Ғұмырнама

Соңы

Шығармашылық тіршілігіммен тікелей байланысы жоқ, елдің саяси-әлеуметтік, экономикалық, ғылыми-мәдени өміріне қатысты азаматтық араласым эссе, естеліктерде, таза журналистік жұмыстарымда қажеттігіне қарай хатқа түсіп отырды. Олар туралы бұл кітапта айтылып жарымаса да, солар менің азды-көпті әрекеттерімді танытатын куәларым ғой. Бір мезгіл солардың бет-жүздеріне қарап отырып та өзіме ризашылығыммен көңіл тоғайтамын. Айтуын осылай айтсам да, өз бетіммен бұйрық беріп біреуге бірдеңе істетерлік мүмкіндік менде бір сәтте болмауы себепті бұл салада тындырған ісім тым аз әрі онша ауызға алардай ауқымды да емес секілді. Мәселен, бір жолы мен Алматы қалалық советіне депутат болғанымда Тастақ жақтағы үш-төрт мүсәпір отбасыларға, бір-екі артиске, қала бастығымен қатты-тәтті айтыса жүріп, кезектен тыс пәтер бергізгенім, халыққа қызмет көрсететін қозғалысы қою бір-екі көшеге асфальт төсеткенім, қазақ тілін оқытпай, мұғалімін штаттан қысқартып тастаған мектеп директорына сөгіс бергізіп, оқытушысын орнына қайтартқаным секілді әрекеттерімді қазір кім біліп жатыр. Талдықорғанның Ақсуында совхоз парторгы болған Мұқашев Құдаш ақынның батыл да әділ ісін теріске шығарып, оны қатал жазғырғанда соған ара түсіп, обкомпарт хатшысы Бәйкен Әшімов арқылы ісін оңға бастырғанымды бұл күндерде ұмытпаса баласы ғана білетін шығар. Бірақ, ақын рухы бұған акиқат сипатында мақшарда да мағна берген шығар-ақ. Сондағы аудан газетінің редакторы Тұрсынзада Есімжановтың да тарыққанда солайша қасынан табылған едім.

Өскеменде Бүкілодақтық ғылыми конференция бір апта бойы Үлкен Алтай проблемасын сөз еткенде соның жұмысынан күнделік хабар беріп тұру үшін «Соц. Қазақстан» газетінен мен, «Қаз. Правдадан» ІОрий Герман, ҚазТАГ-тан біз секілді шала білікті тағы біреу барып, алғашқы екі күн бойы түсінігіміз жетіспей дағдарысқа, күйзеліске ұшырағаннан кейін, басқаны қойып, бәріміздің атымыздан тәуекел деп Қаныш аға Сәтпаевтың өзіне барғанымды күні бүгінге дейін көзсіз ерлік деп есептеймін. Одақтың ұлы шаһарларынан, шет мемлекеттерден келген не бір ұлы ғұламаларды өз жерінде құптап, өз аппаратын қуырдақтай қуырып, жарғақ қулағы жастық көрмей жүрген қауырт шақта біздің алдиярымыз қанша қайырымды болса да мені қабылдамауға ерікті еді.

– Аға, мұрнынан су кетіп жүрген ғалымдарыңыздың бізге жәрдемдесер түрі жоқ. Біреуін консультант қылып әз әміріңізбен бекітіп бермесеңіз біз құрыдық. Айтылып жатқан екі сөздің бірі бізге түннен бетер тас түнек – түсініксіз!

Осы сөздерді қызыға тыңдап тұрған сондағы қайран ағаның күлкісі неткен күш еді мен үшін?! Оның есесіне Хаке деген сайын ұялғаннан жерге кіріп те барамын.

– Өзім!.. Басқа консультант қажет емес, өзім күн сайын түскі үзілісте үшеуіңе жиырма минут диктант жазғызамын. Осыған келісейік, Хаке!

Осы арада оқырманға не айтқалы отырғаным түсінікті шығар: бүкіл әлем назарына өзі іліктірген ғаламат оқиғаның жаратушысы ақпарат құралдарына күнделікті хабарды да өз аузынан айтып бергенін бүгіндері мен арқылы енді білсеңіз, сол жаңалық сізге аз олжа ма?.. Бұл – тарих!.. Бұндай ұлылық алдыңыздан шыға бере ме немесе осылайша шыға берген бе?.. Қайдан-ау!..

