар ма, – ҚЖО-ның басшылық стилін ақсақализмнен бір-ақ шығардым. «Екі кластық білімі бар шала сауатты милиционер» бастығымыздын бетіне жел болып тигеннің «желкесі киылатынын» айттым. Ғабекеңнің «Шөміштен қысу» дейтін белгілі қағидасын «өзіне жақпаған адамның шығармасын басқызбау, ашықтыру» деп те жатырмын. Қойшы, әйтеуір 22 минутта ойымдағының бәрін үлкейтіп үлгердім.

Бір минуттай пауза… Сол пауза тұсында Пономаренконың екі көзі Ғабекеңнен ауытқымады. Онысы – «Өтірікші екенсің ғой!» деп тұрғандай еді. Пантелеймон ағайдың бұдан соңғы айтқаны:

– Вот что значит сигнал снизу… Есть предложение создать комиссию, пусть проверит внутреннюю кухню Союза писателей. А что касается Ергалиева – ограничиться высказанными замечаниями.

Осының артынша Пономаренко Польшаға елші болып кетпегенде Ғабекең жағдайы қиын еді. Ал, Бари бейшара менен бұрын килігемін деп босқа күйіп кетті. Маркұм мені көрген сайын соны айтып өкінетін: «Сенен бұрын сөйлеуге мені шайтан итермелеген, шайтан!..» деп басын шайқайтұғын.

Міне, ағалар «артықшылығы» біздерді осындай да күйлерге ұшыратып жүрді. Олар өз-ара дұрыс қарым-катынаста болғанда біз жоғарыдағыша бірін жақсы көргеніміз үшін біріне жексұрын көрінбес едік. Олар сыннан әлгіше қорытынды шығармаса, біз де жаңағыша тентіремес едік, жаңағыша ащы сөйлеуге бармас едік.

Бұлар пәлендей күншілдік көрсетпесе де кекшіл болды. Оны жасырудын керегі жоқ. Оны жасыру – бүгінгі буынға қиянат: олар кеткен соң ұрпақ азды деу ұят болады. Бүгінгі буынның бойындағы кесел солардан калған. Олардың бұл сырқаттан арыла алмауына жоғарыда айтқанымыздай объективті себептер болды. Ал, бүгінгі буынның ол инфекциядан арылуына мүмкіндік бар еді. Соңғы жиырма шақты жылда белгілі бір жүзі қаралар жүзге бөлуді ойлап шығарды, ескі жараның қанын шығара қасыды ғой.

Ал, бұдан соң не дер едім?.. Бұдан да үлкенірек сөзім бар дер едім. Атап айтканда ол былай:

Бұл тараудағы ауанына қарап, ата сақалды алпыс жасқа дейінгі, яғни, баспа қызметінен бергі он жеті жылын шырғалаңға шығындаған екен деп ойлап қалмаңыз. Тіпті де олай емес. Керісінше… Әлгілердің бәрі де ол кездегі маған әншейін жұмыс сағаттарының сыртындағы еріктен тыс ермектей көрінді. Нансаныз, тіпті соларға содан артық мән бергендей уақытым да болған жоқ. Оны айтасыз, тіпті елу, алпыс жылдық мүшелдерім тұсында әуелі үлкен бір томдық, кейінгісінде екі томдық поэзиямды бастырып шығарғанда, «Кұрмет белгісі», тағы да Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталғанда еңбек зейнетінің рахатын сезініп бір сәт дамылдайыншы деуге де менің мұршам болмады.

Адамның төңірегін, өз орнын, мезгілін жіті көріп, жыға танып алғаннан кейін өзінен өзгеше бір жаңа күш өндіретін кезеңі болады десек, мен дәл сол кезеңді осы түстан бастағандаймын. Бұған, әрине, жан-жақты есейгендігім, ащы- тұщы күндерден жинақтаған тәжірибем де себеп болған шығар. Алайда бұның нсгізгі қозғаушы қуаты қайшылығы мол заман ұлылығында жатты. Ядролық дәуірдегі тұтас дүние тағдыры, ел өміріндегі елеулі бұрылыстар сипаты, өміріміздегі өкініштер сабағы, – осылардың әрбірі өз тарапынан өнерлі сөз талап етті. Осылардың бірде-бірінің талабын мезгілінен кешіктіріп өтеуді өзіме күнә санадым. Мәселен?..

