Ғұмырнама

Жеті асу

Қызық күндер сияқты кызық түндердің де талайын бастан кештік кой. Арғы жылдардың бірінде Оралдан Гурьевке екі кісілік қана орны бар «У-2» самолетімен ұшқаным бар еді. Сол жолы Кулагиноға дейінгі төменнен ғажайып бір көркем сурет көріп едім. Алты-алты қатардан жал-жал боп өрілген жасыл жүйелер Жайықтың екі бетін ала еріп отырған-ды. Ол енді-енді желкілдеп өсіп келе жатқан тал шыбықтардың балапан көрінісі болатын.

Менің самолетім жолай почта қалдырып, жанар май жұту үшін Колмыковаға конғанда аупартком барсам, кеңсенің алдына жиналған жұрт жыртылып айырылады. Жан-жағынан қамап алған аудан басшыларын мына жұрт ішіп-жеп қоярдай өзгеше өрекпулі. Құдды он алтыншы жылғы болыс аулының үстіндегі дүрбелең осы дерсің. Сақалы күйектей шалдар мен басындағы шаршыларын қолдарына жұлып алып, тершіген беттерін желпи даурыққан әйелдер не деп тұр дейсіз ғой? «Сергеишке!» дейді, «Никитаға!» дейді. Сондағы бәрінің түрліше атап тұрғаны – бір Хрущев.

– Соған телеграмма ұрыңдар. Мына жас, жасыл алқапты, болашақтың көркі мен ырысын дүниеге келтіру үшін қыруар ақша, қисапсыз тер төкпедік пе?.. Өңкей бала немені ертең ешкі мен қоян жеп қояды… Тым құрыса бір жыл… Буын бекіткенше бір жыл… станцияны таратпай ұстай тұралық. Қаражатынан қашсаңдар ақы алмайық. Тамырын тартып отырған бір-бір сиырымыз, бақшамыз бар. Биылша ақы алмасақ та аштан өлмейміз. Әйтпесе, мына қылығымыз қылмыс болады, қылмыс!..

Бұлар осылайша даурықса, анау шарасыз байғұстар:

– Болмайды деймін, болмайды… Бұйрық солай!.. – деуден басқа жауап таппай тұрып алған. Жұрт олардың бетіне түкірмесе де, тұрған-тұрған аяқ астарына «Тьфу!», «Тьфу!» десіп жатқан болатын.

Сол оқиға нешеме жылдар өткен соң менің түсіме кірді. Бұл жолы әлгі халайық аудан басшыларын емес, мені қамап алған. Бір қатын табалап, көзімді шоқи жаздады.

– Сонда сен жұмған аузыңды ашпағансың!.. Ал, не болды?!. Елдің айтқаны айнымай келді емес пе?.. – деп, әлгі қатын мені иектеп алып барады. Мен шегіне беремін.

Баж ете калған телефоннан ояна кетсем қара терге малшынып қалған екем. Беймезгіл телефон өлім хабары болмағай! – деген қауіппен аппарат тұтқасына да жармастым, қабырғадағы сағатқа да сығырая қарап үлгердім: түнгі екіден артып барады.

– Ойпырмай, не боп қалды?.. – деймін, тыныш тұрған жалаңаш иығымды қаси түсіп.

– Ойбай, Хама, куаныш!.. Қуапышты хабармен Сізге қолқа салайын деп… Берісі жарты, әрісі бір сағатта өлең жазып беріңіз.

– Ей, сен өзің қайдағы адамсың?

– Типографиядан!.. Кезекшімін.

– Ал, иа… Жеті түнде нағылған өлең ол?..

– Ойбай-ау, аға-ау!.. Тамаша окиға болып жатыр емес пе? Өзбекке үш аудан беретін болдық қой.

– Халқымен бе?..

– Енді, отырған ел қонысынан қопарылып қайда барады.

Құдай қарасқайда, сабыр суын сеуіп, үнсіз біраз тұрдым. Сол уақыт ішінде ойыма өмірде айтпаған бір өтірік сап ете қалды:

– Ей, шырағым, әуелі аманшылық білмес болар ма?.. Жарайды, жеті түннің ішінде оятсаң оята бер. Жөн-ақ делік. Ал, қырық градус қызумен жатқан адамнан қандай өлең шығады?.. Өзің айтшы!..