Сырбай Мәуленов туралы толықтырылған естелігімнің бір жерінде мынадай да бір эпизод бар. Кисловодскіде екеуміз екі жерде жатып та күн сайын дерлік көрісіп, өз бетімізбен тарихи делінетін орындарды көру үшін сапарға шығып кете беретінбіз. Терезелері алаң-ашық күйде аңыратып бара жатқан жеңіл машинаның үстінде жақ жаппай даурығып, жолай көзге түскеннің бәрін әңгімеге айналдырамыз. Бір жолғы сапарымызда «Узбекистон» деген жазуы жер қияннан көрінетін санаторийдің тұсынан өттік. Ала тақиялы диқанның қанша бірі жаңағының төңірегінде жалаңаш күйі күнге тотығып отыр. Соларды көргенде мен:

– Мәскеуде де осылардың ресторан, дүкендері осылайша «Менмұндалап» тұрады. Дәулеті жағынан осы ағайынды он орап алатын бізде бұлардың бірі де жоқ, – деп налып едім, Сырбай отырып:

– Осыны, – деді, – бәріміз-ақ айтамыз да қоямыз. Тап осы жолы бұл мәселені, орысша айтқанда, қабырғасынан қойып кеп жіберсек қайтеді?

– Калайша?

– Оның қалайша дейтін түгі де жоқ, мына қанаттас жатқан Ессентукиде, дөкейлер демалатын резиденцияда Тәшенов жатыр. Баралық та, соны қыздыралық. Құдай біледі, ол да бізді баптап қыздыра алады. Ол сондай жігіт.

Мен кергімек түгілі қуанып кеттім: объектіні көзіне көрсетіп айтқан осы жердегі әңгіме елдегі кабинетіне барып айтқан сөзден әлде қайда әсерлі шығады. Оның үстіне Тәшеновке тәңірінің өзі берген өжеттігін, ұлттық намысты қозғауға келгенде алдына жан салмайтынын мен де жақсы білуші едім. Ертеңіне электричкамен барып, биллиард залында ойынның қызығына түскен жерінен Жұмабекті тауып алдық. Ол үкімет басшысы екенмін деп сызданбақ түгілі, киді стол үстіне ытқытып жіберіп, екеумізді кезек-кезек кұшақтады. Көмекшісіне иек қағып бірдеңені өздерінше ұқтырды да бізді өзі бастап жатқан үйіне ертіп әкелді. Дастарқан басында ұтыры келді-ау деген шамада әңгімені мен бастадым. Одан әрі сол әңгімені екеуміз ұтылап ұлғайттық. Сондағы эмоцияға беріле қыздырған біздің сөздерімізді қарапайым еңбек адамы тындап отырған болса бәлкім жылар еді…

– Немене, біздің шопан, егінші кеншілеріміздің аузы арам ба?.. Олар да келіп осында жатпай ма жалаңаш, дамбалшаң күйде далиып?!.

Әңгіме осы сатыға көтерілген шамда қайран Жұмекең:

– Бітті!.. – деді де, орнынан тұрып, ары-бері адымдап жүріп кетті. Қайта отырғанда кесікті сөзін: «Шұғыл түрде болғызамыз!» деп бір-ақ айтты. Қазақ «Ессентукиі» солай туған.

Бұлар сені өшіп отырған жеріңнен өсіруші еді ғой. Жуырда «Қарапайым қауышу сәттерінен» деген атпен Дінмұхамед Ахметұлы Конаев туралы естелік жаздым. Онда соңғы қырық жыл бойында, дәлірек айтқанда 1954 жылдың көктемінен бергі жерде жолығысқан сәттерді негізге ала отырып әр қилы әңгіме қозғаймын. Соның соңғы жақ бір бөлегінде былай делінген.

Шығармашылық жағдайымызға байланысты былтырғы жылдың бас шенінде біздің үйге композитор Нұрғиса Тілендиев келе қалды. Біраз отырғаннан кейінгі үзіліс кезінде қонағым біреумен телефон арқылы сөйлесті. Мен өз бетімше газет қарап отыр едім. Алдында бір сыдырғы көңілденіп алған қайран Нұркенім күтпеген жерден:

– Аға, Сізбен Хамит Ерғалиев сөйлеседі – деп, телефонды маған ұсынғаны. Мұның кім десем, «Димаш Ахметіш!..» деп сыбырлайды. Қапелімде сасқалақтап, абыржып қалсам да, қашып құтылуға болмайтын трубканы құлағыма апарғанға дейін не айтарымды мен де ойлап тапқан секілдімін. Сәлем беріп, есен-саулық сұрасқаннан кейін:

– Кітабыңызды окып шықтым. Жақсы оқылады екен, құтты болсын дедім.