Мәселен, Александр Македонскийді мен жақсы білемін. Өйткені, өзімнің де Македонскийім болған. Әрине, мен оның атын атап ажалға қарсы айғай сала жүгіргенде өлсем де ұтып өлемін дедім. Жауды ұту үшін өз Македонскийімді ұран еттім. Одан ба, одан емес пе, – әйтеуір, сол шабуылда ұттық. Бірақ сол кездің өзінде «қанша дегенмен қолдан жасалған құдайсың ғой, сенің де мінің бар шығар-ау?» деген ой миыңның бір жерінде жатса-ше?.. Енді сол ойың расталып, сол ойыңды іске қосатын уақыт «сөйле!» деп тұрса-ше?.. Соны мінеу-шенеуден ауыспай жатқанда Хрущевтер Лениннің обкомын бөлшектеп, лениндік кағидалардың нормасын бұзып жатса ше?.. Осыны айыптауын айыптап алып, сонсоң өз-ара жұлдыз бөліскендерді көзіңмен көріп, сыртыңа шығара алмай сыздасаң ше?.. Тегінде, бұл бұлақ суын жуық маңда тұндырмайтын ұзын желілі ылай болды-ау деп шамаладым. Ендеше, өмірдің ілгерілеу ағысына араласқан ылайға қарсы жуық маңда түгесілмейтін кітап ашу керек екен дедім. Сапасы жақсы ма, жоқ па, – ол арасын білмеймін, – әйтеуір, сол кітапты мен аштым. Сол кітап «Жылдар, жылдар…» дегем атпен ширек ғасыр сөйлеп, әлі түгесілмей келеді. Зады, соның мен тіріде түгесілетін түрі жоқ. Бұны әзір дұрыстап танып жатқан жан да жоқ, біреудің соны дұрыстап тануын керексініп жүрген мен де жоқ.

«Жылдар, жылдар…» да кейбір тұстарда ащы шындықты тыржалаңаш күйінде әшкерелегені үшін бюрократтардың шамына тиді. Шамына тигендер жоғарыдан «Тоқтат!» деп жарлық шашып та көрді. Мен бұл кітаптың бір жерінде валюнтаризмді, оның дарақылығын сынай келіп, жалған белсенділікке шүйліккем:

Бізде де Қазақстанда

Болған-ды сондай білгіштер.

Өкпесін мансап қысқанда

Өлкеге жерді бөлгіштер.

Домбыраны жұмсап музейге,

Табақтағы еттен аттаған,

Қашанғы момын киіз үйге

Қарғыс жоқ олар атпаған, – деген едім. Ол «Домбыра мен киіз үйдің заманы өтті, енді олардың музейлік қана мәні бар. Ал, қонаққа қой сойып қонақасы беру дегеніңіз – феодализмнен қалған шірік әдет» деген идеолог-хатшымыз Нұрымбек мақаласынан туындаған жолдар еді. Оның ойынша қазақтың алдындағы асын, үстіндегі үйін, көңіліндегі күйін тонап алып, оны мүлде басқа халық жасайтын уақыт жеткен екен де, оған қарсы сөйлеу «масқара» болады-мыс. Әйтпесе Нұрекеңнің ЦК-дағы Қ. деген қосшы баласы:

– Мынау өлең масқара ғой, дереу тоқтат! – деп цензураға бұйрық бермес еді. Бірақ, тоғышардың ол бұйрығы менің сынымды тоқтата алған жоқ.