– Ойбай, аға, кешіріңіз… Мен әншиін… редактор айт деген соң…

Ертеңіне Қасым Тоғызақовтың қуанышты өлеңін оқыдық. Оның ертеңіне Ғаббас Жұмабаевтің Қасым Тоғызақовқа айтқан әзілін естідік.

– Не депті?

– Ойбай, ол кулуарда жинала қалған бір топ адамды қыран-топан күлкіге тоғытып тастапты.

– Не депті деймін?

– Ей, бір жапырақ шал, – депті Тоғызақовқа, – Сізді түрмеден бекер босатқан. Мына өлеңіңізге қарағанда, Қазақстанды Жапонияға бергіңіз келгені рас шығар депті.

Әңгімеден әңгіме балалап кетті-ау, айтайын дегенім – сені төсекте алаңсыз ұйықтатамын деген түннін де жаңағыдай қызықтары болады екен.

Мен ауық-ауық ел аралап қайтпасам, ұзақ уақыт тартылмаған домбырадай кеще боп қалатын секілдімін. Менсіз де сұрамсақтары көп литфондыны мазалай беруге ұялып, көбінше өз қаражатыммен шығып жүруші едім. Бір жылы «Әдебиетті насихаттау бюросы» дейтін шағын мекеме жасақталды. Ол кезде менің жинақ кассам онша тоғая коймаған-ды. Әдепкіде «Әрі-бері жолымды төлейтіні жаксы болды-ау» деп, соны пайдаланып көріп ем, көп ұзамай одан айныдым: ол бар болғырың барған жерден ақша сұрайды екен. Кітаптарымды сатып алып отырған халыққа барып, бет-жүзімді көрсеткенім үшін тағы да алақан жаю менің миыма кірмей-ақ қойды.

Ел аралаудың да неше түрі бар. Тым көп адам болып жүруден түсетін пайда аз. Бір жылдары Әбділдә бастап Қарағандыға қырык жазушы, Ғабит бастап Қызылорда, Орал, Гурьев облыстарына жиырма бес жазушы барғаны есімде. Мен ол сапарлардың екеуінен де бас тартқам. Өйткені, Талдықорған облысына жиырма екі ақын боп барғанымызда көрген ем: бұл көбінше «аха-ху, думанға», салтанатты сапарға айналып, көп машинамен құйындатып шапқылау болады екен. Ең қызығы жалғыз не екі адам болып, ешқандай графиксіз еркіңмен елеусіз жүру. Ал, юбилярдың туған елін аралауға қатысу осының дәл соңғысындай болмаса да, алдыңғысынан әлде қайда тиімді. Ел өз төлімен кәдімгі аталы-балалы адамдай етене, еркін сырласып, экономика, әлеумет, тұрмыс ақуалдарын бүкпесіз айтып жатады. Сондықтан мен соңғы онжылдықта сапардың осы түрін молырақ пайдаландым. Өзім өнерін ұнататын юбилярға:

– Еліңе ертіп барайын, жүрген жерімізде сенің творчествоң хақында баяндап берейін, оқырман конференциясын жүргізейін, – десем, құптай қояды. Бұның өзі бір жағынан ел өмірін танытса, екінші жағынан қаламдас жолдасыңның еңбегін егжей-тегжейлі білуіне себін тигізеді. Осы бағытта мен жастары елуге толған Зейнолла Қабдоловты Гурьев, Ғафу Қайырбековты Торғай, Еркеш Ибраһимді Көкшетау облыстарына, алпыстағы Берқайыр Аманшинді Орал, Тахауи Ахтановты Ақтөбе облыстарына бастап бардым. Тайыр марқұмның жетпіс жылдығына орай Орда бардым. Өзімнің қарт атама у бергізіп өлтірген Жәңгірхан моласын көрдім. Бұл күндерде ол да оба, бұл да оба…