– Рахмет. Жұрт тарапынан сұраныс көп болатын түрі бар, қайта басыла қалған жағдайда қандай талап-тілек айтар едің?..

– Талабым жоқ, тілегім біреу емес, екеу: біріншіден, кім не айтса да мемуардың осы редакциясына енді қол тигізбеңіз. Жұрт аузында айтылып жүрген бірді-екілі өкпе-қақпаны өзіңіздің де құлағыңыз шалғанға ұқсайды. Өйткені, соларға жауап беріліпті. Екінші тілегім: сіз өз тұсыңыздағы тарихты айтумен шектелмеңіз. Соңғы жылдардағы ұйтқып соққан ала құйын, кешегісіне бүгінгісі, бүгінгісіне келесі күнгісі шәлкем-шатыс келіп жатқан оқиғаларды сіздің көзіңізбен көру халыққа керек-ақ. Әсіресе штурвалда Горбачев тұрғандағы кеменің тентек қойдай шыр айналған қалпын тәжірибе талқысынан өткізе тәптіштеп берсеңіз тамаша болар еді.

Кейінгі өз сөзіне, басқалардың жазуларына қарағанда осы соңғы тілекті менен басқа да талай адам айтса керек. Ал, қайтыс боларынан аз ғана уақыт бұрын, менімен есіктес көрші тұратын жездесі Кәдіржанов үйінде кездескенімізде Димекең әлгі тілекті менен басқа ешкім айтпағандай-ақ әдейі даралап:

– Хамит-ау, анадағы сенің тапсырмаң «Сталиннен Горбачевқа дейін» деген атпен дардай кітап боп орындалды, – дегені. Мен, әрине, көптің бірі екенімді айтып, көпе-көрнеу артық ықыластан сытылып шыға алдым-ау, әңгіме онда емес. Түймедей қосқан үлесіңе түйедей баға беріп, үй толы қаумалаған әлеумет алдында мерейіңді осылайша өсіретін нағыз азамат біздің қазақта баршылық па?.. Қайдан-ау!..

Осы жадырап отырған бетімнен жабырқау жағдайларға ауыспай тұрғанда айрықша бөліп айтатын бір мақтанышым бар. Өмірімде ел арлай жүріп барған жерімде аракідік ақыл-кеңес айтқан, жақсы атқарып жатқан жұмыстарының кем-кетігін толтыруға аз да болса септігім тиген жерлер есте қала бермейді. Мәселен, Қасым Аманжоловтың 80 жылдығына байланысты Қарқаралыға барғанымда ақын әкесі Рақымжан қыстауының көне қордасын көріп тұрып аудан әкіміне: «Қарағым, бұл жерде де бір белгі болғаны жөн. Мына жол бойындағы биік жотаның басында Қасымнын: «Алтын бесік өзім туған босағам!» деген бір жол өлеңі тасқа жазулы тұрса тамаша болар еді!» дегенім ізінше солай істелмесе, әлгі жігіт Алматыға келгенде менің тілегімді орындағанын айтпаса, өзге түгіл өзімнің де каперімде қалмас еді. Ал, менің бөліп айтқалы отырған еңбегімді өзгелер ұмытса да өзім ұмытпаймын. Ол былай.

Ақан Сері зиратына барар алдында Ақмола жеріндегі Баршын жайлауына баратын жолда Қылышбай күмбезін көрген едім. Табиғи тастардан қаланған зәулім биік мазардың қабырғаларының ішіндегі баспалдақпен өрмелеп отырып төбесіне де шығуға болатын бұл ғимарат стилін іштей Арқа елінің артықшылығы деп түйген едім. Көкшетау жеріне осы ұғыммен өттім.

Көкшенің өзін, Оқжетпес төңірегін бұрын да көрген менің ендігі ойым Ақан зиратына тәу етіп, сол жағын аралап қайту болды. Мені облпарткомның жаңада ғана келген бірінші хатшысы генерал Клещев қабылдады. Оған Көкше аймағының қадір-қасиетін, тарихи тұлғаларын облгазет редакторы Өміржан Оспанов екеуіміз екі жақтап түсіндірдік. Алды кең, ақжарқын осы тамаша азамат маған машина бөліп, жолды, елді білетін адамын қосып берді, қайтарда сапардан алған әсерлерімді білгізе кетуді өтінді.