Ғұмырнама

Жеті асу

Қызық күндер сияқты кызық түндердің де талайын бастан кештік кой. Арғы жылдардың бірінде Оралдан Гурьевке екі кісілік қана орны бар «У-2» самолетімен ұшқаным бар еді. Сол жолы Кулагиноға дейінгі төменнен ғажайып бір көркем сурет көріп едім. Алты-алты қатардан жал-жал боп өрілген жасыл жүйелер Жайықтың екі бетін ала еріп отырған-ды. Ол енді-енді желкілдеп өсіп келе жатқан тал шыбықтардың балапан көрінісі болатын.

Менің самолетім жолай почта қалдырып, жанар май жұту үшін Колмыковаға конғанда аупартком барсам, кеңсенің алдына жиналған жұрт жыртылып айырылады. Жан-жағынан қамап алған аудан басшыларын мына жұрт ішіп-жеп қоярдай өзгеше өрекпулі. Құдды он алтыншы жылғы болыс аулының үстіндегі дүрбелең осы дерсің. Сақалы күйектей шалдар мен басындағы шаршыларын қолдарына жұлып алып, тершіген беттерін желпи даурыққан әйелдер не деп тұр дейсіз ғой? «Сергеишке!» дейді, «Никитаға!» дейді. Сондағы бәрінің түрліше атап тұрғаны – бір Хрущев.

– Соған телеграмма ұрыңдар. Мына жас, жасыл алқапты, болашақтың көркі мен ырысын дүниеге келтіру үшін қыруар ақша, қисапсыз тер төкпедік пе?.. Өңкей бала немені ертең ешкі мен қоян жеп қояды… Тым құрыса бір жыл… Буын бекіткенше бір жыл… станцияны таратпай ұстай тұралық. Қаражатынан қашсаңдар ақы алмайық. Тамырын тартып отырған бір-бір сиырымыз, бақшамыз бар. Биылша ақы алмасақ та аштан өлмейміз. Әйтпесе, мына қылығымыз қылмыс болады, қылмыс!..

Бұлар осылайша даурықса, анау шарасыз байғұстар:

– Болмайды деймін, болмайды… Бұйрық солай!.. – деуден басқа жауап таппай тұрып алған. Жұрт олардың бетіне түкірмесе де, тұрған-тұрған аяқ астарына «Тьфу!», «Тьфу!» десіп жатқан болатын.

Сол оқиға нешеме жылдар өткен соң менің түсіме кірді. Бұл жолы әлгі халайық аудан басшыларын емес, мені қамап алған. Бір қатын табалап, көзімді шоқи жаздады.

– Сонда сен жұмған аузыңды ашпағансың!.. Ал, не болды?!. Елдің айтқаны айнымай келді емес пе?.. – деп, әлгі қатын мені иектеп алып барады. Мен шегіне беремін.

Баж ете калған телефоннан ояна кетсем қара терге малшынып қалған екем. Беймезгіл телефон өлім хабары болмағай! – деген қауіппен аппарат тұтқасына да жармастым, қабырғадағы сағатқа да сығырая қарап үлгердім: түнгі екіден артып барады.

– Ойпырмай, не боп қалды?.. – деймін, тыныш тұрған жалаңаш иығымды қаси түсіп.

– Ойбай, Хама, куаныш!.. Қуапышты хабармен Сізге қолқа салайын деп… Берісі жарты, әрісі бір сағатта өлең жазып беріңіз.

– Ей, сен өзің қайдағы адамсың?

– Типографиядан!.. Кезекшімін.

– Ал, иа… Жеті түнде нағылған өлең ол?..

– Ойбай-ау, аға-ау!.. Тамаша окиға болып жатыр емес пе? Өзбекке үш аудан беретін болдық қой.

– Халқымен бе?..

– Енді, отырған ел қонысынан қопарылып қайда барады.

Құдай қарасқайда, сабыр суын сеуіп, үнсіз біраз тұрдым. Сол уақыт ішінде ойыма өмірде айтпаған бір өтірік сап ете қалды:

– Ей, шырағым, әуелі аманшылық білмес болар ма?.. Жарайды, жеті түннің ішінде оятсаң оята бер. Жөн-ақ делік. Ал, қырық градус қызумен жатқан адамнан қандай өлең шығады?.. Өзің айтшы!..