Аталған сапарлардың кісіге беретін жоғарыда айтқанымыздай толып жатқан пайдасымен қатар, өзің сыпайы түрде тежелмесең, елдің ептеп артығырақ сілтейтін де әдеті бар. Ат мінгізіп, шапап жабу рәсімін айтып отырған жоқпын. Сыйға тартылған аттың үстінде отырып суретке түскені болмаса, біздің жігіттер ол атты алмайтын. Республиканың әр облысынан бір маған тартылған ондай символ сипатындағы аттың саны отыздан асады. Бұнда тұрған дәнеңе де жоқ. Бұл бір сәтке ата салтын қызықтау ғана. Осы дәптердің жоғарыдағы бір жерінде Гурьевте, Торғайдың бір совхозында маған тартылған кілемді бала бақшаларға беріп кеткенім айтыллы-ау деймін. Осының соңғысын бір тәрбиеші әйел бала бақшадан үйіне әкетіп, «Лениншіл жас» газетінде «Ақын сыйлаған кілем кайда?» деген атпен мақала да шыққан.

Енді бір жолы Нарынқол ауданындағы Шал-Кәде деген жерде, Мұқағали Мақатаевтың туған колхозында тағы да бір қызық болды. Түстеніп отырған үйде, елмен кездесер алдында Мұқағали маған: «Дамылдай тұрыңыз» деп, сыртқа шығып кеткен. Сөйтсе, ол колхоз бастығының кабинетіне басқарма мүшелерін жинатқан, сол жердегі бір тентек ағатын тау өзенін Хамит атымен атауға қаулы шығартқан. Мен жиын алдында кабинетке кірсем бастық жігіт: «Хама, біз сөйтетін болдық, қазір мына қаулыны жұртқа жариялаймыз» деп қарап отыр. Мен қағазды сұрап алдым да, жыртып тастадым. Мұқағалиға ұрыстым.

– Осы ауылға бұл өзеннің бір күнгі ағысындай пайдам болған ба екен?.. Керек десе, менің туып-өскен жерім де емес… Ау, шырағым-ау, басқаны койғанда, мен әлі тірімін ғой, өлтіре алмай жүрсін бе?.. – деп, жұртты бір күлдірдім. Мұкағали қапелімде көнбеген соң, мсн оны былайша алдап келісімін алдым:

– Кеше біз түбінде отырып форель асып жеген карағай бар емес пе?.. Құдай біледі, сол әлі де жұз жыл жасайды. Соны «Хамит карағайы» деп атаса жөні сол емес пе?..

– Шынында да осы поэтично болады екен? – деп, Мұқашым соған көне салды.

Жалпы елге шыққанда кіші пейіл болғанға не жетсін!.. Өйткені, сыйлай білген ел сені сынай да біледі. Ең ақыры, оғаш айтылған сөзің болса, сен кеткен соң «осыны да жазушы дейміз-ау!» деп күлу де елдің қолынан келеді. Тіпті кейбіреулердің артынан КЖО-ға: «Ә… дейтін ақыныңыз сағат сұрады», «С… дейтін жазушыңыз мал соймайсың деп ұрысты», «Т… дейтін ақыныңыз армян коньягын тап деп жанымызды сірідей қысты» деген хаттар да түсті.

Әлгіле ел дегеніңіз ауыздан шыққан сөзге де сын көзімен қарайды дедім-ау. Оны айтасыз, бұл халайық – жаңсақ айтқан сөзіңнен комедия да жасап ала алады. Ел шіркін күлейін десе үлкен-кішіңе де қарамайды. Мәселен, Хрущсв Өзбекстандағы жиында, алдыңғы қатарда отырған карттарды нұсқап сөйлепті. Сонда «Ақсақал» деген сөзді ұмытып:

– Надо учиться у этих саксаулов – деген екен. Мен осыны Украинаға барғанда естідім.