Жолай совхоздарды аралап, ара қонып дегендей, Ақан зиратына да жуықтап қалдық. Мен бұл елдегі Ақан Серіні өз қолдарынан жерлеген Мұрат ағай мен тағы бір ақсақалды өз машинама отырғызып алғам. Бізге өз машиналарымен біраз адам ілесті.

Қорым деңгейіне келдік деген жерден көліктерді қалдырып, жаяу шұбырдық. Өңкей ағаштан жасалған мұндағы мазарлардың 1938 жылы орманмен бірге өртеніп кеткенін мен білмеуші едім. Бір мезетте Мұрекең, аяғымның астына таман жердегі үстіне алабота өсіп кеткен бір кедір-бұдыр орынды көрсетіп «Карағым, міне жатқан – Ақан ағаң!» – дегені. Қылышбай моласындай күмбез күтіп келген мен сорлы сылқ етіп отыра кеткенімді ғана білемін. Орамалға түйген ақшамды кұран оқыған Мұрат ағайға ұстата беріп, өз орныма қайтадан жүгініп отырдым. Жұрт мені де аят оқиды екен деп ойлады. Ал, мен «Сырымбет» сазы мен былайша сарнадым:

Өнері мол бір шебер кеткен құйып,

Қылышбайдың моласы неткен биік!..

Алабота жамылып Ақам жатыр,

Тағы жеді-ау жанымды өткен күйік!..

Ақан аға, амал қанша?!. – деп болып қарттарымның бетіне қарасам, екеуінің де көз жасы сақалдарын жуып кеткен. Еңсесі түсіп кеткен басқаларда да үн жоқ. Осы жолы Мұрат ағайдың айтқаны:

– Көктем сайын Күршіптің (Хрущевтің — Е.Х.) тракторы күпінің битіндей қаптап осы тұсқа жақындағанда біз екеуміз: «Әй, здесь мәгиля!.. Мәгилә!..» деп тұрып аламыз. Еркек лақтың өміріндей біздің күн біткен соң Ақанның орнын да таппайсыңдар! Осыны Алматыңа айтып бар!

Мен бұл жағдайды Алматыда Ғабиттан басқаға айтпасам да, Көкшетауда Клещевқа жеткізудей-ақ жеткіздім. Ол кісі дереу, менің көзімше облатком төрағасы Рахманюкке 18 мың сом ақша бөлгізіп, аз уақыт ішінде Ақан үстіне аласа да болса үй көтертті. Сол белгі оның орнын күні кешеге дейін сақтап келді. Осыны ақыры өзім айтпасам, өзгенің тіліне түйнеме шығатын түрі бар…

Есімі ұлттық мақтанышымыздың бірі болған суретші-мүсінші марқұм Молдахмет Кенбаев Құрманғазы ескерткішіне жарияланған бәйгеде бірінші жүлдені баяғы бір жылдары алудай-ақ алып еді-ау!.. Автор он ойланып, тоқсан толғанып, Алматының тау беткейіндегі қай жеріне орнықтырарын табудай-ақ, тауып еді-ау!.. Ахмет Жүбанов пен автор үшеуміз ол ескерткішті
қиялымызда қызықтап, оған құшақ-құшақ гүл шоқтарын да қойғанбыз. Өз басым осы болашақ іс әлі-ақ шындыққа айналар деген сеніммен Молдахметті жетелеп талай жерге кіргенімді енді айтуға да ұяламын (Бұл әрекет әсіресе мүсіншінің алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында маған тыным таптырмаған). Рас, бас шұлғып құптағандар болғаны рас еді. Бас шұлғудан әрі аспағаннан кейін оның несі рас болсын, өтірік, әрине…

Осы арада бұрын айтылған бір әңгімені басқа бір түйін жасау үшін қайталау қажет болып қалды. Бір кезде ғылым мүддесі үшін қабірлерінен қазып алынған, Алматыға әкелінген Махамбет пен Құрманғазы мәйіттерін ит арқасы қияндарға қайта апарып тыға салмай, ел, елдің ендігі ұрпағы әр мезгіл бастарына барып тәу етуге, қасиеттілер алдындағы парызын сезініп, соған көз, көңіл қанықтыруға қолайлы жерден пантеон тұрғызайық деген идея даяр. Бұның мен даярлаған жобасын қызу қуаттап, атақты ғалымдар қолдарын қойды. Пантеон Гурьев (Атырау) қаласының көз тартар көңілді бір жерінде тұратын болады. Рас, бұл хабарды естігенде облыс лидерлері шынымен-ақ қуанды. Жеме-жемге келгенде ел атынан ерлік көрсетіп, игілікті істі қолдауға жарамаған соң оның қай жері «шынымен-ақ» болмақ, өтірік, әрине!..