– Ойбай, аға, кешіріңіз… Мен әншиін… редактор айт деген соң…

Ертеңіне Қасым Тоғызақовтың қуанышты өлеңін оқыдық. Оның ертеңіне Ғаббас Жұмабаевтің Қасым Тоғызақовқа айтқан әзілін естідік.

– Не депті?

– Ойбай, ол кулуарда жинала қалған бір топ адамды қыран-топан күлкіге тоғытып тастапты.

– Не депті деймін?

– Ей, бір жапырақ шал, – депті Тоғызақовқа, – Сізді түрмеден бекер босатқан. Мына өлеңіңізге қарағанда, Қазақстанды Жапонияға бергіңіз келгені рас шығар депті.

Әңгімеден әңгіме балалап кетті-ау, айтайын дегенім – сені төсекте алаңсыз ұйықтатамын деген түннін де жаңағыдай қызықтары болады екен.

Мен ауық-ауық ел аралап қайтпасам, ұзақ уақыт тартылмаған домбырадай кеще боп қалатын секілдімін. Менсіз де сұрамсақтары көп литфондыны мазалай беруге ұялып, көбінше өз қаражатыммен шығып жүруші едім. Бір жылы «Әдебиетті насихаттау бюросы» дейтін шағын мекеме жасақталды. Ол кезде менің жинақ кассам онша тоғая коймаған-ды. Әдепкіде «Әрі-бері жолымды төлейтіні жаксы болды-ау» деп, соны пайдаланып көріп ем, көп ұзамай одан айныдым: ол бар болғырың барған жерден ақша сұрайды екен. Кітаптарымды сатып алып отырған халыққа барып, бет-жүзімді көрсеткенім үшін тағы да алақан жаю менің миыма кірмей-ақ қойды.

Ел аралаудың да неше түрі бар. Тым көп адам болып жүруден түсетін пайда аз. Бір жылдары Әбділдә бастап Қарағандыға қырык жазушы, Ғабит бастап Қызылорда, Орал, Гурьев облыстарына жиырма бес жазушы барғаны есімде. Мен ол сапарлардың екеуінен де бас тартқам. Өйткені, Талдықорған облысына жиырма екі ақын боп барғанымызда көрген ем: бұл көбінше «аха-ху, думанға», салтанатты сапарға айналып, көп машинамен құйындатып шапқылау болады екен. Ең қызығы жалғыз не екі адам болып, ешқандай графиксіз еркіңмен елеусіз жүру. Ал, юбилярдың туған елін аралауға қатысу осының дәл соңғысындай болмаса да, алдыңғысынан әлде қайда тиімді. Ел өз төлімен кәдімгі аталы-балалы адамдай етене, еркін сырласып, экономика, әлеумет, тұрмыс ақуалдарын бүкпесіз айтып жатады. Сондықтан мен соңғы онжылдықта сапардың осы түрін молырақ пайдаландым. Өзім өнерін ұнататын юбилярға:

– Еліңе ертіп барайын, жүрген жерімізде сенің творчествоң хақында баяндап берейін, оқырман конференциясын жүргізейін, – десем, құптай қояды. Бұның өзі бір жағынан ел өмірін танытса, екінші жағынан қаламдас жолдасыңның еңбегін егжей-тегжейлі білуіне себін тигізеді. Осы бағытта мен жастары елуге толған Зейнолла Қабдоловты Гурьев, Ғафу Қайырбековты Торғай, Еркеш Ибраһимді Көкшетау облыстарына, алпыстағы Берқайыр Аманшинді Орал, Тахауи Ахтановты Ақтөбе облыстарына бастап бардым. Тайыр марқұмның жетпіс жылдығына орай Орда бардым. Өзімнің қарт атама у бергізіп өлтірген Жәңгірхан моласын көрдім. Бұл күндерде ол да оба, бұл да оба…

