Хамит Ергалиевке
Ішінде жалпақ елдің, ен халықтың,
Сіз, Хама, зар шеккенін ер налып мұң,
Уытты жырмен айтып бергендейсіз –
Демеймін: – оны жалғыз мен ғана ұқтым.
Малынып биік мансап, бай атаққа,
Жайғасқан жайсаңсымақ сая-таққа
Қасіретін қарт әженің қайдан көрсін
Өзі емес, қатындары – саясатта.
Шаңырақ көп қатыны – ер, ері – қатын,
Ұл тумас ондайлардан елі ұғатын.
Жүргенді өзі жаяу мақтан көрер,
Сылқымға астындағы беріп атын.
Ағызып көкіректен кәусар бұлақ,
Жыр селін мөлдіреген аңсар құлақ.
Тірліктің тәттісі аз да, ащысы көп,
Сол шіркін төзімді де таусар бірақ.
Армансыз тарқатсам деп іштің шерін,
Уды да қайсарлықпен іштің, селін.
Айбынбай арыстанша айға атылып,
Сан мәрте сабаңа кеп түстің, серім.
Ұқтың да елің азып, ер тоңғанын,
Бояма қыз өңінің ерте оңғанын
Шырылдап ақын жаның шыдай алмай,
Күңіреніп көкіректен шер толғадың.
Тірліктің тәттісіне құнығып кім
Тойсам деп ойламаған, Бүгін ұқтым.
Бес жұлдыз жарығында – Бес сөзінде
Бастауы жатқан сынды ұлылықтың.
Шер – шемен. Айтылмаған сөз қалмапты,
Мадақтап тозған бақты, озған бақты…
Ураға ұрандаған ат қоспапсыз,
Сертінен семсер сезім қозғалмапты.
Суырылып сумаңдаған тіл-жағымен
Біреулер марапатқа мырза кілең.
Бес сөзге бөлеп берген бар шындықты
Ақиық Аға, Сізге ризамын мен.
Жатқанда күй жаңарып, күн жаңарып…
Алтындай көкіректегі тұнбаны алып,
Жасаудай жарқыратып жайып салған –
Ақиық ақынына риза халық!