Әркім бір жерде танысқан жазушысының хал-ақуалын білгісі келіп, «пәленшенің жағдайы калай?». «сіздердегі түгенше кандай жазушы?» деп те сұрайды. Біздің арамызда ондай сұраққа: «Өй, соны қойшы, ол ақын емес қой» деп, тұмсығын көтеріп, өзінің шарға бойын сөйту арқылы оздырмақшылар да болған, Бұл барып тұрған оңбағандық! О заман да, бұ заман, жолдасын жамандап аброй тапқан біреуді білген емеспін. Өз басым Әди Шәріповті алып-жұлып бара жатқан жазушы деп те, ғалым деп те түсіне бермеймін. Белоруссияға барғанымда сол жігітті «біздің партизан калай?» деп сұрады. Ол жақсы жазушы дедім. Мен оның музейге өткізген тужуркасына дейін мақтадым. «Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дейді, өшер елдің жігіті бірін-бірі қатын дейді» деп, қатынды кемсіткені болмаса, әсте қазақ білмей айтпаған.

Әрине, бұның астында шылғи өтірік айт деген ұғым жатпаса керек. Белгілі бір авторға сенің көзқарасыңды біліп отырып, принципті түрде, әдейі, сұрақ қоятын, жалпы әдебиеттің жай-күйінен толық хабардар адамдар да болады. Ондай адамдардың сұрағына шама келгенінше ештеңені де бүкпей, түсінігіңді ашық айту шарт. Мәселен Қарақалпақтағы «Қырық қыз» қорғанының ішінде қонақасы беріп отырып, сол елдің жігіттері маған мынадай сұрақтар қойды.

– Осы Ілияс Есенберлин көрінбей жүріп-жүріп келіп, соңғы жылдары роман дегеніңізді күнде туатын тауықтай жұмыртқалады. Және де орысшасы қазақшасымен қатар шығып жатады. Осы кітаптардағы қаптап кеткен хандар тарихта түгел болған ба? Бес жүз жыл бойында өмір сүрген адамдардың бірімен бірі қатар жүріп замандас бола қалуы калай? Осы кітаптардағы үстінен еркек түспейтін әйелдердің не жазығы бар?

Менің Съезде Есенберлин адресіне айтылған сынымды оқып не есітіп алған қулар екенін бірден сездім. Өйткені жаңағы сұрақтардың кейбіреулері менің сынымның үстінен түсіп отыр. Сондықтан бұл арада жалтарудың ешқандай жөні жоқ көрінді. Соның өзінде аз-кем ойланып:

– Шынында да бізде Есенберлин дәуірі дейтін дәуір бар, – дедім. Оны әрі карай онша таратып жатпай, – халықтың әлі де болса көркем ұғымы, түсінігі төмен бөлегі порнографияны да қызықтайды. Меніңше, осы қызықтау әлі де біраз уақытқа созылады. Өйткені, халықтың ондай бөлегінен оп-оңай үлкен эрудит жасап ала алмайсыз. Оның үстіне бұл автордың қошаметші дүмшелері де көп – дедім де қойдым. Ал, сол жерде өз арамызда айтылған артық-кем пікірді түгелдей ішке бүгіп, оқырманның біліп отырған жақтарымен есептеспей, Ілиясты бірыңғай дәріптеуге көшсем, әлгі кыңыр мінезді «білгіштердің» бірі болмаса бірі: «Сонда екі Ерғалиевтің кайсысына сенеміз?..» деп калуы да ықтимал еді.

Ұлы Отан соғысы кезінде майдангерлер қатарында жүріп, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Польша жерлерін, деревня, қалаларын көргенім болмаса, өз бетіммен шет елдерді аралаған кісі емеспін. Шынымды айтсам, сол екінің бірі шарлап жүрген сапарларға зауқым соқпады. Бұл күндерде табиғатын, халқын, халқының тарихы мен тіршілігін, салтын сауатты кісі білмейтін жер қалып та жарыған жоқ қой. Белгілі бір елге барып қайтқан ақын-жазушылардың әсері де көбінше өзіңе мағлұм жағдаят болып шыға береді. Мәселен, менің «Жылдар, жылдардағы» тұрақты кейіпкерім Жақсылық Асқаров барған Американы көзімен көргендер содан артық нелерді біле қойды?.. Осы шығармадағы бір қолын минаға жұлғызып, сыңар қолмен бір қызына үйленіп тынған Ералымнан артық Алжирды білген қай қазақты оқыдық?.. Сол елде екі жылдай жүрген Ералы прототипінен артық мағлұматты бізде ешкім де бере алып көрген жоқ.