Аталған сапарлардың кісіге беретін жоғарыда айтқанымыздай толып жатқан пайдасымен қатар, өзің сыпайы түрде тежелмесең, елдің ептеп артығырақ сілтейтін де әдеті бар. Ат мінгізіп, шапап жабу рәсімін айтып отырған жоқпын. Сыйға тартылған аттың үстінде отырып суретке түскені болмаса, біздің жігіттер ол атты алмайтын. Республиканың әр облысынан бір маған тартылған ондай символ сипатындағы аттың саны отыздан асады. Бұнда тұрған дәнеңе де жоқ. Бұл бір сәтке ата салтын қызықтау ғана. Осы дәптердің жоғарыдағы бір жерінде Гурьевте, Торғайдың бір совхозында маған тартылған кілемді бала бақшаларға беріп кеткенім айтыллы-ау деймін. Осының соңғысын бір тәрбиеші әйел бала бақшадан үйіне әкетіп, «Лениншіл жас» газетінде «Ақын сыйлаған кілем кайда?» деген атпен мақала да шыққан.

Енді бір жолы Нарынқол ауданындағы Шал-Кәде деген жерде, Мұқағали Мақатаевтың туған колхозында тағы да бір қызық болды. Түстеніп отырған үйде, елмен кездесер алдында Мұқағали маған: «Дамылдай тұрыңыз» деп, сыртқа шығып кеткен. Сөйтсе, ол колхоз бастығының кабинетіне басқарма мүшелерін жинатқан, сол жердегі бір тентек ағатын тау өзенін Хамит атымен атауға қаулы шығартқан. Мен жиын алдында кабинетке кірсем бастық жігіт: «Хама, біз сөйтетін болдық, қазір мына қаулыны жұртқа жариялаймыз» деп қарап отыр. Мен қағазды сұрап алдым да, жыртып тастадым. Мұқағалиға ұрыстым.

– Осы ауылға бұл өзеннің бір күнгі ағысындай пайдам болған ба екен?.. Керек десе, менің туып-өскен жерім де емес… Ау, шырағым-ау, басқаны койғанда, мен әлі тірімін ғой, өлтіре алмай жүрсін бе?.. – деп, жұртты бір күлдірдім. Мұкағали қапелімде көнбеген соң, мсн оны былайша алдап келісімін алдым:

– Кеше біз түбінде отырып форель асып жеген карағай бар емес пе?.. Құдай біледі, сол әлі де жұз жыл жасайды. Соны «Хамит карағайы» деп атаса жөні сол емес пе?..

– Шынында да осы поэтично болады екен? – деп, Мұқашым соған көне салды.

Жалпы елге шыққанда кіші пейіл болғанға не жетсін!.. Өйткені, сыйлай білген ел сені сынай да біледі. Ең ақыры, оғаш айтылған сөзің болса, сен кеткен соң «осыны да жазушы дейміз-ау!» деп күлу де елдің қолынан келеді. Тіпті кейбіреулердің артынан КЖО-ға: «Ә… дейтін ақыныңыз сағат сұрады», «С… дейтін жазушыңыз мал соймайсың деп ұрысты», «Т… дейтін ақыныңыз армян коньягын тап деп жанымызды сірідей қысты» деген хаттар да түсті.

Әлгіле ел дегеніңіз ауыздан шыққан сөзге де сын көзімен қарайды дедім-ау. Оны айтасыз, бұл халайық – жаңсақ айтқан сөзіңнен комедия да жасап ала алады. Ел шіркін күлейін десе үлкен-кішіңе де қарамайды. Мәселен, Хрущсв Өзбекстандағы жиында, алдыңғы қатарда отырған карттарды нұсқап сөйлепті. Сонда «Ақсақал» деген сөзді ұмытып:

– Надо учиться у этих саксаулов – деген екен. Мен осыны Украинаға барғанда естідім.