Баяғы Қоянды, Көкжар, Жаркент жәрмеңкелерін не өз орнында, не жаңа жағдайға байланысты басқа мекендерде тірілтсек сауда мәдениетіне икемі шамалы қазақ жұрты нарық дегенді бір шама ұғынар еді деп бүгіндері тоқырау аталып жүрген тоқ кезімізде жазған едім. Ол сол кездің өзінде оңбай жатқан кітап саудасына байланысты айтылған. Ақ шатырлардан апта бойы аспан астын жаңғырықтырып ақындар өлең оқыса, алармандар жүздеп-мыңдап қолтаңбалы кітап алушылар кезегінде тұрса дегенді армандаған едім.

Атырау облысынын бір бастығы маған ұялмай-қызармай: «Қонаев бір келгенде Гурьевтің қаласынан моласы көріктірек екен деп кетті», – деді-ау. Мен оған: «Сола-ай ма екен?! Сауап болған!.. Сендерге сол керек!.. – деп табаладым. Өйткені, мен бейшара ту сонау Ондасыновқа дейінгі Ғалиев тұсынан бергі біріншінің бәріне Қазақстанда Гурьевтен азғын қала жоқ екенін айтып құдайдың зарын қылғам. Мен Оралға бір барғанымда Мұстақым Ықсановқа үш томдығымды сыйға тарта отырып, соның бірінші кітабына: «Қарағым Мұстақым, замандар бойы ұйықтап жатқан Орал шаһарын оятқаның үшін!» деп жазған едім ғой. Өйткені, ол қаланы төрт-бес-ақ жыл ішінде танығысыз өзгертіп еді. Атыраулықтарға соны айтып та арқаларын қоздыра алмадым.

Қазір ол өңірден теңіздей мол байлықты игеру ісіне американдық, одан басқа да магнаттар араласып жатыр. Олардың ісін бұрынғыдай-ақ, қызыл Ресейдің Петрограды, Мәскеуі емес, тәуелсіз республиканың Алматысы бакылап, басқарысып отыр. Аталмыш қала мен оның аймағын мезгіл енді қалай жарылқар, – көреміз… Баяғы Ленин қуып жіберген ағылшын концессионерлері ол жерде қазақ жұмысшыларын ұйыстырып, еңселі, кең корпустары бар қалашықтар жасап беріп кеткен еді. Солар құрлым бәлкім бір жақсылық бұл күндерден де бұйырар… Ендігілер ол жердің дәулетін тонап алып, халқын қайыршы халде қалдыра бермес. Атырау да ел қатарлы еңсе көтерер.

…Құдайдың тағайындаған уақыты таусылып қалмаса бұл кітап осымен аяқтала қоймас. «Сонеттерді» жоғарыда айтқанымыздай жағдайға байланысты қайтарып алып, министр арқылы «Жалын» баспасына тапсырдым. Уағда бойынша бұл кітап 95-тің көктемінде ел қолына тимекші. Оған тетелес өмірге келгелі тұрған тағы нелер бар, оны Алла біледі.

«Өткенге – өрел, қалғанға – салауат» дейді қазақ. Болар іс болып, бола алмағаны көкейде өксіген күй өшіп тынды. Орайына келтіре алмаған істерімнің бірсыпыра себептері айтылды. Білместігім де соның ішінде. Аға-іні, апа-қарындастарыма ризашылығым да, өлі-тірінің қайсы бірінен де кешірім өтінуге тиісті жерлерім болса, олар да қалтарыста жасырын қалған жоқ. Қалай дегенде де соның бәрі менің өнер жолымдағы өмірім, жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтап емес, әлім келгенінше ырқыма көндіремін деп арпаласып атқарған өмірім. Бір-ақ нәрсені қайталап айтамын: мен туралы айтылу, жазылуды өнер достарының «Сен керексің!» деуіне қарағанда халық кәдесіне асқандай азды-көпті істерім болған секілді. Сол себепті де мен өзімді бақытты адамдар қатарына қосамын.