Шекспир, Байрон, Шиллер, Гетелерді оқып, қазақ тіліне аударғанда соған байланысты нелерді тоқымадым мен?! Міне, сондықтан да қиырдан қиырға саяхат дегеніңізге мен қызықпаған кісімін. Рас, Молла Панах Вагиф тойына барғанда Бакуде, Шевченко күніне барғанымда Киевте, Якуб Колос жиынына барғанда Минскіде, Лахути тойына барғанда Душанбеде Сирия, Ливан, ФРГ, Югославия, Туркия, Канада жазушыларымен сыр ашысқан, елі-жұрты хақында бір сыдырғы біліскен шақтарым болды. Ал, Хикмет, Несин, Нерудалармен Москвадағы жиындарда, үзіліс кезінде суретке түскенім болмаса, танысып та үлгерген жоқпын. Осы күнде біреулер суретке түскен адамдарын да «менің досым» дей салатынды шығарды. Ұят қой.

Менің ағайын жұрттардағы нағыз достарымның көбі қазір дүниеде жоқ. Орыс Смеляков, Светлов, Луконин, якут Эллай, түркмен Сейтахов, балқар Кулиев, татар Хасан Туфан, әзірбайжан Ғимыран Қасумов, өзбек Мирсаид Мыртемір, ингуш Мұсаев, қырғыз Қуанышбек Маликов, қарақалпақ Наурыз Жапақов, тәжік Әминжон Чухухи, гагауз Танасоғлы, ұйғыр Хизмат Абдуллин, Ізім Искандар – бәрімен-ақ етене араласқан күндер өтті-кетті. Бірақ, шүкір әлі де дос-жарансыз емеспін. Менің жетпіс жылдығыма орай Қазақ телевизиясы арнаулы фильм жасап шығарды. Сонда украин Бакуменко, түркмен Құрбан Непесов, молдаванка Ирина Ставская, орыс ақындары Савельев, Кузовлевалар маған арнаулы ыстық лебіздерін аз да болса жонып айтпай, өніп айтты. Армян досым Геворг Эмин сапарда жүріп фильмге қатыса алмай қалғаны үшін өкініш білгізді.

Сонымен бұл тараудың бір сыпыра бөлегін барыс-келіс сапарлар қозғалысынан жинақталған әңгімеге жұмсадық. Бұлардан басқа не бір терең тебіреністерге бой алдырған жерлерімді санап тауыса алмаспын. Олар көбінше көне мазар-минараттар мен опат болған шаһар қордаларынан түзіледі.

Тарихтағы ұлы трагедиялардың ен соңғы сонысы болғандықтан ба, менің ой, сезім жүйелеріме айырықша ауыр әсерін қалдырған – Белоруссиядағы Хатынь мемореалы болды. Фашистер бүкіл бір деревняның тұрғындарынан тірі пенде қалдырмай, қамыс шегенді қамбаға айдап тығып, түгелдей өтеп жіберген ғой (екі адам ғана шала күйген қалпында қашып құтылған). Қазір әр үйдің орнынан бес минут сайын қоңырау бір түрлі ашынған ащы дыбыс беріп тұрады. Еркектің де көзіне еріксіз жас алғызатын осы Хатыньнен кейін жолым түскен Отырар, Құмкент, Сауран, Сығанақтардың бәрінен де шыңғырған дауыс естігендей әсерде жүрдім. Бәрі де өлшеусіз үлкен өрттің құрбаны болған қордалар ғой. Тегінде көру бар да, көргеніңе көндігу бар. Әрине, «өзіме, қара басыма қатысы жоқ» деушілердің өз заңы болса болатын шығар. Ал, мен көргеніме көндіге алмай, әлде нендей бір әбігер кешемін. Қалжырап та қаламын. Кім біледі, осындайдың есебінен де есею, бәлкім шау тарту қосылатын болар.