Әркім бір жерде танысқан жазушысының хал-ақуалын білгісі келіп, «пәленшенің жағдайы калай?». «сіздердегі түгенше кандай жазушы?» деп те сұрайды. Біздің арамызда ондай сұраққа: «Өй, соны қойшы, ол ақын емес қой» деп, тұмсығын көтеріп, өзінің шарға бойын сөйту арқылы оздырмақшылар да болған, Бұл барып тұрған оңбағандық! О заман да, бұ заман, жолдасын жамандап аброй тапқан біреуді білген емеспін. Өз басым Әди Шәріповті алып-жұлып бара жатқан жазушы деп те, ғалым деп те түсіне бермеймін. Белоруссияға барғанымда сол жігітті «біздің партизан калай?» деп сұрады. Ол жақсы жазушы дедім. Мен оның музейге өткізген тужуркасына дейін мақтадым. «Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дейді, өшер елдің жігіті бірін-бірі қатын дейді» деп, қатынды кемсіткені болмаса, әсте қазақ білмей айтпаған.

Әрине, бұның астында шылғи өтірік айт деген ұғым жатпаса керек. Белгілі бір авторға сенің көзқарасыңды біліп отырып, принципті түрде, әдейі, сұрақ қоятын, жалпы әдебиеттің жай-күйінен толық хабардар адамдар да болады. Ондай адамдардың сұрағына шама келгенінше ештеңені де бүкпей, түсінігіңді ашық айту шарт. Мәселен Қарақалпақтағы «Қырық қыз» қорғанының ішінде қонақасы беріп отырып, сол елдің жігіттері маған мынадай сұрақтар қойды.

– Осы Ілияс Есенберлин көрінбей жүріп-жүріп келіп, соңғы жылдары роман дегеніңізді күнде туатын тауықтай жұмыртқалады. Және де орысшасы қазақшасымен қатар шығып жатады. Осы кітаптардағы қаптап кеткен хандар тарихта түгел болған ба? Бес жүз жыл бойында өмір сүрген адамдардың бірімен бірі қатар жүріп замандас бола қалуы калай? Осы кітаптардағы үстінен еркек түспейтін әйелдердің не жазығы бар?

Менің Съезде Есенберлин адресіне айтылған сынымды оқып не есітіп алған қулар екенін бірден сездім. Өйткені жаңағы сұрақтардың кейбіреулері менің сынымның үстінен түсіп отыр. Сондықтан бұл арада жалтарудың ешқандай жөні жоқ көрінді. Соның өзінде аз-кем ойланып:

– Шынында да бізде Есенберлин дәуірі дейтін дәуір бар, – дедім. Оны әрі карай онша таратып жатпай, – халықтың әлі де болса көркем ұғымы, түсінігі төмен бөлегі порнографияны да қызықтайды. Меніңше, осы қызықтау әлі де біраз уақытқа созылады. Өйткені, халықтың ондай бөлегінен оп-оңай үлкен эрудит жасап ала алмайсыз. Оның үстіне бұл автордың қошаметші дүмшелері де көп – дедім де қойдым. Ал, сол жерде өз арамызда айтылған артық-кем пікірді түгелдей ішке бүгіп, оқырманның біліп отырған жақтарымен есептеспей, Ілиясты бірыңғай дәріптеуге көшсем, әлгі кыңыр мінезді «білгіштердің» бірі болмаса бірі: «Сонда екі Ерғалиевтің кайсысына сенеміз?..» деп калуы да ықтимал еді.

Ұлы Отан соғысы кезінде майдангерлер қатарында жүріп, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Польша жерлерін, деревня, қалаларын көргенім болмаса, өз бетіммен шет елдерді аралаған кісі емеспін. Шынымды айтсам, сол екінің бірі шарлап жүрген сапарларға зауқым соқпады. Бұл күндерде табиғатын, халқын, халқының тарихы мен тіршілігін, салтын сауатты кісі білмейтін жер қалып та жарыған жоқ қой. Белгілі бір елге барып қайтқан ақын-жазушылардың әсері де көбінше өзіңе мағлұм жағдаят болып шыға береді. Мәселен, менің «Жылдар, жылдардағы» тұрақты кейіпкерім Жақсылық Асқаров барған Американы көзімен көргендер содан артық нелерді біле қойды?.. Осы шығармадағы бір қолын минаға жұлғызып, сыңар қолмен бір қызына үйленіп тынған Ералымнан артық Алжирды білген қай қазақты оқыдық?.. Сол елде екі жылдай жүрген Ералы прототипінен артық мағлұматты бізде ешкім де бере алып көрген жоқ.

Шекспир, Байрон, Шиллер, Гетелерді оқып, қазақ тіліне аударғанда соған байланысты нелерді тоқымадым мен?! Міне, сондықтан да қиырдан қиырға саяхат дегеніңізге мен қызықпаған кісімін. Рас, Молла Панах Вагиф тойына барғанда Бакуде, Шевченко күніне барғанымда Киевте, Якуб Колос жиынына барғанда Минскіде, Лахути тойына барғанда Душанбеде Сирия, Ливан, ФРГ, Югославия, Туркия, Канада жазушыларымен сыр ашысқан, елі-жұрты хақында бір сыдырғы біліскен шақтарым болды. Ал, Хикмет, Несин, Нерудалармен Москвадағы жиындарда, үзіліс кезінде суретке түскенім болмаса, танысып та үлгерген жоқпын. Осы күнде біреулер суретке түскен адамдарын да «менің досым» дей салатынды шығарды. Ұят қой.

Менің ағайын жұрттардағы нағыз достарымның көбі қазір дүниеде жоқ. Орыс Смеляков, Светлов, Луконин, якут Эллай, түркмен Сейтахов, балқар Кулиев, татар Хасан Туфан, әзірбайжан Ғимыран Қасумов, өзбек Мирсаид Мыртемір, ингуш Мұсаев, қырғыз Қуанышбек Маликов, қарақалпақ Наурыз Жапақов, тәжік Әминжон Чухухи, гагауз Танасоғлы, ұйғыр Хизмат Абдуллин, Ізім Искандар – бәрімен-ақ етене араласқан күндер өтті-кетті. Бірақ, шүкір әлі де дос-жарансыз емеспін. Менің жетпіс жылдығыма орай Қазақ телевизиясы арнаулы фильм жасап шығарды. Сонда украин Бакуменко, түркмен Құрбан Непесов, молдаванка Ирина Ставская, орыс ақындары Савельев, Кузовлевалар маған арнаулы ыстық лебіздерін аз да болса жонып айтпай, өніп айтты. Армян досым Геворг Эмин сапарда жүріп фильмге қатыса алмай қалғаны үшін өкініш білгізді.

Сонымен бұл тараудың бір сыпыра бөлегін барыс-келіс сапарлар қозғалысынан жинақталған әңгімеге жұмсадық. Бұлардан басқа не бір терең тебіреністерге бой алдырған жерлерімді санап тауыса алмаспын. Олар көбінше көне мазар-минараттар мен опат болған шаһар қордаларынан түзіледі.

Тарихтағы ұлы трагедиялардың ен соңғы сонысы болғандықтан ба, менің ой, сезім жүйелеріме айырықша ауыр әсерін қалдырған – Белоруссиядағы Хатынь мемореалы болды. Фашистер бүкіл бір деревняның тұрғындарынан тірі пенде қалдырмай, қамыс шегенді қамбаға айдап тығып, түгелдей өтеп жіберген ғой (екі адам ғана шала күйген қалпында қашып құтылған). Қазір әр үйдің орнынан бес минут сайын қоңырау бір түрлі ашынған ащы дыбыс беріп тұрады. Еркектің де көзіне еріксіз жас алғызатын осы Хатыньнен кейін жолым түскен Отырар, Құмкент, Сауран, Сығанақтардың бәрінен де шыңғырған дауыс естігендей әсерде жүрдім. Бәрі де өлшеусіз үлкен өрттің құрбаны болған қордалар ғой. Тегінде көру бар да, көргеніңе көндігу бар. Әрине, «өзіме, қара басыма қатысы жоқ» деушілердің өз заңы болса болатын шығар. Ал, мен көргеніме көндіге алмай, әлде нендей бір әбігер кешемін. Қалжырап та қаламын. Кім біледі, осындайдың есебінен де есею, бәлкім шау тарту қосылатын болар.